«АҚ ОРАМАЛ АРУЫ»
30.09.2016
2825
0

img_4823Халық  әні «Әгугай-ай»-да «Орамалы тұрады бес жүз жорға» деген сөз болса,  Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әже туралы әнінде» немересі әжесіне «Менің жаным жаулығыңа түюлі» дейді. Халық арасына кең тараған әндердегі осы сөздерге қарап орамалдың қазақ халқының өміріндегі ролін байқауға болады. Аналарымыздың арындай болған ақ орамалды тағы бір әспеттеу мақса­тында, халыққа «Мен сыйға тартқан орамал» әнімен танылған әнші, М.Мақатаев атындағы медаль­дің иегері Роза Әлқожа «Ақ орамал аруы» атты байқау өткізбекші екен. Біз әншімен аз-кем әңгімелесіп, орамалдың қадір-қасиеті мен байқау туралы сөйлестік.

– «Ақ орамал аруы» атты бай­қау өткізуге не түрткі болды?

– Бұдан екі-үш жыл бұрын Мек­­ке-Мединаға барудың сәті түс­ті. Қажылықтың талаптарына сә­­кес араб хиджабын сатып ал­дық. Сол тұста етек-жеңі жабық, кес­­темен дестеленіп, қазақы на­­қыш­та тігілген көйлектер бол­са, күн­делікті киюге жарамды, қа­ра­пайым халықтың қолы жете­тін­дей болса қа­зақ­тың қыз-ке­лін­шектері киіп жүрер еді деген ой келді. Бұл ойымды іске асырсам деп асы­ғып жүргенде жақын сіңлімнің бірі, көйлек емес, орамалды насихаттауды қолға алғаныңыз жөн болар, «Мен сыйға тартқан орамал» ат­ты әніңізге де сай деген кеңес бер­­­ді. Бағамдай келе, орамалды кес­­телеу, түрлі ою салуды ойыма ал­­дым. Айжан Годжурова, Айжан Бек­асыл есімді дизайнер қыздармен ақылдасып, жұмыс бастап кеттік. Бір қызығы, «Мен сыйға тартқан ора­мал» деген атына қарап, дү­кен­нің ашылуында тұсау­кесерге келген кісілер орамалдарды сыйлық екен деп алып кеткені бар. «Орамалды не үшін сатасыз, неге сыйға тартпайсыз?», – деген сұрақтар да бол­ды. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғам­бар­дың: «Бір-біріңе сыйлық жа­саң­дар, ол сендердің бауырмал­дық­та­рың­ды арттырады», – деген жақсы сөзі бар. Қазір келушілер дүкеннің символи­калық атауына үйренісіп кетті. Әрине, алғашқыда оңай болған жоқ, бірұжым мүшелерінің бір-біріне үйреніп, ортақ тіл табысып, бір идея төңірегіне ұйысуы үшін де біраз уақыт қажет екен. Оның үстіне, кесте мен тігіншілік бағ­зы заманнан бергі төл қолө­нері­міз болса да, жаңа заманның талаптарына сай дами қоймапты, мата да Қазақстанда өндірілмейді екен. Тәуекел етіп, өзім аса біле бермейтін, қыры мен сырына қанықпаған сауда саласына осылайша кірісіп кеттім. «Саудада достық жоқ» деген сөз бар ғой, ал өнер адамы үшін адамның барлығы жақының секілді, ешкімді жатырқамайтын әдетіміз бар. Осы тұрғыдан алғанда, бір уақыт өнерім басқа арнаға бұрылып кетердей әсерде жүргенімді жасырмаймын. Кәсіпкер қауымның көбі бір тауарды бір жерден алып екінші жерге сатса, біз матаны ғана алып, сол матадан алуан түрлі орамал тігіп сатамыз. Бренд қалыптастырудың қыр-сырын игере бастадық. Арада тоқыраған да тұсымыз болды. Қазір, Құдайға шүкір, ісіміз бір қалыпқа түсті. Розаның орамалын таққымыз келеді дейтін адамдар көбейіп келеді. Әрине, базарда орамалдың түр-түрі бар, жұқасы да, қалыңы да, түрлі пішіндегісі де жетерлік. Ал біздің орамалды алушылар, келініміз сіздей болсын, қызы­мызға сіздің жолыңызды берсін деп ырымдайды. Яки менің әнімді сүйіп тыңдайтын аналар, Роза қызымыздың әнін жақсы көруші ек, енді орамалын тағайық деп сатып алады.

– Әнші, қазақтың қызы, келіні ретінде орамалға деген көзқарасың қандай?

– Орамал – жалпы қазақ үшін қасиетті ұғым. Анам маған бойжете бастағаннан-ақ «Сен өскенде бір үйдің келіні боласың, болашақ анасың», – деп жиі айтатын. Бұл маған орамалдың қасиетін ұғындырғанмен бірдей еді. Босаға аттап, ақ орамал тағып, ана болғаннан кейін ғана үлкен өнерге қадам бастым. Елге «Мен сыйға тартқан орамал» атты әнмен танылдым. Құдайдың қалауымен Меккеге жолым түсті. Алла-Тағала мұндай нығметті тектен-текке бұйырмаған болар. Сол сапар орамалдың қадірін одан сайын сезінуге себеп болды десем, артық айтпаймын. Келер күннен үміттіміз, ұрпақ өсіріп отырмыз, келін түсіріп, ене болу бақыты бұйырар болса, орамал­дың қадірін өзіміз білмей жатсақ, болашақ ұрпаққа қалай ұғынды­рамыз. Осы себепті де, орамалды дәріптеуге барынша күш жұмсап жүрмін. Бұйыртса, «Мен сыйға тартқан орамал» дүкенінің бір жылдығына орай «Ақ орамал аруы» атты байқау өткізбекші­міз. Болашақ ана – қыздары­мыз орамалдың қадірін біле ме? Келіндеріміз аттаған ақ босағасының, орамалдың қасиетін қаншалықты ұғынады? Бұл, әрине, риторикалық сұрақ болуы мүмкін, алайда осындай байқау арқылы бүгінгі қоғам мүшелеріне орамал­дың бағасын аз да болса сезіндір­сек – мақсатымыз­дың жүзеге асқаны. «Мен сыйға тартқан орамал» әнінің орындалып жүргеніне биыл 15 жыл толады. Осындай атаулы күндерді бір игі іспен әспеттеуді жөн көрдім. Орамал – бағалай білсе әйел адамға Алладан беріл­ген бақ. Орамал – қазір сәнге айналған тиара, диадема, корона деген ежелгі әшекейлердің барлығынан биік ұғым. Өйткені, басында орамалы бар деген, иесі бар деген сөз. Біреудің ары таза қызы, біреудің абыройлы келіні деген сөз. Сондықтан да орамалды барынша насихаттауды бастадым. Орамалдың қасиетін айтуда біздің тіліміз жетпеген ойларды байқау кезінде үміткер­лер ақындық, әншілік өнер­лерімен жеткізер деген ойдамыз.

– Байқаудың қай күні, қай жерде өтетінін айта кетсең?

– «Мен сыйға тартқан орамал» дүкенін ашу барысында «Орамал» атты клуб ашқан едік. Клуб рухани басқосулар мен жастарға үлгі болар танымал тұлғалармен кездесу өткізеді. «Ақ орамал аруы» атты байқауды да осы клуб ұйымдастырып отыр. Байқау 1-ші қазан күні «Қазақстан» қонақ үйінің «Алтын емел» залында сағат 10.00-де өтеді. Оған Меруерт Өтекешова, Майра Ілиясова, Айнұр Тұрсынбаева, Ғалия Өзбекбай­қызы сынды қазақтың танымал арулары мен Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан сынды қазақтың маңдайалды ақындары, танымал журналистер Мадина Балғабаева мен Бейсен Құранбек қатысады. Келем деушілерге есік ашық.

Н.ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір