БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ БІЛ ДЕП БЕРДІМ…
«Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенді Абай бір жарым ғасырға таяу уақыт бұрын айтса да, осы тоқтамға жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқан сияқтымыз. Мұның себебіне де аса мән бере қоймаймыз. Сол баяғы шен-шекпен, мансап, атақ-дәреже арқылы келетін дәулетке иек артамыз. Соны басты құндылық санаймыз. Осының кесірінен нағыз білім ұлттық тұрғыдан екінші кезекке ысырылып жатқан жоқ па? Білімді басты құндылыққа жеткізу үшін не істеген жөн?
Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы
ҚАЗАҒЫҢЫЗҒА ҚАУІП ҚАЙДАН…
Қазақтың Қадыры атанған, жырларының жолдары мақал-мәтелге айналуы жағынан Абай хакімнің маңына жақындаған Мырза-Әлі ағамыздың: «Он байдың тоғызы сараң, біреуі арам» деген мәтелі бар. Ол кісі Оңтүстікке келгенде біз: «Аға, осыңыз тым қатқыл емес пе? Бұрынғы байлардай емес, тәуелсіз, азат елдің байлары олай бола бермес, неғыпты сонша…», – деп әзіл-шынын араластырдық. Қадағаң: «Жарайды. Үшеуі – сараң, үшеуі – арам деп өзгертейін, төртеуін түгендеп алыңдар», – деді қуақылана күлетін әдетімен. «Төртеуі Тәуелсіздіктің текті бағландары болғай, келешекте абзалдары мен адалдары көбейе бергей», – деп қорытқан болдық.
Байлар көбейіп келеді. Бизнесте. Билікте. Басқа да салаларда. Көбейе түссінші. Көпсінбейікші. Қазақтың ұлттық буржуазиясы да қалыңдай қалыптаспағы жөн. Алаш алпауыттарының саны да, сапасы да артпай, өзгелермен терезені тең ұстап иық теңестіретін дәрежелерге жетпей, бәрібір, байтағыңыздың бақ-талайы биіктерге шығандай алмас.
Байлықты, барлықты ешкім де жек көре қоймас. Бар болғанға не жетсін. Кембағалдықтан Құдай сақтағай. Алайда, аса адал да ақпейіл, қарапайым қатардағы адамдардың, өзгеше өнер иелерінің, тағы басқалардың да кей реттерде кедейлеу болуы мүмкін ғой. Кержалқаулықтың, еріншектіктің кесірінен кедей, кембағал болатындарға, әрине, обал жоқ. Шын өркениетті, шынайы мәдениетті мемлекеттердің текті, көргенді байлары мен бағландары, алпауыттары өз қамдарымен қатар ұлтының, халқының, елінің ертеңін күйттейтіні аян.
Өкінішке қарай, қазағыңыздың қазіргі байлары мен бағландары, алпауыттары мен олигархтары, кәсіпкерлері мен бизнесмендері еліңіздің, жеріңіздің, халқыңыздың арқасында байығандарын ұмытып, жете сезінбей, терең түйсінбей, ұлтының қамына қызмет етпей жатыр. Қазақ байларының басым көпшілігі Қадыр Мырза-Әлі ағамыз меңзегендей деңгейде. Бірақ шыртиып тұрып шіренуге шебер. Бұткерме кейіппен талтаңдай басып, тырсылдай тыржияды. Ыржиғанның өзінде жарылып кетердей кеуде керіп, көкірек көтеріп, бүйідейін білеуленіп, тоқ кенедей ісінеді.
Бүгінде бізде қай-қандай буындарда да, не-нендей салаларда да білімділік пен біліктілік деңгейді бағалау мәдениеті жүдеп-жадап кетті. Абай данышпан айтқандай, мақтаншақтық пен өлшем-мөлшерден асырып, боғын шығармақтың ақыры – апат. Көптеген кесел-кесапаттарыңыз «крышалардың» жетесіздерді жетелеуінен күшіктеп жатыр. Осылайша көптеген ерендеріңіздің өрен-жарандары дамуымызға, ел болуымызға, Тәуелсіздігімізге кедергі келтіріп, тіпті қауіп төндіретіні рас. Қазақта бір кесірлі психология қалар емес. Биіктердегі, биліктің түрлі буындарындағы мықтылардың әлдебіреулері ауылда, ауданда, қалада тұрса да жаппай құлдық ұрады. Әлгі әлдебіреулер лайықты, жетелі болса мейлі ғой. Жетесіздерге де жалпылдап, жағымпазданып, жандайшаптанады. Ал әлгілер әулекіленіп, білгендерін істеп, барша дүниенің белінен басады. Басынады.
Білімсіздерге, біліксіздерге бөгесін жасалмайынша, жетесіздердің жолы жабылмайынша, жемістеріңіз бен жеңістеріңіз жүдей береді. Ел мен мемлекет қамы, ұлт мүддесі миына кірмес мәңгүрттер, өзімшіл, өркөкірек өжеңдер, едіреңбайлар мен күдіреңбайлар кенедейін көпсіп, көбейе бермек.
Әне, қазағыңызға қауіп қайдан…
Мұхтар ӨТЕЛБАЕВ,
академик
ШЫН БІЛІМДІЛЕР ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫНАН ШЫҒАДЫ
Қазақтың қанына сіңген «ағайыншылық» деген қасиеттің екі ұшы бар. Қиналған, жетім-жесір қалған ағайынды бауырына басып, көмек қолын созу – жақсы жағы болса, сол туыстықты бетке ұстап, оның шама-шарқына қарамастан, орынсыз жерге тықпалау, жеке басының мүддесі үшін кісілікті ұмыту – зиянды тұсы. Кім болса да баласының жақсы қызметке орналасып, табысты болғанын қалайды. Бірақ сол жақсы өмірге жету үшін балаға дұрыс бағыт берудің орнына кейбір ата-аналар байлыққа, мансапқа, атақ-дәрежеге оңай жетудің жолын үйретуде. Оқу орнын айтпағанда, мектепте оқитын баланың бағасын көтермелеуді сұрау арқылы баланың санасына теріс әрекеттерді сіңіріп жүргендерін өздері де аңдамайды. Еш қиындықсыз-ақ бес пен төртті алып дағдыланған бала кейін өскенде де сондай жеңіл жолдарды іздейді. Өзі отбасын құрып, балалы болғанда да ұрпағына сол бағытта тәрбие береді. Мамандық таңдауға келгенде де жастар онша сергек қарамайды. Әйтеуір не болса да жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алып шықсақ болды деген көзқарас жиі байқалады. Қызметке орналасу мәселесі де көп жағдайда ағайынгершіліктің арқасында жүзеге асады. Әсіресе, шенеуніктер қайтсе де балаларын «бастық» жасауға тырысады. Осы жолда ар-ұяттың бәрін ысырып қойып, лауазымды адамдардың алдына дейін барып, жалынып, жалбарынады. Қалаберді пара береді. Ал енді осындай білімі таяз адамдар жоғары қызметтерде отырған кезде қоғамда қандай ілгерілеушілік болуы мүмкін? Егер шын білімді азамат қызметке отыра қалса, оны қалайда шетке ығыстыруға әрекет жасайтындар көп. Оның орнына білімсіз, тоқмешкей біреуді қонжита қояды. Өйткені, білімі төмен адам ешқандай қауіп туғызбайды. Бәсекелестікке қабілеті жетпейді. Білікті мамандар мен білімді азаматтардың екінші орынға ысырылып қалуының себебі осы деп ойлаймын. Нағыз еңбекқор, білімді азаматтар қарапайым халықтың арасынан шығады. Кей жағдайда өкінішке қарай өте кедей отбасынан шыққан жастар қызметке қолы жете салысымен жаман әрекетті адамдардың қатарынан бір-ақ шығып жатады. Сондықтан кім болса да барлық нәрсе арғы тегіне байланысты ғой деп ойлаймын.
Білімді басты құндылыққа жеткізу үшін тәрбиені отбасынан, мектеп қабырғасынан бастағанымыз жөн болады. Мемлекет басында отырған шенеуніктер ең алдымен халыққа адамгершіліктің, адалдықтың, шынайылықтың, білімділіктің үлгісін көрсетуге дағдыланса, халықтың мерейі үстем болары хақ.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,
журналист
АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ – ЖӨН, АРТЫ – СОҚПАҚ
Білімді басты сатыға шығару үшін қоғамдағы көзқарас тұтас өзгеру керек. Білім ешкімге қажетсіз болып қалған тәрізді. Қоғамның даму сатыларының барлығында білімге емес, арқасүйерге сенгендердің жолы болып тұр. Қоғам білімді болу үшін іргетасы мықты болуы керек.
Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі бірнеше рет реформа жасады. Жеті-сегіз мәрте оқулықтар ауысты. Ал бұл бір әдістемеге негізделген, жүйе жоқ деген сөз. Сондықтан да білім беру мәселесін құлдыратып алдық. Ал білімге деген көзқарас осындай боп тұрған кезде білімді, білікті адамдарға деген көзқарастың нәтижесі өздігінен белгілі болады. Біздің қоғамда білімділердің емес, ебін тапқан адамдардың жолы болып тұр. Әлемдік тәжірибеде милардың кетуі (утечка мозгов) деген ұғым бар. Білімсіз халық бірте-бірте өшеді. Бұл біздің құлдырап бара жатқанымызды көрсетеді. Осы кемшіліктерді жою үшін ең алдымен білімді адамдардың жолын ашуымыз керек. Сонда ғана біз білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз. Қазір білікті мамандардың орнын шала сауаты бар адамдар басып отыр. Мәселен, телевидение саласында білікті тележурналистердің орнын пысықайлар толтырды. Ол аз дегендей, білімді адамдарды әншілер мен бишілерге қызмет ететін дәрежеге түсіріп қойды. Өзі қазақ тілінде сабақ беріп отырып, қазақша сауатты жаза білмейтіндер бар. Мұндай жағдайда «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп Абай айтқандай, кібіртіктеп баса бергеннен басқа амал жоқ. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін білімді адамдардың бағын ашу керек. Соларға арқа сүйемесек, құрдымға кететінімізді мемлекет түсінуі қажет.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ,
дінтанушы
БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – БІЛІМ
Білімге деген құштарлық – балаға отбасынан тәрбиемен сіңу керек. Сіз мысалға келтірген Абайдың өзін алайық. Оның балаларының барлығы жақсы білім алды, оқыды, тоқыды. Тұңғышы Ақылбай 4-5 жыл молда алдында сабақ алып, соңында жоғалғаны, сақталғаны бар, бірнеше поэма қалды. Әбдірахман Санкт-Петербург училищесін бітірсе, Мағауия Семейден оқыды, кейінгі ұлдары Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйілдер де білімнен құр қалған жоқ. Мұның бәрі тар заманға қарамай, мол білімге ие еткен әке тәрбиесі, тәлімі еді. Сондықтан балам білімді болсын деген адам алдымен өзі білімді болуы керек, сосын перзентін сол білімнің соңына бағыттағаны жөн. Өмір бойы «бастық боласың» деп тәрбиеленген баладан ғалым шықпайтыны анық.
Одан кейінгі кезекте мектептегі білім беру жүйесіне өзгерістер енгізу қажет. Ұстаздарды қағазбастылықтан арылтып, тек балаға білім берумен айналысатындай жағдай жасау керек. Және мектепке кездейсоқ келіп қалған емес, баланы білімге ынталандыратын мұғалімдерді жинау керек. Мектептерде баланы бастауыштан кейін ынтасына қарай бір салаға қарай бағыттаған дұрыс.
Өміріміздегі басты құндылық білім екенін, білімге салынған инвестицияның мәңгілік екенін түсіндіретін, насихаттайтын идеология қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, жалпы кез келген ортада білімімен үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалар туралы көп айтылып, жазылса, мұндай әрекет кейінгі жастардың білімге деген ынтызарлығын арттырары хақ. Құранның ең алғашқы аяты да «Оқы!» деп келді, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде де білімнің артықшылықтары баса айтылады. Бұрынғыдай емес, осыны көкейіне тоқыған көптеген жастардың білімге деген үлкен қызығушылығын байқап жүрмін. Мұхит асып оқу іздеп, білім қуып кетіп жатқан жастар қаншама?! Білім басты құндылыққа баяу қарқынмен болса да айналып келе жатыр. Ал бізге бұл үрдісті арттыра түсу үшін еңбек ету керек.
Дайындаған Гүлім СЫДЫҚОВА.
ПІКІРЛЕР2