БӘЙГЕТОРЫ
21.10.2016
2498
0

14787645_1078138752301119_168077150_oШерхан ТАЛАП

 

Бұл жолы Бәйгеторы бәйге алмады,

Бақыттың осы шығар айналғаны.

Көмбеге бұрын жетті көз алдында,

Көлбеңдеп Көк теңбіл ат қай-қайдағы.

 

Торының «тақтан» солай тайғаны ма?

Қалды енді бұл тірлікте қай мағына?

«Жұмабайдың жүйрігі екінші алған»,

Құдай-ай, кім сенеді жайға мына?!

 

Жарықтық Жұмабайда ес қалмады.

Тілегі орындалмай тосқандағы.

Төңірек түгел таныр тұлпарының,

Осылай ұшқаны ма бастан бағы?

 

Тірлікте тәтті болмас сайран соңы.

Қу көңіл ұғар дейсің қайдан соны.

Сыртынан Мыңбай сыншы күрсінеді:

«Алдына қара салмас қайран, Торы…».

 

Амал не, өкпе артқанмен өткен күнге?

Торыдан сырт айналар жеткен күнге.

Айғайшыл, марапатшыл, даурықпа жұрт,

Қарайды көзін сатып Көктеңбілге.

 

Баяғы әдетіндей ең бір ескі,

Күншілдер сөзге көміп көлгір Есті:

«Төр бермес, топтан озғыш Торы атыңды,

Көктеңбіл көк шаңына көмді» десті.

 

Халықтың теңбілге ауып бар назары,

Қорланған жануарда жан-мазалы,

Намысы көкіректе шер боп тұнып,

Ақыры көз жас болып тамды азабы.

 

Торының кім түсінер ішін тегі?

Белгісіз желік жұртты ісінтеді.

Жылқының адам құсап жылағанын,

Көргендер тілін безеп мүсіркеді.

 

Бұл күйге Торы ат қалай шыдар енді,

(Бұл қазақ тілдеп құртқан Құлагердi!)

Сол түні ол қорасынан қашып шығып,

Бетке алып ұзақ шапты құба белді…

 

Халыққа дақпырт дайын қырық күнге,

Із-түзсіз жоққа айналды күлік мүлде.

…Торыны содан кейін таппады ешкім,

Кетті ме, біржолата сіңіп түнге?

Білмеймін…

 

МҰҢ КЕШУ

Өзімді іздедім, сезімді іздедім,

Мейірімге зәру ғасырдан.

Уақытқа айтар сөзімді іздедім,

Мыңжылдықтарға шашылған.

 

Басымнан көшкен тағдырға налып,

Сезімге малдым сөзді асыл.

Сәуірде жауған жаңбырда қалып,

Дәуірдің кештім көз жасын.

 

Зарығып өлді сан күз кеудемде,

Сынбауға сонда серт бергем.

Көп ішіндегі жалғызбын мен де,

Өлеңге жаны дерттенген.

 

Баянсыз өмір — бұл дағы сүргін.

Жарығын сүйіп жарлы айдың,

Жарым түндерде жырға құлшындым —

Азабы бітпес маңдайдың.

 

Тек үміт таппай ертеңге мүлде,

Желігіп жаным қайтса да.

Ақын ғұмыры өртенген бірде,

Ерте өлген гүл ме, айтшы, аға?

 

Дертіме менің деместен ел түк,

Жапты ма тағы жала-мұң?

Өле алмай жүрген елеске елтіп,

Өлеңге сіңіп барамын.

 

ЗАРЫҚ

Қара түннің құшағында ой налып,

Тағы отырмын жүрегімде күз жылап.

Тәнім – мұңға, жаным – жырға айналып.

 

Неге мені адастырды жолдар кіл?

Аспанымда Ай жүзеді қорғансыз,

Жалғыздығың, жалғыздығым – ол бәлкім…

 

Жан әлдиім, аспан сенің мекенің.

Жұлдыздардан жұпарыңды аңқытып,

Жүрегімді тіліп өттің, не етейін?!

 

Содан бері көңіліме қайғы алып,

Көкке қарап дұғамды оқып тұрамын,

Сынған айдың сәулесіне байланып.

 

Көзім жұмсам кеудеңе әсем гүл қадап,

Сағымдардан қол созасың –

Қол созам,

Жанарыңнан жалғыз тамшы сырғанап.

 

Тылсымына тартқан кезде зарлы әнім,

Тұңғиықта жан ышқынып, тән жүдер,

Көз жасыңның көтере алмай салмағын,

Көздеріңнен сүйейінші, жарығым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір