ШАРАСЫЗ
21.10.2016
2226
0

armanАрман ӘЛМЕНБЕТ

ҚОС ӘҢГІМЕ

 

Екі жыл өтіпті.

Онда да тура осындай ерте түс­кен ­салқын күз еді. Абзал әке-ше­ше­сін қысқа қамдап кетпек болып, көмір-ағаш түсіремін, су тарттырамын деп ауылға келген. Алайда, көмір мен ағашқа ғана шамасы келді де, суды үйге кіргізуге ақшасы жетпей қалды. Орталық құбырдан бұлардың үйі алыс болғандықтан, метрлеп есептеп келгенде тым көп ақша шығып кетеді екен. Енді бір-екі айда соғым сою керек деп әке-шешесі де ақша қоса қоймады. «Оған дейін тағы да тапсырыс болады, соғымға деп ақша салып жіберермін» деп Абзал көндірмек болып еді, түк шықпады.

Ертең кетемін деген күні кеш­кі­сін үшеуі үнсіз отырып тамақ іш­ті. Бұл кезде ағасы Ардақтың үй­ленгеніне үш жылдай болып қал­ған, отбасымен қалада тұрады. Аб­зал да сол қалада кәсіп ететін.Жұ­мысы жақсы жүрсе, енді көп ұза­май облыс орталығына көшпек бо­­лып жүрген. Бірақ сол кеште әке-шешесінің екеуден екеу тағы бір қыс отыратынын, одан кейін де еш­теңе өзгере қоймаса, тағы бір­не­ше қыс осылай отырып қартая­ты­нын, боранда тоңып-жаурап су та­си­тынын, түнде тұрып от жаға­ты­нын ойлап, аяқ астынан шешім қа­былдады. «Осында қаламын» де­­ді. Әке-шешесі қуанып-ақ кет­ті.

Су келесі жылы да, одан кейін де тартылған жоқ. Абзал алғашқы жы­лы көптеп тапсырыс қабылдады, күн демей, түн демей жұмыс істеді. Бұ­р­ын әрбір дизайндық жобаны жанын салып, бірнеше күнін арнап жа­­сайтын болса, енді бір күнде бір­­­нешеуін жасап тастайтын болды. Бар ойы – тездетіп ақша жинап үй­­ді жөндеу, су тарттыру болды. Үй­­лену ешқайда қашпайды деп ой­­лады. Қаладағы ағасы аңда-сан­да демалыс күндері екі баласымен келіп, үйдің ішін мерекеге айналдырып кетеді. Бірақ  Абзал онымен үйге байланысты, үлкен кісілерге қа­тысты шаруаларды ешқашан ақыл­дасқан емес. Өйткені, оның өз ақ­шасы өзіне зорға жетіп жүреді. Абзал оның соғымына бұрын да кө­мек-тесіп тұратын, енді тіпті екі үй­дің соғымы да өзінің мойнына ілінді.

Бірақ Абзал ағасына да, жеңге­сі­не де, әке-шешесіне де бірде-бір рет ренжімеген еді. Тек бүгін бір жағ­­дай болды да, Абзал бұрын-соң­ды болмаған шарасыз күйге түс­ті…

Былтырдан бері жас кәсіп­кер­лер­ді қолдайтын мемлекеттік бағ­дар­ламаларды түгел тексеріп шық­қан. Өңірлердегі, ауылдағы кәсіп ие­леріне берілетін барлық грант түр­лерін сұратты, конкурстарға қа­тысты. Біреуі бұйырмай қойды. Бәрі несиеге барып байланған. Грант алу үшін несие алуың керек. Тек бір жобада ғана несие жоқ екен. Бірақ ол үшін шотыңда алты жүз мың теңгең болуы шарт. Абзал «ал­ты жүз мың теңгем болса, үкіметке қол жаймай-ақ, керек нәрселерімді өзім сатып ала салмаймын ба» деп әзілдеген. Сол әңгімені үйде отырып әке-шешесіне де айтқан. Анасы «қап» деп жаны ашыды, әкесі бол­са бұның шаруасының бәрі бе­кер екеніне күмән келтірмейтін қал­пынан таймаған.

Бұл әңгіме ұмытылып та кеткен. Тіпті осы кикілжің болған сәт­те де бір­ден еске түсе қоймады. Тек Абзал бала кездегідей қораның тө­бе­сіне шығып, шөптің арасына кіріп қа­мығып отырғанда ойға оралды.

Биыл ағасының үлкен қызы мек­тепке барған. Үлкендер «құтты бол­сын айтып келетіндер болады, со­ларды бір тамаққа шақырып жі­бе­рейік», – деді. Тізім жасалды. Ке­летін қонақтар үйге сыймайтын бол­ды. Енді тойхана жалдаймыз де­ді. Абзал көмірге, ағашқа, соғым­ға, терезе ауыстыруға деп есептеп жүр­ген ақшаларын қорғауға да­йындалды. Ағасының соғымы да бұ­ған қарап тұрғанын, үйде басқа ақша жоқ екенін ойлап, тойханада той жасау деген бекер шаруа екенін айта бастап еді, әкесі тыйып тастады. «Жұрт жасаған тойды біз жасамаймыз ба, жоқ әлде ағаңнан қыз­ғана­сың ба», – деді. Абзал қыз­ға­натын еш­теңе жоқ қой деп ойлаған. Сөйт­се, бар екен. Әкесі депозитте жи­на­ған алты жүз елу мың теңгесі барын айт­ты. Бұны анасы да білмейтін бо­лып шықты. Абзал не дерін біл­меді. Алты жүз елу мың теңгені тү­гел тойға салмайтын шығар, аздап болса да артылса, төбесінен су там­шылап тұрған дәліздің шатырын жаңартып алармыз деп ойлады. Расында да, тойдың шығыны­нан жүз елу мың теңгедей ар­ты­ла­тын бол­ды. Бірақ әкесі оны да ойластырып қойған екен. Немересіне ноутбук әпер­мекші. Бұл ойын ағасы да қостай кетіп, дүкеннен жүз жиырма мыңға тәуір ноутбук қарап ке­ліп­ті. Абзал осы жерде тарс кетті. Сөз­ді неден бастарын білмей, біре­се шатырды, біресе суды, біресе со­ғымды айтты. Әкесінің жауабы нақ­ты болды. «Безбүйрексің», – деді. «Бі­рінші сы­нып­қа барған балаға ноут­бук керек емес, ол ертең алданып, сабақ оқымай қояды», – деп еді, «ол әке-шешесінің шаруасы, маған қы­зымның көңілі болса болды», – деді. Анасы бұл әңгімеге араласуға ба­та алмай, үнсіз қалды. Абзал сырт­қа шығып кетті.

Үйдің кенжесі болған соң, бала күнінде көп еркелейтін. Сондайда жы­лап, осылай қораның төбесіне шы­ғып кетуші еді. Бүгін де солай отыр. Бірақ жылаған жоқ. Тек ыза кер­­неді. Алайда, кімге, не деп ызала­­нарын білмеді. Әке-шешесі осы­лар­ды жеткіземіз деп жүріп бүгінге жет­ті. Қартайып барады. Оларға рен­­­жуге болмайды. Не деп рен­жи­ді? Жи­ған ақшаңды маған бермей, үл­кен балаңа бердің дей ме? Үйді жөн­де­мейсің деп ренжи ме? Үй олар­­ға ен­ді не керек? Үйдің кенжесі өзі ғой.

Ұзақ ойланды. Түсінгендей бол­ды. Бұл өзіне ренжуі керек екен. Бұ­дан да көп ақша таппағанына, оқу бітіргеніне үш жылдан асса да, әлі үйленбей жүргеніне кіжінді. Екі үйдің соғымынан артылатындай болса, қар түспей тұрып шатырды ауыстырып алмақ болды. Со­дан соң келер жылы жаз шығы­сы­мен су тарттырады. Одан соң дұрыс қыз табылса, үйленеді.

Ашуланғанда адам айқайлап не жылап алмаса, жүйкесіне салмақ тү­седі екен деуші еді. Абзалдың ше­кесі қысып ауыра бастады. Қол-ая­ғы да тоңып, өне бойы мұздап қал­ған екен. Бірақ сонда да үйге кір­мей шөптің арасында отыра тұр­ғысы келді.

 

ПРОФЕССОР

Б.С.Ш.-ға арналады.

Оқу жылының басында бұрын осында оқыған магистранттар «ең қор­қынышты мұғалім осы профессор» деген соң, үйреншікті тәсіл­де­рім өтпей қала ма деп қорыққан. Бі­рақ олай болмай шықты. Қайта Қай­нардың ерекше ізеттілігін ең ерек­ше ұнатқан ұстаз осы болды.

Алғашқы сабақта лекциядан кейін қағаздарын жиыстырып, ау­ди­ториядан шығып бара жатқан сту­денттерге әредік басын көтеріп, жы­миып қойып, құнжыңдап жат­қан Таттиевке Қайнар таяп барды да, лекцияда айтылған бір ойды ерек­ше бағалап, соған байланысты қа­рапайым бір сұрақты ойлы көз­бен қарап тұрып сұрады. Таттиев қағазын портфеліне салып жатып, сәл жымиды да, көзілдірігін шешіп, екінші қолын қалтасына салды. Осы кезде бір жағы таңғалған, бір жа­ғы қуанған Қайнар ішкі сезімін біл­діріп қоймауды ғана ойлады. Ел­дің бәрі осынша қорыққан адам бір­ден аунап түскені қалай? Әлде бас­қа магистранттар мен студенттер қаймығып, ештеңе сұрамайтын бол­ған соң, ара-тұра осылай сұрақ қойып келгендерге ерекше көңіл бө­ле ме екен? Әйтеуір, дәл қазір көп­шілікке белгілі болып есеп­те­ле­тін мәселені ерекше ыждағатпен түсін­діріп тұр. Онымен қоймай, сырт­қа қарай беттеп бара жатып та, сө­зін тоқтатпағаны. Қайнар соңы­нан ерді. Сол беті екеуі есік алдынан бір-ақ шықты.

– Шылым шегесіз бе? – деді Қай­нар Таттиев бір тыныс ала бер­ген­де.

– Е, шексек шегейік, – деді Тат­тиев көзілдірігін шешкендегідей жы­миып. Бірақ қалтасынан шылым шығарған жоқ. Қайнар жөнді біл­мейтін адамдай тұрып қалған жоқ, қалтасынан темекі қорабын алып шығып, бір талын Таттиевке ұсын­ды. Ол болса сөйлеп тұрып қо­лын созды да, шылымды езуіне қыс­тырды. Қайнар тездетіп тағы бір талын өз аузына апара беріп, от­тықты тұтатты. Таттиев сөйлеуді тоқтатқан жоқ. Жаяу адамға арнап тө­­селген жолдың шетіндегі дөңес­теу жерге шығып тұрып алыпты. Қай­нар жақындаңқырап тұрып еді, бағанағыдай емес, Таттиевтің бойы биік сияқты сезілді. Қайнар да барынша бүкшеңдеп, ұстазынан бойы төмен болып көрінуге тырысты.

Таттиев әжептәуір әңгіме айтып тас­тады. Сұрақтың аясынан шы­ғып, әр тарапқа жортып, біраз білі­мін көрсетіп үлгерді. Содан соң:

– Сіздің атыңыз кім? – деді.

– Қайнар.

– Жарайды, Қайнар, келесі бір жо­лы әңгімемізді жалғармыз, – деп жы­миды. Кейбір  әріптерге келгенде аузындағы жасанды тісі қозға­лың­қырап кетіп, содан сілекей ар­тық бөлінетін секілді тамсана бе­реді.

Бірақ Қайнар одан жиіркенген жоқ. Қайнар қуанып кетті. Тура осы бетінен таймаса, бұл шалдың са­бағынан бес алатыны белгілі бол­ды. Бұрын оқыған магистранттар сонша қорқытып еді.

Қайнардың қуанышы артынан өкінішке ауысты. Жоқ, бағасы жақ­сы келе жатқаны рас. Бірақ үндемей, тіп­ті көп сабақ айтпай жүргендер де сондай баға алып жүр. Бұл кісіге қар­сы келмесең, қатесін түземесең болды екен. Алайда, қадам жасалып қойды, Қайнар Таттиевтің ал­­дында ерек­ше сүйкімді болып көрініп қал­ды – енді шегінуге болмайды. Қай­нар әр сабақ біткен сайын, бас­қа уақытта да есік ал­дын­да кезігіп қал­са Таттиевпен бір­ге шылым ше­геді. Кейде Таттиев әңгімені өзі бас­тайды, бірақ көбіне маңғазданып тұрып алады. Ондай кезде Қайнар өзі толғандырып жүрген сұрақтар­дың бірін қоюы керек. Оған Таттиев рахаттанып жауап береді. Бұл енді Қайнарға соншалық ауыртпа­лық тудырмас еді. Тек Таттиев Қай­нарға тапсырма бере бастағаны. Осы бір кітапты оқышы, сонсоң әң­гімелесеміз дей­тінді шығарды. Оқиын десе, уақыты жоқ – ректорат пен деканаттың жұмыстарына ара­ласып, белсенді болып жүрген ма­гистрант. Сабаққа қатысты­лар­дың өзіне әзер үлгереді. Ал оқы­майын десе, келесі кездескенде Тат­тиев пікіріңді айт деп тұрып ала­ды.

Жоғары балл алу үшін Қайнар оның бәрінен өтті. Енді бір апта шы­даса емтихан, одан әрі каникулға шы­ғатын уақыт та келді. Сол кезде Таттиев бір қолқа салды.

– Бүгін ауылдан кластасым ке­­летін еді, сонымен бірге барға ба­рып қайтайық. Ауылда қалған, оқы­­маған адам ғой. Араласпай да ке­­тіп едік, былтыр інімнің баласы со­­ның қызын алып… Амал жоқ, – деп маңғазданып әрі тамсана сөй­леді.

Келісуге мәжбүр болды. Басын изей берді. Таттиев болса, ауылда қа­лып қойған кластасының на­дандығын тағы бір айтып аз тұрды да:

– Көлік жүргізетін праваң бар ғой, иә? – деді. Қайнар басын изеді. – Енді әр түрлі жағдай болуы мүм­кін де­генім ғой, – деп Таттиев кең­кіл­деп күл­ді. Кейде дәріс оқып тұрып та осы­лай алдын ала дайындап әкел­ген өзінің әзіліне өзі күлетіні бар еді.

Қайнар айтқан жерге кешігіп кел­ді. Сөйтсе, бар дегені сыра сатады демесең, кәдімгі асхана екен. Ор­тадағы үстелде Таттиев пен кластасы отыр. Бұлардан басқа құрылыста істейтін жігіттер болса керек, төрт-бе­сеуі бұрыштағы үстелге жайға­сып­ты, ду-ду күліседі.

– О, Қайнар, кел, – деді Таттиев бұны көрген бойда.

Кластасы тарамыс денелі, ұзын бойлы кісі екен. Қайнардың сә­ле­мін «Қал жақсы ма, шырағым» деп жылы қабылдады. Тіршілік қа­жыт­қан ауылдың адамы сияқты.

Таттиев көзін қысты да:

– Мынау  Әлсерік деген класта­сым. Әрі құдам. Өмірі ауылдан шық­паған. Бірден Астанаға келіп отыр, – деді. Түбі босап кете беретін жа­санды тісін сілекейімен қоса тар­тып, тамсанып тоқтады. Көзі күл­мің-күлмің етеді.

Әлсерік профессор класта­сы­ның бұл сөзін ұнатпағандай болды, бі­рақ үндеген жоқ.

– Қайнар, өзің білесің, Декарт бә­ріне күмәндану керек дейді ғой, – деп Таттиев иығын қомдап-қом­дап қойды. – Бірақ мен біздің Әле­кең­нің жақсы жігіт екеніне күмән­дан­баймын, сол үшін сен даяшыға ба­рып, бізге тағы да екі сыра әкел деп айтшы.

Таттиев сөзінің соңын ерекше салтанатпен бітірді де, кеңкілдеп күлді. Әлсерік бұған да күлмеді. Қай­нар соны байқап, әдеттегідей ұстазына қосыла күлмей, тартынып қалды.

Қайнар сыраға тапсырыс берген соң, қол жуып келейін деп дәліз жақ­тағы дәретханаға шығып кетті. Онда асықпай қолын жуып, оны кептіріп біраз жүріп алды. Әңгімесі жа­распай отырған сыныптас құда­ларға баруға онша асыққан жоқ.

Қайтып келсе, Таттиев алдына кел­ген сыраның жартысын ішіп қойып­ты, Әлсерік енді ішпеймін деп отыр екен.

– Енді мен жалғыз ішемін бе? – деп Таттиев қоймайды.

– Бағанағыны да бекер іштім. Күйеу баладан ыңғайсыз өзі, – деп Әл­серік сөзінің соңын жұтты. Қа­бағы түйіле қалыпты.

– Ой, қойшы. Қалаға келгенде бір көңіл көтерсін десем…

– Рахмет ниетіңе, – деді Әлсерік тү­сін жылытып. – Сол сенің ниетің үшін келіп отырмын ғой. Әйтпесе іш­пей кеткелі қай заман. Бұрынғы жын­дылық қалды ғой.

Таттиев мен әлі бұрынғыдай жын­дымын деген жоқ. Екеуі дәл қа­зір орындарынан тұрса, Тат­тиев­тің бойы сыныптасының иығына да жетпей қалатын сияқты. Кейін оқу оқып, профессор атанғанға дейін Әлсерікпен бұлай тең отырып сөй­лесе алмаған да шығар, кім бі­леді. Ал дәл қазір өзінің әр сөзін құран­дай тыңдайтын шәкірті мен бір кездері өзі қызыға қараған сыныптасымен тең отыратын мүм­кін­дік туып, соған өзін бақытты се­зі­ніп отырған шығар. Дұрысы, со­лай ойлап келіп, бірақ ойын­да­ғыдай болмай қалғанға ұқсайды. Қай­нар Таттиевті аяп кетті. Ма­гист­ранттардың бәрі бұдан қорықса да, ешқайсы шындап сыйламайды, құр­мет тұтпайды. Сөзін де керек қы­лып жатқан ешкім жоқ. Емтихан біт­кен соң қай-қайсы болса да бұн­дай мұғалімді енді желкемнің шұ­қыры көрсін деуге бар. Бірақ кезінде ең абыройлы деген ғалымдардан дә­ріс алған, өзін мықты педагогпын деп санайтын профессор өзін сол ұстаздары сияқты ұстағысы ке­ле­ді. Сондаймын деп сенеді де. Қай­нар бұның сөзін тыңдай баста­ған­да ерекше қуанғаны да содан шы­ғар.

Қайнар осыны ойлап үлгер­ген­ше Әлсерік орнынан тұрды. Орын­дық арқалығында тұрған киімін алып киді де:

– Жақсы, мен қайтайын. Өзде­рің отыра беріңдер. Ал жақсы. Жақ­сы, Қайнар, – деп жылдам қош­та­сып, жүре берді.

Таттиев үндемей аз отырды да, Әл­серік ішпей кеткен сыраны ал­ды­на алды.

– Өмірі ауылдан шықпаған. Осын­дай адаммен не туралы сөй­лесу­ге болады? – деді. Содан соң сы­раны жартысына дейін тоқтамай сі­мірді.

Сол күні Таттиев Қайнарға түн­нің бір уағына дейін Декарттың фи­лософиясын түсіндірумен болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір