ҚАЙҚАЙЫС ПЕН ЕҢКЕЙІС
Тәуелсіздіктің жиырма бес жылында қол жеткізген жетістіктеріміз қандай дегенде, табыс түп атасымен жоқ деп тулайтындар жеткілікті. Екіұдай дүниенің ортасынан шындықты таразылап көрсек, қай жағы басым түсетінін жалпы ұлт болып ойлайтын уақыт келді. Әлі күнге дейін арамызда социализмді аңсайтындар жетіп-артылады. Сол социализм тарихына үңілсек, оның мерейлі жылдары тойланып, кеңінен аталып өтілген. Жырлар арналды, поэмалар жазылды. Табыс та қомақты сияқты. Былайынша ыңғай жетістік. Бұл өзі стереотипке жатпай ма? Тәуелсіз, мықты ел болудың алғышарттарының бірі – ұлттық тілдің беделі. Әйтсе де оның мүддесін қорғауға жоғары шенеуніктер неге ынталы емес? Егемендіктен бергі аралықта қазақтар қала жұмысын игеріп, бір кездері біздің қолымыздан келмейді дейтін күрделі салаларға құлаш сермей бастады. Бұл урбанизацияның көрінісі ме, әлде, тәуелсіз ұлт ретіндегі дамуымыздың белгісі ме? Жалпы, санасы азат, тәуелсіз ұрпақ қалыптастырудың жолы қандай? Ел егемендігінің жиырма бес жылдығы қарсаңында қол жеткізген жетістіктеріміз бен әлі де кемшін түсетін тұстарымызды саралап көрмек ниетпен мамандарымызға жүгіндік.
Берік ӘБДІҒАЛИ,
саясаттанушы
БІРЕУДЕН ІЛГЕРІ, БІРЕУДЕН КЕЙІН
Тәуелсіздік жылдарында Кеңес Одағымен салыстырғанда, әрине, әлеуметтік жағынан көп нәрсе жоғалттық. Көршілес елдерге қарағанда да біраз артта қалған тұстарымыз бар. Жалпы салыстырмалы түрде алғанда көптеген кемшіліктер табуға болады. Дегенмен де тәуелсіз ел ретіндегі жетістіктерімізді мойындамау әділетсіздік болатын шығар. Егемендігіміздің арқасында ең алдымен мемлекеттік нышандарымызды жаңғырттық. Тіл, тарих, экономика, т.б. салалар біртіндеп алға жылжи бастады. Өзіндік экономикамызды қалыптастырдық. Осы жиырма бес жыл ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын қалыптастырдық. Оза шауып кетпесек те, біреуден ілгері, біреуден кейін келе жатырмыз.
Әрине, біраз мүмкіндіктерімізді уысымыздан шығарып алғанымызды жасырмаймын. Көптеген жобаларымыз іске аспай орта жолда қалуда. Ауылшаруашылығын құлдыратып жібердік. Жолдарымыздың жағдайы да көңіл қуантпайды. Жұмыссыздық, жемқорлық, кедейшілік етек жайды. Алайда, осы мәселелермен күресу үшін билік те, оппозиция да бірігіп, барлық күш жігер мен қаражатты халық игілігіне қолданса, бәрін біртіндеп жақсартуға болады. Қазір де жағдай мүлде жаман деп айта алмаймын.
Әсіресе, үлкен кісілермен сөйлесе қалғанда, «үкімет бар кезде жағдай жақсы еді, үкімет құлағаннан кейін, бәрі құрыды» деген реніштерін жиі естиміз. «Ол қандай үкімет?» десең, «Кеңес үкіметі» деп жауап береді. Бұл өтпелі кезең ғой. Өтпелі кезеңде міндетті түрде өткенді аңсайды. Совет заманындағы әлеуметтік жүйені, экономиканы, тәртіпті сағынатын азаматтар табылатыны сондықтан. Бірақ сол үшін оларды тәуелсіздігімізді қолдамайды, қазақты сүймейді деп айыптай алмаймыз. Егер халықтың жағдайы жақсы болғанда, ондай әңгімелер айтылмас еді. Ол да қиналғанда айтылған сөз ғой. Мұның бәрі уақытша қиындық. Әлеуметтік-экономикалық жүйеміз қалпына келгеннен кейін бәрі оңалады деп ойлаймын. Елдің әл-ауқатын көтеру, кедейлерге қолдау көрсету, жемқорлыққа тосқауыл қою секілді кезек күттірмейтін шараларды қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде нақты қолға алғанда, ондай әңгімелер айтылмас та еді. Бұл үкіметтің, аймақтағы әкімшіліктердің тікелей жұмысы.
Тәуелсіздігіміздің тірегі – ең әуелі ұлттық рух, ұлттық мінез, ұлттық намыс. Намысымыз биік болса, тіліміз ешқашан төмен дәрежеге түспес еді. Себебі, тіл ұлтты қалыптастырады, тәрбиелейді. Мінезсіз, намыссыз ұлттың өзі де, тілі де мықты бола алмайды. Мысалы, үкіметті, өзгелерді сынға алуға дайын тұратын көпшілігіміз әлі күнге дейін туған тілімізді дұрыс меңгере алмай келеміз. Соның салдарынан әлі күнге өз ішімізден қазақ тілді, орыс тілді болып бөлініп жүрміз. Сондықтан бүгінгі күні ұлттық намысты ояту, ұлт рухын көтеру мәселелері өзекті болып тұр. Алайда, жағдай қиын деп қара бұлтты төндіргім келмейді. Қазақтың басынан бұдан да қиын заман өткен. Құдайға шүкір, қазақ тіліндегі мектептер көбейіп жатыр. Сол мектептерде білім алып, жаңа технологияларды өз тілінде меңгерген жеткіншіктер де билікке келетін күн туады әлі.
Сол жастардың бойына ұлттық рух, патриоттық сезім дарыта тәрбиелеу жағын ескеруіміз керек. Кезіндегі ақын-жазушылардың бәрі шын жүректен социализмді жырлады дей алмаймын. Көпшілігі тапсырыспен жазды ғой. Бірақ өздері соған сеніп, шын жүрекпен жазғандары да болды. Халық соған сенді. Зиялылардың, оқығандардың бәрін шетінен қырып тастап отырғаннан кейін, басқаша ойлауға мүмкіндігі жоқ ұрпақ қалыптасты ол тұста.
Кезінде орыстар қазақ бізсіз ел бола алмайды деп менменситін еді. Құдайға шүкір, қазір кей салада орыстардың өзінен ілгері шықтық. Себебі, жауапкершілік туған тұста, адам соған қарай бейімделеді. Дегенмен, бүгінгі күні интеллектуалды, ғылыми жағынан Ресей бізден біраз алға озып кетті. Себебі, олар Совет заманынан қалған мектепті сақтай отырып, ары қарай дамытты. Ғылым академиясын сақтап қалды, ғылымды қаржыландыруды доғарған жоқ, соның нәтижесінде әлемдік деңгейде жаңалықтар ашып, Нобель сыйлығын алып жатыр.
Жасыратыны жоқ, бүгін көп адам көкейдегісін ашып айтудан қорқады. Себебі, азаматтар билікке қарап жасқаншақтаса, билігіміз көршілес алпауыт мемлекеттердің қас-қабағын бағып отыратын кезең болып тұр. Көп нәрселерді айтуға шектеу қойылған. Осындай шектеулер азат ел ретінде дамуымызға кедергісін келтіруде. Ал жалпы дамитын ұлт ештеңеге қарамай, ешкімге жалтақтамай, өзінің күшіне, ақыл-біліміне сеніп нақты әрекеттерге барудан жүрексінбеуі тиіс. Сонда оны бәрі мойындайды.
Қазақты сүю қазақша сөйлеп, қазақ тарихын айтып мақтанумен шектелмесе керек. Бізде қазір ұлт мәселесін көтеруге байланысты тоқырау басталған секілді. Себебі, бес-алты жыл бұрын ұлттық мәселені тереңінен қозғайтын әңгімелер көп айтылатын. Ал бүгінгі әңгіме ауандары одан бөлек. Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы секілді көптеген айтулы шаралар өз дәрежесінде өткізіліп жатқан жоқ. Алдағы жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Оны қалай атап өтетініміз де белгісіз. Тарихымыздағы Қазақ хандығының 550 жылдығын да кеңінен өткізе алмадық. Бүкіл мемлекет болып сол мерейтойымызға арнап бір кино түсірмек едік, оны да әлі аяқтай алмай отырған жайымыз бар. Осындай кемшіліктерімізді ойлағанда, көңілге кірбің ұялайтыны рас.
Ғалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон «Қайта Ойлау»
институтының сарапшысы
АЛҒА ЖЫЛЖУДЫҢ ШАРТЫ
Тәуелсіздіктен бергі жиырма бес жылда неге қол жеткіздік, нені жоғалттық, табысымыз көп пе, әлде ұтылғанымыз көп пе деген секілді сауалдарды сұрай білу, пікір-
таластыра білудің өзі біздің ең үлкен жетістіктеріміздің біреуі. Жалпы алғанда, өркениетті, дамыған және тәуелсіз мемлекет пен сол мемлекет қоғамын ерекшелендіретін ең үлкен қасиет – әрқайсысы өзінше ойлайтын, өзіндік пікірге ие, өзіндік өмірлік стилі бар азаматтардың бірге өмір сүріп, өркениетті түрде пікір алмаса білуі. Яғни басқалардың пікірін қабылдамаса да, бір-біріне түсіністікпен қарауды, бір-бірімен келіспеуді өмір талабы деп алдын ала қабылдаған, өз ойларын өркениетті түрде айта білуді әдетке айналдырған қоғам бұл. Біз қанша жерден көңіліміз толмағанымен, менің ойымша, Қазақстанда осындай қоғам жиырма бес жылдан бері біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Бұл еліміздің жетпіс жылдық қапастан кейін сыртқы дүниеге ашылып, адамзаттың даму жолына қосылуымыздың ең үлкен жемістерінің біреуі. Мойындауымыз керек, ащы ақиқат, кешегі күнгі Кеңестер Одағы тоталитарлы жүйеге негізделген мемлекет еді. 1920 мен 30-шы жылдардың қасіреті, ГУЛАГ жүйесі, тіпті бертін келе, «оғаш ойлайтын» адамдардың жындыханаға қамалуы, т.б. тез ұмытылып кеткен сияқты. Бәлкім, әсіресе ауылдық жердегі халықтың қарны тоқ болатын, тұрақты жұмысы да болатын, бірақ бұның барлығы халқымызды әлемдік дамудан оғаштап, оқшаулап тастаған және орталықтың мақұлдауынан өткен бірыңғай ойлауды (шаблон десе де болады) санамызға орнықтыруға тырысқан саяси және әлеуметтік жүйенің «жағымды, тартымды» көрінісі еді. Кеңестік жүйенің әлеуметтік әділеттілікке негізделген бұл санаулы «тартымды» көріністерінің өзі 1970 пен 80-шы жылдарда ғана орныға бастаған болатын. Бұлар одан бұрын үнемі қантөгіспен, жаппай құғындаулармен, ашаршылықпен өткен кеңестік жүйенің алғашқы 45-50 жылдық кезеңінің жемісі іспеттес еді. Сондықтан социализмді аңсайтындардың болуы табиғи нәрсе. Бірақ олар да құр таусылып күйзелмей, бар нәрсені жоққа шығармай (бұл ең алдымен сол кісілердің өз денсаулықтарына зиян) елімізде әлеуметтік әділеттілікті одан ары қалай дамытуға үлес қосулары тиіс. Мысалы, не істеу қажеттігін саяси әлеуметтік дискурс ретінде қалыптастыруға ұмтылсын және дамыған елдердегі азаматтар секілді өз қолдарынан келетін шаруаны тындыруға тырыссын. Дамыған елдер халқы барлық нәрсені өкіметтен күтіп жатпайды. Мәселен, АҚШ-та азаматтар керек болса ұжымдасып мектеп те салады, көшелерін де тазалап алады, өз кембағалдарына қарап көмектеседі. Сол секілді, бізде де әркім өзінен бастасын. Ауыл-аймағын, көшесін, ауласының айналасын көркейтсін, мүмкіндігі болмаса, басқаларды ұжымдастырсын, яғни азаматтық бастамаларға мұрындық болсын.
Егемендіктен бергі аралықта қазақтардың көп салаларды игеріп бағындыра бастағаны тәуелсіз ұлт ретінде дамуымыздың белгісі. Тоталитарлы жүйе шарттарында бұның көбісін жасау мүмкін емес еді. Урбанизация да заман талабы.
Санасы азат, тәуелсіз ұрпақ қалыптастырудың алғышарттары меніңше, ең әуелі әділетті болуға және қажырлы еңбекке баулу. Бұны өмірлік салтпен үйрету, яғни бір нәрсені оңай жолмен тауып, келісіп, «ағамыз, көкеміз бар, қатырамыз» деген ойлардан мүлдем аулақ болу. Екіншіден, стереотиптерден аулақ болу. Ең үлкен әрі қауіпті стереотиптер айналадағы адамдарды жіктерге, топтарға бөлетіндер. Дамыған елдер жікшілдікпен күресу арқылы алға жылжыды. Үшіншіден, басқалардың жетістіктерін мойындай білу, тіпті оларға қуана білу. Бұл болмаса, арысы көреалмаушылық, берісі «құрбандық комплексі» (комплекс жертвы) пайда болады. Стереотиптермен тұмшаланған және басқалардың жетістіктерін көре алмайтын, әділеттіліктің не екенін түсінбейтін адамның санасы ешқашан азат бола алмайды, бұндай адамдар тұратын қоғам да дамымайды.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің
проректоры, т.ғ.д., профессор
АЙТА БЕРСЕК МӘСЕЛЕ ШАШ-ЕТЕКТЕН
Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміз мол. Біріншіден, біз бүкіл әлемге көбінесе бейбіт инициативаларымызбен жақсы жағынан танылдық. Қазақтың кім екенін әлем мойындады…
Екіншіден, экономикамызда біраз жетістіктер бар. Тас, әуе және темір жолдар салынды. Ұн сатудан біз бірінші орындамыз. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жақсы жұмыс атқаруда. Зауыт, фабрикалардың жұмысы да жақсарып келеді.
Үшіншіден, сыртқы саясатта дұрыс та ұтымды ұстанымдамыз. Бізді әлем жақсы мемлекет ретінде таниды. Ядролық қарудан уақытында бас тарттық. Әлем діндерінің съезі, Астанада өткен экономикалық саммит елімізге деген оң көзқарас қалыптастырады. Бұйыртса, алдағы жылы ЭКСПО да халқымыздың жақсы атын шығаруға септігін тигізеді деп сенемін. Спорт жағынан, білім саласынан болсын біз ТМД елдері ішінде алдыңғы қатардамыз.
Төртіншіден, осы уақыт ішінде елімізде ұлтаралық және дінаралық татулық орнады. Басқа ТМД елдерінде қақтығыстар көп болды…
Бесіншіден, тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа асқақ Астанасы бой көтерді. Алтыншыдан, шетелдерден бір миллионға жуық ағайын-туысты көшіріп әкелдік…
Әрине, айта берсек, игі істер көп. Дегенмен, күрмеуі шешілмеген мәселелер де шаш-етектен. Егемендікті пайдаланып біраз мәселені шешіп алуға болатын еді. Мысалы, жемқорлық мәселесі ушығып тұр. Командалар мен басшылардың жылжуы алаңдатады. Полицияның да жұмыс істеуі көңілден шықпайды. Қылмыс жасау, кісі өлтіру, суицидке бару жиілеп, жұмыссыздық кең етек жайып барады. Ауыл тұрғындарының жағдайы мүлде ауыр. Девальвацияның салдарынан жалақы еке есе төмендеді. Қымбатшылық етек жайды. Билік басына қарым-қабілеті мол, ары таза, білімді де білікті адамдар тартылмайды… Пәтер иелерінің кооперативі (КСК) дұрыс жұмыс жасамайды. Бас басына басшы көп. Әділетсіздік жайлаған.
Мен өзім білім саласында жұмыс жасаймын. ЖОО-да да өзекті мәселелер жетерлік.
Мәселен, профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлердің еңбек ақысының аздығы. Қазіргі таңда ғылыми-педагогикалық кадрлардың қаланың, республиканың, тіпті шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарына ауысып кетуі ЖОО-лардың сапалық деңгейін төмендетуде. Кейбір мамандар мемлекеттік басқару ісіне немесе бизнеске кетуде. Ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйесі магистрлер мен философия докторларынан құралмаған. Білімі мен білігі төмен жастар көп. Шет мемлекеттерден тәжірибелі ғалым-педагогтар аз тартылған. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген түлектерінің ішінде жұмыс істейтіндер саны аз мөлшерде. Негізінде ЖОО-дағы кафедра меңгерушілері мен декандар сайлануы керек.
Жұмыс үрдісінде оқытушылар мен мамандарды материалдық ынталандыру, келешегінен зор үміт күттіретін маман иелерін қызметтік көтермелеу механизмі ақсап тұр. Профессорлық – оқытушылық құрамның едәуір бөлігі Қазақстаннан тыс әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің педагогикалық жоғары оқу орындарынан білім арттыру курстарынан өтпеген. Ғылыми дәрежесі бар ғылыми-педагогикалық кадрлар жасының ұлғаю үрдісі байқалуда. Басқа отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен, ұйымдармен біріккен ғылыми зерттеулер де аз. Шетелдерден келіп оқып жатқан студенттер шағын ғана пайызды құрайды.
Соңғы жылдары ЖОО материалдық-техникалық базасы нығаймағанын көрсетіп отыр. Мәселен, бүгінгі күні студенттер мен шақырту алған оқытушыларға жатақхана жетіспеушілігі аса байқалып отыр. Заманауи ғылыми кітапхана көп университеттерде жоқ. Математика және жаратылыстану факультеттерінде оқитын студенттердің ішінде, әсіресе қазақ топтары 100% кітаппен қамтылмаған.
Жоғары оқу орнының сайттары көбінесе 3 тілде ғана жүргізіледі, мәселен оны 7 тілге дейін (неміс, қытай, араб, француз тілдерінде) көбейтсе деймін. Сондықтан жоғары оқу орнының халықаралық аренадағы танымалдылығын арттыру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу керек.
Оқу-жұмыс жоспары мен бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізу қажет. Мәселен, дүниежүзі бойынша жасөспірімдер арасындағы (10-17 жасқа дейінгі) суицид бойынша бірінші орынға шығып отырған Қазақстан үшін, бұл қасіреттің алдын алу шаралары қолға алынуы тиіс. Студенттер үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған тиімді оқу курстары да жоқ. БҰҰ келтірген мәлімет бойынша қазақстандықтардың денсаулығы ТМД елдері арасында ең төмен нәтижені көрсетіп отыр. (Зерттеуге қатысқан мемлекеттер арасында біз 145 елдің ішінде 111 орындамыз). Дегенмен, ХVІІІ ғасырда Қазақстан халқы ұзақ өмір сүруші ұлт ретінде танылған.
ЖОО құрылымы жаңа талаптарға сәйкес келмейді, өйткені шетелдік профессорлар мен студенттерді жұмылдыратын бірде-бір бөлім жоқ. Жұмыс берушілермен айналысатын жұмыс бөлімдері ашылмаған. Ғылыми мақалаларды жоғарғы импакт-факторлы басылымдарға беріп отыратын құрылымдық бөлімше де әлі құрылмады.
ЖОО ғылыми-зерттеу жұмысына сараптама жасай келе, төмендегі олқылықтарды айта кетейік: ғалымдардың тілдерді меңгеру деңгейінің әлсіздігі; республикалық бюджеттен және халықаралық гранттарды есептегенде институттың ғылыми жобаларды іске асыруға байланысты жұмыстары ақсап тұрғаны; жоғарғы импакт-факторлы мақалалар саны деңгейі жағынан жалпы төмен сатыда тұрғаны жаны ашыған адамды алаңдатады. Студенттердің академиялық ұтқырлығы да жеткілікті қамтамасыз етілмей отыр. Болашақта латын тіліне көшуге байланысты дайындық жұмыстары пысықталмаған.
Социализмнің стереотиптерінен бас тарту керек. Әрине, ұлтқа қызмет ететін мерейлі күндерді насихаттау қажет. Бірақ әр нәрсенің өз межесі болатынын ұмытпайық.
Орыстанып кеткен солтүстік аймақтарда солай ойлайтындар өте көп. Ол жағдай идеологиялық жұмысты күшейту қажеттігін байқатады. Бұл ол өңірлерде
отарсыздандыру үрдісі дұрыс ұйымдастырылмағанын білдіреді. Біз ең әуелі қоғамдық санаға әсер ететін ресейлік БАҚ-ты азайтуымыз керек. Халықтың жағдайы нашарлаған сайын кеңес дәуірін аңсайтындар саны көбейе береді. Украинаның Қырымымен қан төгіс болып жатқан Донбастың әлеуметтік жағдайы төмендігін пайдаланып, сыртқы күштер елді бөлшектеп жіберген жоқ па?..
Айтыла-айтыла жауыр болған тіл мәселесіне келсек, бұл жағдай біртіндеп шешімін табатын секілді. Біріншіден, қазақша білім алған, тәуелсіз елде туып-өскен буын өсіп келе жатыр. Арғы беттен бір миллиондай қандастар келді. Астанадағы бір миллион тұрғынның 80 пайызы – қазақ! Қазақстанда 25 жылдың ішінде қазақтың саны өсті. Ертең ол көрсеткіш 80 пайызға жетеді. Сонда бұл мәселе өзі-ақ шешіледі. Бірақ білім саласындағы реформаларды жүргізгенде қазақ тіліне теріс әсерін тигізбеу жағын ескеру шарт. Еліміздің Қызылжар, Қостанай, Өскемен секілді аймақтарындағы қазақтар санын арттыру қажет.
Қазақтың жері кең, бірақ әзірге саны аз. Сондықтан шектен тыс урбанизация да бізге қауіпті. Ертең елдің бәрі қалаға көшіп, даламыз бос қалса, бос жерге көзін сүзіп шетелдіктер қаптайды. Сондықтан ауылшаруашылығын қайта жандандыру жағын қолға алғанымыз жөн.
Дайындаған
Айнара АШАН.