ТҰЛҒАТАНУ ТАУҚЫМЕТІ
23.09.2016
2433
0

6-bet-auystyruБелгілі бір өлкеде туып, сол өлкеге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін ардақтап ұлықтау, атқарған ісінің мәні мен мазмұнын ашу өлкетану тарихы үшін қажет-ақ. Алайда, кейінгі жылдары өлкелік тарихта белгілі орны бар кісілердің қызметі мен қайраткерлігін ұлттық деңгейге дейін көтеру үрдісі өршіген үстіне өршуде.  Қолы жеткендер ата-бабасының өмірбаянын дәріптеп, аз ісін көп етіп көрсетуге қысылмайтын дәрежеге жетті. «Ел тегі ескермесе өз ұлдарын» деп ақын айтқандай, өз  ата-бабасын тарихта қалдыру әрекеті ұлттық санамызға игі әсер ете ме? Қосып жазу арқылы ардақтай беру жалаң оқтай түбі әсерінен айырылып қалып жүрмей ме?


abzhanov2Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

КЕЛТЕ ТҮСІНДІРІЛДІ

Тарихтың құдіреті де, қасіреті де оған әр­кімнің құштарлығында, бір ауыз сөз бол­са да айтып қалуға құмарлығында жатыр. Бірақ тарихты бұрмалаусыз білу мен білмей бұрмалаудың арасындағы айырмашылық жер мен көктей ғой. Өкінішке орай, адал есі­мі мен ісі лайықты бағаланбағаны былай тұр­сын, күйеленген, ақталмаған, тарихи са­нада жағымсыз кейіпкер ретінде қалып қой­ған жандар, тіпті тұлғалар отандық та­рих­та да, әлемдік тарихта да баршылық. Бұ­ған ұзын-сонар айғақ-дәлел келтіруге бо­лады.

Иә, ата-бабасын, әкесін жер-көкке сый­ғыз­бай мақтаушылар, қолындағы байлыққа не­месе билікке сүйенумен кө­шеге, елді ме­кенге, мектепке, т.б. нысандарға есімін бер­­гізушілер бар екені құпия болудан қал­ды. Бү­гінде қай ауданға, қалаға бармаңыз, ал­дыңыздан кешегі коммунистік партияның хат­шылары құрметіне аталған көше, даңғыл шы­ғады. Неге бұлай десеңіз, айтатын уәж­дері шамамен былай: «хатшы (төраға) қыз­ме­тінде жүргенде осыншама мектеп (мә­де­ниет үйі, жол, аурухана, т.б.с.с.) салдырған, ор­ден-медаль  алған». Жоспарлы экономика тұ­сында соның бәрі қаласаң да, қаламасаң да салынуға тиіс еді ғой. Бұл – бір.

Екіншіден, коммунистік идея мен прак­ти­каны аяусыз сынаймыз, ал сол идеяға қызмет еткен номенклатура өкілінің біреуі де жаман болмаған тәрізді ономастикалық ше­шіммен ұлықтайтынымыз тарихқа қиянаттың нағыз өзі. Осылай жалғаса бе­ретін болса, тарихты алдап кете алмаспыз, бірақ тарихи сананы, тарихпен тәрбиелеуді тығырыққа тірейтініміз рас. Ол, түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізеді.

Қайраткерлігімен, шығар­ма­шылы­ғы­мен ұлттық деңгейге көтерілгендерді Тұлға деп атаған жөн болар. Тұлғасыз – халық жетім, туған халқынан тамырын үзген Тұл­ға – тұл. Халықтың ғұмырын ұзартатын, тіп­­­ті жер бетінде сақталып қалуын қам­та­ма­сыз ететін алғышарт: материалдық және ру­хани қазынаны – азық-түлік, тұрғын үй, киім-кешек, тіл, әдебиет, өнер, т.б.с.с. – мыз­­ғымаған, қасаң әу бастағы әдіс-тәсіл­мен, құрал-жабдықпен өндіре беру, туындату мүмкін емес. Оны үздіксіз жетілдіру, интеллектуалдық өресін байыту, еңбектің өнім­ділігін арттырған үстіне арттыра түсу қа­жет. Әйтпесе ашаршылық, кедейлік, ру­хани жұтаңдық этностың түбіне жетеді. Мұ­ны айтпаса да түсінгендіктен халық са­налы немесе автоматты түрде еңбектенеді, із­денеді. Шаруаға қыры барлары, мәдени-иман­дық істерге икемділері айнала­сын­дағыларға үлгі-өнеге көрсетеді. Бірақ бұлар эмпирикалық-нақты міндетті жергілікті ауқымға сай шешкен пысық белсенділер ғана. Артық қыламын деп тыртық қылған­дарға кешегі күшпен ұжымдастыру тұсында халықтың берген анықтамасы «шолақ бел­сенді» ғой. Көп жайдан хабар беретін, та­ным­дық әлеуеті әзірге толық анықтала қой­маған ұғым-түсінік бұл. Нағыз Тұлға із­денісі мен әрекетінің нәтижесі жал­пыұлт­тық мақсатты үздік үлгіде атқарумен көм­керіледі. Айталық, саясатта бұлар Қазақ хан­дығының іргесін қалаған Керей мен Жә­нібек сұлтандар, мемлекеттің тарихи-этникалық аумағын қалпына келтірген Хақ­назар, Тәуекел хандар, уақыт үдесіне лайық реформаларды жүзеге асырған Қа­сым, Есім, Тәуке хандар, ұлттық идеология мен теорияда пәрменді ұстанымдарды және қағидаттарды дәйектеген Асанқайғы, Бұ­қар жырау, алаш зиялылары, әскери-соғыс өнерінде – Әбілқайыр хан, Қабанбай мен Бө­генбай батырлар, ұлттық «Менге» негіз­дел­ген тәуелсіздік үшін күресте даңқы арт­қан Абылай, Кенесары хандар, жазба әде­биет­те – Абай, Еуропалық өмір салты мен рационализмді орнықтыруда — Жәңгір хан, әлем­дік ғылымды игеруде – Шоқан, қазақ ғы­лымын өрге сүйреуде – Қ.Сәтбаев, кеңес­тік тоталитаризм қылмысын әшкерелеу­де – М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов. Осын­дай Тұлғаларсыз қазақтың қазақ болып қалуы екіталай еді, халқына адал­дық­пен ақыл-ойын, әрекетін нәрлендірмегенде бұлар Тұлға биігіне көтерілмес еді.

Тұлғалар жаңсақ баспай тұрмайды. Ке­ліс­пегендіктен шекісіп те қалулары өмірде бо­латын құбылыс. Бірақ ұлты үшін ұлы идея мен ерен істің басы-қасында тұрған оларға қо­ғам әрқашан кешіріммен қараған.

Коммунистердің әміршіл-әкімшіл би­лігі тұсында Тұлғаның тарихтағы ролі тап­тық, идеологиялық келте нұсқада тү­сін­дірі­ліп келді. Құдайдың да, патшаның да, ба­тырдың да қолынан ештеңе келе бер­мей­тінін уағыздаған олар әлемнің әміршісі мис­сиясын жұмысшы табы атқаратынын, ло­комотиві – революциялар екенін дәлел­деу­мен болды. Тұлғатануға қатысты ой-тұ­жырымдарымыз енді ғана сауыға бастады. Бұған қозғау салған екі үдерісті ерекше атап өткеніміз жөн. Бірі – Алаш зиялыларының ақ­талуы, олардың теориялық-шығарма­шы­лық мұрасының қайта оралуы, екіншісі – азаттық тұғырын бекемдеуде, ұлттық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуде бұрынғы мұраға сүйе­ну аздық ететінін, жаңа әлемде жаңаша әре­кеттену, іздену керек екенін ұғына бас­таға­нымыз. Алаш тағылымы таптық, пар­тия­лық идеология салмағына жаншылған ұлт­тық «Менді» оятуға септессе, Тұңғыш Пре­зидентіміз Н.Назарбаевтың тәуелсіз жас мемлекетті аяғынан тік тұрғызған прак­тикалық және теориялық жаңа­шыл­дығы Қазақстанның әрбір азаматының тағ­дырын анықтап берді. Ұлттық қауіпсіздік әр­кімнің және баршаның ісіне айналды.

 

bigajsha-medeuovaБиғайша МЕДЕУОВА,
ақын, 
ағарту ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері

ҰЛТ ТАРИХЫН ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР ЖАСАЙДЫ

Өз басым, тарихи тұлғалардың тарихи қызметіне бағаны халық беріп отыратынына сенемін.

Джордж Вашингтон, Америка Құрама Штаттары үшін қандай құнды.

Америка құрлығы үшін емес, әрине. Санкт-Петербургте орыс халқының мақ­танышы 1-ші Пётрдің құны Солтүстік Кавказ үшін көк тиын. Керісінше, Шә­­міл – олар үшін тарихи тұлға. Өлкетану жұмысы – жер атаулары орыс­тан­дырылған біздің қазақтар үшін азаттық күресінің бір саласы сияқты кө­рінеді. Ұлт тарихының екі беті бар. Рухани өмір және қоғамдық өмір. Әдебиет, дін, құқық, экономикалық шаруашылық, осының бәрі тіпті халықаралық қатынастар да, ғылым да күн жүйесіндегі адамзаттың табиғатпен қарым-қатынасы ғой.

Айналайын атамекенге ана тілі бар қазақ ұлты әдемі атауларды берген. Соңғы кез­дердегі аймақтарда белгілі, белгісіз тұлғалардың есімін «атауларға тықпалау» құ­былысының да екі себебі бар. Біріншісі, рухани ұлт-азаттық қозғалысының ша­рық­тауы. Жер атауларының, топонимикалық тұрғыда азаттық алуы. Яғни кешегі «им­перия­лық Ресейдің топонимикалық орыстандыру саясатына» егеменді қазақтардың тари­хи заңды жауабы.

Павлодар мен Петропавл атауларының әлі сіресіп тұруы – рухани күрестің әлі жүріп жат­қанының белгісі.

Екіншісі, кеңестік тоталитарлық жүйенің санамыздағы сарқыншағы. Ленин, Сталин, Ка­линин, Крупская, Дзержинский, Киров сияқты партиялық тұлғалардың есімінің социа­листік шаруашылықтарға аямай қойылуы.

Мен – Райымбек ауданының тумасымын. Жаңағы аталған колхоз-совхоздар санамда әлі сап түзеп тұр.

Карл Маркс – миллионер совхоз еді, 19-шы партсъезд колхозында 45000 қой бар еді. Міне, бұл ком­мунистік жүйенің отарлау тәсілі. Аймақтарда ата-бабаның тарихи қызметін көтеріп жатса, құдай­ға шүкір, топонимикалық комиссиялар айға қарап отырмас. Тұлғалардың рулық, ауылдық, ай­мақтық, алаштық қызметін анықтайды ғой. Жоғарыдағыдай империялық басынудың қатерлі әре­кеттеріне дұрыс жауап берілуде.

Бір ғана Алма-Ата атауына мәдениетті, заманауи тосқауыл қойған. Алматы атауын ұлтқа та­быс­тырған Алаштың бүгінгі арыстары, ұлтымыздың жетекші тарихшы зиялыларына қа­лай риза болмаймыз. Тарихшы ретінде, Алматының жасын 2000 жыл десе де қарсы емес­пін.

Қаскелең Қарасай есімін иеленді. Қарасай бабамыздың Жоңғария мемлекетінің не­­гізін салушы, әйгілі қоңтайшы Эрдени Батудың жекпе-жекте өлтіргенін біздің оқу­лықтар жазбайды. Атамекенді қанға бөктірген билеушіні елдің бейбіт тірлігі үшін жер жастандырған тұлға дұрыс бағасын алды. Бұны – аймақтық дей алмаймыз ғой.

Анау ғасырларда Жетісуға алпысқа жуық жорық жасаған Ойраттардың шабуылын тойтарған Сайд сұлтанға да, Үш Меркіні шырқап өз заманының ән мен суретін салған Қапезге де ескерткіш қойып елеп жатса, қарсы емеспін. Тулақтай жер – тұғырым. Үйсін Бәйдібектен бері сол тулақтай жер үшін жан  алып, жан беріскен бабалар ұрпақтарымыз. Әр ауыл батырын, биін елесін. Себебі, қазақтардың рухани азаттық күресінің ренессанс дәуірі басталды. Әсірелемей, өз биігінде бағаласақ, итке ескерткіш қойған Рим гуманизмінен бүкіл даласына батырларын, билерін тұрғызған қазақ гуманизмі кем бе?..

Өзімізді өшірмейік. Ел оянсын. Әулет, ұлт тұлғаларын әспетте­сін. Еуропадағы сияқты әулет тарихы деңгейінде қалар кейбір дү­ниелер. Оны пайдалану шеңберіне бізді ешкім зорламайды деп білемін.

Көкейде жүрген бір ой – 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі жайлы.

Алматы, Меркі, Қарқара, Самсы, Ақсу, Бүйен, Қапал тіпті, Торғай көтерілістері рулық, аймақтық сипат бермей­ді. Әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі. Бекболат пен Жәмеңкенің Маһатма Гандиден несі кем. Трай­балистік көсем деңгейіне Қытай Сунь Ят Сенін бер­мейді. Жанболат Аупбайдың «Ажалға аттанғандар» мақа­ласында қаншама Ақберен халқымен қайта қауышты. Ұлт тарихын ұлы тұлғалары жасайды, жоқтаушысы болса.

nurzhan-fНұржан ЖЕТПІСБАЙ,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері

ӘСІРЕ ҰЛЫҚТАУ ЕЛДІ АДАСТЫРАДЫ

Кез келген мемлекет пен өңір тарихын сол өңірлерде туып-өскен тұл­ға­лар жасайтыны белгілі. Жалпы, адамзат тарихында, оның ішінде біз ме­кен­деген Ұлы Дала тарихында жүздеген, мыңдаған тарихи тұлғалардың ба­ры күмәнсіз. Олар өз заманының әрқилы тарихи процестеріне, оқи­ғаларына қатысып, маңызды рольдер атқарды. Олардың көпшілігінің есім­дері бізге белгісіз, тоқтаусыз сырғыған тарих керуені олардың есім­дерін ұмыт қылып, орнына тұлғалардың жаңа легін әкелді. Қай­раткерлердің көбінің есімдері сол беймәлім күйінде тарихтың те­рең қойнауына сүңгіді.

Жалпы алғанда, белгілі бір өлкеде туып, сол өлкеге әр түрлі дә­режеде еңбегі сіңген тұлғалар  аз емес. Алайда,   олардың қан­дай дәрежеде қызмет еткенін дөп басып айту қиын. Оның себебі де сан алуан.  Көп жағдайда еліне айрықша еңбек сіңіріп, тіпті сол жолда өз өмірлерін де құрбан еткен қаһарман тұлғалар елен­бей қалып, оның орнына ауыз толтырып айтатындай ең­бек сіңіре қоймаған, тіпті қатардағы адамдардың есім­дері ұлықталып  кетуі әбден мүмкін. Бұл олардың ар­тындағы іздеушілерінің пысықтығына байланысты деген ойдамыз. Іздеушісі жоқ болған соң талай ірі тұл­ғалар  зерттелмей қалды. Кейбірінің есімдері халық жадында сақталып, мұрағаттарда  жатса да аталмады. Кері­сін­ше, халық арасында белгісіз, ешқандай мұрағат­тар­да аталмайтын кейбір тұлға­лар аяқ асты атақты бо­лып шыға келді. Мысалы, біздің қазақ халқын­да жаужүрек батырлар мен данагөй билердің көп болғаны белгілі. Осы тұрғыда кейбір заман­дас­та­рымыз тарапынан өздерінің ата-бабаларын өз кезеңдерінің танымал, атақ­ты тұлғалары – батырлары, не билері етіп көрсетуге ұм­тылу белең алуда. Бұл белгілі бір дәрежеде өз ата-баба­сының есімін құрметтеуден бас­та­лып, өкінішке қарай,  әсіре ұлық­тау, қызметін еш не­гізсіз асыра бағалау дең­гейіне ұла­сып кетіп жүр. Бұл та­рих­­қа жасалған қиянат екені рас. Әрі ел бірлігіне   нұқ­сан  келтіретін  теріс әре­кет. Ең бас­тысы, халықты көпе-көр­неу алдау.

Халқымыздың әр түрлі рулардан құ­рал­ғаны белгілі, шежіре де аса маңыз­ды қазынамыз екені жасырын емес. Осындай жағдайда белгілі бір тұлғаларды басқадан асырып мадақтау, басқа ру тұл­ға­ла­рымен бәсекелестіру көріністері де бай­қалады. Бұл да ел бірлігі үшін қауіпті құбылыс. Себебі, рулық сезім де қазақ халқы үшін тар шең­бердегі ұлттық сезім іспетті, ол өз тегіне, руы­на-ұлтына деген құрметтен пайда болатын айрықша нәзік сезім, оны сол сыйлау-құрметтеу деңгейінде ұстау қажет, ол ешқашан да асыра ұлықтауды, әсіре табынуды қажет етпейді. Нақты тарихи дереккөз болмаған жағдайда құр долбармен  тұлға жасауға болмайды! Мысалы, кей өңірлерде ауыл арасында сойыл ұстаған жандар ешқандай тарихи дерексіз атақты батырларға жатқызылып, ескерткіштеріне дейін орнатылса, кейбір тарихта болған, деректері мұра­ғат­тарда тұнып тұрған нағыз қаһарман тұлғалар мүлдем ұмы­тылып кеткен жағдайлар да орын алды. Мысалы, іс жү­зін­де қазақтың біріккен қолын басқарып,  бас сардар дәре­жесіне дейін көтерілген, бүкіл саналы ғұмырын қалмақ-жоң­ғарлармен, орыс-казактарымен, түрікмендермен жорықтарда өткізіп, 75 жасында шайқаста қаза болған  Бөкенбай Қараұлының есі­мі еленуге әбден лайық  еді. Мұндай тұлғалар  өте көп, алайда олар елеусіз қалып жатыр.

Ең сорақысы, тарихта мүлдем болмаған немесе істеген ісі еш­қан­дай тарихи я әдеби жағынан ғылыми дәлелденбеген тұлғалардың жұл­дыз жасалуы.  Тіпті, кеңестік дәуірдің өзінде кейбір фольклоршылар тарапынан тарихқа үлкен қиянат жасалды. Қорыта айтқанда, кез кел­ген тұлғалардың  өмірбаянын, атқарған қызметін зерттеуде  мұқият бол­ған жөн. Шынайы деректерге аса мән беру қажет. Жалған тұлғалардың ел­ді адастырғаннан басқа өнегесі болмақ емес.

Назым ДҮТБАЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір