СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНДЕ
Өмірде түр-түсі келіскен, ойы мен бойы үйлескен, қарағанда көркіне көз тоятын азаматтар болады. Ондай кісілерді көрген жандар «сүйегі асыл екен» деп сүйсініп, таңдай қағып тамсанып жатады. Мен өзім аралас-құралас болып жүрген екі кісіге сүйсінемін. Бірі – былтыр ғана сексен бесінші көктемін қарсы алған Хамит кәнігі журналист.
Енді өз басым жүріс-тұрысына, іс-әрекетіне ерекше сүйсінетін екінші бір кісі бар. Ол – бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған, Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, ақын, аудармашы Көпбосын Панзабеков.
***
Қазіргі экологиямыз шегіне жете ластанып, бір кездері мыңғырған малға толы болатын жасыл жайлауларымыздың біразы Совет дәуірі кезінде 40 жылдан астам уақыт бойы жарылыстан көз ашпаған Семей полигонының зардабын тартса, ендігі жерде көрші ел Ресей 49 жылға жалға алған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан үздіксіз ұшырылып жататын зымырандардың кесірінен тау бөктерлері мен жазира жазықтарымыз, өзендеріміз бен көлдеріміз уланып, адамның сексенге келмек түгілі орта жас деп есептелетін жетпісіңіздің өзі «өткізбейтін өзен, жеткізбейтін кезең» болып тұрған мына заманда Көпбосын ағаның сыры кетсе де сыны кетпеген келісті келбетіне таңғалмасқа, таңырқамасқа болмайды. Қою шашына қырау тұрмақ түгілі енді ғана қылаулай бастаған. Сөзі ширақ, жүрісі жылдам, денесін тік ұстап кетіп бара жатқанда көз қиығын салмай өтпейтін бикештер де кездесіп қалады.
Келдім, міне, сексенге,
Тай үйретем тепсең де.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де, – деп жырлап, жүзге келген Жамбылдың шәкірті болған, өзі тоқсаннан асып дүние салған, асыл сүйекті кешегі Кенекеңдер өзінің алдындағы Ақан сері мен Біржан салдардың ізбасары еді. Олар өмір сүрген кезеңде ата-бабаларымыздан мұра болып қалған Ұлы Даланың тұмса табиғаты дәл бүгінгідей бұзыла қоймаған еді. Айнала шалқар теңіздей шалқып жататын көк шалғында үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, қора-қора қой мен ешкі жайылып жүрсе, айнадай жарқырап жататын айдын көлдерімізде аққу-қаздар жыртылып айрылатын. Кейіннен Совет заманы орнап, Қазақ жеріне қаптаған келімсектер жерімізді трактормен таптап, гүлдеріміз солды, айдын көлдеріміз суалды, жасыл жайлаулар шаңы бұрқыраған тақырға айналды.
Ал осындай сәні кеткен сұрқай далада туып-өскен Хамит Біржанов, Көпбосын Панзабеков сынды ағалар Табиғат-Ана бойларына сіңірген қасиеттің арқасында әлі күнге дейін тұғырдан түспей, әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп келеді.
Хамит Біржанов ағамыз жайында кезінде қиналмай жазған едім, ал Көпбосын ағамыз туралы жазу оңайға соқпаған жайы бар. Өйткені, Көбекеңнің атқарған қызметі де, жазғаны да көп. Егер де оның өмірбаянына қысқаша тоқталар болсақ, Шымкенттегі педагогика институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан. Сондықтан да ол екі тілде еркін жаза береді. Бұл өзі сирек кездесетін жәйт. Ал оның әдебиет ауылына ат басын бұруы мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталыпты.
Бастауыш сыныптарда оқып жүргенде сабақ үлгерімі төмен, тәртібі нашар құрдастарын әжуалап ана тілінде достық әзілдер жаза бастайды да, жоғары сыныпқа келгенде, одан кейін студент болған кезде орыс тілінде өлең шығаруға көшеді. Бір ғажабы, өзінің тырнақалды туындыларын ана тілінен орыс тіліне, орыс тілінен ана тіліне өзі аударып машықтана бастаған. Сондықтан да кейін қызметке араласқан кезде «Русский язык в казахской школе» журналының редакторы болып, Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының екі тілде шығатын «Білім – Образование» және «Қазақстан кәсіпқойы – Профессионал Казахстана» журналдарына басшылық жасаған. Ал қоғамдық-саяси салада атқарған қызметі бір төбе.
***
Енді Көбекеңнің творчествосына қарай ауысар болсақ, ол осынау қат-қабат қоғамдық қызметтерді атқара жүріп, бірталай іс тындырып тастапты. Солардың негізгілеріне ғана тоқталайық. Әдебиет саласындағы қомақты туындылары «Жылдар мен ойлар» (2000 жыл) және орыс тілінде жарық көрген «Годы и раздумья» (1999 жыл) атты жинақтары. Бұл кітаптарға өлеңдері, аудармалары, мақалалары мен зерттеулері кірген. Кітапта адамдардың мінез-құлқы туралы, мәңгілік ескірмейтін тақырып – махаббат жайында, бейбіт өмір туралы ой-толғамдары көрініс тапқан. Ішінара достық әзілдер, бюрократ шенеуніктер мен жемқор басшылардың ерсі қылықтарын сойып салатын өткір сатира да кездеседі. Табиғат көріністері де шынайы берілген.
Көбекең ақын ретінде:
Ақындықта еншім бар,
Боларыма сенемін…
…Өз елімді жырлауға
Талмайды менің өзегім.
Өзегім менің – өз елім,
Не салсаң да төземін, – деп ағынан жарылып, алдына үлкен мақсат қойған.
Әлбетте, әр ақынның әдебиеттегі жолы сан алуан болады. Көбекеңнің өлеңдерінің көпшілігі арнау және аудармадан тұрады. Ол көбіне дос-жарандарына, туған-туыстарына, қызметтестері мен әріптестеріне арнайды. Ал аудармалары да аз емес. Шығыстың ұлы шайырлары Рудакидің, Фирдоусидің, Низамидің кейбір жырларын аударған.
Мысалы Рудакиді:
Араныңды аша берме – міне, саған адалдық!
Мүгедек пен зағиптарға істей көрме жамандық!
Адамдық па басып өтсең құлап жатқан кісіні?
Олай емес! Тұрғыз оны – міне, саған адамдық! – деп, ал Фирдоусиді:
Ғаламдағы бар нәрсені тозаң басар, ескірер,
Өлмейді тек екі нәрсе – біледі оны естілер.
Хас батырдың ерлік ісі, данышпанның нақылы,
Мейлі жүздеп жылдар өтсін болмас оның ақыры, – деп қазақша сөйлетеді.
Сондай-ақ, грузиннің классигі Шота Руставелиден, авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтан, орыс ақындарынан А.Пушкиннен бастап Константин Симоновтың, Максим Танктің, Сергей Васильевтің өзіне ұнаған жырларын ана тілімізге аударған. Ал қазақ ақындарынан Абайдан бастап Махамбеттің, Ілияс Жансүгіровтің, Қасым Аманжоловтың, Мұзафар Әлімбаевтың, Нұрсұлтан Әлімқұловтың, Қадыр Мырза-Әлінің, Әдібай Табылдиевтің, Ескен Елубаевтың және тағы басқа ақындардың бірсыпыра өлеңдерін орыс тіліне аударған. Қазақ ақындарының өлеңдері орыс тіліне көп аударыла бермейтінін ескерер болсақ, Көбекеңнің бұл еңбегі аса құптарлық іс. Ақынның бұл аудармалары қазақ және орыс тілдерінде шығып тұратын түрлі жинақтарда, газет-журналдарда жарияланған.
Бір мысал. Көбекең 2006 жылы Абайдың Ресейде өткен жылына орай оның «Білім таппай мақтанба» деген атақты өлеңін орыс тіліне былай аударыпты:
Не овладев наукой, не хвались,
Без места в жизни не кичись.
Не радуйся попусту, с азартом,
За развлечением не гонись.
Коль хочешь быть человеком,
От пяти вещей уклонись,
К пяти вещам стремись:
Сплетня, ложь, хвастовство,
Леность и расточительство –
Вот пять твоих врагов.
Желание, труд и рассудительность,
Удовлетворенность и милостивость –
Вот драгоценностей пять столпов…
Абайдың орыс тіліне біраз ақындар аударған өлеңдерін көріп жүрміз ғой. Олардың ішінде сәтсізі де, сәттісі де кездеседі. Солардың қатарында мына аударманың өз басыма ұнағанын айта кетуге тиіспін.
***
Әрине, Көбекеңнің жазғандары мен аударғандарының бәрі төрт аяғын тең басып тұр деп айтсақ артықтау болар. Ал оқырмандардың талап-талғамдарының әр түрлі боларын ескерсек, біреулерге ұнаған нәрсенің екінші біреулердің көңілдерінен шықпай жатуы кәдік. Сол себепті де, бұл жағын көзіқарақты оқырмандардың еншісіне қалдырдық.
Көбекеңнің негізгі мамандығы педагог болғандықтан оның осы салаға сіңірген еңбегі елеуге тұрарлық. Солардың бірнешеуін ғана атап өтелік: «Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» (7 сыныпқа арналған) «Табиғаттану» оқулығы (4 сынып), «Қазақ ССР тарихы» (4-5 сыныптарға арналған оқулық), «Қазақстан тарихы» (8 сыныпқа арналған оқулық), «Қазақстанның физикалық географиясы» (8 сыныпқа арналған оқулық), «Жаңаша тарих» (10 сыныпқа арналған оқулық), «Адам және қоғам» (11 сыныпқа арналған оқулық) және т.б. Бұл еңбектердің бәрі қазақ тілінен орыс тіліне аударылған. Әлбетте, мұның қыруар күш-жігер жұмсауды қажет ететіні айтпаса да түсінікті.
Көбекең бұдан басқа мәдениет, әдебиет, тіл саласына қатысты және басқа тақырыптарға 250-ден аса мақала жазған. Ең бастысы – халыққа, әсіресе, кейінгі өскелең жас ұрпаққа пайдасы тиетін еңбектің жемісі. Жалпы, творчествомен айналысатын адамдар зейнет демалысына шықпайды. Олар еңбек ете береді.
Жыл сайын елімізде қазан айының басында Қарттар күні атап өтіледі. Осы күні қаладағы әр ауданның Ардагерлер кеңесінен шығып қолдарына бір-бір пакет ұстап, көшелермен әрең ілбіп келе жатқан қарт кісілерді көруге болады. Ал олардың қатарына Көпбосын ағаны қоса алмайсың, қосуға қимайсың.
Сексеннің сеңгіріне шаршамай, шалдықпай шығып отырған сері аға – Көбеке, өмір жасыңыз ұзақ болсын, осынау жігерлі қалпыңыздан таймаңыз, қартаймаңыз, халқыңызға береріңіз әлі де көп болсын деп тілек білдіруші әрі әріптес және де қатар жүрген қаламдас інілеріңіздің бірі –
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның Құрметті журналисі.