БОЛАТТЫҢ «ТАЛАНЫ»
28.10.2016
2009
0

img_9541-cr2Биыл «Қазақфильм» киностудиясы үшін мерейтойлы, мерекелі жыл. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өзінің 75 жылдық мерейтойын тойлауда. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына да киностудия ұжымы үлкен дайындықпен келіп, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен бірнеше көркем және деректі фильмдерді қалың көпшілікке ұсынды. Оның ішінде көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген «Анаға апарар жол» көркем фильмі мен «Фатима» деректі фильміне қоса, алдағы уақытта көрермен назарына ұсынылар «28 Панфиловшы», «Оралман» және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ Елі» көп бөлімді көркемсуретті фильмдері де бар.

Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына орай­лас­ты­рылған тағы бір тың жоба – «Талан» атты фильмнің түсірілім барысымен танысу үшін Алматыдан журналистер қауымы арнайы аттандық. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» АҚ өндіріске жі­берген. Бағытымыз – Алматы об­лысының Райымбек ауданына қа­расты Күрметі ауылының  шет­кері жа­ғы. Тау етегінде орналасқан қа­ра­ғайлы орманның шетінде 1930-40 жылдардағы қазақ ауылы қонған. Мұнда режиссер Болат Қалым­­бе­товтың «Талан» атты толық­метраж­ды көркем фильмінің тү­­сірілімі бас­талып та кеткен екен.

Фильмнің сценарийі жазушы Жү­сіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-Адам» повесінің желісі бойынша жа­зылған. Кинофильм тарихы­мыз­дағы аса күрделі кезеңді адам бол­мысының құбылысы арқылы та­нытқысы келеді.

Түсірілім алаңында барған жур­налистермен кездесу барысында Болат Қалымбетов фильм жайлы ойымен бөлісті. Бұл фильм тарихы­мыз­дың ең қиын кезеңдері – жиырмасыншы ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында болған оқиғаларды қарапайым адам­дар­дың өмірі арқылы суреттейді. Фильм­нің мақсаты – сол замандағы адам бейнесін экранда көрсету.

«Бұл менің бесінші кином. Жобаны он екі жыл күттім. Әрине, ол үшін ешкімді кінәламаймын. Дү­ние­жүзілік дағдарыстың салқыны біздің елге де тиді ғой. Енді «ештен кеш жақсы» деп, түсірілім жұмыс­та­рын бастап кеттік. Түсірілім жұ­мыс­тарын 15 қарашаға дейін аяқ­тауы­мыз керек. Еліміз ка­­пи­та­­лизмнің есігінен баяғыда ат­тап қойыпты. Қазір әрбір саға­ты­мызға жұмсалған ақша есептеулі. Өкіметтен бө­лі­не­тін қаржыны тек қажетімізге жаратуымыз керек. Бұл бір есептен дұ­рыс шығар деп ойлаймын. Ел­­ба­сы­­мыз­дың өзі бір сөзінде: «Ақшаны оңды-сол­ды шашпай, үнемдеңдер», – деп жатыр ғой. Әри­не, кино – өнердің қиын сала­сы­ның бірі. Кейде бір ки­кілжіңдер туып жатады. Ол үшін не істеу керек? Елімізде көп жыл­дар­дан бері талқыланбай  жатқан «Ки­но туралы заңды» қабылдау ке­рек деп ойлаймын. Бұл жайлы ай­та берсем, әңгі­менің соңына жет­пей қалуымыз мүмкін. Сон­дық­тан кино жай­лы қысқаша ғана ай­тып өтейін. Сценарий авторы мен және Ғазиз Насыров. Жүсіпбек Қор­ғасбектің «Қасқыр-Адам» деген по­ве­сінің желісімен түсіріп жатырмыз. Әри­не, жазушы шығармасынан бір­талай өзгерістер болуы мүмкін. Оған Жүкең ренжі­мейді деп ойлаймын.

Ал киноны шамамыз келгенше жаңа сарынмен түсіріп жатырмыз.Талан дегеннің бір мағынасы тағ­дыр ғой. Сондықтан мұнда адам­ның тағдыры басты сипат алады. Ки­но отызыншы, қырқыншы жыл­­дардағы оқиға негізінде өрбиді. Сол кезеңдегі адамдардың тағдыры, қарым-қатынасы арқылы күрделі кезеңнің суретін салғымыз келді. Киноны түсіруге Күрметінің ғажап табиғатын арнайы таңдап алдық. Біз адам тағдырымен қатар ұлттың та­биғатын да көрсетсек дейміз. Әзірге киноның қырық пайызы тү­сіріліп бітті. Өзім жаңа, жас ак­тер­лерді ашқанды ұнатамын. Сон­дықтан басты рөлдердің бірін сом­дауға Асан Мәжит (Тағай) пен Жас­ұлан Әйтен­овты (Керім) таңдап алдым. Әрине, Асан бірнеше сериалдар мен кинолар арқылы көрер­менге таныс болып қалған да шы­ғар. Бірақ Жас­ұлан бұрын-соңды киноға түскен емес. Фильмді үлкен экраннан 2017 жылдың наурыз айында көресіздер деген ойдамын. Мұнда айта кетер дүние – бұл фи­льм Қазақстан Рес­публикасы Тәуел­­сіздігінің жиырма бес жыл­ды­­ғына арналып отыр. Себебі, ки­но­­ның негізгі оқиғасы біздің ұлт­тың, елдің тағдырына байланыс­ты кезеңді қамтиды», – дейді Болат Қалым­бетов.

Болат Қалымбетов бұл фильмді он екі жыл күттім дегенімен, білуі­міз­ше, дәл осы сценарий түсірушісін одан да көп уақыт күткен сыңайлы. С­е­бебі, көпшілікке «Жансебіл» сын­­ды туындысымен жақсы таныс рефиссер Аяған Шәжімбай «Қас­қыр-Адам» повесінің желісімен ки­носценарий ұсынып, ол нарық жыл­­дарымен тұспа-тұс келген уа­қыт­­та, біраз уақытқа кейін шеге­ріл­ген еді. Не болса да, қазақ хал­қы­­ның отызыншы, қырқыншы жыл­­дары бастан өткерген тарихын көр­кем тілде кестелеген туынды 2017 жылы қалың көрерменімен қауышады деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір