ЖЕЗКИІК – ЖЫР
23.09.2016
1540
0

dulatiСатыпалды ДУЛАТИ

 

МЕЗГІЛ ТУРАЛЫ ЖЫР

Сүмбіледе су салқын, ауа суық,

Қосын жығып қозғалмақ тау асығып.

Күннің көзі баладай кірнеленген,

Жауар болса жауса еді жауасы бұлт.

 

Қызық қашқан қым-қуыт   қырда мына,

Бәрі қоңыр, тірліктің ырғағы да.

Үй де, күй де, өмір де, өнеге де,

Қоңыр күздің ілінген тырнағына.

 

Ақиқатты айтпайды сөз көсіліп,

Өмір тұтас кеткенше көзге сіңіп,

Шақпақтың да желі енді ырбаңдайды,

Әзілдескен балдызбен жездесініп.

 

Естеліктің көне бір мүсіребі,

Алты қырдан арыда кісінеді.

Күннің салқын сазынан тұл дүние,

Абжыландай арбаланған ісінеді.

 

Көңілді аулап көбікпен – көпірікпен,

Ақиқаттан шырайдың беті үріккен.

«Қал қалай?» – деп қараша қағытқанда,

Басбармақ көрсетсін өтіріктен.

 

***

Айлы орманның кілегейлі бозаңы,

Ақ сәулені сүттей сығып жұтады.

Нәрестедей көкке қолын созады,

Қарағайдың бұйра басты бұтағы.

 

Әулиекөл момын.

Құсты. Балықты,

Айлы түнде жатыр еріп, тыныстап.

Толқындардың ырғағы бір қалыпты,

Су бетінде жылтылдайды күміс қақ.

 

Арман еді ол баяғыда мертіккен,

Жұмбақтаста жұмбақ сыр бар киелі.

Ерке толқын епелектеп ентіккен,

Жағажайдың ерінінен сүйеді.

 

Көлді самал сипайды да өтірік,

Ақ қайыңды аймалайды мас, балғын.

…Жұмбақтаста ай жамыла отырып,

Жас Шоқанды тәтті мұңмен еске алдым.

 

БУРАБАЙ

Қою орман. Қою ауа. Қою бұлт.

Мүк те қою қожырайған тастағы.

Дүркіреуде табиғаттың тойын ғып,

Көкшетаудың арыстан жал асқары.

 

Көркемдікпен кестелеген шек-шебін,

Жаратқан да айтары жоқ ұлы Ақын!

Дауа да жоқ мінезіне Көкшенің,

Қысқа күнде қырық құбылып тұратын.

 

Оқжетпеске теңеспейді еш өрнек,

Табиғаты зерлі, тұнық әрі асқақ.

Құлдайды бұлт қара жауын нөсерлеп,

Сұлулықтан жын-жыбырды аластап.

 

Жалғыздыққа жарлы басты үйретіп,

Өкпелеттім сырлас болған не түнді.

Гармоншының жұртты түгел билетіп,

Биге өз қолы жетпейтіні секілді.

 

Тереземнен төгіп тұрды жел түрлі үн,

Базынасын  бұлдап, мендей сабазға.

Бурабайдың ою – нәшін келтірдім,

Нұрлы бейне тұрсын дедім қағазда.

 

Жауыннан соң жарқырады күн бірден,

Жылы самал желбіреді түстіктен.

Хан Кенеге пана болған үңгірден,

Сайрап ұшып сабылуда құс біткен.

 

Тұтас орман әуезденіп, көл маңы,

Құлақ күйін келтіргендей түрлі үнмен.

Тауға өрмелеу құзырым-ды қолдағы,

Қарай бермей кеудемдегі дүрбіммен.

 

Тартамын ба ғашықтықтың азабын,

Пешенеме не таңбақшы мына күн!

Саған жаздым іңкәрлінің ғазәлін,

Жалғандағы жалғыз Жасыл Жұмағым.

 

Құлап тұрып сұлулыққа сүрініп,

Іңкәрлігім жайлы айтуға ұялман.

Барлық құдай (гректерше) бірігіп,

Жасап қойған туынды бұл қиялдан.

 

Қою орман! Адастырсаң ырзамын,

Серуендесе сейлпазға жол ашық.

Ту-у биікте жалтылдаған бір жалын,

Жерге түспей жалындай бер, жаға шық.

 

ӨЛІАРА

Сабырлы өңір. Сатпақ күн еді,

Момақан ауыл. Тымырсық…

Ұйқылы-ояу Шақпақтың желі,

Алады демін ыңырсып.

 

Бұрқанып  бұлттар ләйліп жүреді,

Бозбасы бұзық бай елше.

Аспанның ауық айнып жүрегі,

Лоқсиды жерік әйелше.

 

Кезі бардай-ақ бір қия басқан,

Үрпиіп тұрса асау бақ.

Әлемге қарап тұртияды аспан,

Бұлыңғыр көзі жасаурап.

 

Сусыды тұман салқын қиямен,

Көңілі көктің сәтте азады.

Найзағай аспанға алтын сиямен,

Арапшалап хат жазды.

 

Бозарып көлдің дегелегі көк,

Жібіді жол да жарғақтай.

Тамшымен жерді шегеледі кеп,

Жарықтық жауын бармақтай.

 

Ақиқатымен алғап көктемдей,

Тапқандай содан жарасым.

Үш күндік жауын жалғап кеткендей,

Наурыз бен сәуір арасын.

 

***

Қарашадан Қауысқа ауысқан күн…

Қымбат қызықтарымды тауысқанмын.

Қағанағы қарқ еді қарғаның да,

Сағанағы сарқ еді сауысқанның.

 

Мазаланып шіркейге, масаға да,

Жаздан қайтқан жанымның жасауы ала.

Қалың елдің қабағы жұқалықтан,

Қауырсындай қалқиды бос ауада.

 

Табанымды тас тіліп, тұяқ түбін…

Жүрісінен жаңылды ұятты күн.

Қу қамыстың сырласқан сыбдырымен,

Қос көлде қалған Ақан сияқтымын.

 

Салқындыққа салыққан ұсынып сыз,

Ұпай жинайды уақыт түсініксіз.

Кір-қожалақ қоғамда кінәрат көп,

Болғандықтан ар-ұждан кісіліксіз.

 

Буына мас биіңіз өз күйінің,

Соны шылғи көреді көз қиығым.

Қарашаның бұлтымен араласып,

Ақсап кетіп барады Жезкиігім.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір