«СОРТОПЫРАҚ»
23.09.2016
1873
0

zharas-anАқын Жарасқан Әбдірашев «Сортопырақ» поэмасын 2001 жылы жазыпты. Туындының жанрлық ерекшелігін «трагедиялық поэма» деп атап көрсеткен. Қазақ әдебиеті аяулы ақынымен сол жылы – 2001 жылы қош айтысты. Яғни шығарма ақынның ауыр сырқатпен алыса жүріп жазған ақырғы туындыларының бірі болуы мүмкін.

Қасым ақынның «Өзім туралысы» мен Мұқағалидың «Жан азасы» осындай дүниелер – өлім-өмір жырлары… Өлімнің табал­дырығына келіп қалғанда, мына тіршіліктің құдіреттілігін сонша­лық­ты терең, бұрын-соңды байқа­маған ерекше түйсікпен сезінген болар олар. Әйтпесе, Мұқағали ақынның «Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой…» деп ой тү­юі нағыз ақиқат шындық, бұл­тарт­пас дүние. Бұрынғы туындыларында кездеспейтін бұл ерекше орамды ақын әлдебір ерекше түйсік­пен сезініп, қаламының ұшына іліктірген. Енді, міне, сондай туындылардың қатарында Жарасқан ақынның «Сортопыра­ғын» кезіктіреміз.

Поэманы мына өмірдің өткін­шілі­гін сезінбей оқи алмайсың. Түрлі ойға жетелейді. Бойда күш-қуатың толысып тұрған шағыңның қаншалықты қымбат, бағалы екенін аңғарасың. Туындының эстетикалық-философиялық әсер қуаты осы бір сезімнен бастау алып, жан-дүниеңді шырмап алып жатады.

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Қабағыңды орынсыз шыта бермей,

жанарыңның жарығын түсір маған, – дейді ақын кейінгі ұрпағына үн қатып. Ақындар жырлайтын «өтті дәурен» деген осы екен ғой. Әйт­песе, бұл сонау 60 жылдардың соңы мен 70 жылдардың басында ақындық әлемге атойлап, аттандап келген Жарасқан ақынның айтар сөзі осы ма дерсің?! «Соғыс­тан соңғы ұрпақпыз» деп бір буын ақын-жазушының көшбасында тұрды. «Дала, сенің ұлыңмын!» деп бар ақындық даусымен әлемге жар салды. Дуылдатып талай ортада өлеңдерін оқыды. Дарындыларды мойындап, өзін де өзгеге мойындата білді. Өлеңдегі келең­сіздікке қарсы шықты. Ойхой, албырт жастық пен бойды кернеген ақындық қуат не істеткізбеді, не айтқызбады, не ішкізбеді дей­сің. Айтты да, жарқырап жанды да. Дәуірлеп жүрді де. Бұл да адам­ның бұ дүниедегі пешенесіне бұйыр­ған аз күндік болса да бақы­ты, шаттығы болар. Дегенмен, қызылды-жасылды күндердің барлығы баянсыз, өткінші екен. Бұл бір Жарасқан ақынға емес, бәрімізге де ортақ айдай шындық. Поэманы оқи бастап осы жайды жан-жүрегіңізбен сезінесіз.

Бір кездері жарқырап-жанып жүрген ақынды, енді міне, дауасыз дерт жеңген. Қытымыр уақыт, бейдауа денсаулық жайы үстемдік етеді. Соның құрсауынан қанша бұлқынғанмен, шығып кете алмайды. Дәрмені жетпейді. Ауру бірақ тәнді қыспаққа алғанмен, ақындық рухты жеңе алмайды екен. Ақын бір сәт аурудан бойы сәл жеңілдегенде қауырсын қала­мын қолына алады. Ішкі арманын, ойын, ақындық-азаматтық парызын ақырғы сәттеріне шейін халқына жеткізіп қалғысы келеді. Ақиық Мұқағали да сөйткен…

«Сортопырақ» поэмасы дүние­ге осылай келген.

Түсін, балам,

мені де түсін, балам.

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Көптен бері түс көрмей кетіп едім,

кеше түнде көрген бір түсім жаман, – дейді ақын ендігі әңгіменің бет­алысын аңғартып.

Поэмада ақын түс көреді. Тү­сін­де туған ауылына барып, дү­ние­ден әлдеқашан өтіп кеткен әкесі және анасымен, беймезгіл мерт болған қызымен, ауылдың өзі  білетін ақылман қарияларымен кездеседі. …Және де адам жаны шошитын  Арал  апатты аймағы­ның зардаптары – жарымжан, құ­­бы­жық бала бейнелерін көреді.

О дүние де өзінше бір әлем ек­ен дейді. Жатсынар емес, қайта қуаныса құшағына алып жатыр. Жарасқан ақын олармен сөйлесіп, анасымен сағыныса қауышып, көңілін басады, ал әкесі мен ауыл қариялары көзі тірісінде орындалмай кеткен істердің жайын сұраса, құбыжық бейнелердің адамдарға айтар таусылмас арыз-шағымы бар екен дейді.

…Алшақтығын бір аттап аралықтың,

туған үйге қайта бір оралыппын.

Ауыл-аймақ түгелдей мәз болуда –

базарында жүргендей балалықтың, – дейді ақын ғажайып дүниенің есі­гін айқара ашып. Жалпы, адамзат­тың о дүние туралы ойлауы мен мәңгілік өмірді аңсауы – ықылым заманнан келе жатқан тұтас бір тарихи-философиялық категория. Адамзат дүниеге әкелген талай мифтік дүниелердің бүгінгі күнге жеткен терең мазмұны, өмір-өлім жайлы әрқилы аңдату­лары бар. Қасым ақын да күндердің бір күнінде көктемде құлпырған қыр гүлімен бірге көктеп шығар­мын десе, Мұқағали ақын бұл дүниені қалай бауырласаң, о дү­н­иені де солай жатсынба деп ой төгеді. Бәлкім, бұл адамның өзін-өзі сендіруі, о дүние туралы жақсы ұғым, үміті болар. Қалай дегенде де адам осы жақсы үмітпен, сенім­мен өмір кешеді.

Сырқаттың беті күшейіп, о дүниенің лебін сезінгенде, ананың түске енуі ықтималдық қана емес, шындық жай. Қиын сәтте ана рухы баласын қалайда демеп, желеп-жебеп жүреді.

Бұл сәтте тіршілік күйбеңі ұмы­тылған. Ана баласын бір көр­геніне, жүздескеніне мәз. Былайғы тірлікте жиі кездескенге, сыйлас­қанға не жетсін. Бірақ бес күндік бұл өмірде бәрі ойлағандай бола бермейтіні тағы ақиқат. Ана жү­зін­дегі реніштің табы да, бәлкім, сонда болар. Алайда, ол ренішін баласын бір көргенде-ақ кешіре салған. Бәлкім, оның жүзіндегі реніштің табы баласы­ның ауырып қалғанын, жаны қиналып жүр­ге­нін сезінгенінен шығар.

Иә, кейде мына жалған дүние­де мәңгілікке тұрақтап қалатындай ешнәрсені ойламай, қолымыз тимей кететіні бар. Жұмыс дейміз, атақ-мансап, байлық дейміз. Бірімізді біріміз жамандаймыз, аяқтан шаламыз. Өмір-тайталас күрестің бар «қызық-шыжығы» сонда деп білеміз. Осы жарық сәу­ле­нің, Мұқағали ақын айтпақшы, бір-ақ күнде сарқыларын естен шығарамыз. Бірақ мұның барлы­ғының уақытша екенін, мұның ақыры болатынын, одан еш пенде қашып құтыла алмайтынын Ж.Әбдірашев «Сортопырақ» поэмасында бәріміздің есімізге салады.

Поэмадағы философиялық түйіннің бір ұштығы осыдан аңғарылады. Ақынның күйзелген жанын ұғынасың. Тағдырдың қыспағына тым ертелеу іліккеніне өкінесің. Оқырман да осы аралық­та бір күрсініп алып, хақтың рас­тығына, ертелі-кеш оның алдына кім-кімнің де есеп береріне көз жеткізеді, ойланады.

Бәлкім, өзгелерге үйіп-төгіп жақсылық жасау қолыңнан келмесе де, ар-ождан тазалығын сақтап, өз орныңды, межеңді біліп, адал еңбекпен нәпақа та­уып, ұрпақ өсіру де азаматтық-адамдық борыштың бірегейі болар. Бірақ оған бәріміз бірдей бармаймыз. Ұлы хакім Абай айт­қандай, арамдық, қулық сауамыз. Жарасқан ақын поэмада осының бәрін өзінің жан дүниесі, арпа­лыс­қан сезімі арқылы оқырман­ның таным-таразысына салады.

Өмірдің осындай күрделі тағылымын аша отырып, ақын поэмасының әлеуметтік-қоғам­дық жүгін Арал өңірінің экология­лық апат зардаптарымен байланыстырады. Кешегі кеңестік кезеңде қазақ жері апатты аймаққа айналды. Қасиетті Абай, Мұхтар жері жарылыстар полигонының кіндігі болса, мұндай табиғатқа астам­шыл­­дық батыс өңірде де, оңтүс­тікте де болды. Табиғаттың жауһар сыйы Арал теңізі адамзаттың араласуымен сортопыраққа айналды.

Өзімбілермендікпен табиғат­тың үйлесімділігі бұзылып еді, Табиғат-Ана да кейістік танытты. Қазір жер-жаһан тепе-теңдіктің бұзылуынан қатты зардап шегуде. Адамның да, тірі мақұлықтың да арасында өз бейнесінен ажыраған жантүршігерлік құбыжықтар пайда болды.

Жарасқан ақын поэмасында Арал экологиялық апат аймағы­ның зардап шегушілерін жырға қосады. Бұл қасіреттің ақынның түсіне енуінің, жанын мазалауы­ның өзіндік себебі бар. Кіндік қаны сонда тамып, кішкентайынан сол ортада өскен оның елге барғанда небір сұмдықты естіген де көрген. Ағайын-туыс, бауырларынан айырылған. Жүрегі қарс айырылып қайғырған.

Поэмадағы осындай әлеумет­тік-философиялық ой желісі бөлімінен бөлімге ауысқан сайын ширыға түседі. Арал теңізі эколо­гиялық апатты аймағы қаншама адамға қасірет, зардап әкелді – оның нақты санына жетіп білу мүмкін емес болар… Жарық  дүние­ге құбыжық мүсінді қан­шама сәби келгені өз алдына, қаншама адам өмір бойы жарымжан, мүгедек болып дүниеден мезгілсіз өтті, қаншама адам дауасыз дерт қылтамақтан қайтыс болды, қаншама адам өзін өз қолымен өлімге қиып жатты… Халық басына түскен қасіреттен ақын өзін бөлек санамайды, жаны күйзеле ауырады. Өйткені, ол да осы зардаптың уын ішкен.

Ақын туындының компози­ция­лық тұтастығын сақтаған ой аралық байланысты сәтті тапқан. «Түсін балам, Мені де түсін, балам, сыртым шуақ болғанмен, Ішім – боран» деп басталып, әр бөлімде жаңа мән, тың оймен айшықтала түсетін ақын-автор­дың баласымен, бүгінгі ұрпақ өкілімен тілдесуі шебер үйлес­тірілген. Бойында ыстық қаны ой­нап, күш-қуаты артқан жігіт әке халін біліп, қамқорлыққа алып, аяушылық танытқанмен, шын мәнінде оның басындағы аласапыран күйді, ішкі дауылды дәл түйсіне де, сезіне де алмайтын тәрізді. Бұл да табиғат заңы. Өсіп, жетіліп келе жатқан организм қанша түсінушілік танытқанмен, бәрібір әке халін толық біле алмаса керек. Оның үстіне ол дүниенің бар салмағын жүрегінің ыстық сүзгісінен өткізіп жатқан арқалы, бірақ қазірде қатыгез ауруға іліккен тұсаулы ақын болса… Сонда да поэмада қайталанып келіп отыратын композициялық байланыс тетігі тек туындының бүтіндігін, жұмырлығын ғана қамтамасыз етпей, бүгінгі ұрпаққа өмірдің мәні мен құдіреті неде екенін ұқтырып, ой салғандай идеялық қызмет атқарып тұр.

Поэманың ақырғы бөлімінде ақын жанының қат-қабат шын­дығы берілген.

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Талап туған құлынын шыңғыртуда,

тулақ қылған тұлпарын қысыр заман!

 

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Тіл қата алмай мақаулық етсем екен,

тыңдата алмай шындықты –

күшім қараң!

 

Түсін, балам,

мені де түсін, балам,

Сыртым шуақ болғанмен,

ішім – боран…

Көктем өтті, жаз да өтті, күзім келді,

қарсы алам ба, білмеймін, қысымды аман… – дейді ақын.

Поэмада  Ақын образы тұлға­ла­нып көрінеді. Әсіресе, соңғы бөлімде ақын-заман қатысы өткір берілген. «Талап туған құлынын шыңғыртуда, тулақ қылған тұл­парын қысыр заман», «Тіл қата алмай мақаулық етсем екен, тың­дата алмай шындықты – күшім қараң» деуінде көп ақиқат­тың ізі бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кез экономикалық жағы­нан көп қиындықты алдыға тосса, әлі де сол ауыртпалықтан халық­тың басым бөлігі сілкініп еңсесін тік­тей алмай жатыр. Рухани жа­ғынан селкеуліктер де әлі жойылмай келеді. Қарапайым халыққа әр­қилы жат діни ағымдардың ық­палы күшті. Әр дінді ұстанып, әке балаға жат болып бара жатқан халықтың ертең тұтастығы бола ма? Қазақтың қаймағы бұзылып, ауыл күйреп жатты. Ағылған қазақ жастары қалаға сіңісе алмай, түрлі теріс қылықтарға ұрынды. Әсіресе, бұл Жарасқан ақын өмірінің соңғы жылдарында асқынып тұрған ел алдындағы күрделі мәселе болатын. Ұлттың келешегіне ауыр зардабын тигізер осындай келеңсіздіктерді көргенде, сезінгенде, ақын жаны тыныштық таппайды.

Түйіндей айтқанда, Ж.Әб­ді­рашевтің «Сортопырақ» поэмасы – Қ.Аманжоловтың «Өмір туралы», М.Мақатаевтың «Реквием. Жан азасы» туындыларымен қатар тұратын сыры мол шығарма.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір