СӘДУАҚАС
«Алыс па екен Ұзынағаш, жақын ба екен Ұзынағаш» – бала кезде ауызға оралатын өлең жолдарының сиқы осы тақылеттес, ары қарай қалай ұйқасатыны есте жоқ, әйтеуір дүмбілез жапсыра салатын әдетті қазір ойлап қарасаң, бұқаралық мәдениет қай кезде де жайлы қонысын табады екен ғой. Алыс-жақынын кім біліпті, Ұзынағаштың ресми атауы ауыл, я кент, болмаса, орысша дөңгелектеп айтқанда, поселке ме, оған бас қатырып жатпаймыз. Бір аялдамасы Темекі сарай аталып, онда аудандық газет «Екпінді еңбек» орын тепкенін білеміз.
Екі бел ассаң, Алматыға жетіп баратыныңа қарамай «Екпінді еңбекке» неге сонша үйір болдық екен. Сонау Шәуілдірден Алматыға келіп, Әнуарбек Дүйсенбиевпен танысып, рухани аға ақылын алған Көпен бізден әлдеқайда көреген бе дейсің. Сөз бен өлеңге үйір жас атаулы ауыл-ауылдан осында келіп, жазған-сызғанын жүрексіне көрсететін үлкендердің болғаны да біле-білген кісіге ғанибет екен ғой. Редактор дейтінде шаруамыз жоқ, кім көңіл бұрса, сол жақының. Екі-үш кітап шығарып үлгерген Заманбек Жәкенов, шағын болмысыңа қарамай салмақты басатын Жұмаш Арғынбаев – алғашқысы ұзамай Алматыға жұмысқа ауысты, екіншісі жоғары партия мектебіне оқуға аттанды. Осы аралықта екеуінің ағалық жылы алақанын сезініп едік. Аудандық газетке өлеңдері үзбей шығатын туыс ағам Еркін Құтпанбаев қаймана қазақ құсап көзінің қиығын қадап қана өтеді. Тұрсынбек Ешенқұлов, Мақан Әміреев, Жұматай Қалығұлов, Өмірәлі Смайылов кейіптері бір-бір шығармашылық иелеріне татитындай, сырттарынан қызыға қарайтынбыз. Бұрынғы Темекі сарай қазіргі аудандық газет кеңсесі біз үшін сол кезде Жазушылар одағының шағын филиалынан бір кем соқпаған екен. Аттарына әбден қанық ақын-жазушылар туралы өрбіген әңгімелердің көбісі құлақ түргізбей қоймайтын. Көп роман жазған жазушы ағамыз түскі тамақтан келіп, күн сайын тісін шұқуға кіріседі екен. Сұраған сайын «Мәнті жеп келіп едім» деп жауап қатудан танбайды. Әріптесі бір күні әлгі роман жазғыш ағасының ізіне түсіп, соңынан аңдып барса,дүңгіршектен «пирожки» сатып алып, қомағайлана асап жатқан көрінеді. Келген бетте тісін шұқуға кірісіпті. Ізіне түсіп аңдып барған ол түк білмеген боп сұрамай ма. Анау шімірікпестен «мәнті жеп келіп едім» дейді. Күйіп кеткен «аңдушы»: «Атаңның басы, сен мәнті жеп келдің!» деп дүрсе қоя беріпті. Жазушы қауым ортасында болмасақ та, осындай әңгімелер арқылы рухани тұлғалардың мінез-құлықтарымен таныс сияқты сезінетінбіз.
Аудандық газеттің аядай бөлмесінде отырып атақты жазушы мен академиялық театр ұжымы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғанда бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз есімде. Міне, сол кезде жұмысқа өзгешелеу кейіпте келіп, түсі суық кісідей сұстана қарап ап, сонан соң жымиятын арамызда бір адам болды. Шу-шұрқан әңгімеде шаруасы жоқ кісідей қағаз-папкілерін қолына алып, тапжылмай оқуға кірісетін. Жұмысқа берілген шақта қабағын кере елтіп, қараторы өңіне қан жүгіргенде парасат иесіне тән ойлы нышан үйіріле түсетін. Екі жеңін түрініп, қолына қалам алған уақытта көздерін қиырға қадап, жазуларын маржандай тізе жөнелетін. Қазір дәл осы бейнесін елестетіп қарасаң, құдды туған бауырындай жақын тұтатының өзінше бөлек әңгіме. Оқыған-тоқыған жайларын өршелене өрікпіместен баяу баяндаған кезде ойын түгел ақтарып салмай, түбінде әлі бар дейтін сенімді де сергек әлпеті жұмбақтау көрінетін. Арамызда оқығаны да, тоқығаны да көп Өмірәлі Смайылов «ашқан жаңалығын» басқа емес, тура осы кісіге жөпелдемелетіп айтуға тырысатын. Кішкене көздерін өңменіне қадаған қалпынан танбай тыңдаған шақта – жанар аумағына нұры меймілдеп шығып, басқа бір адамда жоқ ерекше мағыналы күлімсіреу пайда бола кететін. Осы күлімсіреуді ара-тұра Отар даласында жүріп еске алатын едім. Орыс-қазақ араласқан ұжым сараң тіл қатысып, бірін-бірі қотару арқылы жұмыс істесе де, бауырмал ахуалды қолына шырақ алып іздесең де таппай дал болады екенсің. Міне, сол кісі қолыңа жаңа газеттерді алып ақтарған кезде қысқа-қысқа хабарларға әшейін тоқтала салатындай көрінетін. Атына жаңа-жаңа қаныға бастаған ғалымның докторлық диссертация қорғағанын біртүрлі жылы леппен айтты да: «Бізден бұл әлдеқайда жас» деді. Пенделік қызғаныштан түк жоқ, тек сүйсініс бар. Қалалық әдебиетшілер мен ғалымдар турасында айтқанда, таныс-білістігіне әсте жоламайтын. Оларға нағыз маман, керемет дарын иесі ретінде қарап, тіпті кие тұтатындай бөлекше құрметін сездіретін.
Осындай мінез тегіннен-тегін бойға жұқпайтын шығар. Ерте үйленіп, құрсағы құрғап көрмеген жеңгеміз жыл аралатып дүниеге сәби әкеледі екен. Тіршілік қамытын киіп, бейнетке белшесінен батып жүрсе де, әйелі екеуі кешкісін киноға баратынын көзкөргендер жыр ғып айтады. Балаға тәрбиенің өтімдісі әкенің бір жетіп, бір жетпеген еңбекақысы дегенді біз емес, қазақтың біртуар перзенті Әбіш Кекілбаев айтса керек. Бағанадан бері есімін бүркемелеп, атамаған, тірі кезінде әріптесі Өмірәлі Смайылов «Жақсы кісі еді, жарықтық» деп әзіл әңгіме жазған адам – Сәдуақас Бигелдіұлы арамызда жүргенде бүгін сексен жасқа толатын еді.
Әріптес інісінің әзілге толы әңгімесіне қыңқ демеген жарықтық маңғаз еді.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.