ОЙЛАУ ӨЛШЕМДЕРІ
Омар ЖӘЛЕЛ,
филолог
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дана ойлылар жазирада жайылып жүрген қарақұйрықтар секілді. Кімде-кім оларға иелік етсе, сол ойлар оның иелігіне өтеді», – деген екен. Ал ойдың айтылмағаны жоқ. Мәселе сол ойды кім қалай ұққанына, қабылдағанына байланысты жүзеге асырылатынында. Плагиат бөлек әңгіменің арқауы.
Бұл қолы кір адамдардың істейтін тірлігі. Адамдардың мақалаларын көшіріп алу, біреудің материалын өз атынан басып шығару деген фактілерге келсек, ондай адамдарды ақтауға болмайды. Ойға, сөзге ұрлық жүрмейді. Өйткені, ой ортақ, сөз ортақ. Бірақ пайдаланған ойды кімнен алғанын айтып, сілтеме жасап отыру адамның мәдениетін, ішкі тазалығын білдіреді. Қазақта «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөз бар. Сол себептен, әркім өзіне де, өзгеге де адал болса, осы айтылған жағдайлар орын алмайды. Бір күндік пайда үшін, бір күндік атақ-даңқ үшін ардан аттаудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Сөз ұрлығы деген өте жаман әдет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кімде-кім мен айтпаған сөзді айтты деп, менің сөзіме ұрлық жасаса, оның орны тозақ» деп бекер ескертпеген. Сондықтан ой, сөз мәселесіне өте абай болғанымыз жөн. Егер адамдар өткір пікір айтуды үйренгісі келсе хәкімдерді көп оқығаны абзал. Сонда адамдардың пікірі қалыптасады. Ой ойлау үшін кітап оқуды әдетке айналдыруы керек. Конфуций айтқан екен: «Адам тек ой ойлап, оқымаса, онда ол адамның басын жояды» деп. Бірақ оқып, ой ойламасаң, ол да ешқандай пайда бермейді деген пікірді де ескергеніміз жөн. Қазақта «Ойлай ойлай дана боласың, ойнай ойнай бала боласың» деген жақсы сөз бар. Яғни Ойлау – ол тынымсыз ми еңбегінің жемісі. Оның белгілі бір жүйелері бар. Терең ойлы, дара, дана адам болу – өмір мектебінен өтуді талап етеді.