БҮГІНГІНІҢ АЛЫСЫ, ЕРТЕҢГІНІҢ ЖАҚЫНЫ
Бұрынырақта телеарналардың бірінен Сая Оразғалиева дейтін актрисаның сұхбатын құлағым шалып қалды. «Сіз Рамазан Стамғазиевті тыңдайсыз ба?» деген тілші сауалына: «Мен ол кісіні танымаймын» деп түйеден түскендей жауап берген актриса үшін айдалада отырып өзім қысылғаным-ай.
Илегені бір терінің пұшпағы бола тұра, бұрынғы дәстүр жалғастығын сақтап қалу былай тұрсын, өнер иелерінің бірін-бірі танымайтын жағдайға жеткені қалай? Кезіндегі әнші, әртіс, суретші, режиссер секілді түрлі өнер саласы саңлақтарының өзара сыйластығы, аралас-құраластығы туралы естеліктерді тыңдап отырсаң, ол қарым-қатынастың астарынан бір жылылықтың лебі байқалатын. Ескілікті кісілердің адамгершілігі мен тектілігі бүгінгі буын бойынан табыла бермейтіні неліктен? Өнерді бағалау, талантты құрметтеу тұрғысынан қарасақ, олар томаға-тұйықтыққа ұрынып жатқандай. Бір кездері суретші бүкіл өнерді кие тұтса, ақын-жазушы театр мен музыкадан бес саусақтай хабардар болатын. Жалпы, мұндай қабілет пен тілеулестік қатынас олардың өрелерінің биіктігін де аңғартатын. Қазір бұл әдет жоғалмаса да соған жақын құбылыс. Бұдан адам да, өнер де зиян шегері даусыз. Санамызды торлаған сан сұраққа жауап алмақ ниетпен түрлі өнер майталмандарын әңгімеге тартып көрдік.
Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақ КСР-нің халық әртісі
ЕШКІМНІҢ АМАНДАСУҒА УАҚЫТЫ ЖОҚ
Өнер адамы – жарыста тұрған адам ғой. Біз қанша жек көрсек те, кешегі қызылдар саясатының да жақсы жақтары болды. Бұрын үлкен-кішілер театрдың өзінде жиі-жиі бас қосып, көрген-білгендерімізді ортаға салып отыратын едік. Үлкен кісілердің жанынан қалмай жүріп образ жасауды үйренетұғынбыз. Қазір бәрі басқаша. Театрға кеше келген жастар бізден ештеңе сұрамайды. Ал жасап жатқан образдары жоқ. Өкініштісі сол. Бәсекенің заманы болған соң ба, осы күні жақсы жазғанды да, тұрмыс-тіршілігін түзеген адамды да көре алмайтын болды ғой. Осындай көре алмаушылыққа кім, қалай кедергі бола алады?
Өзіміздің де сөйлесіп, сырласатын адамымыз аз қалды. Қазір заман, тіпті заман деймін-ау, адам өзгеріп кетті. Теледидардан небір сұмдықты көрсетіп жатқанда: «ойбай-ау, мыналарың не?» деп айта да алмай қалдық. Еркіндік, демократия деген желеумен мысыңды басады. Эстрадамыздың күйі тіпті қарын аштырады. Құдай сақтасын, шетінен жұлдыз, шетінен мақтаншақ. Үй-жайын, жататын төсегі мен дәретханасына дейін қымсынбастан жаһанға жария етеді. Әбден беттері ашылып кеткен. Әуелі қанша әйел алып, қанша күйеуден шыққандарына дейін жасырмайды, шіркіндер. Осының барлығы керек пе еді? Ізет, инабат, парасаттылық дейтін ізгі қасиеттер қайда қалды сонда?
Кезінде жиі-жиі кездесулер мен талқылаулар ұйымдастырылып тұратын болғандықтан жастар мен қарттардың арасында жақсы байланыс, алтын көпір болатын. Ылғи мектептерде, жоғары оқу орындарында жүздесулер өтіп жататын. Жастардың сұрақтары да таусылмайтын-ды. Қазір жастарда ондай қызығушылық жоқ.
Осы күні қазақтар тіпті бір-бірімен амандасудан қалды ғой. Көршілерімізге кейде: «Әй, сендерге не болған, неге амандаспайсыңдар?» десем, «Ойбой, аға, сіз қызық екенсіз ғой. Аспаннан түстіңіз бе? Қазір ешкімнің амандасуға уақыты жоқ» деп күледі. Расында да әркім өзімен-өзі қалды ғой бүгін. Бұл томаға-тұйықтық өнер адамдарына да келген. Әркім өз бетінше, өзімен-өзі тіршілігін жасайды.
Кезінде театрда пьесаң қойылу үшін, эфирден шығармаң берілу үшін қаншама талқыдан өтетін. «Бұның жастарға тәрбиелік мәні қандай, жалпы қазақ халқына қаншалықты пайдасы бар» деп әбден саралайтын. Қазір бұлардың біреуі жоқ. Ақшаңды төлесең болды, эфирден түспейсің. Оның халыққа пайдасы мен жастарға әсерін елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ ерте ме, кеш пе, осы мәселені ел болып, жұрт болып қолға аламыз ғой деп ойлаймын. Жастарының ар-ұят, намыс деген ұғымдардан адыра қалуы қай қоғамға тиімді? Әдепсіз, тәрбиесіз білім алған ғалым – халықтың жауы деп бабаларымыз да айтқан ғой. Құдай содан сақтасын.
Ал әзірге біздің жұрт біреудің сынын көтеретін жағдайдан қалған. Біреуге сын айтсаң, ата жауындай көреді. Ақыры қабылдамағаннан кейін оның бәрі бірте-бірте шаңның астында қала береді.
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ,
режиссер
ЖЕКЕ ҚАЗҒАН ҚҰДЫҚ ШЫҢЫРАУ БОЛА АЛМАЙДЫ
Шынын айтқанда, осы күні өнер адамдарының басы қосылатын екі-ақ себеп қалды. Бірі – торқалы той, екіншісі – топырақты өлім. Бір кездері Кино үйі, Жазушылар одағындағы «Қаламгер», суретшілердің шеберханасы секілді шығармашылық адамдары жиналатын орталықтар бірнешеу еді. Қазір заман ағымына қарай әркім өзімен-өзі болып кетті ғой. Бұл үшін біреу кінәлі деудің өзі бекершілік. Адамның бәрі «заманға күйлеген» уақыт туды. Қырғызстанға Болат Шәмшиевтің мерейтойына барған сапарымда ондағы өнер адамдарының «Ойпырмай, бір-бірімізді көрмегелі екі жылдан асып кетіпті-ау» дегенін көріп, ондағы ахуал да біздегідей екенін аңғардым. Күлкілерінің астарында мұң жатқанын да байқадым. Бәрі өзінше бөлек-бөлек «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болып қалған кез келді.
Алпысыншы жылдары «некоммуникабельность» деген теория шықты. Адам мен адамның қарым-қатынасы күрделеніп бара жатқаны туралы кітаптар жазылып, кинолар түсіріле бастады. Сонда біз «Күнде бірге қызмет жасап жүрген адамдар қалай бірін-бірі түсінбейді?» деп күлетінбіз. Сол індет енді бізге де келді. Бізде қазір жабайы капитализм жүріп жатыр.
Десе де, мен соңғы кездері бір жақсылықтың нышанын байқап жүрмін. Осы күні жұрт тек кино мен кітаптардың тұсаукесерлерінде ғана емес, былайғы уақытта да шоғыр-шоғыр бас қосатын орындар іздей бастады. Кім кешке дейін үйіне шақыра береді мына заманда. Жақында бір басылымнан шығармашылық адамдарына арнап бір мәдени орталық салынып жатыр деген жақсы хабар оқыдым.
Жаңағыдай барлық өнер иелерінің басын қосатын мәдени орталық ашылатын болса, ол тіпті керемет болар еді. Бәріміз соны жыл құсындай күтіп жүрміз. Ал әзірге әрқайсымыз есігімізді тарс жауып, жеке құдық қазып жатқан жайымыз бар. Бірақ жеке қазған құдық ешқашан шыңырау бола алмайды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы
ИТ ТІРЛІКТЕН БАСЫМЫЗДЫ КӨТЕРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ
Бізден ілгергі толқындардың кезінде қазақ өнері және оның қайраткерлері бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажеттіліктен туған. Өйткені, ол тұста драма да аз, жазылған шығарма да аз, көркем кеңістік те аз еді. Сондықтан жазушы, режиссер, актер, композитор бір-бірімен тұтас байланыса отырып, қазақ өнері мен мәдениетінің алғашқы тамырларын тереңдетті. Оларға бұл бірлік қажет болды. Кейінгі толқындардың арасында да бұл байланыстар жалғасты. Тіпті жазушының бір көркем шығармасын талдауға театр, кино саласындағылар да қатысты. Өйткені, ол бүкіл қазаққа ортақ игілік болуы керек еді. Сондықтан сексенінші жылдарға дейін жазушы, режиссер, театр өзара байланыста күн кешті. Бара-бара әр сала өзіне сай толғатты, қатарлары өсіп, әр саланың жеке-жеке мектебі, өз қайраткерлері пайда болды. Енді олар өз мәселесін бір-бірінен дара шешуге тура келді. Осы тұрғыдан алғанда бұл тарихи құбылыс. Бүкіл әртіс, қаламгер, кино, театр қайраткерлерінің бірігіп жүруі даралық емес, тобырлық психологияны көрсететіндей кейіпте көрінді. Бұл бізге ғана емес, көршілес елдердің өнер қайраткерлеріне тән құбылыс. Өйткені, өнер – даралық.
Қазір қай режиссерді алып қарасаң да, тіпті Ұлттық Өнер Академиясында драматургиядан, сценарий жазудан, сахна қойылымынан дәріс оқитын профессорлардың өзі қазақ әдебиетін толық білмейді. Олар драматургияны, сценарийді, жазушылық өнерден мүлдем басқа деп қарайды. Бүгінгі күннің техникалық жабдықтарына байланысты режиссердің мүмкіндігі күшейді. Оған енді дүниені кітап арқылы танудың қажеті жоқ. Сол техникалық құралдар арқылы өмірді өз бетінше бейнелейтін жағдайға жетті.
Әркімнің өзімен-өзі болып кетуінің және бір себебі – ортақ мүдденің болмауы. Өзара әңгіме сабақталу үшін олардың ортасында ортақ пікір, мүдде болу керек. Дүниежүзі кино жанрының даму бағытына қарасақ, олардың арасында көркем шығарма негізінде түсірілген немесе сахналанған туынды аз. Тек авторлық фильмдер мен сахналық қойылымдарда ғана жазушының шығармаларына жүгінеді. Онда дербес көркемдік ой бар. Ал бүгінгі сахна да, кино да қаржы табудың көзіне айналып кеткен заманда бұл қарым-қатынастар өз-өзінен үзілді. Режиссер, сахна режиссері, актер, жазушы, суретші, композитор арасындағы түсіністік азайды. Ақшаның көзі, бірақ ыстық емес, оның пиғылы да басқа, идеясы да басқа. Ал қаламгерлер негізінен көркем идеяны өзек етіп алады. Сондықтан бұл ажырасудың тегі табиғи деп ойлаймын. Алайда, қазақ сияқты ат төбеліндегі қылдың санындай ғана аз халықтың маңдайына біткен аз шығармашылық зиялы қауымның бірге жүргені, біртұтас болып бір идея үшін күрескені керек еді. Біз оқырманның, көрерменнің талғамын бірігіп, биік деңгейге көтеруге тиістіміз. Біздің ұлтымыз әр идеяны әр тұстан талапай ететіндей деңгейге жеткен жоқ. Қазақ халқының рухани тұтастығы әлі толық көңілімізде, миымызда, санамызда тоқылып біткен жоқ.
Осы күні техникалық интеллигенция, шығармашылық интеллигенция, жастар, қоғамдық интеллигенция бет-бетімен әрқайсысы өз мүддесін өзі көздеп жүр. Олардың басты мақсаты – күнделікті табыс. Ал ол табыс бүгінгі тілмен айтқанда, бизнесте. Бизнес сенің идеяңа пысқырып та қарамайды. Қазіргі түсіріліп жатқан, қойылып жатқан туындыларға әкімшілік демеушілік жасайтын жағдайы бар. Ол бір көзі ақшада, бір көзі лауазымда, бір табанымен сауданың қазынасын басып тұрған кезде, оның талабымен қойылатын өнерді де аяққа басады деген сөз. Неге қазір облыстық театрлар сахнасы жұтаң тартып кетті? Неге кейбір түсірілген фильмдерде қойып тұрған режиссердің идеясына бағынбай басқаша шешім қабылдап кетті? Неге барлық көркем шығармалар бір қалыптаспаған, қалыптасуға тиісті емес кеңістікте өмірге келеді? Осының барлығы творчество адамдарының әлемді көркем қабылдауымен, көркем ойлауымен, сыни талдауымен және оны өмірге алып келуімен қабаттаса бермейді. Өкініштісі, сол аз шығармашылық зиялының белгілі бір ағымдар мен бағыттар туралы, көркемдік деңгей туралы пікір алысу түйсігі мәз емес. Ондай режиссерлер бар. Бірақ аз. Үлкен буынның көзін көріп, сол ізбен жүрген өнер адамдары сценарийін жазушыларға көрсетіп, олардың пікіріне құлақ түріп жатады. Бірақ соның өзінде олардың көші баяғыда Жазушылар одағынан бөлектеніп кеткен.
Қазір жазушылар мен киноматеграфистердің, театр одағының көздеген мақсаты, көкжиегі бір бағытта ма жоқ па оны аңғару қиын. Өйткені, ақша билеген заманда бар адамның көзқарасы да бір бағытта болмайды. Қай жақтан ақшаның желі соқса, сол жаққа қарай бұрылады.
Біз бүгінгі күні қазақтың ең өрлеген өнерінің куәсі болсақ керек еді. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Осы уақыт аралығында қазақ қоғамының ішкі психологиялық өзгеруі туралы, бүгінгі қазақ кешегі қазаққа ұқсамайды, оның себептері не дегенге жауап беретін бірде-бір көркем шығарма не сахнада, не кинематографияда, не баспада көрінген жоқ. Бұл заман қазақ әдебиеті үшін франция әдебиетіндегі Гюгоның, Бальзактың, Дюманың, Стендальдың заманы. Біз қазір өзіміздің қоғамымызды аршып алып, ертеңгі күнімізді көз алдымызға елестетуіміз керек еді. Бірақ әлі қомақты көркем шығарма, көркем талдау жасай алмай отырмыз. Ал көркемдік шындыққа жетпеген ұлт, сол арқылы өзінің ертеңін бағдарламаған ұлт келешегі бұлдыр ұлт деп есептеймін. Көркем шындықтың ең қажеттігі осында. Бүгінгі жазушылар, режиссерлер, кинематографистер, театр, музыка саласындағы өнер қайраткерлерінің халыққа ұсынған көркем шындығы ертеңгі өмірдің тікелей көрінісі. Яғни көркем тұжырым – ертеңгі күнгі халық өмірінің айнасы. Біз осы шындықты ашып көрсете алмадық. Оқырман талғамының бүгінгі күйге түсуінің басты себебі осында. Тіпті, «маған осындағы шындық ұнайды» деп «Жұлдыз» журналын жаздырып алатын байырғы ұстаздар бар.
Соның бірі: «Қазір идея үшін шығарма жазып жатқан ешкім жоқ. Жалғыз-ақ шығарма бар. Ол Мұхтар Мағауиннің «Жармағы». Публицистикалық сарында жазылған, бірақ онда көркемдік идея бар. Адамның екіге жарылуы, қоғамнан, өз ұрпағынан түңіліп, өз-өзіне қол салсам деген ойы бар. Маған сол шындық ұнайды. Осы жиырма бес жылдың ішінде қанша өнер адамы өз-өзіне қол салды? Оннан асып кетті. Сол шындықты кім айтады? Бүгінгі қоғамда тіпті менің өзім өз-өзіме қол жұмсағым келеді. Ұлттың болашағын кім ойлап жатыр? Енді жерге кеп тиістіңдер, одан басқа ештеңе қалмады ма? Осы мәселенің ушығуы жазушылар, журналистер, сендердің қателіктерің. Егер сендер халыққа осы нәрсені дұрыс түсіндіріп берсеңдер, мүмкін бұл жағдай орын алмас па еді» деп талдап бергенде, менің тіпті үнім шықпай қалды. Осы сөз әр жазушының, әр режиссердің, әр суретшінің, әр әртістің, әр композитордың, әр журналистің қаперінде жүретін, санасында тұратын мәселелер. Осындай идеялық бірлік, ұлттық рух болғанда ғана олар өзара мүдде, ой бөлісе алады. Әркім әр жерде сылдырлаған теңгенің соңынан жүгіре берсе, қайдағы бірлік, қайдағы идея, қайдағы көркемдік шындық?
Біздің өзіміз ит тірліктен басымызды көтере алмай отырмыз. Ал бізге бірде аш, бірде тоқ жүріп, кез келген сынаққа дайын тұрып, идея үшін күресетін Гюго, Бальзак, Дюма, Стендаль секілді жанкештілер керек. Бірақ біз бәріміз де тоқ жүргенді жақсы көреміз. Әрине, тоқшылық та жақсы. Ешкімді қиыншылыққа шақырмайық. Алайда, ұлттық бірлік, ұлттық рух, ұлттық талғам деген осындай құрбандықты қажет етеді. «Өнер құрбандықты қажет етеді» деген ұғым тура осындай ахуалға дөп айтылған. Ұлты үшін өз басын бәйгеге тіккен ондай жанкештілік қазіргі жазушыларда жоқ.
Маған қазір барлық қазақ зиялылары бетіне бетқап киіп алып келе жатқан секілді көрінеді. Көшеде көресің, бірақ беті басқа. Беті бетқаптың ар жағында. Бәрі тоқ, бәрі қанағаттанған, бәріміз маска киіп ап өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Абай айтқан жалған намыстың жолында жалған құрбандықпен өмір сүріп жатқан секілдіміз. Шығармашылық зиялылар бетқабын ашпай, жүрегін тырнаған жараны көрсетпей, көркемдік талғам мен көркемдік шындыққа халық танымы жетпей, біздің ұлт дамиды, инновациялық ел боламыз дегенге мен сенбеймін. Өйткені, біз болашақ ұрпақтың жан дүниесін тек ақшамен ғана тәрбиелеп келе жатырмыз. Ал ақша жүрген жерде творчество да жоқ, идея да жоқ.
Жұмақын ҚАЙРАМБАЕВ,
суретші
ӨНЕР ҮШІН ЕҢБЕК ЕТЕТІН КЕЗЕҢ ӨТІП КЕТТІ
Кезінде қазақтың байлары өзінің сән салтанатын асыру үшін айналасына өнер адамдарын жинайтын. Алдарына мал сап беріп, жағдайларын жасап, оларды баптап ұстайтын. Бертін келе өнер адамдары сала-сала бойынша одақтарға жинақталды. Ол тұста да оларға ерекше көңіл бөлініп, шығармашылықпен еркін айналысуларына жағдай жасалды. Ал қазір ондай ұйымдар мемлекет қарауынан тыс қалды. Мысалы, біздің суретшілер одағы қоғамдық бірлестік, үкіметке қарамайды. Яғни сырттан ешқандай көмек жоқ. Әйтеуір, төрағамыз жанталасып көрме ұйымдастырып, бірнәрсе жасағысы келеді. Бірақ қолынан келер қайран жоқ. Балалары үшін шырылдаған бейшара әке секілді. Мына қырғыздарда, орыстарда, өзбектерде, түркімендерде де мұндай орталықтар үкімет қарамағында. Оларда өнер адамдарына көңіл дұрыс бөлінеді екен.
Бірде Сурет академиясының Президенті, әрі ректорының сексен жасқа толған мерейтойына Қырғызстанға шақырылдым. Қарап отырсам, әншілері әнін шырқап, әртістері спектакль қойып, бишілері билеп ұлан-асыр мереке ұйымдастырыпты. Қарияға өнердің барлық өкілдері атсалысып, керемет құрмет көрсеткендеріне тәнті болдым. Бәрін басқарып, қадағалап отырған министрлік. Он алты мемлекеттен суретшілер шақырып, қонақ үйге орналастырып, сый-сияпат көрсетті. Осы сапарда маған Қырғыз Ұлттық Сурет академиясының академигі атағын берді. Өнер қайраткеріне Мәдениет министрі, үкімет басшысына дейін келіп, ілтипат білдірді. Өнерді бағалау, өнерпазға құрмет көрсетудің керемет үлгісін көріп, риза боп қайттым.
Бізде кескіндемеші, қазақ монументті кескіндеме өнерінің негізін салушылардың бірі, педагог, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық жоғары мектебі ҒА-ның құрметті және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Қанафия Телжанов деген кісі болған. Тірі тұрғанда алдағы жылы тоқсан жасқа толатын еді. Өкінішке орай, екі жыл бұрын бақилық болып кетті. Осы кісінің тоқсан жылдығына да бірнәрсе ұйымдастыруға да шарасыз болып отырған жайымыз бар. Біздің бәленше деген батырымыз болған, түгенше деген ханымыз болған деп, бабаларымыздың ерлігін айтып мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Ал өзіміз осы күні шынын айтқанда, ас ішіп, аяқ босатқаннан өзге ешнәрсе тындырып жүрген жоқпыз.
Мен осы күні өзге өнер иелері түгілі, өзіміздің суретшілерді жиын-тойларда ғана көремін. Бізге өнер адамдары жиі бас қосып, сұхбаттасып тұратын орталық жетіспейді.
Жас кезімізде біз ақын-жазушылармен бір жерде кездесу болады десе, іздеп жүріп баратынбыз. Жаңа шыққан кітапты оқымай қалу деген біз үшін масқара саналатын. Бір кітап тапсақ болды, кезекке тұрып, қолдан-қолға өткізіп оқып шығатынбыз да талқылайтынбыз, өзімізше. Ал театрға бармау деген тіпті ұят еді біз үшін. Ақын-жазушы, әртіс, суретші, композитор секілді – өнер адамдарын танымау мүмкін емес секілді еді. Ал қазір кімді-кім танып, еңбегін елеп-ескеріп жатыр? Астанадағы Тәуелсіздік сарайының кіре берісінде менің бір картинам ілулі тұр. Сол жаққа барған бір сапарымда осы картинамды көргім келіп іздеп барсам, күзетші бала кіргізбей қойды. Жағдайды түсіндірсем де директордың рұқсатынсыз кіргізе алмаймын деп тұрып алды. Сөйтіп, қыстың қақаған аязында өзім де, көңілім де жаурап қайтқан едім.
Алаңсыз тек өнер үшін барыңды салып еңбек ететін кезең өтіп кетті ғой. Кеңес дәуірінде бүкіл Республика бойынша Мәдениет үйлерінен картинаға тапсырыстар келіп жататын. Үкімет оған қомақты қаржы бөлетін. Сол кезде біз ақшаға уайым шекпейтінбіз. Ертең жұмыссыз қаламыз-ау дейтін үрей де болған емес. Бос уақыттың бәрін өнерге арнайтынбыз.
Өнер иелерінің басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы үшін билік тарапынан бұларға сәл көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Әсіресе, суретшілер қауымы қазірде өздерімен-өздері өгей баладай оқшауланып қалған жағдайы бар.
Бейбіт ОРАЛҰЛЫ,
композитор
ӘРКІМ ӨЗ ІНІНДЕ ТІРШІЛІК ЖАСАЙДЫ
Социалистік дәуірдегі өнер адамдары үкіметтің қамқорлығында болды. Сол себепті ертеңгі күні үшін алаңдамайтын. Міне, бір-біріне жанашырлық, қамқорлық, бір үйдің адамдарындай сыйластық сол тұста болды.
Ал жағдайдың бүгінгідей халге жетуі қоғамдық формацияның ауысуына байланысты деп ойлаймын. Нарық заманы болғаннан кейін бүгінде бәрі бір-біріне бәсекелес болып кетті. Өзара сыйластық бар, бірақ адамдардың қарым-қатынасы бұрынғыдан өзгерек. Себебі, бәрін ақша шешетін күн туды.
Кезінде әр саладағы өнер адамдарын түрлі демалыс орындарына жіберіп, бәйге атындай баптайтын, алақандарына салып қамқорлық танытатын. Әрине, осындай ілтипат көргеннен кейін өнер иелері өнер үшін бар күш-қуатын сарп ететін, өзі де өзгелерге, жастарға қамқор болуға тырысатын. Идеологияның мықтылығынан небір патриоттық туындылар сол тұста дүниеге келді.
«Ақшаны қайдан табам, жұмыстан шығып қалмаймын ба?» деген бас қайғы болмағаннан кейін, көңілің де жайланып, небір жақсы дүниелер тудырасың. Неге бұрынғыдай рухани биік шығармалар, әндер жазылмайды дегеннің басты себебі осы. Ал қазір сыйластықтан бұрын пайданы ойлайды жұрт. Бүгін тойдан ғана табыс бар. Сондықтан той әндерін көп жазған пайдалы. Осы секілді бәрі де ұсақталып кетті. Бәрінің күйттегені күн көріс қамы. Ал бұрын бұл үшін үкімет бас қатыратын. Өнер иелерінің алдында басқа мақсат тұратын.
Әр саладағы өнер адамдары аралас-құралас болмағаннан кейін, өзара пікір алмасып тұрмағаннан кейін, керек жерінде бір-біріне әділ сын айтпағаннан кейін өнер де тұралап қалады. Ал біз бүгін тіпті сын қабылдайтын мәдениеттен де айрылып қалдық қой. Әркім өзін мықты санайды. Тіпті, өз идеясын ортаға салып ашық айтудан қорқады жұрт. Қазір идея ұрлау деген нәрсе пайда болды. Сол себепті әркім өз ініне тығылып алып тіршілігін жасай береді.
Шетелге қараңызшы, оларда әркім өз бетімен, өзі үшін тіршілік етеді. Әркім өз туындысын тауар ретінде сатады. Осы заман бізге де келді. Алайда, біз баяғы күйден әлі шыға алмай, заманға икемделе алмай жатырмыз.
Әзірлеген Айнара АШАН.