ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТАРЛАНЫ
Бабаш Әбілқасымовтың тіл біліміне келуінде өзіндік заңдылық бар. Өйткені, алтын ұя – отбасында көрген тәрбие оны ана тілінің қызметшісіне айналдырары сөзсіз еді. Ол 1931 жылдың 2 қарашасында Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Бұл талай тарихи аңызға негіз болған әйгілі Нарын құмының шығыс жағындағы Серікбай шағылы. Әрбір азамат туған топырағына тартады екен деген сөз бар. Бабаш бойынан да осындай бір ұқсастық табатындаймыз. Төсіне неше алуан сыр бүгіп қатпарланып, мамықтай есіліп толқынданып, түрленіп жататын майда шағыл кейде адам мінезіне ұқсап кетеді. Қалай десек те, Серікбай шағылының көп адам байқай бермейтін қасиет, қадірі Б.Әбілқасымов мінезінен мықтап орын алған. Бұл – Атамекеннің адам болмысына жасайтын ықпалы.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымының докторы, профессор, академик
Бұған көргенді шаңырақтағы ата, әке тәрбиесі ұласса, жас өскіннің адам болып қалыптасуына даңғыл жол ашылмай ма? Бабаш тәрбие көрген отбасы осындай шаңырақ. Әкесі – Әбілқасым өз отбасында ғана емес, сол төңіректегі ауыл-аймаққа аса беделді адам болған деседі. Беделді болатыны өзінің ісі мен сөзіне берік, адалдық пен әділет жолын таңдаған, сол жолдан еш таймаған тілі өткір, табанды жан екен. Ол Дуаберген ауылдық кеңесінің көп жыл төрағасы болыпты. Оның аузынан шыққан мақал-мәтелге бергісіз небір ұтымды сөз орамдары мен мысқыл әңгімелері әлі күнге дейін ел аузында жүргенін аузынан суы құрып отырып әңгімелейтіндер бар. Соның бірі – Бабаштың өзі. Тіліміздің таңдай қақтырар байлығын танытар мұндай мысалдың көбін оның өзі майын тамыза айтқанда Бабаштың мамандық ретінде тілді таңдағанына таңдана қоймайсыз.
Мұның үстіне тігіншісі келіссе киім жараспай тұрмайды. Екі ұл, төрт қыздың ортасында еркеліктің құлағынан ұстаған Бабаш зейінді бала болып өседі. Мектеп тәрбиесі оның осы зейінін ұштай түседі. Ол 1 мен 8 кластарды Жамбыл, Айбас ауылдарындағы мектептерде оқып, оныншыны аудан орталығындағы Амангелді орта мектебінен тәмамдайды.
Сол тұстағы орын алған отбасы жағдайына байланысты Бабаш ынтасы болғанмен оқуын жалғастыра алмай, Айбас ауылындағы мектепте 2 жылдай мұғалім болып істейді. Оның ә дегеннен-ақ жауапкершілікті сезінуі осы кезден басталған. Және бұл жылдар жас жігіттің болашақтағы өмір соқпағын айқындап берген сияқты. Сол соқпақ оны 1949 жылы Орал педагогтік институтына алып келеді. Институтты ол айрықша (сталиндік) стипендиямен оқып, оны үздік дипломмен бітіреді.
Өз облысына арнайы жолдаумен келген Бабашты Атырау облыстық оқу бөлімі тәжірибесі бар маман есебінде және партия мүшесі екені есепке алынып, оны өзі оқыған Аманкелді орта мектебіне бірден директор етіп жібереді. Сөйтіп, ол қаршадай кезінде білдей мектептің директоры болып шыға келеді.
Жасынан осындай жауапты қызметке тағайындалғанмен ол өз мамандығына қарай ойысуды аңсайды. Осы ойын айтып талай қолқа да салып жүрді. Бәлкім, осыны ескерді ме екен, 1958 жылдың ақпан айынды обком оны Гурьев пединститутына проректор және партия ұйымы хатшысы етіп жібереді.
Б.Әбілқасымұлы аталған жұмыста өз мамандығынан дәріс оқи жүріп, тіл ғылымының мәселелерін зерделеуді бір сәт есінен шығарған емес. Өйткені, оның ғылыми ізденіске деген ынта-ықыласы 1952 жылы студент кезінен-ақ басталған болатын. Осы ұмтылыс ақыры оны Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына алып келді. Оны 1964 жылы бітіріп, қазақ тіліндегі алғашқы газеттің бірі – «Дала уәлаяты газетінің тілі» деген тақырыпта қырғыз ССР-ының ҒА академигі, көрнекті түркітанушы И.А.Батмановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Аталған газет 1888-1902 жылдар арасында Дала генерал-губернаторының ресми органы ретінде қазақ, орыс тілдерінде жұмасына бір реттен шығып тұрған еді. Бұл газеттің тіл ерекшеліктерін сөз ету арқылы қазақ әдеби тілінің өткен ғасырдағы тарихын сипаттаумен қатар, оның бетінде көтерілген ана тіліміздің байлығын дамыту, оның емлесін жетілдіру жайлы пікірлердің болғанын да көрсете білді.
Б.Әбілқасымов бұл саладағы өз ізденістерін әрі қарай жалғастырып, аталған газеттен 20 жылдай бұрын шыққан ең бірінші қазақ тіліндегі газетіміз – «Түркістан уәлаяты газетінің» (1870-1883) тілдік ерекшеліктерін де зерттеу объектісі етті. Бұл зерттеулердің нәтижесі «Алғашқы қазақ газетінің тілі» (1971) атты монографиялық еңбекте көрініс тапқан. Міне, осыдан былай қарай оның ғылым жолындағы табанды ізденістері басталады.
ХІХ ғасырдағы әдеби тіліміздің сыр-сипатын толық ашу үшін тек қана мерзімді баспасөз материалдары жеткіліксіз екені белгілі. Сондықтан Б.Әбілқасымов сол тұстағы басылым көрген көркем әдебиет туындыларын, ғылыми-көпшілік әдебиет үлгілерін, сондай-ақ, ресми іс қағаздары мен эпистолярлық нұсқаларды Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Ташкент, Орынбор сияқты қалалардың кітапхана, мұражайларынан іздеп тауып, оларды тілдік жағынан сараптауды мақсат тұтты. Бұл орайда оны сол кезде көптеп жарық көрген қисса аталатын әдеби нұсқалардың тілі қызықтырды. Шындығында да қиссалық әдебиет басқа түрік тілдерінің қайсысынан да қазақ топырағында ерекше күшті дамыған, мәселен өткен ғасырдың соңғы ширегінде ғана жүзден астам қисса аталатын шығармалар жарық көрген еді. Б.Әбілқасымов осы мол дүниені тілдік жағынан алғаш сараптаушы болды, олардың діни, азаматтық идеяны жырлайтын және халықтық туындылар деп үшке жіктеп, олардың әр тобына лингвистикалық сипаттама берді.
Дәрігерлік, малдәрігерлік және басқа ғылым салаларына байланысты шыққан кішігірім кітапшалар мен мақалалардан ғылыми-көпшілік әдебиет стилінің элементтерін көре, көрсете алды. Ресми құжаттардың үлгілері қатарында әр түрлі бұйрық, жарлық, заң жинақтарымен қатар, Абай құрастырған «Қарамола съезінде жасалған ереже», эпистолярлық материалдар бірге қарастырылады. Сөйтіп, ол өткен ғасырдағы қазақ әдеби тілінің одан бұрынғы және қазіргі тілімізбен салыстырғандағы ерекшеліктерін көрсетіп, сол кезеңге тән әдеби, тіл заңдьлықтарын ашып берді. Бұл бағалы деректер Б.Әбілқасымовтың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты монографиясында (1982) кеңінен сөз болады. Осы монографиясы негізінде ол 1983 жылы ДОКТОРЛЫҚ диссертация қорғады. Ал аталған монографияда талданған мәтіндер мен материалдардың бірқатары оның 1988 жылы жарық көрген «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары» аталатын кітабында көрініс тапты.
Қазақ әдеби тілі тарихының ХV ғасырдан XIX ғасырдың аяғына дейінгі дәуірі біраз зерттелгенімен, XX ғасырдағы даму, жетілу тарихы, жеке кезеңдері ғана болмаса, толықтай жүйелі түрде зерделенген емес. Міне, Бабаш осы дәуірді тұтас алып, өз аспиранты Ш.Мәжітаевамен бірге монографиялық дәрежеде зерттеп, «XX ғасырдағы қазақ әдеби тілі» (2000) деген кітапты жарыққа шығарды. Әрине, бұл аталған ғасыр өте күрделі оқиғаларға толы және қамтитын уақыты да өте үлкен болғандықтан, бұл кезеңге қатысты оқиғалар мен проблемаларды түгел қамтып, бәрін шешіп берді деп айта алмасақ керек. Дегенмен, әдеби тіл тарихын зерттеушілер мен қазақ әдеби тіл тарихы курсын оқушылардың қолына белгілі дәрежеде жүйеленген, экстралингвистикалық, тілдік деректері мол еңбек тиді деп ойлаймыз.
Б.Әбілқасымов тіл тарихының көне дәуірлеріне де еркін барып, бұл салада да ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Оның біраздан бері нысанаға алып жүрген бір жәдігерлігі – ХVІІ ғасырда жазылған Хиуа ханы Әбілғазы Баһадұрханның «Шежіре-и түркі» («Түрік шежіресі») атты тарихи шығармасы. Бұл шежіренің Б.Әбілқасымовты айрықша қызықтырған жері – оның тілінің қазақ тіліне өте жақындығы. Өйткені, ол таза қыпшақ тілінде жазылған, ал қазақ тілі – қыпшақ тілінің тікелей мұрагері. Оның үстіне шежіре авторы Әбілғазы өз кезінде айдауда жүрген көп жылын Арал, Маңғыстау қазақтарының арасында өткізген, оның да әсері болса керек. 1992 жылы Б.Әбілқасымов аталған шежірені арабша нұсқасынан қазіргі графикамызға және қазіргі қазақ тіліне қотарып, жеке кітап етіп шығарды. Қазір ғалым сол еңбектің тілдік ерекшеліктерін сипаттап, түпнұсқасын, транскрипциясын жариялаумен шұғылданып жүр.
Б.Әбілқасымов бұрынғы одақ көлемінде өткен бүкілодақтық, аймақтық конференциялар мен симпозиумдарда тіл тарихынан баяндамалар жасады. Ол тіл тарихынан шәкірт даярлауда да өз үлесін қосып келеді. Оның жетекшілігімен 7 адам кандидаттық, бір адам докторлық диссертация қорғаса, қазір оның басшылығымен бір докторлық, 5 кандидаттық диссертация дайындалып жатыр.
Бабаш Әбілқасымұлы – 4 монографияның және 150-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Оның жарияланған еңбектері жайлы белгілі түрколог ғалымдардың әр кезде айтқан жылы лебіздері баршылық.
Мәселен, оның жоғарыда аталған «XIX ғасырдың екінші жартысындағы әдеби тіл» атты монографиясы жайлы белгілі түрколог А.М.Щербак «қазақ әдеби тілі тарихында XIX ғасыр әлі толық, жеткілікті зерттелген жоқ. Сондықтан Сіздің зерттеуіңіздің нәтижесімен танысу өте қызықты болды», – десе, екінші бір көрнекті түркітанушы ғалым Г.Ф.Благова: «Сіздің кітабыңызда сөз еткен тақырыбыңыз өте актуалды және тек қана қазақ тіл білімі үшін ғана емес, бүкіл түркология үшін де өте пайдалы», – деп атап көрсетеді. Мұндай пікірді Н.А.Баскаков, М.З.Закиев, В.Х.Хаков сияқты белгілі түркітанушы ғалымдар да білдіріпті.
Б.Әбілқасымұлы тіл білімінің лексикография, тіл мәдениеті, терминология және тіл білімі тарихы бойынша зерттеулерге де белсене араласып, бұл саладағы еңбектерде өз қолтаңбасын қалдырып келе жатқан ғалым.
Бабаш – үлкен «Қазақша-орысша сөздіктің» әрі құрастырушыларының бірі, әрі осы жұмыстың жетекшілерінің бірі, редакция алқасының мүшесі. Сондай-ақ, ол – 2000 жылы жарық көрген «Қазақ тілі сөздігінің» редакция алқасының мүшесі. Оның авторлығымен «Орысша-қазақша тілдескіштің» бірнеше басылымы (1981, 1988, 1992) жарық көрді.
Бабаш Әбілқасымұлы Тіл білімінде еңбек еткен 50 жылдан астам уақытта ғылыми ізденістерімен қатар, институттың ғылыми ұйымдастыру, қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып келеді. Ол 1967-75 жылдары Институттың ғалым-хатшысы, 1987-1991 жылы директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды, сосын – түркология және қазақ тілі тарихы бөлімінің меңгерушісі. Бірнеше мәрте Институт партия ұйымына жетекшілік етті. Институттағы ардагерлер алқасын басқарды, бірнеше жыл халықаралық қазақ тілі қоғамының алқа мүшесі және институттағы бастауыш ұйымының төрағасы болып істеді, яғни бұл қоғамның алғашқы қалыптасу кезеңіне өз көмегін тигізді.
Қысқасы, ф.ғ.д., профессор Бабаш Әбілқасымов:
1) Қазақ әдеби тілінің көптеген келелі мәселелерінің көзін ашып, көңіл тұшытар ғылыми еңбектер туындатып келе жатқан айтулы ғалым. Бұған жоғарыда аталған еңбектері куә, дәлел;
2) Көкейінде түйгені мен айтары көп, өмірлік мол тәжірибе жинақтаған жақсы ұстаз. Бұған Қазақстанның әлденеше жоғары оқу орындарында оқып келе жатқан дәрістері дәйек;
3) Достықтың, жолдастықтың қадірін білетін, табан жолынан таймайтын бір сөзді, әділ, турашыл азамат. Мен мұны ондаған жылдар бойы қатар қызметтес болып, ғалымдық пен адамдықтың талай тар жол, тайғақ кешуіне куәгер болғандықтан айтып отырмын. Абыроймен көтерілген 85-тің төрінен 90-ның асқарына қарай жол тартқайсың!