КҮЗ
21.10.2016
1309
0

14632581_658600107634475_246262674_oАсылбек ЖАҢБЫРБАЙ

КҮЗ. ЖҮРЕК

Көңілім қайтқан құс боп үзді даусын,

Сыртта емес, ішімде жүр күзгі маусым.

Ей, менің жапырақтай жүрегім-ай,

Бүгінде жүз жамаусың, жүз құраусың!

 

Маған тек ерекше өлең керек сенен,

Мына күз – өксікті өмір, шер ед шемен.

Сенемін саған ғана сарғайсаң да,

Сенбеймін басқаларға, не деп сенем?

 

Зымыстан замананың сызы өтердей,

Сызы өтсе – сені мәңгі мұз етердей.

Кім десем ағыл-тегіл жылап тұрған,

Көзімнен мөлтең қаққан күз екен ғой.

 

Жауһардан жаралғалы нұр шекіп ек,

Тумастан кетті-ау талай жыр шетінеп.

Қайғыдан іштім неге, түстім неге –

Күзгі жол басталғанда бір шеті жоқ?

 

Ақынның болмас, сірә, мұңсыз жаны,

Ол жазған қысқа күнде мың сыздады…

Ей, менің жапырақтай жүрегім-ай,

Күз деген – Көңілімнің Үнсіз Зары!..

 

КҮЗ. МАХАББАТ

Түсінші, бұл күз басқа, ол күз бөлек,

Бақытқа апаратын жолды іздеп ек.

Қайғысыз періштелер көкте шығар,

Ал жерде мұң қаншама, сол бізде көп.

 

Тұманда адасқандай жол таппадық,

Таппадық бақыт үшін ортақ бағыт.

Күздегі жапырақтардай жатса, шіркін,

Астында табанымның сор тапталып.

 

Сап-сары сағынышқа боянар күз,

Сен-дағы сарғайыпсың, ойы адал қыз.

Өмірден түңіле көрме түс екен деп,

Жалғаннан шыншыл таңда оянармыз.

 

Қайтеміз, тағдыр солай болды бізге,

Гүл-сезім күзде жайнап, солды күзде.

Жүрекке нұрлы көктем келеді әлі,

Жап-жарық үміттеріңді қор ғып үзбе.

 

Түсінші, ол күз бөлек, бұл күз басқа,

Менің де жалғыздығым бір жүз жаста.

Аспанның жанарынан құлап барад,

Айналып ғұмырымыз жұлдыз-жасқа.

 

КҮЗ. АЛМАТЫ

Алматыға тосыннан күзде келдім,

Жаны қандай күдерін үзбегеннің!

Күзді сүйген көкем бар осы шәрде,

Жаралаған жүрегін мұз бенен мұң.

 

Алатаудың асқарын күзде көрдім,

Төбелерге үйренген біз деген кім?

Қырда туып, қырда өскен киіктейміз,

Қағы қалған жұртында түздегі елдің.

 

Өмірге де әу баста күзде келдім,

Табылар ма барлығы іздегеннің?

Көкем ғана түсінер бұл шаһарды,

Кемесі боп себебі ол жүзді өлеңнің.

 

Қайғының да ауырын күзде көрдім,

Болар ма екен қасірет тізделер күн?

Алматының аспаны жылап тұрды,

Жанарындай ащы жас үзген ердің…

ПІКІР ҚОСУ