СЕЗІМДЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ
28.10.2016
1323
0

cjstb3cvaae4lfb(SENSES MOTION)

Жер беті жыли бастаған сайын адам жаны салқынданып барады. Оның тіршілік ету қызметтері мен қызықтарын ұмытып қалғанына біраз күн боп қалды. Көзі бақырайып әлсіреген періштенің ақ сарайдан шықпағанына күн де қамыға түсті. Оның күлкісін жұлдыздар сағынып, құстар күтті.

Бөлмесіне аса ілтипатпен кірген күтуші­сіне де назар аудармады. «Залда бәрі сізді күтіп отыр, өтінем, менімен жүріңізші», – деп қиыла сұраған сопақ бетке ол ұзақ қарады да төсегінен тұрды. Екеуі есікке қарай тартылып барады. Залда анасы, ағасы және туыс­тар мен қызметшілері бәрі жиналып алыпты. Ол өзіне қарап тұрған жанның жүрегін езіп жіберердей сұлулығы мен сұ­лық сұлбасын зорға көтеріп келеді. Екі жақ­қа қатар тізілген дөңгелек бастыларды ол көре алмай кетті. Себебі, дәл қарсы жағында оны басқа бір адам күтіп тұрған еді. Ол бүкіл жан дүниесімен селк ете түсті. Өздеріне де­малыс жариялап жіберген кірпіктер мен қас-қабағы тынымсыз қозғалып кетті. Ол осыдан біраз уақыт бұрын белгісіз жағдайда қайтыс болған сүйген жігітінің сұлбасын анық көріп тұрды. Соңғы кездесулерінде киген киімімен тура сол болмысында оған қарап тұр. Қыздың жүрегінің лүпілі табанынан өтіп жерді сілкіндіре түсті. Сілкінген жерде домалақтар мен сопақтар сілейіп тұра берді. Ол жігітке жақындады. Жігіттің жанында тұрған бөтен кісі сол сәтте оған кішкентай төртбұрышты зат (пулть) ұсынды. Ол оған назарын зорға бұрды. Алақанына түскен төртбұрыштыны түсінбей бөтенге қайта қарады. «Бұл роботты басқаратын пульт». Қыздың көңіл-күйі дірілдеп қалды. Оның миы қозғалып болғанша артынан анасының даусы шықты. «Періштем, бұны ағаң сен үшін арнайы жасатты. Біз сенен қатты алаңдаймыз, сенің қайта қалпыңа келгеніңді бәріміз күтіп отырмыз». Ауада қалқымай тура жеткен бұл сөздерді оның қу миы түсініп қойды да жаны қабылдай алмай тепкіленіп жатыр. Алақанынан басын алып, қарсы алдына тұрған жігітке қайта қарады. Кірпік қақпастан өзіне қарап телмірген жігітке деген секунд бұрынғы ойы өзгеріп кетті. Ыстық сезімі соңғы рет шошынды. Жасқа толып мөлдіреген көздеріне жігіттің қалай тастай қатып шыдап тұрға­нына сене алмай күйініп кетті де, ішіне ыза құйылып түсті. Жынданған үмітке алданып қалған тұлғасын долы ашумен артқа бұрды. Соншама сенім мен биіктікті, іскерлікті, ол үшін бұрын да ізгілікті сақтап тұрғандай көрінетін ағасына бетпе-бет келіп тұрды да, сол пультті ұстатқан алақанымен бетіне бір тартты. Залда тұрғандар ауыз ашып сөйлей алмады. Ол елжіреп тұрған анасына да көңілін кетірген қабағымен қарады да бөлмесіне қарай жүгіріп кетті. Артында көңілсіздік пен сүйген жігіттің кірпіктері қағылмаған күйі қала берді.

Періштенің махаббаты жер бетіне жаң­бырдай құйылып ластықты тазартуға, көңілдегі кірлерді кетіруге қанша тырысса да топырақ балшыққа айналып одан әрі қоюлана берді. Күні бойы балшыққа батып сүйген жігіттің топырағын құшақтап жатып алған періштені сүйрелегендей болып жүріп үйге әрең әкелді. Көктен де көзінен де қо­сарланып аққан жасқа әбден тұншыққан ол қызуы көтеріліп ауырып жатты. Әдетте бөлме есігін ешкім қақпастан кірмейтін еді. Ол қуарған жүзін есікке зорға бұрды. Оның кеудесін тірі уақыт соғып өтті.

Тірі уақыт: Өзінің егізіндей мінсіз жаратыла қойған сұлулықты көрді. Іші бауырымен таныды. Бүкіл әлем шулап, мәз -мейрам боп кетті. Ол төсегінен ыршып түсіп, жігітті бас салып құшақтағысы келді.

Өлі уақыт: Бірақ ол өзіне жақындап келе жатқан қимылсыз көздерден сүрініп қалды. Жігіт оның алдына келді де қолындағы ра­фа­элло тәттілерін көрпесінің үстіне қоя сал­ды.

Тірі уақыт: Жігіт екеуі рафаэлло тәтті­ле­рін таласып жеп отыратын. Қыз өткеннен есін жия алар емес. Кеудесінде сезім біткен қайшыласып кетті.

Өлі уақыт: Жігіт терезе жақта тұрған күйсан­дыққа барды да пернелерді ақы­рындап баса түсті.

Тірі уақыт: Оған күйсандықта ойнап тұрған өздерінің жарқын дауыстары естіле бастады. Толықтай көтеріліп кеткен сезім­дер­дің толқынысын миы баса алар емес. Өзінің ойға айналып кеткен түрін сілкіп алып, орнынан тұрып кетті. Қатты ашу итеріп, күйсандыққа жетіп барып зорға тоқтады. «Бұған тиіспе, кет!» деген даусы дірілдеп әрең шықты. Робот жігіт оның бұй­ры­ғын қабылдады. Есікке қарай бет алды. Ол тағы жалғыз қалды.

Оны бөлменің іші әбден жалықтырып жіберді. Терезеден түскен күн сәулесі мен құс­тар оны аулаға қарай дамылсыз шақырып тұрды. Ол әлі аяқтай қоймаған кітабын құ­шақтап далаға шықты. Үш қабатты ақ сарай­дың ауласын періштенің өтініші бойынша ертегідей гүлдер мен жануарлар бағы етіп салынған және бассейннің жанында дем алуға арналған арнайы тамаша, жайлы әткеншек те бар еді. Ол сол тербелмелі орын­дыққа кеп отырды. Айналасына назар аудар­ғысы келген жоқ, әлдебір өткенді еске түсірер­дей жерлерге қараудан қорқып отыра берді.

Өлі уақыт: Робот жігіт оның артынан келді де әткеншекті тербете бастады.

Тірі уақыт: Ол сол бейненің өзіне жымия қарап орындықты тербетіп, екеуінің әзіл­десіп отырған кезін елестетті. Ол осыншама ұқсастықта қайталанып жатқан өткенінің мазағынан қалай құтыларын білмей күйініп кетті. Үлбіреген жүзін ыстық жасы күйдіріп отыра берді.

Өлі уақыт: Жігіт икемсіз қолдарымен оның бетіндегі жасты сүртті. Оның бойын бір салқындық ұрып өткендей болды. Денесі тоңып кетті де аяқтары жылы көрпесіне қарай асықты.

Арада тағы да көңілсіз күндер өтіп кетті. Ол бүгін өткен оқиғадан кейін алғаш рет университеттегі сабағына келген. Ол өзін адам­дар шексіз аяп тұрғандай сезінді. Ал­дау­сыратуға тырысқан бүгінгі оқу уақыты да бітіп қалды. Жерге қона алмай жайнап, сөз­дер мен күлкілер оны қоршап алып жүретін уақытының таусылып қалғанына достары түгіл өзі де таңғалады. Қанша тырысса да езуін тарта алмай-ақ қойды. Университет ау­­ла­сынан шыға қалғанда сол баяғы жүр­гізушісін көрді, бірақ бұл жолы жанында ро­бот жігіт бірге тұрды. Өзіне асқан табынышты қызмет тағы басталып кеткендей көрінді және ол бұдан әбден жалығып біткен еді.

«Мен робот екеуміз жаяу барғым келеді. Сіз кете беріңіз, үйге дейін небәрі үш аялдама ғана ғой, сондықтан алаңдамай жүре беріңіз». Өтініш емес бұйрықтай естіліп тұрған сөздерге табынышты қызмет иесі қарсы келе алмады. Робот жігіт екеуі жолға шықты. Университет ауласынан бір көшеден кейін балмұздақ сататын дүкен орналасқан еді. Ол бұл араны сағынып қалғандай аса асығыстықпен кірді. Өзіне біреуін құйдырып алды да артында тұрған жігітке «Жейсіз бе?», – деп әдейі сұрады, не дағдылы сөзі аузынан шығып кетті.

Тірі уақыт: «Жоқ, мен жігітпін ғой, балмұздақты қыздар жейді», – деп егізі одан үнемі бас тартатын да қасында еріп жүре беретін.

Өлі уақыт: «Жоқ, мен жігітпін ғой, бал­мұз­дақты қыздар жейді» деген сөздер еш­қандай үтір-нүктесіз, сезімсіз тек қайта­ланды. Ол бұндай жауап күтпеген еді. Қимылсыз көздерге біраз үнсіз қарап қалды да жүре берді. Жан-жақтан шығып жатқан түрлі дауыстар мен шулар, аяқ астындағы қиыршық жол бәрі олардың табандарында жәншіліп артта қала берді. Екеуара ты­ныштықты оның қалта телефонының шырылы бұзып жіберді. Анасының жайсыз шық­қан даусы оны үйге қарай аса қор­қынышпен асықтырды. Басындағы бүкіл ойлар мен кеудесіндегі сезімдер көшеге шашылып қалды.

Ентігіп үйге жеткенде үлкен есіктен ағасын полиция көлігі алып бара жатқанын байқады. Артынан жүгіріп жетем деген ниетін келген анасы бұзып жіберді. Қы­зы­ның әлі ешнәрсе түсіне алмай тұрған түрін аяп тұрса да, қысып бара жатқан жаңалық итеріп шығып кетті. «Періштем, ағаңды жігіттің өліміне қатысы бар деп алып кетті». Оған бұл сөздер неге екені бірдемде түсінікті бола қойды. Соңғы рет кездесулерінде егізі оған ағасы екеуінің арасында компания бөлісі үшін серіктестік келіспеушіліктер болып жатқаны туралы айтқан сөздерді миы сырқытып қайта оқып берді. Ағасының өзінің алдына неге кінәлі сезінгендігін және өзі үшін ақылға сыймайтын сыйлықты жасағанының себебін енді түсіне бастады. Ой жұмысы бәрін анықтап шешкеннен кейін енді бойындағы сезімдер соғысып кетті. Аяғы биіктікке қарай тартты. Үйле­рі­нің артқы жағындағы бір көшеден кейін орналасқан жеке меншіктегі ойын-сауық кешенінің жетінші қабатына қалай тез жеткенін өзі деп байқамай қалды. Қаншама уақыт бойы ішінде болып жатқан арпалыс­тар енді әрі қарай өмір сүруге қауқарсыз етіп өзін бір бұрышқа лақтыра салғандай сезінді. Жоқ, ол енді ешнәрсе сезінгісі келмейді. Сезімдер шаршатып бітті. Бұның бәрінен енді биіктіктен төменге құлап бара жатқан сәтінде біржолата құтылғысы ке­ле­ді. Алақандарына, аяқтары мен денесіне қарай берді, өзінің қандай жаратылыс екенін алғаш рет көргісі келді. Батып бара жатқан күнге қарап тағы көзінен жас ақты. Алақанымен сүртті де, жағылған суға қарап бұл не зат екені туралы алғаш рет ойлады және кеудесін қысып бара жатқан сезім дегенді ұстап алып көргісі келді. Бірақ ол тек өзінің аяқ қолдары мен көзінің қиығы жеткенге дейінгі денесін ғана көрді. Биіктіктің ұшына қарай жақындап келе жатты. Төменге құлап түскенде ғана іштегі барлық сезімдер жарылып шығардай көрінді, сол уақытта оларды ұстап алып аямай соққылағысы келді. Төменді көрді, денесі алдыға қарай босап бара жатқандай еді, артынан келген бір күш оны ұстап алды. Төменге емес, өзіне қарай тартты. Ол ешқандай ой мен сезімнің жетегіне кетпестен өзінің қалай қарай құлағанына енді көзі жетті. Оның денесі роботтың қаттылығын сезді. Бұрын ға­жа­йып ыстық күш беретін бұлқұшақтан енді салқындық ұрады.

Бұл ерекше салқындық оның жанын жұтып жібергендей денесін бір дүлей қара күш билеп алып кетті. Темірді өзі жетіп үл­гірмей қалған қара жерге қарай итерді. Адамның ниетін түсінуге әлі қуаты жете қой­маған темір жігіт еш нәрсе байқамастан артқа шегіне берді. Өзіне кірпік қақпай қарап тұрған жігіттен ерекше ыстық, сұлу, өткеннің бейнесін қайта көріп қалды да, есі оны жұлмалап жіберді. Ол өзінің сол бір ыстық бейнені итеріп тұрғанын не салқын темірді құлатқалы тұрғанын ажырата алмай бойындағы қан тамырлары тарылып кетті. Ол сезімдер қозғалысында адасып қалды.

Мерей ҚОСЫН.

ПІКІР ҚОСУ