МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МОНЕТА
Биыл «Алаш» қозғалысының көшбасшысы, қазақтың көрнекті мемлекеттік қайраткері, «Алаш Орда» қазақ ұлттық автономиялық үкіметінің төрағасы – Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толды. Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында қазақ халқының мемлекеттілік белгілерін ғана емес, сондай-ақ КСРО құрамындағы Қазақ автономиялық республикасының (кейіннен ҚазССР) аумақтық шекараларының заңды түрде бекітілуіне ықпал етті.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Ақ жол» демократиялық партиясының бастамасымен Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы құрметіне бағалы металдардан коллекциялық мерейтойлық монета жасап, партияның орталық кеңесінде монетаны таныстырды.
Бұдан біраз уақыт бұрын бұқаралық ақпарат құралдары ЮНЕСКО-ның Бас ассамблеясы Әлихан Бөкейханның мерейтойлық іс-шараларына халықаралық мәртебе беру және оны ЮНЕСКО шеңберінде өткізу туралы қарар қабылдағанын хабарлаған болатын.
Ал 2015 жылдың 23 желтоқсанында «Ақ жол» партиясы «Қазпошта» АҚ басшылығына Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының құрметіне арнайы пошта маркасын шығару туралы ұсыныс айтқаны белгілі. 2016 жылдың 12 шілдесі күні «Ақ жол» партиясында осы марканы айналымға шығарудың салтанатты рәсімі өтті.