ОТАНТАНУДЫҢ КІЛТІ…
(ТОПОНИМИКА МЕН ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ)
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
ақын, прозашы,
Шәкәрім атындағы СМПУ құрметті профессоры,
Қырым әдеби академиясының академигі (Симферополь),
«Литературная газета» (Мәскеу) басылымының
Қазақстандағы меншікті тілшісі
Бақытжан Қанапиянов – ақын, ақын болғанда орыс орманы оқырмандарының жүрегін жаулай алатын қуат иесі. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген, өзі төре тұқымы, жүрген-тұрған жерінде соны мақтаныш тұтады. «Литературная газетаның» жақындағы санында жарық көрген Шоқан Уәлиханов туралы мақаласы перзенттік махаббатқа толы. Назарларыңызға ұсынып отырған Қырым туралы жазбасынан да сол Шоқан атасының жүрек соғысының дүрсілін еститін сияқтысыз.
Таяуда ғана, Тәуелсіздік алғалы бері Алаш елі тұңғыш рет Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік, яғни Еліміздің төрт тарабы, Атырау мен Алтай арасындағы ұлан-ғайыр атырапты мекендейтін жасынан жасамысына дейінгі жұрт осынау торқалы тойды тойлады, ешкім бейжай қалмады. Бәріне ортақ сезім – өз еліне деген сүйіспеншілік Мәңгілік Ел болуға деген құштарлыққа ұласты.
550 жыл – этностың қазақ ұлты боп ұйысып, мемлекетке айналған меже. Алайда, Керей мен Жәнібектер Көктен түсе қалған жоқ. Өз дәуірінің, өз заманының заңғар тұлғалары еді. Олардың артында талай ру-тайпаның сан ғасырлық шежіресі шертіліп, әр ру, әр жүз бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбас құбылыс бола тұра, бәрі ортақ Алаш пен ҰлыДала елі атауы бізге де, ата-бабамызға да рух берді. Бұған қазақ халқының Ұлы халық ауыз әдебиеті, сайын дала ландшафты мен сол ландшафттың топонимикасы дәлел.
Жұрт жадында қандай адам мен жер-су аттары жатталғаны ұрпақ үшін маңызды емес пе?! Расында да, уақыт сынынан өткен сенімді де ғажайып кісі өмірі мен оның туған жерінің атауларынан асқан не бар десеңізші, шіркін! М.В.Ломоносов халық топонимикасына: «Отечественные или родину значащие имена…», – деп баға берген еді. Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жолжазба дәптеріне былай деп жазған екен: «Мыңшұңқыр. Тысяча ям. Яғни бұл жерде бұрынғы кездері қазба жұмыстары жүргізілген. Анықтау керек! Қаратас. Черный камень. Осы түс халық ертектерінде темір қоспаларымен байланысты. Көктас. Синий камень. Демек, бұнда жез бар деп болжауға болады. Алтынтабақан. Алтын туралы айтады. Бекер емес! Жезқазған. Яғни жезді қазған жер. Нақты атаулар!». Бұлайша тек жалғыз геологтар ғана жерден қазба байлықтар таппаса керек. Солайша, Гомердің «Иллиадасын» оқып шабыттанған Генрих Шлиман да эпостағы өзен-көл мен қалалардың бар екеніне сенгені соншалық, ақыр аяғы Трояны тапты ғой!
Сондай топонимикалық кілтпен-ақ бай да байтақ Қазақстанды шолып шығуға болады. Мәселенки, Әлемге әйгілі Байқоңыр – қоңыр желге бай деген сөз. Ыстық күнде самал жел соғатыны шын екен. Сахара төсі үшін бұдан өткен байлық бар ма екен, осы?! Ол жаққа самал жел қайдан келетіні құпия, бірақ әлгіндей табиғи құбылыс дәлелдеуді қажет етпейді. Және халық жадына со нәрсе жатталып қалғанына таң қаласың. Ал енді ғарыш айлағы арқасында Байқоңырды жалпақ Жаһан таныды. Тауып және өлтіре алмаған қара қасқыр жөніндегі аңыз ше?! Аш та ашулы арлан аңшының қолына түспей, апанында жасырынғанды жөн көрген. Қара қасқыр басқа емес Соқыр, яғни Слепая деген өзен төбесіне тығылатын. Аталмыш өзен атауы көмірдің Отаны – қазіргі Қарағандыдағы Итжон үстіртімен тікелей байланысты. Ал Итжон «иттің жоны» дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, кеңшардың бітер жері, яки құйрығы ғой. Әлгі арлан ұзақ уақыт қашып жүрген болатын. Міне, ел оны іздеп тауып, қолға үйретті.
Жошы ханның мазары тұрған Ұлытауда атақты Терісаққан өзені бар. «Ақсақ құлан – Жошы хан» аңызында аяғынан жараланған құлан Жошының ең сүйікті ұлын теуіп өлтіреді. Бойын ыза-кек кернеген хан құландарды табынымен қоса құртуға бұйрық береді. Ұлытауға барар жолда хан ордасы тігілген тұстан Құланөтпес деген ор қаздырады, орысшасы: «Не проскакать кулану». Қоңыр қобызбен ойналатын атақты «Ақсақ құлан» күйі де бар ғой. Бұның бәрі музыкада да, поэзияда да бабадан қалған бар байлықтың көркемдік құндылығы, Теңіз-Қорғалжың ойпатында әлі күнге дейін Құланөтпестің ізі сақталған-ды. Тағы, Терісаққан өзені де бар, мағынасы: теріс ағады. Шыңғыс қағанның ұлы Жошының жерленген жерін өткен ғасырдың сонау отызыншы-қырқыншы жылдары қос алып – Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұландар тапқан болатын.
Осы орайда, Хантау шыңын да ойға алған орынды болар. Елуінші жылдардың соңы ғой, бала кезімізде со таудың баурайынан балбал тастар мен Керей мен Жәнібек заманында өмір сүрген кісілердің жерленген жерін көрген едім.
Ал Қырым түбегінің батысында биіктігі 120 метр құрайтын Қыпшақ деген шоқы бар. Бұл менің ұлы бабам – Шоқан Уәлиханов айтқан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» үш кезеңнің бірінің атауы болған, яғни «Алаш Алаш болған» кез. Бірақ елу-жетпіс жыл бұрын ғана менің мұражайымда сақталған әскери әрекеттерге дейінгі Қырым картасында тұтас қазақ ұлтына қатысты екі мыңға тарта ру-тайпа, тарихи атаулары мен жер-су аттары, ландшафттар болған еді. Совет билігі орнаған тұста-ақ мыңға жуық топоним карта бетінен көшіп кеткені өкінішті-ақ, әрине. Міне, сол ұмытылған ұлы атаулар төмендегідей:
Қонрат, Ораз, Байгельды, Отар, Каралар-Кипчак, Аккоз, Айдар, Алибай, Чаян, Китай, Котыр, Жабага, Арай, Ельток, Багайлы, Алаш, Айсабай, Орта-Кесек, Кара-кият, Коян, Жанатай, Бура, Эски Орда, Азат, Каламбет, Кун Туган, Суюнши, Терен Аир, Жалман, Казаклар, Сокыр, Тубай, Жан Журек, Таш Жарган, Керлеут, Таракташ, Бай Буга, Кунан, Табылды-Асс, Жамал, Улан, Каймак, Кошкар, Куль Садык, Сакал, Танабай, Куль Жакын, Жайляу, Отуз, Туяк, Кара-Узень, Алма, Арам-Кой, Отарчик, Аиргуль, Орта-Кисек, Аргын, Аргынчик, Азамат, Карабай, Сары-су, Колпак, Азберды, Казан-Берлик, Тау-Кипчак, Барсхан, Тама, Барын, Найман, Джалбылды, Ногайлы, Ауз, Барын, Бай-Онлар, Жарык, Биюк-Найман, Асс-Найман, Жанай, Таук, Алгыз, Жумаш, Кирей, Барак, Кобек, Аппак, Мамбет, Кокей, Кият, Теры, Алатай Табылды, Айтуган, Ботен, Байсары, Мангыт, Бай-Казак, Карт-Казак, Онгар-Найман, Баксы, Корпе, Ак-Мунай, Джан-Торе, Кошай, Орта-Аул, Узунлар, Куль Тобе, Айман, Аргын-Тобечик, Каралар, Туркмен, Бикеш, Алибай, Ас-Табан, Узун-Аяк, Дулат, Тамак, Челябилер, Джалаир, Ногайлы-Ахмат, Тотанай, Айбары, Тогайлы, Кара-Найман, Биечь-Найман, Кадыш, Кара-Меркит, Кереит, Атай, Агай, Киргиз-Казак, Узбек, Аманша, Сары-Кипчак, Абай-Кучук, Тураш, Кабар, Аян, Карабай, Капшик, Козы…
Мен тек түбір, жұрнақ, жалғауы молекулярлық деңгейде таза қазақ тілімен өзектес, түрік және татар сөздері қосылмаған Кырымның бұрынғы жер-су атауларын ғана теріп алдым.
Бұ картаның қалай қолға тигенінің өзі бір қызық уақиға. Түбекті ұзақ жыл бойы тек қырым татарлары, ноғайлар, гректер, болгарлар, түріктер ғана мекен еткен жоқ, сонымен қатар, байырғы ел – иудей дінін ұстанған түбі бір түркінің бұтағы – қырымшақ пен қарайымдар да тұрды. Кей татар сөздерін есепке алмағанда, таза батыс-қыпшақ диалекті мен қазақ тілінің сөзжасамын сақтап қалған-ды. Қайбір тұста со сөз-
жасамдар мәнерлі де мәнді боп келеді. Айталық, олар «тағдырды» тағдыр демейді, «кызмет болса» дейді, демек жұмыс болса, қалғаны оңалар деген ойдан туған. Біздің «желтоқсаннан» гөрі олардың аталмыш ай аты нақты мәнге ие, яғни «согым ай» – қысқа қарай соғым соятын кез.
Студент кезімде ғой, алғаш рет Қырымға қыдырып барғанымда ұлы қырымшақ Давид Ильич Ребимен танысқан ем. Ол өз тілін жаңғыртып, зерттеп, зерделеген жалғыз ғалым еді. Әлгі қырымшақтарыңыз 1980 жылға дейін Совет төлқұжатының бесінші пунктіне еврей елі ретінде тіркеліп келген екен. Бірақ Д.И.Реби мен түркі әлемінің патриоттарының арқасында ғана бұрынғы атауы – қырымшақ боп өзгерді. Давид Ильич Реби бұрынғы кезгі қырымшақтар тәңіршілдіктен кейін қарайымдар секілді иудей дініне бас ұрған. Олардың шағатай мен арамей тіліндегі қолжазбаларында сақталған тұрмыс-салт және наным-сенімге байланысты өлең-жырлары өте қызғылықты. Жалбарыну жырларын – тасур, ал қолжазбаларды – джонка дейді екен. Д.И.Реби сол джонканың бірін оқып берді, аударғанда былай болды: «Көк пен Жерде тіршілік ететін барлық тірі жан Құдай жалғыз, бізге қаратыла айтылған ұлы Сөз, ал сол сөздің ең ғажабы – Ұлы Тенгри екеніне куәлік етеді! Бұған қоса айтарым, Ялта қаласында XX ғасырдың бас кезіндегі Кавалерия генералы, Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің ұлы – Ғұбайдолла Жәңгіровтің үйін көрдім. Ол Боткин көшесі, №6 үйде тұрған екен. Қатарластары мен таныстары оны «Шыңғысхан», ал үйін «Шыңғысханның саяжайы» дейтін болған. Ғұбайдолла Жәңгіров Александр III-нің аса маңызды тапсырмаларын орындайтын сенімді серігі еді. Жалпы, сол қалада қазаққа қатысты көптеген тың деректер бар екенін байқадым. Оның ерлігі ел аузында жүр. Уақытында ол қазақ-башқұрт ақыны Ақмолданың түрмеден шығуына ықпал еткен-ді. Жәңгіров Ялта я Бақшасарайда жерленген.
Жандүние атаулысы жазылған кітаптар мен бар жаратылыс турасында ойланғанда, бәрі Тенгридің қалауымен болғанын түсінеді. Басынан аяғына дейін, Солтүстік пен Оңтүстік, Батыс пен Шығыс бар екенін, және жалпақ жаһанға бірі бір жағынан, ал екіншісі екінші жағынан келетіні мәлім. Бәрі сенен күш-қуат алады, себебі сен ұлысың, сен ғана мәңгіліксің, о Тенгри. Сондықтан бәрі саған сыйынады, басынан аяғына дейін сен біздің әкеміз боп қала бермексің, Тенгри!». Міне, Реби мырза маған әлгі картаны сыйға тартқанына дән ризамын. Қырымшақтарға өте жақын халық қарайымдардың қазіргі грамматикасы мен сөздігін атақты қазақ ғалымы Кеңесбай Мұсаев түзгені баршаға белгілі. Ол ұзақ жыл бойы Мәскеуде тұрып, Әдебиет институтында дәріс берді. Бүгіндері әр елде бірнеше мың қарайым мен төрт жүзге тарта қырымшақ тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және Қырымды басып алған тұста қырымшақтар геноцидке ұшыраған соң-ақ олар ес жиып, етек жабуға мұршасы болмады… Ал мен бұ картаны бойтұмардай сақтап, Қырым мен Қазақстан жер-су аттарымен салыстыра қарауға әбден дағдыланғанмын. Бұл Дешті-Қыпшақ, Ұлы Тұран мен Мәңгілік Елдің түп-төркініне үңілерде аса қажет кілт болмақ.
Тәңіршілдік пен түркілер – бір-біріне жақын ұғымдар. Және сол ұғым ғасырдан ғасырға өткен сайын ұрпақ санасында сақталып, ерекше бір рух-жігер береді. Аталмыш түсінік Шыңғыс қаған империясының құрылған және күйреген кезінде де қазақ руханияты мен оның маңызды бір бөлшегіне айналды. Әлемді билеуші детенгриандық еді. Және иудаизм, буддизм, христиан, ислам сынды өзге діндерге аса бір ұстамдылықпен қарады. Меніңше, Шыңғысханды белгілі бір ұлтқа телуге байланысты даудың түкке де қажеті жоқ деп есептеймін. Одан гөрі ЮНЕСКО-ның оны: «Екінші мыңжылдықтың адамы» деп жариялағаны әлдеқайда маңызды. Ал біз XXI ғасыр қазақтары киелі Мысырдан туған топырағымыз мың есе артық екенін ұғынсақ екен. Осынау халық даналығы – түнде, қалың ұйқының құшағында, өз Отанын сағынған бейбаққа келген қасиетті емшанның иісімен өзектес. Ежелгі тәңіршілдердің пайымдауынша, адам тек табиғаттың сыры ғана емес, Ғаламның орталығы. Нүкте я тамшыдан тіршілік пайда болғанындай, адам жүрегінде де жаратылыс нұры болмақ. Сол себепті, әр адам үшін оның өмірі, отбасы, ошағы, ауылы, Отаны бұл – Ғаламның күн нұры. Осы жөнінде Мағжан ақын «Пайғамбар», «Шығыс», «От» атты өлеңдерінде жазған еді.
Тибетке барар жолда Эверест баурайында Тенгри деген қыстақ бар. Оның жанында Тенгри-Нур деген өзен мен көл ағып жатыр. Қырымдағы атаулар секілді қазір ол да Нам-Цо боп өзгерген. Уақытында дәл сол жерден мыңжылдықтың адамы, Жаһанның болашақ билеушісі – Шыңғысхан тәңіршілдікті қабылдаған-ды.
Әлемдегі ең жылдам құбылыс – ой нажағайы. Сол мәңгілік нәрсенің арқасында Біз зеңгір көктің ұлдары өз-өзімізді танып, өлім жоқ, тек қана тым ұзаққа созылған жоқтау ғана бар екенін ұғынамыз. Тарихи Отаны сонау Тибеттегі аспани моңғол-түркілердің бір аңызы бар:
«Егер беліңе дейін шешініп, Тенгри-Нур өзеніне кіріп, арқаңның сұлбасын судан көрінетіндей етіп тұра қалсаң, онда төменгі жағың Көктің көкпеңбек түсіне боялады. Бұл – Тэнири-Тенгридың белгісі. Енді сенің есімің – аспани моңғол. Енді сен – түркісің. Қай елге барсаң да, сол ұлы таңба ұрпағыңда мәңгілікке мұра болып қалады. Олар со аспан мен адам арасындағы тылсым байланысты сезіне тұра, о сырды ешқашан аша алмақ емес».
Қазіргі кезде ол өзеннің аты өзгертілсе де, арадағы ғажап байланыс үзілген жоқ. Ел әлгі көкшіл түске «Шыңғыс қаған таңбасы» деген атау берсе де, о құбылыс «Әлем билеушісі» тумай тұрғанда-ақ болған, әрі ол түс – адамға күш-қуат береді.
Шыңғысханның тәңіршіл екеніне Моңғолиядағы Темучин суретінің айналасындағы аталмыш дінге жататын символ дәлел. Мысалы, тибет свастикасы – оттың, мәңгілік қозғалыстың белгісі немесе санскриттегі крестті ілмек түрінде көрсетілген символы сөзіме айғақ бола алады. Айтпақшы, ежелгі гректер со белгіні Кіші Азия халықтарынан еншілесе, ал олар Ескендір Зұлқарнайын заманына дейінгі таримдықтардан көрсе керек… Ол белгіні ежелгі гректер «тетраскеле» – «төртаяқты» немесе «өрмекші» делінген әлгі символ Күн культімен байланысты. Және VII ғасырдан біздің дәуірімізге дейін буддизм символикасына кіріп, Будданың құпия доктринасын білдірген-ді. Сол белгі біздің дәуірімізге дейін Авеста уақытында Үндістан мен Иран елдерінің тиынында бедерленген екен. Қытай мен Оңтүстік Америкаға дейін өтіп, майя тайпасының Күн айналысын білдіретін нышан болған-ды. Күн қозғалысының образы ретіндегі «трискеле» – «үш бейне», «үш аяқ» деген мағына береді. Мәңгілік қозғалыстың белгісі Жапония, Сикким мен Бутан және Моңғолиядағы Шыңғыс қаған штандартында да ұшырасады. Ол тағы өмірдің белгісі. Айта кететін нәрсе, әлгі бейнені сырттай өзгерткен Адольф Гитлер оны арийлер идеологиясы мен антисемитизмнің нышанына айналдырғаны тарихтан белгілі. Бірақ тарихты таза күйінде сақтап қалғымыз келсе, фашизмнің кесір-кесапаты мен оның алыпқашпа аңызынан аулақ ұстайық. Аталмыш таңба ежелгі еврей тас-табытынан да табылған екен.
Тәңіршілдікті Шоқан Уәлиханов пен православ бола тұра Лев Николайұлы Гумилев те ұстанған. Дана Шоқан өзінің атақты Шыңғыс ұрпағының шежіресін Левшин, Карамзин жазбаларынан біле тұра, ата-бабасының шыққан тегін Ұлы қағаннан емес, Барақ ханнан бастап таратқан еді. Кітапханамда қырқыншы жылы шыққан Ермахан Бекмахановтың «Қазақстан тарихы» атты тоқ том бар. Ол кітаптың «Қазақстанды отарлау» тарауы бұғауға басы сыймаған, құлдықтың қамытын киген халық турасында еді. Кенесарының 200 жылдығы кезінде аяқ астынан келген дауыл құмды Көкке көтеріп, елді әбігерге салғанда ойыма сол бір тар кезең орала кеткені. Анау құйын басы кеткен Кенесары ханды неге іздемей, бейжай отырсыңдар дегендей әсер қалдырды. Ал Абылай ханның 300 жылдығына ұйымдастырылған аламан бәйге кезінде жаңбыр жауды. Со күні мәреге жете алмай сан мәрте сүрінген сәйгүліктер, ақыры мертігіп тынды. Бұның өзі көп жайтты аңғартса керек-ақ. Ақан Құлагерінің ажалы мен тылсымға толы Тэнири-Тенгри сенімінің арасы алшақ жатқан жоқ…
Мен тарихтан сабақ алып, әр нәрсеге замана биігінен қарап, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы әрі тәңіршіл ретінде өз көзқарасымды, ойымды салыстырып жүремін. Ұлы көштен соң, бірнеше ғасыр өткеннен кейін Түркі қағанаты құрылған. Біздің түп-тамырымыз осы! Бұлай деп менің ұстазым Мұхтар Мағауин айтқан. Алтын Орда – Шыңғыс ханның ұлдары – біздің ата-бабамыз құрған ұлы ұлыс. Көк Орда – қазақтың ұлт боп ұйысып, мемлекеттік жүйенің құрылуына жол ашқан кезеңді қамтыды. Керей мен Жәнібектің Қазақ Ордасы мен Қазақ Хандығы – ұлт ретінде өз атын айбынмен айтып, ел ретінде еңсе түзеген шақ. Көптеген ұлыс, ру, тайпа, жүз атаулары кезіндегі тұтас Депші-Қыпшақ жерінде туған еді-ау.
Қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Керей мен Жәнібектерді тудырған Шыңғыс ұрпағына қарыздар. Билік үшін талас-тартыс кезінде талай бауыр бірін-бірі өлтіргені тарихтан белгілі. Бірақ айта кетерлігі, батырлар мен баһадүрлер туған топырағы – Ұлы Даланың тулақтай да жерін жауға берген жоқ. Қайта жау шапқанда арадағы кикілжіңді қоя қойып, Қазақ Ел боп жұдырықтай жұмылып, әр ру, әр ел өз батыры, өз қолбасшысын тауарих аренасына шығарып отырды.
Қара Ертіс пен кәрі Каспий, Хан-Тәңірі мен Зайсан, Тарбағатай мен Алтай, Көкшетау мен ежелгі Отырар, Байқоңыр, Атырау, Ақтау, Әулие-Ата, Алмалы, ЖиделіБайсын, Жерұйық, Қазығұрт, Қарқара, Түркістан, Төре-тұмсық… Ал қазақ ұлты қасиетті атауларды ұмытпағанына таң қаласың: Бәйдібек-ата, Домалақ-Ана, Бекет-Ата, Қобыланды батыр, Сырымбет батыр, Қорқыт ата, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Баян-сұлу, Қыз Жібек, Ер Төлеген, Ер Төстік…
Ел есіндегі есімдер мен атаулар Бізге осы күнге дейін ұмытылмай жетті. Бұны молекулярлық деңгейдегі құбылыс деп білемін. Сол себепті, атаулар жылдан жылға, ғасырдан ғасырға жалғасуының арқасында қазақ рухы, қазақ елі, қазақ халқы, қазақ ұлтының этимологиясы түзіліп, өз-өзімізді қайта тануға мүмкіндік алдық. Ұлы Далада мекен етіп жатқан ұрпақ ретінде біз алдымен тарихқа, одан кейін Алаш боп, Тәуелсіз Қазақстан боп, XXI ғасыр азаматы боп жеткенімізге жатқа өз жерін бастыртпаған Шыңғысхан ұрпағына алғыс айтуға тиістіміз!..
2016 жыл, қазан.
Аударған Әлібек БАЙБОЛ.