ӘЛІМҚҰЛ
14.10.2016
1368
0

23-betke-lim-lАдамдарды бауыр тұту әдетінен әсте жаңылып көрмеген Әлімқұл ақ­са­қалға Алла Тағала әдейі ұзақ ғұмыр сыйлаған сияқты. Күллі ауылдың оты қалай жағылып, түтіні қалай ұшатынына дейінбілетін біз есіміз кіріп, етегімізді жапқалы бері Әлімқұлды көріп өстік десек, асылық айтқандыққа жа­та қоймас. Тырнаққа ілігеріне  ұмтылғалы тұрған қаршығадай тас-түйін бі­тімі сұстанса да, еш залалы жоқ жаратылысын әлдеқалай танып қоя­тынбыз. Наразылық танытатындай түйіле қадалса да, ауыр сөз айтпайтын жарықтықтың тұла бойы қариялық дәстүрмен суарылған еді. Жастайынан тағдыр тауқыметін көріп, жоқшылықты басынан көп өткерсе де, таршылық әңгімесіне аттап басып бармайтын. Төрт құбыласы түгел, төрт түлігі сай кісі құсап тоқпейіл сөйлейтін. Қарсы уәждерге қасақана кектеніп, қыңы­раюдан аулақ ол домбытпа ахуалдың үстінде де жайдары қалпын сақ­тай­тын. Өлең бастауының берекелі көзінің тірі куәгері болғандықтан сол құді­рет тура өзіне қонғандай бойында бір сенімді үстемдік болатын. Мұн­дай мінез жалпы халық ауыз әдебиеті өкілдерінің ең басты артықшылығы екені әмбеге аян. Көкейінде тұнған өлеңді жан байлығы санап, көркемдік сиқыр біткенді айтқыштыққа балайтын танымдар мұрты бұзылмаған қалпы күні бүгінге дейін жеткеніне кейде таңқалатының бар. Құбылыстық танымдарды көбіне сырттан алып, басқа дүниенің сырына бойлаған кезде өз жауһарымыздың ерекшелігін қарапайым Әлімқұл сынды түсіне алмаудың дертіне ұшырағанымызды ептеп болса да ойлап қойған дұрыс та шығар. Өйткені, өзін мойындату жолында Әлімқұл ақсақалға көптеген кедергіден өтіп, тұнық зердесі арқылы жадысындағысын жаңғырту үстінде Жамбыл атасынікіндей несібе бұйырғанына көзіміз көрді. Жиған-терген жайларын Әлімқұлдың жария ету мәдениеті ата-баба салтының қалыбынан аспағандығы сүйсінтеді. Осы сабырлы ұстаным арқылы тартымды көрінетін Әлімқұл ақсақал қазақтың нағыз қариясы еді.

Алды-артыңа енді қарасаң, Әлімқұл жоқ.

Ж.ШАШТАЙҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір