ШАЛҚАЙҒАНҒА ШАЛҚАЙ, ОЛ…
Біз – ұзақ уақыт отаршылдық пен кемсітушілікті бастан өткізген елдің ұрпағымыз. «Өткені жоқ елдің ертеңі жоқ» деген халық даналығын ескеріп, шындықты білуіміз керек-ақ. Ендеше, қызыл империя кезінде бүркеулі жатқан шындықтың түңдігін ашып көрейікші… Әрине, ел іргесі сөгілмес үшін, елімізді мекендеген өзге ұлттармен арамызға сызат түсірмеуге тырысамыз. Біз осы күнге дейін көбінесе қалмақтың шапқыншылығынан көрген азабымызды айтуды қоймай келеміз. Шындығында, ол үш ғасырға созылған отаршылдық кезінде Ресейден көрген қиянатымыздың көлеңкесінде қалып қоймай ма? Оны «айтқызбасымыз» айтқызбай келді емес пе? Бірақ енді Ресей отаршылдығын ұмытсақ, болашағына сенімсіздікпен немқұрайлы қарайтын мәңгүрттер еліне айналып, жігері жасыған намыссыз ұрпақ өсірмейміз бе?
Елден АҚҚОШҚАРОВ,
педагогика ғылымының кандидаты,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.
Ғасырлар бойы теперіш көрген ұлттың тоқырауға ұшыраған санасын қайта қалпына келтіру үшін, есін жиып, еңсесін көтеру үшін тәуелсіздік алғаннан кейін, отарсыздандыру үрдісі жүргізілуі керек еді.
Алғашқы кезде саясаткерлер бұл мәселені батыл қолға алып, отар болған кезіміздегі көрген қиянатымыз үшін Ресей кешірім сұрасын деген де сөздер айтылған еді. Бұған іле-шала Ресейдің сол кездегі вице-президенті генерал А.Руцкой қазақ қайраткерлеріне «Комсомольская правда» газетінде былай деп жауап қайтарды: «Орыстар империя үшін кешірім сұрасын дейді. Мәссаған! Біз оларды есектен түсіріп, дәретхана қағазын қалай пайдалануды үйреттік. Енді, міне, кешірім сұрауға тиіспіз, ә?». Ал Путин болса: «Қазақта мемлекет те, мемлекеттілік те болмаған», – дейді. Олардың ойынша біз, «ұшарын жел, қонарын сай білетін», үнемі көшіп-қонып жүретін, белгілі тұрағы жоқ жабайы елміз. Сонда осыншама қорлыққа, кемсітушілікке көніп, үндемей, бұғып отыра беруіміз керек пе? Күні бүгінге дейін бұл мәселені қайта көтермей жылы жауып қойдық.
Отарсыздануды жүргізе алмауымыз – біздің ұлттық идеологиямыздың ең бір осал тұсы. Ұлттық санамыз әлі күнге құлдық психологиядан арыла алмай жүргенде «іштен шыққан жау жаман» деп халқымыз айтқандай, мұндай отаршылдық пиғылды сырттағылармен жарыса өз ішіміздегілер де айтудан жалығар емес. Орыстілді ақпарат құралдарының кейбіреулері Қазақстанның тәуелсіздігін ашықтан-ашық жоққа шығаруда.
Оппозиция серкелерінің бірі – Л.Своих «қазақтың сорпа бетіне шығарлары (элитасы) сөйлейтін орыс тілі – бірінші, ал қазақ тілі – екінші мемлекеттік тіл болады», – дейді. Ол тағы бір сөзінде: «Қазақстан Ресейдің отары болған, әлі де болып қала береді», – дейді. Своих айтса, айтқандай-ақ талай тарланбоздарымыз орысша бұлбұлдай сайрап, қазақшаға келгенде күмілжіп, мүдіріп, қақалып қалатыны рас-ау. Ол осыны тілге тиек етіп отырған жоқ па? Әлі күнге дейін орыс тілді қазақтарымыздың көбісі орыстың қайыс ноқтасына байланған бұзаудай Мәскеуге қарап мөңіреуін қоймайды. Бір кездері мәжіліс депутаты болған Макалкин қазіргі әнұранымыз қабылданған кезде «Әнұранда неге қазағым деген сөз жүр. Сонда Қазақстанда қазақтан басқа ұлт жоқ па?» – деп ашуға булыққанын да тыңдағанбыз. Сонда оның, сірә, Кеңестер Одағы кезіндегі Қазақ ССР Әнұранының «Біз қазақ» деп басталатынын білмегені ғой. Қазақстанның солтүстік аймағын Ресейге қосуды армандағандар Солтүстік Қазақстан облысын «Петропавл орыс Республикасы» деп атап жүр. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы кейбір казак өкілдері: «қазақтарға ешбір қатысы жоқ, өндірісі дамыған Өскемен аймағын Қазақстанға қосу – Лениннің үлкен қателігі болды», – дейді.
Тіпті, кейбір империялық ұстанымды мұрат тұтқан шовинистер әлі күнге дейін біздің ортамызда өздерін үндістер арасындағы испандықтардай сезінетіндігі байқалады.
Қоламтаға айналып бықсып жатқан отты қайта тұтатып, жаназасын шығарып қойған империяны тірілту мақсатымен, орыс шовинистері әр түрлі айла-шарғыға баруда. Соның бір көрінісі – казактардың әскери формасын киіп алып, қылышын сүйретіп, қамшысын үйіріп, көз алдымызда көлбеңдеп жүріп алуы – біздің намысымызға тимей ме? Ермактан бері халқымызды қырғынға ұшыратқан талай ойранды, қасіретті жылдарды есімізге түсірмей ме? Казактардың атаманы Л.Бурлаков Путиннің орыстарды Ресейге шақырған үндеуінен кейін, Қазақстан Президенті олардың біздің елімізден кетіп қалмауы үшін барынша көңіл бөліп, жағдай жасауы керек дейді. Сонда ол күнкөрістің тауқыметін тартып, тентіреп жүрген қазақ жастарын көзіне ілмейді-ау? Ата-бабаларымыздың осы казактардан көрген қорлығын еске түсіріп көрейікші… Кезінде казактардың әйел демей, бала-шаға демей қазақтарды қынадай қырып, олардың шұрайлы қоныстарын тартып алып, өздерін аздырып-тоздырып, қаңғыртып жібергенін алаш ардагерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсыновтар айтудай айтты, жазды. Орыс оқымыстысы В.И.Даль Орынборда қызмет істеп жүрген кездегі қолжазбаларының бірінде самогонға тойып алып, серуенге шыққан казактар қазақтың көшіне тап болып, ересектерді қырып, түйеге теңдеулі сандықтағы жылап жатқан баланы найзаның ұшымен іліп алып, лақтырып жіберіп, көш керуенін айдап әкеткенін жазады.
Сарайшық қаласына басып кірген казактар, жергілікті халықты қырғынға ұшыратып, хандар жерленген бейіттерді ашып, олардың сүйектерін өртеп жібереді. Қаһарлы Иван (Иван ІV) болса, Ресей империясында, Мәскеуден асқан қала болмауы керек деп, талай шетелдіктерді таңқалдырған әсем қаланы қиратуға жарлық берген. Сонау алпысыншы жылдары, Алматыда туып-өскен қарияның мына бір сөзі есімде: «Патша заманында Алматыдағы қазіргі 28 гвардияшылар саябағына кіре берісте «ит пен қазаққа кіруге болмайды» деген жазу тұратын» – дейді. «Қара орысты көргенде, сары орысты әкем дерсің» деген мақал казактардың осындай айуандық қылықтарынан туындаған болар.
«Қазақ әдебиеті» газетінде («Сібір оқиғасы», 24.01.2014) Тройцк қаласына іссапармен барған журналист 86 жастағы шалдан естіген әңгімесін баяндапты… «Осыдан бір жарым ғасырдай бұрын жергілікті қазақтар мен ішкі Ресейден келгендер арасында болған қақтығысты басуға арнаулы әскер – казактар жасағы шақырылған. Ешбір аяушылық болмай, еңкейген шал мен еңбектеген балаға дейін отқа лақтырып өртеген. Тек қыздар мен жас келіншектерді бойдақ казактар бөлісіп алған. Сондай қыздың бірін осы шалдың атасы атына өңгеріп алып келген. Мен сол әжемнің қолында өстім. Мені алдына алып, кемсеңдеп жылап, өз тілінде өлең айтып отырушы еді. Әжемді аяп, көз жасын сүртіп, «жылама» деуші едім, – дейді. Жасым болса келді, ең болмағанда әжемнің көз жасын ақтап кетейін. Тәуелсіз ел болдыңдар ғой. Қалайда жаз. Ел білсін», – депті.
Енді осы оқиғаға байланысты Москвадан шығатын «Литературная газетада» баяндалған мына бір қасіретті оқиғаға тоқталып кетейік («Кому нужны гроздья вражды», 23.09.2013)… 1814 жылы қанішер генерал Ермолов бастаған әскер шешендердің Дадан-юрт деген ауылын қоршап алып халқын аяусыз қырған. Шешендер де барынша қарсыласып, орыс әскері де біраз шығынға ұшыраған. Ауылды түгелдей өртеп, күлге айналдырып, 36 қызды қызықтап пайдалану үшін алып қалған. Айтбике деген қыздың бастауымен олар арнасынан асып-тасып жатқан Терек өзеніне қарай қашқан. Артынан қуған орыс солдаттары мен офицерлерін өздерімен бірге ала кетіп өзенге түсіп, ағып өлген.
Шешендер болса 2013 жылы сол өртенген ауылдың орнында 36 қызға зәулім ескерткіш орнатыпты. Мақаланың атынан байқалып тұрғандай, Ғылым Академиясының Тарих институтының оқымыстылары Шешенстан өкіметіне өкпелеп: «Ескі жараны қозғап керегі не еді? Шешендер тарапынан қатты қарсылық көріп, өздері де біраз шығынға ұшыраған соң осындай қанды оқиға орын алды. Бұл екі ұлтты араздастыру емес пе?» – дейді. Олардың ойынша, бұған шешендер кінәлі. Қарсылықсыз беріле салғанда қантөгіс болмайтын еді. Шіркіндердің астамшылығы-ай! Шешендер қаншама қасіретті бастарынан өткізді: талай қырғынға ұшырады; жер аударылды. Осыдан сәл ғана бұрын өткен тәуелсіздік үшін соңғы күресінде Ресей әскері Грозныйды қиратып, тағы да қырғынға ұшыратып, бодандық қамытын қайта кигізді. Сонда да ер-жүрек халықтың жігері жасыған жоқ. Жалтақ халықпыз-ау. Сексен алтыдағы орыстың шалы, қазақтың жиеншары неге үндемейсің, намысың қайда қазақ деп тұрған жоқ па? Осындай қырғынның қаншасын басынан кешірді екен біздің қазақ?
Мұндай кемсітушілікті, тіпті адам қатарына қоспай, жай ғана тобыр санаушылықты қазақ талай рет басынан кешірген. И.Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеген КОКП Орталық Комитетінің Пленумындағы баяндамасында Н.С.Хрущев: «Біз Сталинге Қазақстанда адам төзгісіз ашаршылықтан бүкіл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда ол: «Сары пәлекеттерден тек сондай жолмен ғана құтылуға болады» деп жауап берді», – дейді. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Иосиф Броз Титомен бірге Югословакиядағы партизандар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі – Милован Джилас 1943 жылдан бастап Москвада болып, Кеңестер Одағымен тығыз байланыс жасап, Совет Армиясының Югославияға көмектесуіне қол жеткізді. Ол Сталиннің қабылдауында жиі болып, Саяси Бюроның талай отырысына қатысты. Осылайша Сталин жөнінде көптеген мәліметтер жинады. Кітапта Сталиннің мейірімсіздігі, аса қаталдығы баяндалады. Югославияға кірген Кеңес әскерінің әйелдерді зорлап, халықты тонауға дейін барғанын айтқанда Сталин «Біз сендерді жаудан құтқардық. Сондықтан бірер әйелді өкпелетті деп ренжімей, кешіріммен қарау керек», – дейді. Сондай-ақ, Саяси Бюро отырысы кезінде немістерге жасалған қиянатқа осылайша жауап берген. Ал кейбір жағымсыз мәліметтерді естігенде ату керек, Сібірге айдау керек деген бұйрықты жиі беретін. Сталин тарапынан айтылған осындай қатыгездіктер негізінде Сталиннің бейнесін жасаған. «Ол (Сталин), Гитлерге қарағанда әлдеқайда жүйелі түрде, кең көлемде жаппай қырғын ұйымдастырған ірі әрі ауқымды қылмыскер» (Милован Джилас, Лицо тоталитаризма, М., 1992, 136 стр), – деп ащы да болса шырқыраған шынайы шындықты жария етіп тұрған жоқ па? Мұндай қанқұйлы, шовинистік астам пікірлер біздің атымызға талай рет айтылған. 1907 жылы Мемлекеттік Думада жер игеру департаментінің қызметкері: «Қазіргі қазақтар – кешегі Шыңғысхан Ордасының ұрпағы, сондықтан оларды Америкадағы қызылтер (үндістер) жұрт сияқты біржола жойып жіберу керек», – десе, сонау революциядан кейінгі алғашқы ашаршылық кезінің өзінде-ақ Орталық Комитеттегі жауапты басшының бірі – Тоболин: «Қазақтар экономикалық тұрғыдан әлжуаз халық ретінде онсыз да қырылып кетуге тиіс. Сондықтан оларға әлденедей көмек көрсетудің өзі бекершілік», – деп соғады. Жиырмасыншы жылдары Орынбор түгелдей, сондай-ақ Астрахань, Омбы, Волгоград, Новосибирь, Алтай өлкесі аймағындағы біраз жеріміз РСФСР-ға өтіп кетті. Осылайша совет үкіметі Ленин қол қойған декреттің күшін жойып, патшалық Ресейдің отаршыл саясатын жалғастырды. Біздің студент кезімізде сол аймақтардағы қазақ мектебін бітірген жастар Қазақстанға келіп оқушы еді. Қазіргі қазақ мектептері түгелдей жабылып, ондағы қандастарымыз орыстанып барады.
Кейбір мәліметтерге қарағанда соңғы бір ғасырдың ішінде Монғолияның территориясындай жерден (1,5 миллион шаршы километр) айырылыппыз.
Сонау 20-30 жылдары қат-қабат келген ашаршылық кезінде өзімізбен туыстас Өзбек, Қырғыз, Түрікпен халықтары ашаршылық азабын бұлай тартқан жоқ. Жеріміздің кеңдігіне, оның байлығына көз тіккен Патшалық Ресей де, Қызыл империя да елден ерек бізді талай рет қырғынға ұшыратты. Иен даланы қазақтан тазарту үшін, адам төзгісіз қатыгездікке барды. Ұлтын сүйген ұлыларымыз мұны көре білген, ескерткен. Сұлтанмахмұт: «Түбінде құруыңа елден ерек, мен айтайын болады жерің себеп» десе, Мұқағали: «Жалғанның жартысындай байтақ өлкем. Білмеймін сорың ба, әлде ырысың ба?», – дейді. Соңғы мәліметтер бойынша соғыс және қолдан ұйымдастырылған қырғын нәтижесінде Кеңестер Одағында 110 миллион адам қаза болған. Біздің халқымыздың шығыны шамамен 70 пайызға жуықтап қалады. Халықты жаппай ашаршылыққа, қуғын-сүргінге ұшыратқан – Компартия, Кеңес үкіметі. Ал «белсенділер» – бұйрықты орындаушылар ғана.
Біз құл-құтандар жиылып, тексіздер орнатқан мемлекет – Советтер Одағының шекпенінен шыққанымызды ұмытпайық. Билік басындағы тексіздер халқымызды қырғынға ұшыратқаны аз болғандай, тектілікті мұрат тұтып, елінің қорғаны болғысы келген алаш арыстарынан бастап бетке ұстар азаматтарымызды түгелге жуық жойып жіберді. Сөйтіп, ақыл айтар аға тәрбиесін көрмеген жетім баладай жалтақ ұрпақ – қазіргі зиялы қауым өкілдері өсіп шықты. Бұл жөнінде белгілі ғалым Рәбиға Сыздықова былай дейді: «1928-1937 жылдардағы айдалып, атылудан кейін күшік кезімізде таландық та ары қарай бас көтере алмадық» («Ана тілі», 11.09.2008). Осылайша ел тізгініне ие болып көшбастар зиялы қауым өкілдерінен айырылып қалған халқымыз қорғансыз жетімдер күйін кешті. Осындай геноцид салдарынан туындаған қорқыныш, үрей халқымыздың еңсесін басып, құлдық санаға мойынсұндырып, үлкен «ағаға» жалтақтайтын «кіші іні» болып шықтық.
Украиндар сонау 1932-33 жылдары халқының 5 пайызы қырылған аштықтың 75 жылдығын империя тарапынан жасалған геноцид ретінде атап өтті. Біз болсақ Ресейдің қас-қабағына қарап жалтақтап, ашаршылықтың сексен жылдығын еске алумен ғана шектелдік. Халқымыздың жартысынан астамын алып кеткен сол бір қасіретті жылды геноцид деп айтуға батылымыз жетпей отыр.
Қытаймен шекараны бекітіп алдық десек те олар география оқулықтарында Балқашқа дейінгі жерді өз территориясына енгізіп отыр. Оларға бұл істеріңіз екі елдің достығына көлеңке түсірмей ме деп айта аламыз ба? Кейбір мәліметтерге қарағанда, біздің елімізде бес жүз мың қытай тұрып жатқан көрінеді («Свобода Слова», 17.06.2011). Сондай-ақ, Қазақстан мұнайының 22%-ы да солардың иелігінде екен. Сонау батыс өлкеміздегі мұнайды игеріп жатқан қытайлар қазірдің өзінде қандастарымызға өктемдік жасап, өз адамдарын тартуда. Олар мерзімі біткен соң осында қалып қоймай ма? Еліне қайтара аламыз ба?
Кейбір сәуегейлердің айтуынша, егер Қытайдан алынған қомақты несие уақтысында қайтарылмаса, ол елге тартылған газ құбырының біраз бұтағы Қытайдың меншігіне өтіп кету қаупі бар дейді. Осы жайттар қаншалықты рас? Біздің байларымыз бен билік басындағылар шетелден үй, басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алуды әдетке айналдырып барады. Қиын-қыстау жағдай туса, олар Храпуновқа ұқсап шетел асып кетіп, Қытайдан алған қарыз халықтың мойнында қалып қоймай ма?
Сонау ерте заманнан бері Қытаймен қалыптасқан арақатынасымызға көз жүгіртіп көрейікші… Осыдан үш мың жылдай бұрын біздің арғы тегіміз саналатын сақтар (гректер «скифтер» деп атайды) Сары теңізді қыстап, Сары өзенді (Хуанхе) жайлау еткен аса қуатты мемлекет болған. Қытайлар біздің аңқау бабаларымызбен әр түрлі қитұрқы саясат жүргізе отырып алдаусыратқан: жылтырақ жібек маталар, көздің жауын алатын әшекей бұйымдар сыйлаған; сондай-ақ, біздің беделді ел билеушілерімізді «император қыздары» деп аталған арнаулы барлаушылар мектебінде тәрбиеленген сұлу қыздарына үйлендірген. Олар көшпенділердің көсемдері арасында іріткі салып, бір-бірімен қақтығыстырып, әр түрлі жасырын мәліметтерді Отанына жіберіп отырған. Кейінгі кезде көшпенділермен күресте елеулі үлес қосқан сол «император қыздарының» жазбалары көптеп жарық көруде.
Осылайша ауызбірліктен айырыла бастаған көшпенділер империясы бірте-бірте ыдырап, Батысқа қарай ығыса берген. Сол дәуірдің зары мен мұңын білдіретін, сағыныш пен өкінішке толы «Сарыөзен» күйі бізге келіп жеткен. Әлі де болса қуатты, жауынгер көшпенді бабаларымыздан қорғану үшін қытайлықтар осыдан екі жарым мың жылдай бұрын ұзындығы 21 мың километрдей Ұлы Қытай қорғанын салды. Ол қазір Пекиннің маңайынан өтеді. Орта ғасырда моңғолдар Қытайды түгелдей басып алды. Бірақ қытайлар моңғолдардан азаттық алып қана қоймай, олардың жерінің басым бөлігін өзіне қаратты.
XVI ғасырда Маньчжурлар Қытайды басып алып, үш ғасырдай биледі. Оларды да жұтып жіберді. Бұдан кейін бөліске салған еуропалықтардан да құтылды. Өткен жылы Қытай Халық Республикасының төрағасы Германияға іссапармен барғанда сол елдің канцлері А.Меркель оған 1757 жылы неміс ғалымы жасаған Қытайдың географиялық картасын табыс етті. Ондағы территориясы қазіргісінің жартысынан да аз екен. Қытай мемлекеті талай жыл қимылсыз жатып ашыққан, енді алдындағысын бірте-бірте жалмап, асықпай жылжып келе жатқан алып аждаһаға ұқсайды. Және оның ашылған аранына ең жақын тұрған елдің бірі бізбіз. Сондықтан жұтылып кетуіміз де оп-оңай. Сақтанбасақ, сорлайтынымыз хақ. Қазіргі Қытай алып ел. Америкаға да сес көрсетіп, аса қуатты империяға айналып отыр. Бір отбасына бір бала заңы жүзеге асқалы бері қыздан гөрі ұл болғанын қалайтын Қытайда жігіттер саны күрт артты. Сөйтіп, қалыңдық таппай қиналған жігіттер үшін арнайы заң қабылданды: өзге ұлт өкілдерінің қыздары қытайлық жігітке тұрмысқа шықса, баспана беріледі («Жас Алаш», 29.01.2015). Осыған орай ондағы қазақ қыздарының қытайлыққа тұрмысқа шығуы белең алуда. Бұл үрдіс қазақты ассимиляциялап жұтып қоюдың ең оңай тәсілі болмақ. Қариялар саны артып, кәрілер еліне айналу қаупі туындағанын байқаған үкімет қайтадан бір отбасына екі бала заңын қабылдады. Сөз жоқ, бұл заң қытайлардың қаулап өсуіне жағдай жасайды. Дипломатиялық айла-тәсілді терең меңгерген, аса қуатты Қытай үшін біз айдаһардың алдында тұрған қауқарсыз көжекке ұқсаймыз. Көжекті қалай аман алып қаламыз?
Халқымыз «қайыс ноқта» деп атаған Ресей үстемдігінен толық арыла алмай отырғанда, мойнымызды Қытайдың «темір ноқтасына» ұсынып отырған жоқпыз ба? Ресейдің де, Қытайдың да саясаты Қазақстанды өз құшағында тұншықтырып, жұтып жіберу. Ұлы көршілерімізбен қарым-қатынасымызға сақтықпен қарамасақ, «Жатқа тізгін берсеңіз, жаламенен бас кетер», – деп Бұқар жырау айтқандай бір күні Ресейдің губерниясы немесе Қытайдың аймағы болып қалуымыз да ғажап емес. Көпвекторлы саясат ұстанамыз деп елімізді есігі жабылмайтын үйге айналдырып жіберген жоқпыз ба?
Өзбек халқының өзіндік тарихы, қалыптасқан салт-дәстүрі бар. Өзге елге оның ішінде бізге де өктемдік жасап, үстемдік еткен кездері де аз болған жоқ. Өзбектердің өктемдігі тым әріден басталған жоқ па еді? Абылай қайтыс болғаннан соң, он жылдан кейін-ақ Қоқан ханы Әліқұл оңтүстік аймақты түгелге жуық басып алды. Тіпті совет дәуірі кезінде де қаншама жерімізді қосып алды. 1897 жылғы санақ бойынша өзбектер 555 мың, қазақтар 6 миллионға жуық, ал кейбір мәліметтер бойынша революция алдында 8 миллионға жетіппіз. Арғы тарихты былай қойғанда, Совет Одағы кезінде Қарақалпақстан (1930) және Тамды, Үшқұдық, Кенимех (1934), Бостандық (1958) аудандары Өзбекстанға өтіп кетті. Мақтааралдағы үш аудан Өзбекстанға өтіп, кейін қайтарылғанда қалған жерден Жизақ облысы құрылды. Қаншама қазақ, тәжік, қырғыз өзбек болып жазылды.
Кейінгі кезде Өзбекстанда қазақ мектептерін жабу кең өріс алып, қандастарымыз өзбек мектебінде оқуға мәжбүр болуда. Ташкент қаласы екі жарым ғасырдай қазақ хандығының қарамағында болғаны белгілі. Сондықтан да онда қазақтың саны біраз болған. Сонау 1960-1970 жылдары Алматыда бір ғана қазақ мектебі, ал Ташкентте отыз таза қазақ мектебі болды. Қазіргі кезде қаланың шетінде орналасқан бір ғана қазақ мектебі қалыпты. Осыдан біраз бұрын орталық ауруханадағы профессордың қабылдауында болдым. Қазақтың қара торы сымбатты жігіті, орысша араластырмай, таза қазақша сөйлейді. Сөзі де сондай әсерлі, мәнді. Дән риза болдым. Шығып келе жатсам, таныс дәрігерім: «Аға, өзбек профессордың қабылдауында болдыңыз ба? – Ол кісі кезінде Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген. Бірақ кейін жұмыстан қыспақ көре берген соң, өзбек болып жазылған. Енді құжаттарын жинап, қазақ болғалы жүр», – дейді. Кезінде тәжіктер өзбек халқын өзінің білімі мен мәдениетімен билегені белгілі. Тіпті өзбектің классик ақыны Ә.Науаи өлеңдерін тәжік (парсы) тілінде жазған.
Бұхара, Самарқанд, Термез аймақтарын мекендеген тәжіктердің басым бөлігі өзбектеніп кетті. Бұрын сол жерді мекендеген, кейіннен қалмақтармен соғыс, ашаршылық, қуғындау салдарынан көшіп барған қазақтар да өзбектеніп барады. Өзге ұлттарды өзбектендіру нәтижесінде соңғы 22 жылда халық саны 10 миллионға көбейіп, биыл 27 миллионға жетіпті. Қазақстандағы өзбектер де қаулай өсіп, 650 мыңға жетіп, өзге ұлттар арасында орыстардан кейін екінші орынға жайғасты. Олар біз сияқты сырттан қандастарын әкелген жоқ. Керісінше біраз халық көшіп кетті. Фашистік майданбек концлагерінде тұтқында болған қандасымыз Әнтай Әбдікәрімов соғыс басталған алғашқы күннің бірінде Ташкентте тұратын қазақтардың біразын бір пойызға тиеп жөнелтті дейді («Алматы Ақшамы», 12.04.2014). Тіпті, ұлттық тарихымыздағы дүниежүзіне танымал ұлы тұлғаларымызды да өзбек етіп алуды қояр емес. Әл-Фарабиге біраз таласты. Ала алмады. Ал өзіміздің Қоңырат руынан шыққан Алпамыс батырды иемденіп мың жарым жылдық мүшел тойын да жасап жіберді. Советтер Одағының Батыры генерал Сабыр Рахимовты әрең қайтарып алдық. Белгілі ғалым Натан Кенесарин мен талантты көркем суретші Орал Таңсықбаевты қайтара алмадық. Өзбек болып кетті.
Кейінгі кезде қазақ отбасындағы жаңа туған сәбиді ата-анасының келісімінсіз-ақ өзбек деп жазу белең ала бастады. Сондағы айтар уәжі «Қазақ болғың келсе, неге Қазақстанға көшпейсің?». Ал көшетін отбасы бір кездері мемлекет тарапынан алған үйін сатпай, тастап кетуі керек. Өзбектер жиі орналасқан Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өзбек мектептері баршылық. Ең бір таңғаларлық жайт, Сайрам ауданында 120 қазақ баласы өзбек мектебінде оқиды екен. Қылышынан қан тамған совет үкіметінің билігі әлсірей бастаған сонау 1989 жылы түріктерді қырғынға ұшыратып, ел ішінен қуып шықты. Күрд, кәріс тәрізді майда ұлт өкілдерінің біразы қорыққанынан үркіп қашты. Солардың бәрі дерлік аңғалдығы баладай, дархандығы даладай кеңқолтық қазақтан қоныс тапты. Тәуелсіздік алғаннан кейін орыстар да үдере көшті. Осылайша өзбектер өз жерін тазалап алды. Өзге ұлттарды ассимиляциялап, өзбектің санын көбейту арқылы Өзбекстан бүгінде тәуелсіздігін берік сақтап, Орталық Азиядағы аса қуатты мемлекетке, Ташкент таза өзбек қаласына айналды. Өзбектер өзге ұлттарды ассимиляциялау арқылы көбейсе, біз ассимиляцияланып өзге ұлтқа сіңіп кетуге бейімбіз.
Бұл бүгінгі күннің есігімізді қағып тұрған кезек күттірмейтін мәселесі емес пе? Ойланайық. Ойланбай, қамданбай болмас. Қорғаныс қабілеті төмен, бәсекеге қабілетсіз, аңқау қазақ табиғат берген байлығымызды сарқып алып, баяғыдай тоқ қалаға қарай ағылмайық. Өз ағамыз өзбектен үйренеріміз көп-ақ.
Қазақстандағы қазіргі қазақтың саны осыдан жүз жыл бұрынғы санымен қарайлас. Неге өспедік? Оның себебі көп-ақ: шапқыншылыққа ұшырап, тоз-тозымыз шықты; ашаршылықтан қырылдық; ұзаққа созылған бодандықтың қамыты жігерімізді жасытып, ұлттық иммунитетімізді әлсіретті. Осылайша қорғаныс қабілеті нашар, бәсекелестік қабілеті төмен ұлт ретінде өзге ұлтпен араласқанда өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтай алмай, ассимиляцияға жиі ұшыраймыз.
Болмаса өз ішіміздегі өзбек, ұйғыр, кәріс тәрізді ұлт өкілдері неге қазақ болып кетпейді? Соңғы кездері шетелдік жігіттерге тұрмысқа шыққан қыздардың саны көбеюде. Әлеуметтанушылар жүргізген сауалнама бойынша оқыған, сауатты қыздарымыздың біразы өзіміздің жігіттерден гөрі шетелдіктерді ұнататын көрінеді. Жігіттерміздің де, қыздарымыздан қалыспай шетелдік қыздарға үйленуі белең ала бастады. Талай сауатты жастарымыз шетел асып кетіп жатыр. Олар елге қайтып оралмаса, ассимиляциянып, өзге ұлтқа сіңіп кетпей ме? Бұл үрдіс әрі қарай тоқтаусыз жалғаса берсе, кең байтақ жерімізді, оның байлығын кім игереді? Осылайша тәуелсіздігімізге қауіп төнбей ме?
Біз көпұлтты мемлекетпіз. Сол ұлттардың ұлттық құндылықтарының сақталуына жағдай жасап отырмыз. Қазақ халқының толеранттылығы, ерекше төзімділігі арқасында бірлігіміз бен тұтастығымыз сақталуда. Бірақ ұлтаралық тепе-теңдікті ұстап тұру аса сақтықты қажет ететінін ұмытпайық… Кең байтақ жері, мол табиғат байлығы бар Австралияға бір кездері Еуропа, Азия, Африка елдерінен сан алуан ұлт өкілдері көптеп қоныс аударды. Ол елдің жерінің аумағы бізден үш есеге жуық үлкен, халқы бізбен шамалас. Әрбір ұлт өкілдері өз тілінде мектеп, баспасөз, тағы басқа ұлттық орталықтар ашуға ұмтылды. Бүгінгі күні ол елде радио 68 тілде, теледидар 60 тілде хабар таратады. Осылайша ұлтаралық бәсекелестік белең алып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіруде. «Жау жоқ деме, жар астында» деген осы емес пе? Кейінгі кезде тез қарқынмен қанат жая бастаған жаһандану – қазақ тәрізді баяу дамып келе жатқан халықтың ұлттық құндылықтарын, тіпті мемлекеттілігін сақтап қалуға қауіп туғызатынын ескеру керек. Біз тәрізді ұзақ уақыт отарлық езгіде болған ұлт үшін толеранттылықтың жағымсыз жақтарының барын да ұмытпайық. Толеранттылық үнемі иіліп, еңкейе беру, шексіз төзімділік емес. Өйткені, төзімділіктің бір көрінісі – жалтақтық, келісімпаздық, зорлыққа да, қорлыққа да шыдау. Біздің қазіргі толеранттылығымыз сонау совет дәуірінде қалыптасқан интернационалдық идеологиямен ұштасып жатыр-ау. Мемлекеттің тұтастығы, ұлтаралық татулық, бірлік керек екені даусыз мәселе. Бірақ біздегі ұлтаралық қатынас ескірген үйдің қабырғасын жұқалап сылап, жалтыратып қойған жасанды тірлікке ұқсайды. Ұрандап жүрген толеранттылығымыз онсыз да әлсіреп, қалжыраған қазақтың ұлттық мүддесі есебінен жүзеге асуда. Әлеуметтануда ішкі отаршылдық деген ұғым бар. Біз тәуелсізбіз деп жар салғанымызбен әлі күнге орыстың артықшылығына табынудан құтылар емеспіз. Тіліміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз ассимиляцияланып, орыстанудан арыла алмай келеміз. Ауыл тұрғындарының 80 пайызын құрайтын қазақтар осы ішкі отаршылдықтан көбірек зардап шегуде. Өткендегі қорлығымыз бен азабымызды еске алудағы мақсатымыз – өзге ұлттармен жауласу емес, достасу, терезесі тең құдайы көрші, тату ағайын болу. Бұл қағиданы кеңпейіл дархан халқымыздың өмірлік ұстанымы деп білейік. Қазақ – мемлекет құраушы ұлт дейміз. Халқымыз көш бастаушы ұлт дәрежесіне көтерілу үшін қазақтың тілінің, мәдениетінің, ұлттық құндылықтарының дамуына басымдылық беріп, жағдай жасау керек.
Мұндай қамқорлық қазақтарға берілген ерекше артықшылық емес; сонау кеңес дәуірі кезінде қазақ халқының басынан кешірген азабы мен көрген қасіретінің орнын толтыру деп білу керек. Осылайша еңсесін көтеріп, сенімге ие болған қазақ – көпұлтты мемлекетіміздің ұлы көшінің басындағы шаңырақ түйенің бұйдасына ие болады.