ЕЛЕС
21.10.2016
2157
0

dsc_0012-256x300Ерғали БАҚАШ

(Әңгіме)

Түсі екенін, әлде өңі екенін айыра алмай дал болып жатты. Қо­рыққаннан орнынан тұра алмады. Бұрыш жақтағы шүмектен су бір ағып, бір тоқтап тұрғанын анық білді. Тек қозғалуға, тіпті жан-жағына қарауға батылы барар емес. Көзін тарс жұмып жата бер­ді. Үрей билеп ұйқыға кеткен екен, тағы сол дыбыс қайталанды. Жайшылықта әрең ағатын су неменеге шарылдап кетті деп аң-таң күйде жатқан еді, кенет ыдыс-аяқтың салдырлаған даусы естілді. Жер сілкініп жатыр ма деп байқап көрмекші болып еді, олай болмай шықты. Жүрегі кеу­десіне сыймай, атқалақтап тұр. Не болса да көрпеге бүркеніп алып, таң атырмақ болды. Осындайда таң да атуға ерінгендей түн қараңғылығынан арылар емес.

Көзге көрінбес бір бейне үй ішін ары-бері қопарыстырып жүр­гендей болды.Қорық­қа­ны­нан даусы шықпай, өз деміне өзі тұншығып жатып, көзі ілініп кеткен екен, әлдебір алып күш кеудесінен ба­сып, жаншып барады. Ай­қай­лауға дәрмені жетпей, ақыл-есі­нен айырылып бара жатып «Алла» дегені сол еді, кеудесіндегі тылсым күш қас пен көздің арасында ғайып болды. Суға түсіп шыққандай, денесін қара тер ба­сып кетіпті. Өзіне-өзі келе алмай, қаққан қазықтай болып тө­сегінде ұзақ отырды.

Сәлден соң барып есін жиып, те­резенің пердесін ысырды. Жерге жарық түсіп қалыпты. Көңі­ліндегі үрейден сонда да толық ары­ла алмай, таза ауа жұтпақ бо­лып, терезені ашты.

Дәл балконның түбіндегі кәрі те­ректің бұтақтары арса-арсасы шы­ғып, өз тарихынан сыр шер­­тіп мұңайып тұрғандай. Кө­зін алмай біраз тұрып еді, кәрі ағаш барған сайын жылы ұшырап, қаусаған қарт атасына ұқсап кеткендей бол­ды. Лезде жанарын тайдырып, терезені тарс жауып, көр­пе­сіне бүркене кетті. Бірақ ұзақ жа­­та алмады, қатты қорқып қал­ған­дықтан болар, қарайған нәр­сенің бәрі басында жылы­ұшы­рап, соңында тілмен жеткізе ал­майтын қорқынышты құбы­жық­қа айналып, өзін жұтуға оқ­та­лып тұрғандай болады.

Бала кезде атасының ертегісін тыңдап жатып, ұйқыға бас қою­шы еді. Атасы ертегі айтпаса ұйық­тай алмайтын. Кейде ұйқысырап да­лаға да шығып кететін. Ондай кезде әжесі дем салып, ұшық­тай­тын. Бірақ сонда да түнімен сөй­леп шығатын. Әрине, ертегінің кө­бі мыстан кемпірсіз бола ма? Ер­тегіге  әуестігі ат жалын тартып мін­ген шағында  ел аузын­дағы аңыз-әңгімеге деген құш­тар­лыққа ауысты. Көрші ауыл­­дағы сексеннен асқан Мошанбай қарттан ескі әңгіме тыңдау үшін арнайы жайлауға барып бір күн ереуіл болып, құ­лақ құрышын қандырып қай­тушы еді. Ондағы ойы құйма-құлақ қариялардың ақиқатқа бергісіз әңгімелерін жүйе­леп, кітап етіп құрастырсам деген асыл арманы болатын.

Бүгін ғой қала жағалап, бос бел­беу, бос тақым болып кеткені. Бі­рақ оның да өз себебі бар. Әке­сінің қайтқанына жыл өтпей жатып азаматтық борышын өтеу­ге шақырылды. Шешесі жі­бер­меймін деп еді, өзінің барғысы кел­ді. Бір жағы өмір көрейін деген ойға бекіді. Бұрын әскерге бір сиыр беріп бара алмаушы едік. Енді бір сиыр беріп бармайтын жағдайға тап болдық. Сол аза­маттық борышты өтеп ауылға оралған соң қалаға аттанды. Шы­нын айтқанда, ауылға сый­ма­­ды. Азаматтық борышты өте­ген билет бай депутаттың мейрамханасына қарауыл болуға әрең жарады. Бір күн істеп, екі күн демалады. Тапқаны қыдыру ­мен тамағынан аспайды. Қалада жұмыс істеп жатыр деген аты бол­­маса, қоңторғай тіршілік қа­на. Жамбасақыны екі иығынан зор­ға демалатын орыс кемпір кү­ні бұрын алып алады. Бірақ осы тірлігі өзіне ұнайды. Кейде «Қашанғы бұлай жүре бермекпін» деп өзінен есеп алмақшы болады. Жауабы сол, «бәрі жақсы бо­ла­ды» деген бір-ақ ауыз сөз ғана.

Кешегі үрейлі оқиғадан соң шы­нымен сасып қалды. Ертелі-кеш жалғыз жүргенде жан-жа­ғы­на алақтап, әлдебіреу тарпа бас са­латындай болады да тұрады. Бі­рақ онысын ешкімге айтқан емес. Қасында бірге тұратын жі­гіт­тер өңкей қылжақбастар. Айт­тың не, айтпадың не, бәрібір олар­ға.

Бүгін тағы да жалғыз қалды. Қан­ша қорыққанмен де басқа ба­рар жері жоқ. Білген дұғасын оқып, жарықты сөндіріп төсегіне беттеді. Ұйқысы келер емес, көзі бақырайып ұзақ жатты. Түннің бір уағында барып ұйықтап кетті. Түс көріпті. Түсінде сол баяғы Атыраудың Астраханмен шекаралас жеріндегі айда­лада, әскер­лер­ге тігілген шатырдың ішінде жал­ғыз  отыр. Қатардағы серік­тері ке­зекті жаттығуға кетіпті. Ұй­қы­сынан оянса таң сыз беріп атып қал­ған екен. Терезені ашып еді, кө­зі бірден кәрі терекке түсті. Өне бойын тағы сол үрей билей бас­тады. Көз ілеспес жылдам-дық­пен терезені тарс еткізіп жаба са­лып, жүгіріп төсегіне келді…

Ең жаман нәрсе өз ойыңдағы кү­дік-күмәнді жеңе алмау. Бұрын мұн­дайы жоқ еді, неге сонша қор­қынышты үрейдің шеңгеліне тү­сіп қалғанын өзі де тап басып ай­та алмайды. Бір ойы Отан ал­дын­дағы жауынгерлік борышын өтеп жүргенде жабысқан пәле еке­нін тек іштей ғана бағамдап көр­ген. Бірақ онда да нақты емес.

Күн қақтаған Атыраудың то­заң даласын қақ жарып ағып жат­қан ару Жайықтың ең бір ар­на­лы тұсында қалың қамысты жа­ғалай әскерлерлерді дайындау ор­талығы орналасқан-ды. Ұшы-қиы­ры жоқ қу даланың ит байласа тұрғысыз бұл жеріне неге әуес бол­ды екен, адамдар? Әскери өмір деген тәртіп. Оны өзгерту тек мемлекеттің ғана қолынан ке­летін шаруа. Осы дала үшін ба­баларымыз жан алып, жан бер­генін қайда қоясыз? Ұлы Даланы қор­ғау сол байтақ далаға бауыр басу­дан басталатынын көбіміз біле бермейміз. Жауынгер болу – әрбір азаматтың міндеті. Бірақ қызығынан азабы басым. Санасына сіңіп қалған бұл сөздерді қа­тал командир жиі айтушы еді, кү­ні бүгінге дейін құлағының тү­бінде жаңғырып тұр.

Көзі бақырайып, жауынгерлік өмі­рін есіне алды. Жүгірген ит қа­та­тын суықта иығына автомат асы­нып, шекара күзеткенін қа­лай ұмытсын. Отан алдындағы бо­рышқа деген адалдық қақаған суық­ты да, аптап ыстықты да елең қылмайды екен. Әскерде жүр­ген уағында бірде мынадай оқи­ға болды.

Қатардағы серіктерімен бірге ымырт үйіріліп қалған шақта ар­ғы беттегі қалың қамыстың ара­сынан ақ киім киген үш әйел­дің өзенге беттеп келе жатқан бей­несін көріп, зәрелері зәр түбі­не жетіп еді. Ұшы-қиыры жоқ меңі­реу далада жалғыз ғана әс­кер­лер тұратын казарма бар. Одан басқа тіршілік иесі тіпті, қа­натты деген құсыңыздың өзі ілу­де біреу ғана. Ендеше, қайдан ада­сып жүрген «періштелер» бол­ды екен деген ойға қалып еді. Көп өтпей, басқа да жауынгерлер арасында ақ көйлекті жұмбақ бейнелер туралы әңгіме желдей есіп жүрді.

Сары күздің салқын күн­де­рі­нің бірінде қатал командирінің бас­тауымен тозығы жеткен жеңіл кө­лікті оталдырып, алыс Аты­рау­ға жолға шықты. Ирелеңдеген қара жол діттеген жерге жеткізер емес. Қу медиен тақыр далада те­мірдей тәртіптің екі жауынгері мен жол бастаушы командир өз ойларының шүңетіне батып, үн­сіз келе жатыр. Демін ішіне тарт­қан командир тумысынан сөзге сараң адам.

Осы сапарға серік болуға жа­ра­ғандарына марқайып келе жат­қан екі  жауынгер коман­дир­дің үнсіз отырғанын жақтырмай отыр­са да, сабыр сақтап келеді. Өйт­­пегенде ше? Егер қатаң тәр­тіп­­тің сызығынан аттап кетсе, екеуін алдыға салып, қуалама­сы­на кім кепіл?

Көшкен елдің жұртындай әр жер­де қарауытқан бірдеңелер көз­ге шалынғаны болмаса, күнге күй­ген қу дала. Тек жусанның иісі ғана тынысты кеңейтіп, жанды жа­дыратады.

– Осы қарқынмен енді төрт са­ғат жүрсек, Атырауға жетеміз, – деді командир екі сағат жол жүр­геннен бері алғаш тіл қатып. Жам­бастары тесілуге айналған екі жауынгер сыр бермеді. Бірақ тә­жірибелі жол бастаушы  бәрін се­зіп келеді. Көліктің қарқынын баяулатып, ас-ауқат ішіп алмақ болып, жолдың шетіне тоқтады. – Тек он минут қана уақытымыз бар, ары қарай жолға шығамыз, – деді қанға сіңген қаталды­ғы­мен.

Алда бұралаңы көп, ойлы-шұ­қырлы ауыр жол басталды…

Ат арбаның екі доңғалағы әзер сиятын, топырағы беріш боп қат­қан қара жолда салдырлаған жеңіл көлікті шоқырақтатып ке­ле жатыр. Сол баяғы үнсіздік. Рольде командирдің өзі. Күн қып-қы­зыл табақтай болып ең­кейіп ба­рады. Жолдың екі жағы қалың қам­ыс. Тілдерін жұтып алғандай, үн-түнсіз отырған үшеу. Үш түрлі тағ­дыр. Коман­дир­дің мұндай са­парға еті өліп кеткен. Қатардағы жауын­гер­лер­дің көзіне ұйқы ты­ғыла бастады. Бірақ ұйықтауға бол­майды. Тәр­тіп сол. Егер қал­ғып кетсең, біт­тім дей бер.

Көздері бір ашылып, бір жұ­мы­лып отырғанда алыстан көлік тос­қан ақ көйлекті, әйел адамның сұлбасы көрінді. «Айдалада жүр­ген бұл кім?» – деп саса бастады үшеуі. Жын-пері боп жүрмесін д­е­­гендей бір-біріне жалтақ-жал­тақ қарап, жол тосқан адамға жа­қындап қалды. Ойлануға да мүм­кіндік жоқ. Неде болса жөн сұрау­дан басқа амалдың жоғын біл­ді ме, командир көлікті ақы­рын­датып, терезені екі елідей ға­на төмен түсіріп:

– Кімсің, не­ғыл­ған жансың? – деді.

– Ала кетіңдерші, – деді әп­пақ көйлекті, қара шашты әйел адам. Өңі көрден шыққандай екен, қарауға батылың бармайды. «Жоғал ары» деген сөзді тұ­ты­ғып әрең айтқан командирдің жүзі өрт сөндіргендей қуарып, кө­ліктің жылдамдығын құстай ұшырды.  Арқан бойы ұзап арттарына қараса, ешкім жоқ. Тек оның көзімен көзі түйісіп қалған жауынгердің біреуі қанталаған көздің ызғарына шыдамай есі ауып қалып еді.

Содан Атырауға жеткенше үшеуі «Ықылас» сүресін әлденеше рет қайталап оқыды. Атырауға кел­ген соң командир жауын­гер­лерінің қасынан шықпай қойды. Өзі баратын жерге де екеуін ертіп алады. «Батырға да жан керек» деген рас екен.

Іле есіне тағы бір әңгіме түсті. Ол Мошанбай қарттан естіген, сол абыз ақсақалдың өз басынан өт­кен оқиға еді, мұртын ширатып отырып әңгімелеп бергені күні бүгінге дейін есінде.

«Күн оқыс жылынып, көктем жыл­дағыдан ерте шығып, жер бу­­лана бастаған кез. Құла қас­қам­­ды екі уақ жемдеп, баптап мініп жүргенмін. Жастық қой, күнш­і­лік жердің ойын-тама­ша­сынан қалмаймыз. Бір күні көрші ауыл­дағы үзеңгілес достарым қонаққа шақыра қалғаны. Апақ-сапақта жолға шықтым. Суыт жүріп ке­ле­мін. Жолай аталас туыс­қан екі інім кезіге кетті. Көз байланған шақ. Аттарын тебініп «жары­сайық, аға», – деп атқан оқтай ар­қан бойы озып кетті. Шынымды айтсам, құла қасқа­ның алдына түсетін ат жоқ еді бұл ауылда. На­мысқа тырысып, атымды қам­шылай бастадым. Соның өзінде жеткізер емес, арт­тарына қарап, екі езулері құла­ғына жетіп, ма­зақ­тап келеді. Бір заманда атым сүрі­ніп кетіп, Алла дегенім сол еді, алдымдағы екеуі көзден ғайып болды. Содан есімді жисам, атым қалшылдап дір-дір ете­ді. Ауылдан да недәуір ұзап кет­кен екенмін. Өз-өзіме келген соң самы жамырап тұрған Ақ­жар­дың етегіндегі қойшы ауыл­дың шеткі үйіне түстім. Бағыма қа­рай, үй егесі бес уақ намазын қаза қылмайтын Оспан молда­ екен. Мән-жайды естіген соң: «Орынсыз желік қусаңдар осындай пәлеге ұрынасыңдар», – деп дем салып, ұшықтады. Атым дір-дір етіп, қан аралас зәр шы­ғарды. Ертесі түс ауа мең-зең бо­лып ауылға оралдым», – деп әңгімесін аяқтаған.

Осы әңгімелердің бәрін ол ба­ла кезінде естіп, жадына сақтап қал­ған. Енді есейгенде түсіне кі­ріп, өзін мазалайтынын білді ме? Әри­не, білген жоқ. Білген күннің өзінде де құмарлығын тоқтатпай­тыны анық еді.

Жатып-жатып пәтер алмас­тыруды ойлады. «Қайткен күнде де бүгіннен қалмай көшіп кетуім ке­рек», – деді тістеніп тұрып. Бірақ ол күні көше алмады, тағы сол ды­быстардан оянып, денесін бас­қан ауыр салмақтан тұн­шы­ғып, әрең есін жиды. Көзі жұ­мыл­­­са бол­ды, қорқынышты түс­­­тер кө­ріп, баяғы қалың қа­мыс­­­тың ара­сынан көрген ақ көй­лекті, қара шашты әйел ту сыртынан қанта­ла­ған көзімен қарап тұрғандай бо­лады. Көп өтпей басқа пәтерге кө­шіп алды. Қуа­нышында шек жоқ. Пәледен құ­тылдым деген қуа­ныш қой баяғы.

Арада он бес күн өткен соң оның өлі денесі таң­ғы сағат бесте пәтерінің алды­нан табылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір