ҚАЙНАҒАНЫҢ ҚАМШЫСЫ
04.11.2016
2416
5

819010_1803589103_____________Әңгіме

Сәулеш ШӘТЕНОВА

 

(Асыл әжем
Данаштың рухына арнаймын).

 

Сексендегі қатып қалған қурайдай кемпірдің жатса-тұрса қақылдап айта беретін бір сөзі бар: «Жалғызымның алдында ал, Құдай!». Бес-алты күміс тиын қадаған шолпысы, қураған шөпке ұқсап шолтиып қалған бұрымдарында өлімсірей сылдырайды. Салақұлаш тоқ­пақтай бұрымдар бар кезде шолпының сыңғыры өзгеше еді.  Аяғына жұқа бөз шұлғауын орап, мәсісін киді, сыртынан галошын сұғып, шапанын бүр­кеніп, құмғанын алып шығып кетті. Шапанын сүйретіп келе жатып сүрінді… «А, Құдай, жал­ғызымның алдында ала көр!». Дәрет алып болған соң, дауыстап кітап оқып отырған қызталақ немересінің қасына жантайды. Сегіз-тоғыз жасар аяқ-қолы шілмиген қыз мұрны біздиіп кемпірдің аузынан түсіп қалғандай. «Осы қарағым оқымысты болады-ау.  Дұре-ес, ала қағазды айналдыра бер, ай­нал­дыра бер, сонда қор болмай­сың», – деп қызталақтың аш­қыл­тым айран иісі шығатын бұрымдарынан құшырлана иіскеді.

– Түу, қойшы,  әже,  қыты­ғым келеді. Әже, әже… әңгіме айтшы деймін.

– Баяғы ашаршылық жылы…

– Түух, әже-ай, тағы да ашар­­шылық  туралы ма? Жалы­ғып кеттім…

Буалдыр естелік кемпірді ғарыш кемесіндей зымырап өткен ғасырға  алып ұша жөнел­ді. Қараңғылық  айналаға албас­тыдай төніп, аспан күміс түй­мелердей жыпырлаған жұл­дыз­дарын қадап тастапты…

…Төбенің басынан бұрқ етіп ақбұйра шаң көрінді. Қараша үйдің қасында сирақ үйітіп, ше­ше­леріне көмектесіп отырған 13-14 жасар қыздар шолпылары сыбдырласып, үрпиіп  шошып кетті.

– Шеше-ау! Әпке-ау! Шаң! Шаң!

– Жерошақтағы қайнаған құртты ожаумен сақұл-сұқыр араластырып отырған әйел кимешектен құлағын шығарып, бажылдаған  қыздарға қарап, зекіп жіберді:

– Жау шапқандай не болды шулап, қаншықтар! Қанеки шаң?

– Әне, әне! Қыздар торғын орамалдай қалқып ауаға сіңіп бара жатқан селдір шаңды көрсетті. Аттылар екпінін баяу­латты.

– Е, мынау қара таздың ауы­лынан. Жаман байдың балалары. Сирақтарыңды үйіте бер! – Кимешегі шұбалып, күңкіл­деген әйел құрттың түбін қара қырғышпен сақыр-сақұр қыра берді. Ауыздығымен алыс­қан аттылар үзеңгілері сыңғыр­лап қастарынан жанай өте бер­ді. Жа­ман байдың ұлдары қыр­шын­дай жас, көрікті жігіт­тер еді. Алдында атын омыраулатып кетіп бара жатқан, ақ ша­­панды, қойдың терісінен тік­кен жалбыраған ақ сеңсең бөріктісі үлкен қара көздерін қанжардай жарқ еткізіп  ошақ қасында отырған қыздарға қадады. Си­рақ үйітіп отырған бала қыздар ұялып, бұға түсті. Тек шетте отырған көмірдей қара бұрым­дарын ұп-ұсақ тас­палап қырық тарам қып өріп тастаған, ақ көйлекті қыз қай­мықпай жүзіне тура қарады. Адайдың қыздары бұрымдарын осылай өретін. «Мына қыздың көзінің өткірін-ай!». Алдында кетіп бара жат­қан тақиялы інісін, қамшымен жон арқадан түртіп қалды.

– Ана қызды қара! Сұлу болайын деп тұр… Бұйырса, қатынды осы адайлардан алатын болдың! Бауыры ағасының нұсқаған жағына бұрылып қарап, қою қастарын жазып, күліп жіберді.

– Ақ көке-ау, cенің  дегеніңді екі етіп көрдім бе?

– Істікті қалай ұстап отырға­нын көрдің бе? Ана шыбыш қыздардай болбыр емес. Қолы мығым-ақ, еті тірі. Бойы сандал ағаштай тіп-тік екен. Мен адам танысам сүйегі нағыз асыл. Біздің тұқымға лайық екен. – Інісіне осылай деп артына бұрылып тағы бір мәрте қарағанда манағы қыздың өткір қара көздерімен жанары ұшы­расып  қалды.

Сирақ үйітіп отырып, сол кезде абдал таздың келіні боламын деп ойлап па? Адайдың құрық түспеген, аспанға шап­шы­ған ақшабдар  асауындай тентек, ерке қыздың басына тырп еткізбестей ноқта түсті. Қалыңмалы төленді. Аспанға секіріп-секіріп, тулап-тулап алып, басына қызыл шаршының орнына ақ жаулық тақты. Он беске қараған шағы еді.

Жаман  өрісі отарға толған қойлы бай еді. Бұл да бар жердің қызы. Жасауына қосқан бір мүліктей қылып қызын жатқа ұзатып, қайтарда түйесіне мі­нерде, шешесі аңырады-ай кеп… Сол шешесін, төркінін сағынып, өрмек тоқып отырып жылайтын.  Дүние-ай, құрыққа ілінген  асау қыз жуасыды. Қара­көз, қара қасты қосағына күн өткен сайын емешесі құритынды шығарды. Шаңы­рақ­тан көрінетін күміс түйм­е­дей жыпырлаған жұлдыздарды санап жатып, күйеуінің келуін сарылып күтетін. Тоқал енелері «Бәлекейді қарай көр! Бой-басына қарамай бай не теңі екен мұның!» деп сыртынан  ер­нін шығарып күлетін. Бәле­кей­дің бойы өсіп, бұғанасы қатып сұлу келіншекке айналды. Жаман шалдың тұқымын көбейтті.  Он төрт бала тауыпты. Әр баласын босанған сайын ұзындығы алты кез ақ шытпен белін орай, ішін шандып байлайтын. Үзіліп кеткелі тұрған құмырсқа белді айнала май басып кетпесін, қыз мүсінім бұ­зылмасын дегендегісі. «Қожа­ның көңілі құртқа шабады» деген… Кейін қартайғанда да марқұм  өзіне қарама-қайшы қып жарата салғандай, былқыл­даған тоқаштай топ-толық сары келінінің бітіміне тыжырына қарап отыратын. Келіні де өзі сияқты жатыры жайлы, кең құр­сақ, кең балақ, бала тапқыш боп шықты. Әр немересі туған сайын қақсайтын: «беліңді мына ақ шытпен таңып ал» деп, сары тоқаштай толық келін тыңдамайтын. Содан жалғыз келінімен дүрдараз. Өле-өл­ген­ше «он алты бала тусам да, са­ры қарын болып көрмедім, бе­лім қылдырықтай» деп керім мақ­танып өтті.

Аласапыран басталды. Бая­ғы жаугершілік  заманнан да жаман болды. Әуелі о дүниелік болған  қайынатасынан қалған мыңғырған қойды қызылдар жоқ қылды. Ауылын ақтар шап­­­ты.  Ашаршылықтан бұрын, То­банияздың көтерілісінен соң  адайларды қыра бастады. Мың үйді апарып бір түнде бала-ша­ғасымен қоса қырып, тірідей көмді. Қазинесі кең  Құдай-ай! Қа­тын-баланы қойдай шұ­быр­тып апарып… бір түнде. Обалдары қайда? Шыңғырған үндері әлі құлағында. «Мың үй ша­был­­ған» дейтін жерде мың шақ­ты адайдың отбасын жоқ қы­лып­ты дейді. Беті сұр то­­­­пы­­рақ­пен жабылып, сүйек­тері саудырап көміліп қалды ғой. Біртұтас әулеттен қайна­ғасы мен бұлардың отауы  ғана шошайып қалды. Ашаршылық басталды.

Қайнағасы бір түнде екі үйлі жанды жинап ап, тас-түйін ше­шімін айтты. Көшеміз! Апыл-ғұпыл киіз үйді жығып, жү­к­терін теңдеп, бет ауған жақ­тарына безе жөнелді. Ба­ғыты – Ақтөбе. Абысыны он ба­ласын, бұл он бір баласын же­­тек­тейтінін жетектеп, арқа­сына таңуға келетінін таңып алды. Аңырап жөнелді. Баяғыда жас келін боп босағаны енді ғана аттаған кезде бір күпірлік жа­сағаны бар-ды: малы көп бай­дың жалшы, малайларымен қо­сылып бір бел жазып отырмайтын. Соңғы жұлдыз сөнген­нен бастап, секердей тәтті ұй­қыны қимай, көзін тырнап ашып, күл шығарып, тезек те­ріп, ошақты жағады. Қосақ­тап қой сауады, ешкі сауады… Күннің астында күнсіп отырып өрмек тоқиды… Оншақты қа­тын қамысқа орап киіз басады. Тезек теріп, қи ояды. «Байдың келіні болғанша, кедейдің қызы бол» деген… Содан сілесі қатып бесіктегі баласын емізіп отырып, енесінен жасырынып, ұйықтап алады. Сезіп қалса, күйеуі сегіз өрме қамшымен тартып жібереді. Жазған-ау, білдіртпей сипай ұратын еді ғой. Солай етегіне сүрініп жүр­генде, шуы құрғамай, баланы шұбыртып туа берген қайдан оңай болсын?! Сонда «Құдай-ау, сен де итше шұбыртып бере бердің-ау!» деп назаланған. Содан жазды ма екен?  Қайбір жетіскеннен айтты дейсің, жаны күйінгесін айтқан еді. Жас еді, ессіз еді. Мына зауал соның зауа­лы ма? Жолай он алты ба­ла­ның көбі қырылып қалды. Қайнағасының балалары да қырылды. Тары егетін Ойылға  өлімші боп шұбырып, өлігін сүйретіп жеткенде… рулас ағайын өз битін өзі  жеп әрең отыр екен.

Сол кезде он беске келіп қалған Бурахан деген баласы болды. «Құлыным-ай, соқтал­дай боп өсіп еді-ау! Екі бетінен қаны тамып тұратын. Сол Бурахан бір емес, екі үйді асырады. Мал тапқыш еді-ау құлы-ным!». Біреудің көзінің құрты түсті-ау! Тірі болғанда… бір жерден шығатын еді-ау. Оһ, қайтейін!

Аштық пен індет Жаман байдың тұқымын тұздай құр­туға айналды. Күйеуі Шәбден мен он төрт баласын жалмады. Қайнағасы Ахметтің  әйелі Жамал өліп, бір жапырақ Түйме деген қызы ғана тірі қалды. Ке­шегі бәйтеректей тамыры тарбия тарам-тарам жайқалған мың­ғырған қойлы байдан қал­ған зурият осылар ғана… Бір қа­раша жамап-жасқап қойған лашық үйде өзі, жеркепеде қайнағасы тұрады. Қайн­ағасы елуден асса да аса қайрат­ты. Бір өгізді жегіп ап тары егеді, шөп шабады. Кішкентай қызы Түйме екеуін аштан өлтір­месі анық еді.

Бір күні қараптан-қарап жүрегі түскір әлденені сезгендей өрекпіді де жүрді. Қайбір жүрек дейтін жүрек қалды дейсің! Ертесіне күн керегеден шаңыраққа жетеқабыл көте­-
р­ілген шақта үйге бір топ кісі кел­ді. Қайнағалары мен қай­ны­лары, абысындары үн-түнсіз кіріп келеді. Ішінде алыстағы Жем бойынан келген ақсақ қайнаға да бар. Есік алдында тізезін бүгіп,  майысып сәлем салды. Сүрініп-қабынып са­мау­рынға шоқ салып кеп, төр жаққа қарай алмай, бір қырын, жүрелей отырды. Жаманат хабар айтатын дейтіндей… байы мен балалары әлдеқашан опат болған. Тұл жесір. Атасының басы, несін айтады, шұнақ Құдай-ау!

– Келін шырағым, Шәбден қарағымның отауын тап-таза қып ұстап отыр екенсің, – деп төрде малдас құрып отырған алыстан келген қайынағасы сөз бастады да, көзіне құйылып кеп қалған жасты көрсетпей ша­ңы­раққа қарады, – Ризамыз. Жа­манның артында қалған мынау, – деп төменірек отырған Ахмет­ті көрсетті, – мына қыз­талақ баладан басқа еш тұқым жоқ. Жәкем қандай еді-ау! Енді ата жолы, ежелден салт-дәстү­ріміз бойынша…

– Құдай-ау, не демек, мына ақшұнақ шал? – жүрегі аузына тығылды. Сулы көз абысындары жаулықтарының ұшын  көздеріне апарып қалыпты.

– …Бабамыздың салты, бая­ғыдан келе жатқан ақ жолымен мына Ахмет  екеуің екі жарты, бір бүтін болыңдар. Екеуің қо­сылыңдар! Соны айтайын деп келдік. Үлкендердің шешімі бұл.

– Дұрыс,  дұрыс, қосылың­дар! Қосылыңдар, айналайындар!

– Ағаке-ау… Бұларың не? – жас келіншек көмек сұрағандай жан-жағына қарады.

–  Тәйт, – деп төрде отырған қара сеңсең бөрікті шал үшкір сақалы қайқайып, қолындағы дойыр сапты қамшысымен ту­лақты шаңын шығара сарт ет­кізіп ұрды.  Үшкір сақал
қай­­н­ағадан осы өлердей қор­қатын.  Мінезі сотқар. Боқ­тампаз. Сол үшкір сақал: Ауыз­дарыңа насыбай толтырып ал­дыңдар ма?  Мәністі біл­мей­тін кісіге ұғын­дырар болар. Өй, жете­сіздер… – деп ақырды.Бұ­дан соң жаулығын қарқарадай зор абысын орнынан бір ырға­лып қойып сөз бастады:

– Келін қарағым, мына Ке­рім­бала деген жігіттің төресі ғой, кез келген үйдің оң жақ­тағы отырған қызы өзі тіленіп келгендей ғой қайныма. Қазір қыз айттыра қоятын жағ­дайы­мыз бар ма біз сорлының?  Біреудің жап-жас қызын зор­лық­­пен қосты деп Керімбаланы абақтыға қаматтырар! «Жығыл­ғанға  жұдырық» боп одан әр­мен сорлаймыз.Қайбір жетісіп отырмыз?! Қайбір жетіскеннен келіп отырмыз. Әмеңгерлерің көп қой сенің де басқа, – деп тілді кемпір жағалай отырған­дарға қарады. – Бірақ бәрінің басы бос емес. Бір қайныңа таңдап тисең, қанеки?! Онда арман бар ма?! Өйтсең қай­ныңды екі әйел алдың деп соттайды. Итжеккенге айдайды да жібереді. Адайдың асау бол­ғанмен ақылды қызы едің. Елге ақылды тентек атанып едің. Ағакемнің оты біржола күл болып өшпесін десең кө­несің. Туларсың, бірақ көнер­сің.

–  Е, көнбегенде қайда барады?! Ағакемнің артында тұяқ қалмай, қараша үйі құлағалы тұр. Көнгенде қандай… Қазір мына молда бала неке суын іш­кізе қояды. Ойбай-ау, бірің ай, бірің күндей боп шыға келер­сіңдер.

Қонақтар дәм ауыз тиіп шығып кеткен соң, басына шапанын жамылып, үйден шығып жүре берді… Қараса, қолына отын буатын ала арқанды  ұстай кетіпті. Бет алды жүріп келеді…Есім ауысқан шығар деп ойла­ған.  «Құдай-ау, үлпершектей он төрт баламды алғанда сауын айтпап едім, бауыр етімдей бол­ған байымды жалмағанда да үндемеп едім. Құдай-ау, Құдай! Мұның не? Қайнағаңмен қо­сыл дейді. Қойнына жат дейді. Масқара-ай! Сұмдық! Қасқа-ау, менен басқа осы тазда ұрғашы құрып қалды ма?». Айдалада дауыс етіп, ойбайлап жылап келеді. Сөйтіп, төбе басындағы бейітке жетті ентігіп. Бураха­нының бейітін тауып алды, жарықтық әкесі екеуі бірге жатыр томпиып. Жолшыбай қо­лын, білегін бұта жырып, тырнап тастапты. Қаны шығып тұр. Қанын етегіне сүртіп, кө­зінен сорғалаған сорасын жау­лы­ғының ұшымен сүртіп, әй, бір аңырады дейсің. Ішіндегі шерін әбден тарқатты-ай кеп.. Ашаршылықта өлген он төрт баласын жеке-жеке атап шық­ты. Жылап отырып, бір шетте абысынының бейітіне көзі тү­сіп кетті. Жүрегі шым ете қал­ды. «Домалақ абысыныма да дұға оқымаппын ғой. Жарық­тық керім, ақкөңіл еді! Айтпақ­шы, домалақ абысын, сенің кү­йеуіңе байға тиейін деп жатыр­мын». Тағы да жылады. Тағ­­дыр­ға қара қазандай өкпесін  айтты. Абысыны екеуі шүйір­келе­сіп, сырласатын. Біздің қай­нағаны сүйетін еді ғой. Бетім-ау, не деп кеттім? Енді ме­­нің күйеуім ғой…». Қайна­­ға­сымен бүгін түнде қосыла­тыны есіне түскенде аза бойы қаза болып, тітіркеніп кетеді.  Тағы да иығы селкілдеп  кем­сеңдей бастайды. Осылай отыра берер ме еді. Бір кезде бір қа­ра құс тап қасына қалбаңдап келіп қонды. Шошып кетті. «Қасқа, мынасы несі?».  Ақырын орнынан тұрды. Жылай-жылай қабағы ісініп, домбығып кеткен. Ішкі сарайы босап, тұла бойы жеңілейіп қалыпты. Етегін қаққыштап, жалғыз аяқ сүрлеуге түсті. Бір-екі бел асқан соң, ауылдан түтін көрінгенде, қарадай қысылып, ұяла бастады. «Қой, бір құшақ отын ала барайын. Мынаның есі ауысты деп жұрт әңгіме қылар-дағы».

Отынын есік алдына әдейі дүрс еткізіп тастады.  Жеркепе­нің есігі ашық. «Түймеш қара­ғым­ның да қарны ашып қалды ма екен? Таңертеңгі сауым пісірілмеп еді. Мә, қайнаға бар екен ғой… Қайнағасы несі? Ой-е-бай, ол қызды тәң­ертең абысындар «біздің үйде бола тұр­сын. Жалғыз өзі ішқұса болатын болды» деп алып кетіп еді ғой жырпылдап. Есім ауы­сар-ау осы менің».

Күн батысқа қарай зымырап барады. Жеркепе  жаққа жек­көре қарады. Ана көрдей қа­раң­ғы жеркепенің ішінде жатқан түкті бет қайнағасымен бүгін түнде қойындасатыны еске түскенде денесі қалты­райды. Ызадан қып-қызыл боп кетеді. Кеңші­лігі көп Құдай-ау, осы кі­сінің жүзіне өмірі тіктеп бір қара­мапты. «Қарсы келгенде  екі бүк­тетіліп, сәлем салып бү­кеңдей берсем немді көрейін». Тек баяғыда қыз кезінде ең алғаш көргенде… Ондай көзі үлкен кісіні бұрын-соңды біл­ген емес.

«Мені  тентек дейді, Адай­дың қызы дейді. Пішту, ерегес­кенде еліме кетіп қалайын ба? Бірақ қайда барамын? Маңда­йым­ды сүйейтін кім қалды? Аш­тықта баудай қырылды ғой. Қайтып келген қыз шиден тыс­қары деген» деп мырс ете қалды. Өзін-өзі аяп, мүсіркей күлді. Кенет тұла бойына бір күш құ­йыл­ғандай, қайраттанып ширап сала берді. Осылай отырып-отырып, аяқ астынан өр міне­­зіне салап, арқасы ұстаған­дай көтеріліп кететіні бар. «Мен сендерге тентектің не екенін көрсетейін!». Үйдің іргесінде тұрған шылапшынды әкеп даң­ғыр еткізіп, лашықтың ортасына қойды. Шоққа бір шелек суды қайнатып, лыпасын түгел шешіп, жұпар иіс сабынды кө­піртіп шомыла бастады. Иіс­сабын мен жып-жылы су дене­сін­дегі күн мен шаңның, мұң мен наланың, бетіндегі кеуіп қалған жастың ізін дым қал­дырмай шайып жатты, шайып жатты. Шомылып болған соң, сынық  айнаның алдына келіп, бойлай тұра қалды. Қара­то­ры­ның келістісі еді!  Сұлулардың аздап менмен болатыны бар. Аққу мойнына тіп-тік иығы жа­расып тұр. Құдай тағаланың өзі мүсінін асықпай сомдаған­дай:  құмырсқа бел мен үлкен қос анарына ұрлана қарады да, үстіне сандықта жатқан біркиер сары атлас көйлегін киді. Тірсе­гіне түсетін қап-қара шашты тарқатып жазды, тісі сынық мү­йіз тарақпен асықпай-саспай тарады, көлдің шетіндегі ақ­қудай асықпай-саспай сылаң­ды. Шашы тарқатылған күйі басына бөртпе шәліні жауып,  жеркепеге келді. Тірі ме өзі?».

– Менің үйімді жығарсыз. Ертең сіздің жеркепеге кө­ше­мін.

Жылап-жылап, домбығып кеткен көзін қараңғы үйдің тө­бе­сіне қадап жатқан қайна­­ғасы ақырын  күлді.

Ешкім үн қатпағасын, тұ­рып-тұрып, үйіне қайтып келіп, екі кісіге төсек салды. Бір жас­тық пен бір көрпе, бір жамылғы. Тарс жамылып жатып қалды. Төбеде лашықтың жыртығынан шибарқыт кәжекейге қадаған алқа, тиын, түймелер сияқты жұл­дыздар жылтырайды. Бая­ғыда келін боп түскенде жо­рыққа кеткен күйеуін сарыла күтіп, өстіп жұлдыз санайтын. Денесі тоңази бастады. Есіктен тықыр білінбейді. Ел тегіс ұй­қыда, иттерге дейін тым-тырыс. «Келмейін деп жатыр ма? Ше­шімін өзгертер тәңертең. Абы­сындары күлер артын аш­ып, бұл қарбашаны біздің  Керім­бала да менсінбеген деп». Намыс буды. Талығып, көзі енді ілініп, кірпіктері айқаса бергенде …бұрымын  темірдей қа­рулы қол ақырын сипады. Тә­ніне тәтті діріл тарады.  Қайы­н­ағасы шамды үрлеп өшірді.

 

***

Бір жылдан соң өмірге бір жапырақ қара шақалақ  ұл кел­ді. Екеудің жаны соның үстінде. Үш жасқа толарда шешекпен ауырды. Мойындарына бұршақ салып, көздерінің жастарын төгіп, Аллаға жалынумен болды. Бала  аман қалды. Бұлардың сорына қарай өзі де қолды-аяқ­қа тұрмайтын ұшқалақ неме бір! Бір күні қарақұрт шағып алды. Әкесі жалма-жан емін жасап, жанын алып қалды-ау. Бір күні  үйілген маядан құлап, есінен танып қалды… Қара жер хабар бермесін, қайнатасы тура осындай болған еді.

Қарап отырмай отағасымен қалжыңдасатынды шығарды. Кейде өрлігіне де салып, ек­піндетіп кететіні бар.

– Мынаны көрдің бе? – деп ондайда шалы күмістелген се­гіз өрме қамшыны нұсқап. Қойлы байдан қалған бар бай­лық – сол ғана. Құдай сақ­тасын, басынан қамшы кет­пей­тін қатындар да көп қой осы ауылда. Ана Бәтіш көктемде көш кезінде желігіп, бозбала мен қыздардың әнін тың­дай­мын деп  байқамай көрші ауыл­дың көшіне  еріп кете беріпті, жаз­ған, орта жолға келгенде есін жиып қараса, басқа ауыл… Күй­еуі қамшының астына ал­ғанда, байғұс тапқан амалы ғой: жасауына келген сары ін­геннің бұ­тына тығылып аман қалып­ты.

– Біздің үйдің кісісі-ау, несі­бең­нен құр қалайын деп отыр­ған жоқпысың  осы?!  Аузының салымы жоқ адам болады дейді.

Отағасы мырс ете қап, тағы да ала көзімен күміс қамшыны нұсқады. Жоныңнан таспа тілермін дегені. Бірақ көзі аймалайды. Құдай берейін десе қиын ба, жеті жылдан соң, Ахмет алпыстан асқанда жалғыз ұлдың артынан бір қыз келді дүниеге.

 

***

«Жалғызымның алдында ала көр!» – сексендегі қара кем­пірдің күні-түні қақсай­тыны осы сөз. «Жалғызымның алдында ал тек!». Құдай тілегін берді. Сексен сегізге қараған шағында қылтамақ боп бір ай ғана ауырды. Төсек тартып жатқанда, баяғы аштықтан өлген балаларын есіне алды. Бураханын да. Көз жұмар алдында киіз үйдің есігі ашыл­ғандай болды да, аржағынан бір керемет аппақ нұр саулап қоя берді. Сол аппақ сәуленің арасынан, Құдай-ау, біреу шақыр­ғандай болды. Ахмет отағасы шығар деп қолын көлегейлеп,  назарын жәймен салған, мар­құм осыдан он бес жыл бұрын өмірден өткен еді. Жоқ, түстеп, анықтап қараса отағасы емес: баяғы алғашқы жұбайы Шәб­ден. Сол баяғыдай қап-қара қасы қиылып, күлімдей қа­райды. Жүзі нұрлы кісі еді-ау. Ау, кейінгі отағасы қайда? Жүрегі дүрсілдеп, жалма-жан іздей бастаған. Анадай жерде тұр екен, ақ шапаны төгіліп, ақ сеңсең бөркі қараторы сұлу жүзіне жарасып… Ұмсына түсті де кенет тоқтай қалды, қасында ақкөңіл абысыны – Жамал  бай­ғұс, жарбиып байына жабысып алыпты. Тарыны тығып қойып, балаларына беріп, өзі аштықтан кеуіп өліп кеткен, жарықтық. Абысынның қасына жерлегенде отағасын аздап қызғанып еді. Өмірлік қосағын жаңылмай тапқан екен де. Енді ешқашан оған «ерім» деп еркелей алмайтынын, тек «қайн­аға» деп қа­рай­тынын да түсінді. Бір шетте шешесі тұр аңырап, бая­ғыда ұзатылған қызын – мұны  қи­май, бақырып жылап, оған жұрт күліп, түйеге әрең мінгізіп еді. Анашым-ау, ше­ше­тайым-ау! Міне, келдім қа­сыңа… Ал өзі баяғыдай он жеті­дегі кезін­де­гідей жап-жас екен дейді. Үс­тінде қос етек көйлек, көк кә­же­кей, қолында қос-қос бі­ле­­зік… Алдында самаладай аппақ нұр… Тоғыз тозақтан өт­кенде алдында хұрдың осы нұры күткен екен-ау. Енді аялдайтын не қалды?..

…Қара кемпірдің кірпігі қыбырлады. Қасында қоршап отырғандар не айтқысы келді дегендей бетіне үңілді. Жалғыз ұлының қолынан бір сипап, мұрны біздиіп өзінен аумай қалған, жанындай жақсы көре­тін қос бұрымды немересіне бір қарап үзіліп жүре берді. Төсек­тің жанында жалғыз ұлдан ту­ған төрт ұл мен алты қыз, өз ке­ліні, жалғыз қызынан туған он жиені, күйеу баласы, толып жатқан  шүпірлеген немерелері мен шөберелері егіліп жылап отырды.

ПІКІРЛЕР5
қазаққыз 08.11.2016 | 12:32

Керемет! Өте әсерлі.

Марат Бисен 08.11.2016 | 12:44

Өте жақсы шығарма ғой!

Зере 23.12.2016 | 14:54

әсіреқызылдан аулақ, шынайы шығарма екен! қазақтың, қазақ ауылының, қазақ әйелінің болмысы…

Марал 26.01.2017 | 16:03

Тамаша әңгіме!

Аршагүл 03.05.2017 | 16:46

Қандай жақсы әңгіме!

ПІКІР ҚОСУ