ӨСІМТАЛДЫҚ ШАРТТАРЫ
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ҰДАЙЫ
ӨСІП-ӨНУІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН
ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФАКТОРЛАР ЕРЕКШЕЛІГІ
Елдегі халықтың саны мен оның өсу қарқыны – ондағы демографиялық жағдаятты білдіретін өзекті көрсеткіш. Халықтың өсімі және оның сапасы ұлттық экономиканың әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуына, мемлекеттің басым міндеттерін шешуге сайма-сай болуы керек.
Сәуле ҚАЛИЕВА,
ҚР БЖҒМ-нің
Ғылым комитетіне қарасты
Экономика институтының
Әлеуметтік саясат және
адам капиталын дамыту
бөлімінің меңгерушісі
Елдегі және оның жекелеген өңірлеріндегі халықтың жалпы санының өсу үрдістері тұрғын халықтың табиғи және миграциялық өсу серпінімен, оның ұдайы өсімінің сапасымен, ұлттық экономиканың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен, ғылыми-техникалық прогрестің әсерімен, халықтың жыныстық-жастық құрылымымен, әйелдерді оның экономикалық белсенді бөлігінің құрамына тарту деңгейімен, адам капиталын қалыптастыруға жұмсалатын шығынның өсуімен, қоршаған ортаның жағдайымен, адамның тууы мен өлімінің деңгейімен және т.б. факторлармен айқындалады.
2000-шы жылдардан бастап Қазақстандағы демографиялық жағдай тұтастай алғанда жалпы халық санының тұрақты түрдегі өсу серпінімен сипатталады, тек соңғы 15 жылда ғана ол негізінен дәйекті табиғи өсім есебінен 18,8% -ға өсіп, 17,7 млн. адамға жетті (1-сурет).
Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуында тұрғындардың жыныстық-жастық құрылымының маңызы өте зор, ол халықтың некелік, туушылық, табиғи өсушілік көрсеткіштеріне, өндіргіш күштер мен инфра-құрылым нысандарын орналастыруға, өнеркәсіпті және қызмет аясын дамытуға, еңбек ресурстарын қалыптастыру мен еңбек жасындағы еркектерді де, әйелдерді де жұмыс орнымен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, халық құрамын жыныс түріне қарай қалыптастыруға басқа да жайлар: биологиялық, әлеуметтік, тарихи, ұлттық-мәдени, экономикалық факторлар әсер етеді.
Халықтың жалпы санындағы ересек адамдар мен қарттардың үлесінің артуы немесе адамзаттың қартаюы оның ұлттық құрылымы дамуының әмбеге ортақ үрдісі болып отыр. Қазір неғұрлым дамыған елдерде егде адамдар халықтың бестен бірін құрайды. Халық санының ұлғаймалы сипатындағы ұзақ мерзімдік өзгерістер демографиялық қартаюдың алғышартына айналып отыр.
Қазақстандағы халықтың қартаю үдерісі дамыған елдердегідей аса қарқынды емес. Әйтсе де халықтың жас құрылымындағы егде адамдардың жалпы саны мен олардың үлес салмағының өсуі бізде де байқалады. Қалай болғанда да бүгінде Қазақстан «қарттықтың табалдырығында» тұр деуге болады, өйткені 65 және одан да егде жастағылар саны 6,8%-ды құрайды.
Негізгі демографиялық көрсеткіштер бойынша жасалған талдау көрсетіп отырғандай, елеулі аумақтық жіктелу ел ішіндегі демографиялық сипатқа ықпал етуде. Статистика мәліметтеріне қарағанда, 2015 ж. Қазақстандағы 16 аумақтық бірліктің бәрінде оң табиғи өсім тіркелген; бала туудың ең жоғары деңгейі Оңтүстік Қазақстан облысында 17, 684 адам болса, ең төмен деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында – 115 адам.
Әлеуметтік-экономикалық факторларды зерделеу нәтижесінде біз бала туу мен халық санының ұлғаймалы өсімі проблемасы құрылымдық және мінез-құлықтық жағдайлардың арақатынасына байланысты болатынын байқадық. Сарапшылардың бағалауынша, некелік қатынаста тұратын, өсімталдық жастағы әйелдердің саны жыл сайын кеміп келе жатқанға ұқсайды. Бұл өз кезегінде құрылымдық өзгеріске соқтырып, тұтастай алғанда халық санының ұлғаймалы өсіміне теріс ықпал етуі ғажап емес.
Халықтың өсімталдық ықыласы бала тууды тежейтін немесе жеделдететін катализаторлардың бірі есепті. Халық санының ұлғаймалы өсімі бірталай өсімқорлық мінез-құлыққа байланысты болады, олар: баланы қажетсінудің кемуі, отбасындағы бала санын шектеу үрдісінің етек алуы, бала туудың жасқа байланысты үлгісіндегі тепе-теңдіктің бұзылуы, балалы болуға деген ықыластың әлеуметтік-экономикалық жағдайға, халықтың өсімталдық саулығына, неке бұзушылықтың артуына байланыстылығы және т.т.
Халық санының ұдайы өсуін проблемаға айналдырған отбасы институтының дағдарысы мен дәстүрлі құндылықтар жүйесінің бұзылуы болды. Мұнда ең басты проблема – ажырасушылар санының өсуі. Некеден тысқары туған балалар санының үлесі 1999 жылы қалалық жерлерде шамамен 27, 3%, ал 2015 жылы – небәрі 8,3 % болса, ауылдық жерлерде тиісінше 20,4 % және 6,8 % болды. Жекелеген өңірлерде бұл 3,3 % -дан 14,4 % -ға дейін ауытқыды. Некеден тыс балалардың үлесі жыл сайын азайып бара жатқаны айқын байқалады.
Соңғы екі онжылдық барысында Қазақстанда болған және болып жатқан өзгерістер бала туу шамасының өзгеруіне әсер етті: отбасының ең озық екі балалы үлгісінен біртіндеп бір балалы үлгісіне көшу байқалады. Бұл үлгінің қалыптасуына отбасының өзгеруіндегі әлемге ортақ үрдістер едәуір әсер етті, дегенмен бұл үрдістердің біздің еліміздегі ерекшеліктерін қазақстандық өмір шындығының өзі айқындайды.
Қазақстан халқына отбасындағы балаға деген қажеттілік секілді демографиялық факторға негізделген өсімталдық мінез-құлық пен отбасындағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай тән. Осыған байланысты отбасылардың жартысынан астамының тұрмыс жағдайы жарытымсыз Қазақстан тұрғындары үшін өсімталдық жағдайында экономикалық пайым елеулі орын алады, кейде тіпті отбасы мүшелері үшін отбасының материалдық жағдайын нығайтудан бұрын, оның жәй ғана күнкөріс қамын күйттеуге мәжбүр деп топшылауға болады. Бұл ретте экономикалық себеп оны шектеп, психологиялық және әлеуметтік себептермен қайшылыққа түсуі мүмкін. Сондықтан өсімталдық әлеует толық мағынасында іске аспауы да ықтимал.
Бала тууды шектеудің себептерін тізбелесек төмендегідей:
- Үй шаруасы. Тәрбиенің қиыншылықтары. Отбасылық ырың-жырың. Денсаулықтың нашарлығы;
- Материалдық қиыншылықтар, тұрғын үй жағдайындағы жетімсіздіктер;
- Баланы яслиге және балабақшаға орналастырудың әуресі;
- Бала мекемелеріндегі балаларға күтімнің жеткіліксіздігі;
- Өндірістегі жұмыс:
- Оқу, білім алуға деген ықылас, біліктілікті арттыру.
Мәселен, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жайсыздығы мен халықтың өсімталдық қалпының өзгеруі отбасылардың басым бөлігінің өсімталдық мінез-құлық үлгісінің қалыптасуында елеулі рөл атқарып, халқымыздың өсімталдық әлеуетін арттыру мүмкіндігін шектеді және сол арқылы бала туудың кемуіне әкеп соқтырды.
Материалдық және тұрғын үй жағдайы түбегейлі экономикалық факторлар қатарынан саналады да, бала тууды арттыруға немесе кемітуге айрықша ықпал етеді. Сондай-ақ, тұрақты жұмыс орны болуының да маңызы арта түседі. Бұл жағдайдың өмірлік маңызы еңбек ету мен адам санын өсіру парызын қатар атқарушы әйелдердің жұмыстылығы проблемасымен тікелей байланысты.
Біздің ойымызша, халықтың ұдайы өсу үдерісіне ықпал ететін негізгі экономикалық факторлар қатарында мыналар аталуы тиіс:
– Отбасылардың тұрғын үй және материалдық жағдайы;
– Тұрақсыз экономикалық жағдай (жұмыссыз қалу қаупі);
– Материалдық тұрғыдан неғұрлым жайлы жағдай жасауға деген ұмтылыс;
– Балалардың күтіміне байланысты проблемалардың шешілуі.
Сөйтіп, халықтың ұдайы өндірісіндегі түбегейлі элемент – оның демографиялық құрылымымен және өсімталдық мінез-құлқымен анықталатын өсіп-өнуі. Демек, мұндағы ұдайы өндірістің негізгі проблемасы – өсімталдық мінез-құлықтың аз балалы үлгісі. Бала тууға ынталандыру үшін өсімталдық жағдайын қалыптастыруға байланысты жұмыс бағдарын кеңейту және оны жүзеге асыруға жағдай жасау қажет.
Алғашқы бағыт ақпараттық және насихаттық тетіктерді пайдалану ісін ширатуды, екінші – бала тууға байланысты отбасы тұрмысының жағдайын жақсартуды көздейді, ал мұның басты бағыттары отбасының еңбегі мен өсімталдық қызметін үйлестіру болмақшы.
Ұлғаймалы өсуді тежеуге және соның салдары ретіндегі халық санының кемуіне жол бермеу мақсатымен бала тууын ұдайы өсіре беру керек. Бұл бағыттағы негізгі шаралар орташа және көп балалы өсімталдық үлгіні қалыптастыру, өсімталдық саулықты нығайту, балалы отбасыларының тұрмыстық деңгейін арттыру қажет.
Қазіргі жағдайда демография саласында орныққан ахуал осы күнгі жағдайға сәйкес қалыптасып отыр. Қазақстан үшін бұл проблемадан шығатын жол мен мүмкіндік тек қана бала тууды арттыру мен көпбалалы отбасыларына қолдау жасау болмақшы. Яғни халықтың тууы проблемасын шешуге деген көзқарасты өзгерту арқылы ойлаған мақсаттарымызға жетуге болады.