ӘН ҚАНАТЫНДАҒЫ ЖЫР
Алматы облысының «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығы мен Дәнеш Рақышев атындағы қордың ұйымдастыруымен қазақтың жезтаңдай әншісі, сазгер, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышұлының туғанына 90 жыл толу мерейтойына орай «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық жазба ақындар байқауы Талдықорған қаласында дүркіреп өтті.
20-40 жас аралығындағы ақындар қатысқан, екі тапсырмадан тұратын бұл байқаудың шарты бойынша «Ән өнерінің ақберені» атты бірінші бөлімде ақындар Дәнеш Рақышұлына арнаған өлеңдерін оқыды. «Ән қанатындағы жыр» атты екінші бөлімде Дәнеш Рақышұлы орындаған әндерге арналған өлең сайысы ұйымдастырылды. Ақын, жазушы Әділбек Алпысбай (қазылар алқасының төрағасы), ақын, журналист, Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ақын, аудармашы Жүкел Хамай, ақын, этнограф, Алматы облысы және Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әдепхан Жақыпбай, Дәнеш Рақышұлының қызы, Жаркент өнер мектебінің директоры Гүлнәр Рақышева бар қазылар алқасының шешімі бойынша қатысушылар арасынан мына ақындар жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көрінді:
50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына Дастан Ақаш (Астана), Сәтжан Кәріпбаев (Семей), Мұхтар Күмісбек (Талдықорған), Құрманғазы Жұмағұлұлы (Астана), Панфилов ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Таңсәуле Еркінқызы (Қарағанды) ие болды.
Үш үшінші орынды (70 мың теңге) Абай Ораз (Қарағанды облысы, Жезқазған), Нұржан Байтусов (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы), Еркін Исахан (Алматы облысы, Панфилов ауданы) өзара бөлісті. Екінші орынға (100 мың теңге) Тоқтарәлі Таңжарық (Алматы қаласы) пен Олжас Қасым лайық деп танылды. Бірінші орынға тігілген 150 мың теңгеге Астанадан келген ақын Ықылас Ожай ие болса, бас жүлдені ақын Ерлан Жүніс жеңіп алып, 200 мың теңгеге ие болды.