ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АБАЙ КЛУБЫНА 15 ЖЫЛ
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Абай» халықаралық клубы мен «Аманат» әдеби журналының 15 жылдығына орай салтанатты жиын өтті.
Осы әдеби клуб пен басылымның құрылтайшысы, жазушы Роллан Сейсенбаевтың 70 жасқа толуы мерейімен тұспа-тұс келген шараға көрнекті ақын О.Сүлейменов, қоғам қайраткері М.Әуезов, Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Н.Оразалин, Е.Попов (Мәскеу), режиссер С.Нарымбетов, С.Дзюба (Украина) белгілі журналист Б.Ғабдуллин, В.Берязев (Новосібір) шетелдік және отандық жазушылар, әдебиетшілер мен ғалымдар, студент жастар қатысты. Жиынның ашылуында сөз алған ЖОО ректоры Ғалым Мұтанов жазушы Роллан Сейсенбаевты мерейлі жасымен және елеулі еңбектерінің 15 жылдығымен құттықтап, ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері атынан иығына шапан жапты. ҚазҰУ ректоры өз сөзінде: «Абай» халықаралық клубы мен «Аманат» журналын «Қазақстанның әдеби бренді», – деп атады. Жиын барысында сөз алған ҚазҰУ ғалымы Ө.Әбдіманов Түрксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің құттықтау хатын оқып берді. Жазушы шығармашалығы туралы басты баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы Асылан Жақсылықов Роллан Сейсенбаевтың «Ібіліс тағы» романына жан-жақты талдау жасады. Конференция барысында «Менің 100 кітабым» жобасының тұсауы кесіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.