ШАБЫТКЕРЛЕР ШАЙҚАСЫ
Шахмат – ой мен даналық ойыны. Кезінде ұлы хакім Абай да оған сүйсініп, төңірегіне көптеген өнер иелерін топтастырып, тоғызқұмалақ, шатыраш пен ханқамауды ермек қылмай, мәдени бір түрі деп қарап жан-тәнімен беріліп, ықыластана айналысқаны бекер емес.
Көне ойындардың бірі – көк кіндігіндегі күнді айналған жер сияқты әлемнің шартарабын шарлап, адамзат арасында кеңінен қанат жайып, барған сайын өзінің шынайы шырайын ашып, танымдық һәм бұқаралық сипат алып, бар-бар қадір-қасиетін арттыра түсті. Шынында да дөңгеленген дүниенің түкпір-түкпірінде оны ойнамайтындар кемде-кем.
Төркіні сонау шығыстағы Үнді елі десек те, ол бүкіл адам баласының ой өнеріндегі жансерігіне айналып отырғаны шындық. Соңына түсіп қаршадайынан айналыспаса да егде тартқанына қарамастан оған қызығып құмартатын алматылықтар көптеп табылады.
28 гвардияшылар-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан «Ардагер» павильоны қарт шахматшылардың басын қосып, діни және басқалай нанымдарын ескермей зейнеткерлердің мәдени және спорт орталығына айналып келеді. Он жылдан астам тарихы бар шахмат клубының тіркелген мүшелерінің өзі үш жүзден асып жығылады. Олардың 75 % разряды барлар. Бұл ойын отауы тек Медеу ауданының ғана емес, оңтүстік астаналықтардың да ұйытқысы болып, уақытты пайдалы өткізетін орын ретінде белгілі. Оның құрметті Төрағасы Қазақ КСР-інің бұрынғы Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің орынбасары, КСРО-ның ғылым мен техника саласындағы сыйлығының иегері, елуден аса зерттеу еңбегінің қожасы, оқымысты Тұрар Балтабайұлы Тұрсынбаев. Ол сонымен бірге өлеңдер жазып, «Жетпіс жыры» жинағын оқырмандарға ұсынды.
Жақында «Ардагер» шахмат клубында қазақтың белгілі ақыны, сыншы Аян-Сейітхан Нысаналиннің құрметіне турнир ұйымдастырылып, тақта үстіндегі кездесулер өте тартысты өтті. Ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Пәну Әбдіқасова бар зейнеткерлер оған қызу атсалысты. Қатысушылар оны нағыз шабыткерлер шайқасы деп атағандай, шара ойдағыдай ұйымдастырылды. А.С.Нысаналиннің құрметіне арналған жарыс жеңімпаздарына жүлделер тапсырылды. Алғы кезде де бұндай қызғылықты жүздесулер жиі-жиі өткізіліп тұратын болады.
Т.ОРАЗБАЕВ,
техника ғылымының докторы.