Хабиба ЕЛЕБЕКОВА
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ұлттық сахна өнерінің саңлағы Хабиба Елебекованың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Ғасыр жасаған Хабиба апамыз қазақ халқының басынан өткен небір нәубет жылдарды өз көзімен көріп, көңіліне түйіп, тарих жадына, ұрпақ санасына сіңіре білген көнекөз ардақты ардагерлеріміздің бірі еді. Театрдың қасиетті табалдырығын 17 жасында аттап, 70 жылдан астам ғұмырын қазақ мәдениетінің өркендеуіне арнаған біртуар өнер иесі сомдаған сахналық кейіпкерлер ұрпақ қазынасына айналып жас ұрпақты елді қастерлеуге, ұлтты ұлықтауға, дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеп келеді. Ол кісінің ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге болып, жарқын бейнесі халықтың жадында мәңгі сақталады. Марқұмының иманы салауат, жаны жәннатта болғай!
Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА,
ҚР Мемлекеттік хатшысы.
ЕСКІНІҢ КӨЗІ ЕДІ
Театрдың негізін қалаған қайраткерлерімізбен қызметтес болған Хабиба Елебекова ескінің көзі еді. Өзі де талай жыл театрда қызмет жасады, ел есінде сақталатын көптеген жақсы бейнелер жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. Біз театрдың тарихы туралы бір нәрсе білгіміз келсе, сол кісіден сұрайтын едік. Бұл кісінің жады мықты болатын. Кезінде бірге жұмыс жасаған аға-апаларымыздың қадір-қасиетін үнемі айтып, бізге үлгі етіп отыратын. Дәстүрлі әннің жанашыры Жүсіпбек Елебековтей азаматтың жан жары еді. Ұл сүйді, қыз өсірді. Асыл азаматы жайлы кітап жазды. Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтармен дәмдес-тұздас болып, бір жүрді. Ұзақ жасады, бақытты өмір сүрді. Енді жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын дейміз.
Сәбит ОРАЗБАЕВ.
ӨМІРІ ӨНЕГЕ
Шыр көбелек айналып тұрған уақыт-диірменнің адамды өзінің ырқына көндіріп, айтқанымен жүргізетінін қанша жерден білеміз, білдік десек те өмір сағаты соққанда сенер-сенбесімізді білмей, абдырап қаламыз. Ғасыр көрген өнер саңлағының өмірлік жары да көңіл қандырар көз көрген еді. Ардақты жарымен мөлдір айдында бірге жүзіп, кейін оның нақ жоқтаушысы болған, жәй ғана еске салып тұрмай, ол туралы бірнеше кітап жазып, өнермен бірге туып, өнермен өмір сүріп, сол сұлу әлемінде мәңгілік сапарына аттанып бара жатқан Хабиба Елебекова өзінен кейінгілердің көбіне ұстаз, бәріне ана еді. Оның нәзік талғамында Мағжан жырларының эстетикалық әсері мен Жүсекеңнің әуелеген әнінің сазы болатын. Қазақ театрының негізін қалаған ардақтылардан қалған өнеге мен қасиетті еске салып тұратын жәдігер сияқты еді-ау. Көзден кетіп бара жатса да, көңілімізде ылғи ән сап, өткен дәуір шежіресін әңгімелеп тұрады. Өнегелі өмір, өміршең өнер еді.
Бұл дүниеден жарқырап Хабиба Елебекова да өтті десеңші… Алдыңыз пейіш болғай!
Есмұхан ОБАЕВ.
БІРНЕШЕ ДӘУІРДІҢ КУӘСІ
Хабиба апамыз қазақ театрының тарихы іспетті. Жастайынан сахна өнерін меңгеріп 80 жылға жуық халықтың ықыласына бөленді. Сахнада да, өмірде де ол кісіден көп нәрсе үйрендік. Оның бойында қазақтың салт-санасы, дәстүрі тұнып тұратын. Хабиба апамыз дала университетін бітірген адам. Театрдың қазығы қағылған тұста Қаллекилермен қатар жүріп, тәжірибе жинады. Өзінің өмірлік жолдасы Жүсіпбек Елебеков орындаған әр әннің тарихын осы кісіден артық білетін адам жоқ десем, артық болмас. Бір емес бірнеше дәуірдің куәсі болған, сүйегі асыл, шежірелі жан. Былтыр 100 жасқа толған мерейтойы құрметіне Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры үлкен кеш өткізді, сол кезде сахнаға алып шығып ем. Осындай үлкен адам, тұғырлы, тұлғалы апамыз өмірден өтті. Топырағы торқа, иманы саламат болсын.
Асанәлі ӘШІМОВ.
ЖҮРЕГІ ТЕАТР ДЕП СОҚТЫ…
Уақыт деген аққан су ғой, шіркін. Артыңа бір қарайсың да құдіретке таң қаласың. Санап отырсам,мен театрда Хабиба Елебекова апаммен 60 жыл бірге істеппін. Біз талай спектакльдерде ойнадық. Хабиба апам өнерге, балаларына, күйеуі – Жүсіпбек Елебековке өмірін арнады. Ешкімді бөліп-жармады, бәрін тегіс жақсы көрді. Мінезі жұмсақ, жайдары, сыпайы, өте мәдениетті кісі еді, марқұм. Біздің екінші үйіміз, қазақтың қарашаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр ғой. Апам ұлтына адал қызмет еткенінің арқасында Алла оған сондай үлкен жас пен абырой берді. Хабиба Елебекова – бәрімізге үлгі, өнерде өнеге көрсеткен ізгі жан. Ол көзі жұмылғанша театрдағы ахуалды сұрап, келіп, шара-жиындарға қатысып, артынан ерген дарынды артистердің қамын ойлап жүрді. Апамыздың жүрегі театр деп соқты… Ол кісінің жатқан жері жайлы болсын, топырағы торқа болсын. Біз Хабиба Елебекова секілді ғұлама актрисаны өмірбақи ұмытпаймыз!..
Нүкетай МЫШПАЕВА.
ӨНЕРДІ СҮЙГЕН
Хабиба апаны ауызға алсақ Бикен апа, Шолпан апа, Хадиша апа, Сәбира апа барлығы еске түседі. Олар қатар жүріп қазақ сахнасында өнер көрсетті. Әрқайсысы алып бәйтеректей еді. Біз солардың саясында жүріп, өнерде де өмірде де көп нәрсе үйрендік. Хабиба апамыз 100-ден асқанда өмірден озды. Оның жадының мықтылығы сондай, былтырғы жылы 100 жылдық мерейтойын өткізгенде Мағжанның өлеңдерін сахнада отырып жатқа оқыды. Біз ылғи ол кісінің жақсылықтарында бас қосатан едік. Өнерді сүйді, өнер жолында қажыр-қайратын жұмсады. Аласапыран уақыттың көбін басынан кешіп ер жетті. «Абай – Айгерім» спектаклімен ел ішін көп араладық. Бикен апа мен Хабиба апамыздың айырылмас достығы көп адамға үлгі. Ғасыр жасаған апамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Ол кісінің өнегесі мен өнер жолындағы адалдығы келер ұрпаққа дарысын.
Торғын ТАСЫБЕКОВА.