МҰҒАЛІМНІҢ МҰҢЫ
Халыққа білім беру саласына көз жіберсек, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан осы кезге дейін Білім және ғылым министрлігін 14 адам басқарған екен. Олардың екеуі ғана 6 жылдан осы саланың тізгінін ұстаған екен де, қалғандары орта есеппен 1,5 жылдан министр болып, түрлі себептермен орындарынан кеткен.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға айтар өзіндік уәжіміз бар. Біріншіден, талай жылдар алынып келе жатса да, Қазақстанда білім мен біліктілік деңгейінің көтерілуіне пайдасы тимей келе жатқан ҰБТ мәселесі. Алдымен ҰБТ-ның салдарынан мектептерде оқытылып келе жатқан, қоғамдағы ғылыми көзқарас қалыптастыратын «Адам және қоғам», «Құқықтану негізі», «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің мүлдем оқытылмай, тек тарихи фактілердің жиынтығына айналуына алып келді. Соның салдарынан, жас ұрпақтың елеулі бөлігінің қоғамға жат діни ағымдардың жетегінде оп-оңай кетіп қалуы орын алды. ҰБТ-ның білім саласынан алынып тасталынуы дер кезінде қабылданған шешім болар еді.
Сондай-ақ, мұғалімдерді Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша Астанада 3 ай оқыта салып, 2-3 есе артық жалақы төлеп жатқаны да көп қателіктерінің бірі. Ағылшын тілінде өздері түсінбейтін терминдерді жаттап алып келіп, өзгелерден 2-3 есе көп жалақы алып жүрген мұғалімдердің өзге тәжірибелі мұғалімдерден артық сабақ беріп жүргендері шамалы. Өйткені, мұғалім болу үшін адамда алдымен мұғалімдік қабілет болу керек. Қазір барлық мұғалімдер сауатты. Кембридж университетінің бағдарламасы кеңестік Қазақстандағы 20-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына ұқсайды.
Ал қазіргі білім саласы басшыларының ЖОО-да «Қазақстан тарихы» пәнін Қазақстан егемендік алған кезден ғана оқыту әрекеті, тарихты география пәнімен біріктіру әрекеті тарих ғылымына, өскелең ұрпақ санасына орны толмас зиян келтіріп, үлкен өкінішке ұрындырып, опық жегізері хақ. Өйткені, осы қате шешімдер «Қазақта тарих жоқ» деп жүрген Жириновский, Солженицын (марқұм) сияқты шовинистердің диірменіне су құяды. Ал кеңестік кезеңге көз жіберсек, қоғамдық пәндердің оқытылуына ерекше мән берілуінің маңызы зор болғанын мойындауымызға тура келеді. География пән ретінде өркениетті елдердің барлығында оқытылады. Географиялық қоғамдар мемлекеттік деңгейде жұмыс жүргізеді.
«Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндеріне келсек, бұл пәндерді де қысқартуға болмайды. Тек кеңестік кезеңдерді дәріптеген шығармалар мен мұраларды оқытуды қысқартып, осы заманғы әдебиет пен дүниежүзілік әдебиетті оқыту жағына баса назар аудару қажет. Мектептегі пәндер санын қысқарту қажет болса, «Өзін-өзі тану», «Технология», «Музыка», «Дінтану», көптеген факультативтік сабақтар есебінен, т.б. пәндері есебінен жүзеге асыруға болады.
Апталық оқу күндерінің қысқартылып, оны жазғы каникулдың есебінен ұзартуға тырысу – әр министрдің әйтеуір өзінше бір «реформа» жасап қалуға ұмтылысы сияқты. Ауа райы ыси бастағанда, жаз қызықтары басталған кезде оқушыларды мектепке келтіру мен мектепте ұстап отыру проблемаға айналуы мүмкін. Дүниенің қай түкпірінде болсын, жаз айлары туристік маусым. Туыстық байланыстары жақсы сақталған қазақ халқының туыс-жекжаттарын көру мүмкіндігі. Оның балаларға да қатысы бар.
Математика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытуға тырысушылық та жүзеге асуы өте қиын, (мүлдем жүзеге аспауы да мүмкін) көңілге қонымсыз мәселе болып табылады. Өйткені, Қазақстанда ағылшын тілінде жұмыс істейтін кәсіпорындар мен мекемелер жоқ. Тілдік орта да жоқ. Балаларға төл тілінде түсіндіргенде санасына әзер жететін күрделі пәндерді ағылшын тілінде түсіндіре бастасақ, меңгеріп кетеді дегенге сену қиын. Бізден даму жағынан оқ бойы озып кеткен Корея, Жапония, Түркия, Тайвань сияқты елдердің өзінде мұндай қойыртпақ қолға алынып көрген емес екен. Ағылшын тілі пәнінің оқытылуын, қазіргі заманғы терминдер мен сөз қолданыстарын, өндіріс процестерін ағылшын тілінде кеңейтіп оқытуды қолға алу қажет десе, оны түсінуге болады. Ағылшын тілін ғылыми өндірістік және тұрмыстық деңгейде бөліп оқыту арқылы ғана белгілі жетістіктерге жетуге болатын тәрізді.
Қазіргі кездері жоғарыдан түскен жосықсыз талаптарды орындау үшін кей мектептерде мұғалімдерді ағылшын тілі курстарына күштеп оқыту қолға алынып отыр. Бұл харакеттер де кеңес үкіметінің алғашқы кезеңіндегі ғылымды меңгеру үшін жүргізілген «атты әскер шабуылын» еске түсіреді.
Министр мырзаға айтарымыз – Сіз реформатор министр ретінде көрінбей-ақ, мұғалімдердің мектепте алаңсыз жұмыс істеуіне зиян келтіріп отырған мына мәселелерді шешіп бергеніңіз жөн деп есептейміз:
- Мұғалім еңбегін бағалаудағы қағазбастылықты жою.
- Мектептердегі үздіксіз әкімшілік тексерулерді тоқтату.
- Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық пен коррупцияны жою.
- Мұғалімдер құқығын қорғау. Мұғалім мәртебесі мен ар-намысын қорғай алатын тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құру. Жергілікті билік тарапынан өткізілетін сенбіліктер мен әр түрлі науқандарда мұғалімдерді тегін еңбек күші ретінде пайдалануды тоқтату. Мерзімдік басылымдарға мұғалімдерді мәжбүрлеп жаздыруды тоқтату.
Нұрберген ӘМІРЕ-ШОҒАН.
Қапшағай қаласы.