АЙЗАТ АЙШЫҚТАРЫ
(ЖАС ЖАЗУШЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖИНАҒЫ ЖАЙЛЫ)
Бір кездерде білдей жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты романын рахаттана оқып шығып, пікір жазғаным бар-ды. Ал жуырда жас жазушы Айзат Рақыштың «Өлгендер қайтып келеді» деген әңгімелер жинағы көзіме түскенде: «Бұл қалай? Ақыр заман туса бірсәрі, әйтпегенде Құдайдың құлы көр тақтайын бұзып қалай қайта дүниеге келмек?» деп таңдандым. Амал жоқ, кітапты парақтауға тура келді.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ
Алдымен аталған әңгімені кітап мазмұны бойынша тауып алып жеделқабыл оқып шыққан соң, жинақтың «Қанатымен су сепкен. Баспагерден арнау сөз» атты аңдатпасына көз жүгірттім. Онда «Өлгендер қайтып келеді» турасында:
«…Әңгімеге әйгілі Қызылағаш оқиғасы негіз болған. Мұнда табиғат апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының аянышты халі, тиісті көмек көрсетуге міндетті болса да, көпе-көрнеу ынтасыздық танытқан билік өкілдерінің бойкүйездігі еш боямасыз суреттеледі», – делініпті.
Қызылағаш оқиғасы – күні кеше болған оқиға. Ауылдың желкесіндегі су бөгеті бұзылып, тұрғындар ауыр трагедияға ұшырағаны рас. Алайда, алғы сөздің «Өлгендер қайтып келеді» туралы бұдан арғы пікірі көңіліме қонбады. Ауыр жағдайдағы ауыл тұрғындарына «көмек көрсетуге ынтасыздық танытқан билік өкілдері» дейтін тұжырым өмір шындығына да, туындының идеялық-эстетикалық бағамымен де сәйкеспейді.
Бүткіл Қазақстанға аян факт: төтен апаттың ізінше өкімет орындары Қызылағашта кең сарай, боз үйлер тұрғызғаны. Қала берді, бұл шындықты Айзат әңгімесінің өзі де орағытып өте алмаған: «Қызылағашта қуыршақтай үйлер қаз-қатар тізілген. Көшелері де түзу. Қарғыс атқан түндегідей тас қараңғы емес, көше шамдармен жарықтанған». Осыдан кейінгі сөйлем, әңгіменің аяқ жағындағы жоғары билік туралы «ақылмандар» деп кекететін, «арсыздар» деп айыптайтын, «Көсемнен сана қашқанда елді албасты басады» деген сияқты теңеу, мәтелдер «қаншама сылап-сипағанымен тұрғындардың жан жарасын жаза алмады» деген айып сынға бола «Өлгендер қайтып келеді» әңгімесін сыни, әшкере жанрға жатқыза алмайсың. Аталмыш әңгіме жүйесіне орынсыз қыстырылған, сарыауыздыққа салынғаннан басқа бітірері жоқ «қожайын» – Дәулет атты кейіпкер туралы да осыны айтуға керек.
Біздіңше, туынды тасқын салдарынан кенже баласынан айырылып, қайғы-қасірет шеккен Зейнеп байғұстың мұң-зарын шертеді. Ана жайлы киелі тақырыпты қозғайды. Ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің Максим Горькийден аударған және өзі де романтикалық мәнерде жазған Ана туралы әңгімелер шоғырын еске түсіреді.
Әңгімені оқып отырғаныңда, «Жас келіншек Зейнептің кезінде дәрігер атаулының сақтандырғанына көнбей, Құдайдан жалынып жалпайып жүріп тауып алған, алапат су тасқынында ұшты-күйлі жоғалған екінші ұлы Кенжетай қалайша өмірге қайтып оралмақ?!» деген сауал көкейіңнен кетпейді. «Әлде, оны тасқын су ағызып бара жатқанда біреу-міреу құтқарып алды ма екен?» деп те ойлайсың. Шиесі солай шешілсе, бұл бәз-баяғы «үмітсіз – шайтан» деген қарадүрсін фабула болды ғой деп кітапты жаба салар едің. Дес бергенде, олай болмай шықты.
Әңгімедегі ұзына бойы опынған Ана образы көңіліңді шартарапқа самғатады. «Мен ешқашан сәбиімді өлімге қимаймын. «Ол тірі» деген үмітпен өмір сүрем» деп зарлайды шіркін Ана. Әдебиеттану ғылымы бойынша бұлайша кестелеу көзі жасты сентиментализмге емес, ой-қиялшыл романтизмге тән. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, Ана байғұс перзентін келмеске кеттіге қалай қисын!
Ал «Өмірімдегі ғажабым» атты эссені Ана туралы гимн десе де болады. Туындыда бұл жанрға тән философиялық, өмірбаяндық, жеке әсер, еркін композиция, публицистикалық, беллетристикалық сипаттардың бәрі бар. Эссе салтанатты әуенде аяқталады.
Айзаттың «Той үстінде» атты тағы бір әңгімесінің тақырыбы – махаббат мұңы. Мұң болғанда, бас кейіпкер Балаусаның өкінішті өмірі. Жас жазушы шығармасында айтпағын Балаусаның бір үйлену тойы үстіндегі сезім-күйін, аянышты тағдырын ішкі тебіреністерін суреттеу арқылы жеткізеді. Балауса келіншек пен күйеуі Дәурен екеуінің жастары елуге тақап қалса да, бала сүюден ада (Дәуреннің белсіздігі салдарынан). Бірақ Балауса өкініші оның ішкі толқыныстарының сыңайына қарағанда, бас уайымы басқада. Сүйіп қосылған күйеуі тым селқос, самарқау, бос кеуде. Тойға келе жатқандарында Балауса: «Дәурен, қарашы! Төңірек тегіс қызыл нұрға бөленіпті десе, қартайғанда қияли болдың ба?», – деп қағытады күйеуі.
Әскерге кеткенде үш жыл бойы сарыла күткен сол марғаудың және енесі қатыгез Қарашаның үйлену тойын да өткізбей қойғанына Балауса күні бүгінге дейін назалы. Мына той үстінде тағы да сол ренішін күрсіне еске алып отыр: «Келін боп түсіп, беташарын жырлатып, ақ көйлекте пәк арманға бөленіп пе еді? Жоқ!». Самарқау күйеуі келіншегінің тойда сөйлеген сөзіне де құлақ аспайды. Асаба: «Өмірі еш жерде, ешқашан айтылмаған тілектің иесі Балауса ұстаздың құрметіне бәріміз бірдей вальс билейміз!», – дейді. Дәурен болса келіншегін биге шақырудың орнына темекі тартуға тысқа шығып кетеді.
Балаусаны Арман деген жігіт биге шақырады. Сіздей көркем сөзді әйелі бар жарыңыз, өнегелі анасы бар перзенттеріңіз шынымен бақытты шығар! Өз басым солай ойлаймын дейді. «Балауса үн қатқан жоқ. Бар болғаны вальс әуенінің тезірек аяқталуын тілей берді», – деп аяқталады әңгіме. Қанаты болса да ұша алмайтын қораз бен аққудайын ару соншама жылдар қалай бірге өмір сүрген деп ойлайсың.
Айзаттың «Келін бе, әлде кесапат па» деген әңгімесін де әшкере жанрға жатқызуға болады Балжан – есіміне сай бұрымды емес. Жүкті болып қалдым деп алдап күйеуге шыққаны, сүрініп кетіп екі айлық түсік тастадым деп және өтірік соғуы, қайын енесі Гүлсімнің қолын ұзартпағы былай тұрсын, оны ауруханаға көрін деп айтасың деп төркініне кетіп қалуы, алдамшы аярлығы – қазақ ұғымында – үлкен кесапаттық. Ақыры ол жұртты алдаймын деп жүрін, өзін-өзі алдап соққандай халге душар болады. Құдай қосқаны тастап кетеді. Осы оқиғадан табиғат та шіміріккендей. «Машинамен жарысып келе жатқан дөңгелек ай кенет бұлт бүркеніп жасырына қалды». Жас жазушы Гүлсім ененің жабығып жабырқаған көңіл-күйін табиғат құбылысымен астастырып үстей түскен.
Жалпы, жас қаламгердің ерғашты болмаған, өзінше бір ассоциация, жарасымды сурет сала білетіні қуантады. «Құдіретті күн тіршілік біткенді ару айға аманат етіп, ұясына шомып кетті. Күннің алтын шапақтарын Айдың ақ сәулесі алмастырды. Айдың сұлу серіктері – сансыз жұлдыздарда аспан төрінен орын алып, жарқырай төніп тұр» деп өрнектейді. Жансыз табиғатқа жан бітіп құбылады.
«Жүгінгүл мұғалімнің бір күні» туындысы – фельетон іспетті. Нарық заманының халық ағарту жүйесіне енгізген «жаңалықтарын» әжуалап сынайды. Комиссия үстіне комиссия келіп мектеп ұжымының көзін аштырмайды. Көздегендері – іс қамы емес, қызыл құлқынның қамы. Бірде сынып бөлмелердің тазалығын тексермек болады. Жүгінгүл жалма-жан терезенің алдын сүртіп жатқанда кіші «басеке» кіріп келеді. Ләм-мим демей, кілтін сылдыратады. «Кілттің сылдыры – теңгенің сыңғыры» деген шартты ұғымға Жүгінгүлдің о бастан еті үйренген. Сондықтан кілттің сылдыры ұзаққа созылмады. Сәлден соң үстел үстінде Жүгінгүлдің сөмкесінен сүйретіле шыққан мың теңгелік жатты. Дәл осы мың теңге комиссияның қабағы ашық, жүзі жадыраңқы қайтуының бірден-бір кепіліне айналған. Ал кілтін күмбірлеткен кіші «басеке» коридорды бойлап кетіп бара жатты».
Ұзамай министрліктен 4-9 сынып оқушыларын жаппай тестілеу келеді. «Мына бір сұрақ Жүгінгүлдің білім емес, жүйкесін сынай келгендей: Кенесарының жорыққа мінген тұлпарының тісі нешеу еді?. а) 32; ә) 48; б) 60;».
Сайлау науқанына қатысу, тұрғындардың өлі-тірісін тексеру, қоқыс салатын қаптарды тұрғындарға тарату… «Бүгіндей нарық заманда шыбын-шіркей де текке ұшпайды. Бірақ мұғалімдердің күні сол шыбын-шіркей, құрт-құмырсқалардан да төмен».
«Әзіл әңгімелер» деп аталатын бөлімдегі «Шындыгүлдің шырылы» туындысы – памфлет. Шала қазақша шатқаяқтайтын директор қарауындағы мұғалімге «әй жемтік!», «Значит мінез твой алба-жұлба», оқу ісінің меңгерушісі Дорбагүл: «Әй, ана Бәленше Түгеншеев интерактивті сабақ өткізіпті. Соған менің атымнан пікір жаз!» деп тепсінеді. Мұндай кеудемсоқ, дөрекі басекелердің қарауындағы мұғалім қайтып оңсын. Шындыгүл бір сынып бөлмесінің жанына өтіп бара жатып мұғалімнің: «Иттің баласы! Есектің миындай миың жоқ сенде!», – деп бажылдаған даусын естиді.
Шындыгүлдің жанын шырылдатқан бұл күйдің астары – үлкен қоғамдық кеселде. «Қай заманда да мектеп – мәдениет бесігі. Алайда, сол бесікке надандық баса-көктеп кіріп алған», – деп қорытылады әңгіме.
Көркемдік шындық өмір шындығынан туындайды. Айзат Рақыш – жалпы білім беретін мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шығармаларының дені білім, мектеп тақырыбына арналса, ондағы оқиғалар туралы біреулерден естігенін емес, өз көзіңмен көргенін жазып отыр.
Драма, театр – қай заманда да өз дәуірінің ең жанды, ұрымтал проблемаларын алға тартатыны мәлім. Айзаттың туындыларында көтерілген мәселелердің өміршеңдігі парламент мәжілістерінде, газет, журнал беттерінде жиі талқыланатынымен де дәлелденеді. Айзат мамандығы дәрігер болмағанымен, бұл проблемаға қатысты жазғандары да бүгінгі шипагер аталғандардың кейпі өмір шындығына сайма-сай бейнеленген.
Айзаттың «Өмір сүруге хақым бар!» деген тұңғыш пьесасының бас геройы Айым есімді мұғалім көзі ауырып дәрігерге қаралады. Бірақ Алматы мен Астананың дәрігерлері ауруың әбден дендеп алған, біздің қолымыздан келер қайран жоқ! – дейді.
Бұл шындықты пьеса Айымдай кейіпкерінің тілімен былайша көмкереді: «Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр. Таз болып қалсаң, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам деп желіксе, ұялмай онысын ауыстырып береді. Алайда, менің көзіме келгенде, медицина неге әлсіздік танытады?».
Жас жазушы пьесасында көтерілген бұл мәселе де көпке аян өмір шындығын паш етеді. Жуырда «Время» газетінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың «Пора менять систему» – «Жүйені өзгертетін уақыт жетті» деген мақаласы жарияланды.
«Сегодня очень часто в обществе, – деп жазады министр, – звучит вопрос о некомпетентности врачей, вообще системы здравоохранения. К сожалению, это надо признать».
Пьесаның соңғы оныншы көрінісінде Айым Есіл өзенінің жағалауына келіп әлдебір Дауыспен айтысады. Айымның ерекше мән берерлік сипаты – басына түскен нәубетке тізе бүкпейтін, жанында әжімі жоқ, жас жігер қайраттылығы. Ішкі сырын пьесаның аяғында үлкен пафоспен тиянақтайды:
«Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін, «кемтар» деп кемсітпесін. Еншімді бөліп бермесе де, ешкімде есем кетпесін. Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен. Өйткені, өзгелермен үзеңгі теңестіріп, өмір сүруге қақым бар менің!», – дейді.
Қорытындылап айтқанда, пьесада нанымды, орайын тауып қамтылған шындық бар. Оны жоққа шығара алмайсың. Бірақ жас жазушының тұңғыш пьесасының төрт құбыласы түгел десек, әділеттілікке көрінеу нұқсан келер еді. Туындының бағалы жақтарымен қатар, олқы, кемшін жерлерін де көрмеуге болмайды.
Тегінде драма, комедия, сатира – қай-қайсысының да басталуы мен аяқталуы, фабуласы мен финалы арасы іштей мықты байланысты болады. Әр көрініс ілкі көріністің жаңғырығы іспетті. Жас жазушымыздың драматургия сияқты жауапты жанрдың, міне, осы тәсілін түгел баурап ала алмағаны байқалады. Біріншіден, автор пьеса композициясының сындарлы шығуын жете ойластырмаған тәрізді. Пьеса болмысында қазіргі жалпы білім беру жүйесінің жұтаңдығы және медицина дәрменсіздігі – қос проблема бір көрініс пен екінші көріністі байланыстыра алмай, қыли көзденіп екі жаққа тартып, бір тартыс орнына екінші қақтығыс ауысып туып отыратындықтан, көп диалог сөздері кәдуілгі хроника, очерк стилінде баяндалып кеткен.
Біздіңше, пьесадағы тартыс ағымы бір сарынды, кейіпкерлердің драмалық шиеленісі тым солғын. Әсіресе, алғашқы жеті көріністегі диалог көп сөзділікке ұрынған. Тапқыр ойлы, тартымды сөз шаппа-шап айтылудың орнына, көбінесе шұбалаңқы сөйлемдердің тұңғиығына батып кетеді. Ондай диалогтар соңыра театрда қойылатындай болса, әртіске айтуға, көрерменге қабылдауға тым ауыр соғуы мүмкін.
Пьеса туралы жас драматургтың өз ойларында ерсі-қарсы пікірлер ұшырасып қалады. «Автордан» атты аңғартуында ол:
«Біздің қоғамда рухани құндылықтардан материалдық байлықтың басым бағаланып жүргені өтірік емес. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін» қазіргі заманда адамның сырт бейнесі оның өзіндік орнын табуына ықпал ететін болды. Он екі мүшесінде кемістігі немесе сырқаты бар жанды көрсек, саусақ шошайтып күліп, тым төменгі деңгейге түстік», – деп мәлімдейді.
Бірден сауал туады: материалдық байлық, экономиканы әлемдік отыз елдің қатарына ілігетіндей етіп дамытпасақ, рухани байлық – мәдениет пен әдебиетті өркендету ісінде қандай іргетасқа иек артпақпыз? Сонсоң, мүгедектерге, мүмкіншілігі шектеулі адамдарға біздің қоғамымыз теріс қарап отыр деген тұжырымға да келісу қиын. Қайта бұқаралық ақпарат құралдарынан ондай мүскіндерге жұртшылық қауым қолайлы жұмыс табуға септесуге тырысатынын күн сайын оқып біліп жүрген жоқпыз ба? Кемтар адамға күлсең, аузың қисайып кетпей ме?
Талданып отырған кітап – Айзат Рақыштың тұңғыш жинағы. Өз тақырыбымен, өмір күйін өзіне ғана тән айшықтармен жырлап, көркем әдебиет табалдырығын аттаған жас жазушының ілкі қадамының сәтті басталғанын айта отырып, прозалық шығармаларының әлі ұштай түсетін кейбір кем тұстарына да назар аударсақ артықтық етпес. «Ақ арман алдамайды» хикаяты шын талант табиғаты туралы екі кейіпкерді бір-біріне қарама-қарсы қойып суреттейтін ұтымды эпизодтармен көмкерілсе де, тартыс-қақтығыс жібінің босаңдығы, баяндауының ұзақ-сонарлығымен оқушысын қай тұстарында жалықтырып жіберетінін айтуға керек.
Айзат Рақыш әдебиет әлеміне өз даусымен, тың образ, ой, стилімен, әлі ауызға түсе қоймаған оралымдар, айшықтарымен келген, мәдениетті жас таланттардың қатарына жатады дер едім.
Айзат – ақын да. Жинағын «ай-хой, дүние-ай!», «Сағыныштан шәлі жамылғам…» деген өлеңдерімен аяқтапты.
Ай-хой, дүние-ай!
Құштар еткен армандарға.
Тәлкек көрмей тағдырдан,
Өткендерде арман бар ма? – деп толғанады ол. Айзат Рақыш қарындасымызға: арман адамға әманда ой салады, жігер-қайрат бітіреді, сөйтіп арманшылға дем беріп, жаңа жол ашып, алынбаған биіктерге бастайды демекпіз.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.