АУДАНЫ «АҚ БИДАЙДЫҢ» АВТОРЫН АРДАҚТАДЫ
59 жасында өмірден өткен жазушы, кинодраматург, аудармашы Әміртай Бөриевтің 70 жылдығы өзі туып-өскен Жуалы ауданында аталып өтті.
Әуелі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілген Абай атындағы орта мектептің жаңа ғимаратында қаламгердің атына сынып ашылуымен басталған мерейтой аудан орталығында марқұмға арналып ас беруге ұласты. Одан кейін аудандық мәдениет үйінде «Артында өшпейтіндей із қалдырған» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Марқұмның бұған дейін жарық көрмеген повестер мен әңгімелері, пьесаларынан тұратын «Жер бетінде ауыл бар» жинағы мен ол туралы «Ақ бидайымен» әйгілі болған Әміртай» естеліктер кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Белгілі ақын, курстас досы Зейнолла Тілеужанов Ә.Бөриевтің өмір жолы жөнінде баяндама жасап, ізінен ілескен қаламгер інілері Д.Тұрлыбек, Қ.Әзімхан, М.Рысдәулет, Т.Әлімбекұлы, Т.Айтбайұлы, А.Шымырбай шығармалары туралы сөз қозғап, қызықты естеліктер айтты.