«ӨЛІАРАДАҒЫ» ҮМІТСІЗДЕР
28.10.2016
1232
0

14881225_1785285768353179_1671354206_oЖазушы Оралхан Бөкеевтің «Өліара» повесі бойынша жас режиссер Елзат Ескендір түсірген «Өліара» қысқаметражды фильмі жақында Кореяның Пусан қаласындағы кинофестивальде «Үздік қысқаметражды фильм» категориясы бойынша марапатқа ие болыпты.

Бұл фильмнің түсірілгеніне бі­раз уақыт болса да ел ішінде елене қоймағанмен, Пусаннан жүлделі орын алып келген соң, киноөнеріне жақын біраз адамның мойнын өзі­не бұрғызды. Tanaris Production сту­диясында Қазақстан мен Германия бірлесіп түсірген киноның продюсері белгілі режиссер Сергей Әзімов, сценарийін жазған әдеби ортада біраз танылып қалған жазушы Өміржан Әбдіхалық. Осы ап­тада 20 минуттық фильм Т.Жүр­ге­нов атындағы Өнер акаде­мия­сы­ның оқу залында көрсетілді. Ха­лық­аралық аудиториядан бағасын алып келген фильмді көруге асыға кел­ген біраз жұрт өздері күткен дү­­­ниені көре алмай тосылып қал­ға­нын жасырмады. Фильмнен кейін­гі талқылауда бірді-екілі жур­­налист қазақ халқының өмірін жұ­пыны етіп көрсету қаншалықты орын­ды, одан көрермен жалықты десе, енді бірі киноның тәрбиелік мә­ні болуы керек емес пе дегенді ал­ға тартты. Бұл фильм Оралхан Бө­кеев шығармасының негізінде тү­сірілгенімен оқиға желісі бас­қа­ша өрбиді, финалы да өзгеше деген ре­жиссер «Мен үшін фильмдегі адам­дардың жұпыны өмірі маңыз­ды емес, олардың өмірге көзқарасы мен ішкі ойы маңызды» дей келе, ки­ноны көрген көрерменнің әр­қай­сысы әр түрлі ойға қалса оның еш сөкеттігі жоқ екенін айтты.

Кез келген мемлекеттің, кейде тіп­ті кез келген адам баласының өмі­рінде өліара шағы болатынын, әсі­ресе, өнер адамдары жақсы сезі­не­ді. Адам баласының психоло­гия­сының күрделілігі сонша, өзінің өліа­ра күйде жүргенін сезінбеуі мүм­кін. Жаны жылт еткен жарық­тан үмітсіз, кез келген дүниеге нем­­құрайлы қарайтын, өзінің үй­реншікті дағдысынан асып ештеңе іс­темейтін адамдарды қазақ әде­бие­ті мен қазақ кино өнеріндегі туын­дыларда жоқ деп айта алмаймыз. Бірде басты кейіпкер, енді бір­де қосалқы кейіпкер ретінде мұн­дай жандар қазақ киносында бұ­рын да болған. Елзаттың қыс­қаметражды фильміндегі бар бол­ға­ны төрт кейіпкердің төртеуі де осындай жандар десек, асылық айт­­қанымыз болмас. Әке, шеше, бала, ауыл­дан келетін электр мама­ны. Күйеуі әйеліне, әйелі күйеуіне, ба­ла­сы әке-шешесіне бөтен. Бір үйде тұр­ғаны болмаса ара-қаты­насы тым алшақ. Бала ертеңіне, әйелі ері­не сенім арта алмайды. Отағасы өзі­нің маңдай тер, табан ақысын жұм­сап баққан малын өз жақ­сы­лы­­ғына жұмсауға құлықсыз, яки се­­німсіз. Күнделікті қайталана бе­ре­тін кешкі асты ішкісі келмеген ба­ласын «тамақ таңдайды…» деп ыза­мен қанағатқа шақырғысы кел­ген ол перзентін сараңдық пен бір­­­са­рынды өмірге үйретіп жат­қанын аңдамайтын секілді. Анасы да өзін қорлатып қойғанына қатты назалы еместей. Әлде оған адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынастың бар­лығы электр маманын өзіне қара­ға­нындай жауапкершіліктен жұр­дай болып көріне ме екен… Фи­льм көрермендерінің бірі ре­жиссер­ге «Келіншек айнаға қа­раған соң отынның жанындағы балтаны айна арқылы ұзақ көрсет­тіңіз, он­дағы мақсатыңыз не», – деп сұ­рақ қойды. Автор дәл осы бал­таны көр­сетуде арнайы мақ­саттың бол­ма­ғанын айтты. Біздің бі­луі­мізше, ки­нода басы артық деталь болмауы керек деген қағида бар еді… Жас ма­ман мұны ескермеген сыңайлы. Дегенмен оның, фильмімді көрген көрермен менің не айтқым келгені туралы ойламай, өзі де жеке ой түйіп қайтса мен үшін жетістік де­гені кө­ңілге қонды. Қайта құру ке­зеңінің соңын ала қазақ кино­сын­да «Жаңа тол­қын» деп аталған бір буын қа­лып­­тасқан. Ел ішіндегі өліара шақта түсірілген олардың біраз фильмдері осы Елзат Ес­кен­дірдің «Өліара­сына» ұқсай­тын. Дәлірек айтқанда, Елзат­тың қадам алысы соларға ұқсайды деген жөн болар. Бірақ бір айырма­шылық, ол за­манның көрермені үшін өліара­дағы кейіп­керлер жақ­сы таныс болса, бүгінгі көрер­мен үшін ол жұ­пынылықты көрсе­тудің нысаны болып қалғандай. Қазіргі заман­ның тұрғындары өліара шақтың адамдарындай мақсатсыз емес, жан бағу жолында тырбанған бәсе­ке­лестер. Экраннан қашанда өзін көр­гісі келетін көрер­мен Ел­зат­тың туындысынан тыр­банған тірші­лік­ті күткен болар… Қазіргі адам­дар­дың өліара кезеңнің мақ­сат­сыз кейіп­керлеріне қарай­лауға мұр­шалары жоқтай көрінеді… Сурет­­кер­лік жолды мақсат еткен Елзат­тың оны түй­сінбеуі мүмкін емес. Қала өмірін ре­жиссер, балаға монтершы әкеп берген газет ар­қы­лы ғана көрсет­кен. Газет бетіндегі жұрт­тың малды ауылда бұзау айда­ған баламен  шаруасы бола ма?..

Назым ДҮТБАЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ