ТАМЫРДЫҢ ТАЯЗЫ ДА  БАР
16.09.2016
1783
0

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

Мұқағали Мақатаев марқұмның өмірі мен шығармашылығы туралы аталы сөз де, алыпқашты сөз де айтылуда. Бір «қызығы»: алыпқашты сөздер мен ағат пікірлер: «ол алқаш болды»; «ол сотқар еді»; «ол кісі сыйлауды білмейтін»; «ол масаң кезінде кімді болсын боқтап кете беретін»; «ішуін қоймаған соң, Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжанов оны мүшеліктен шығарып тастаған болатын» дегендей, алға түсе береді.  Әлбетте, Мұқаңның азаматтығын, ақындығын танығандар  ол «бәрінбілгіштерге» анық жауап беріп жүр. Мысалы, мен Әнекеңнің Мұқағалиды Одақ мүшелігінен шығартпай, Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жібергенін нақты дерекпен жаздым. «Мұқағали» журналында, «Қазақстан», «Жетісу» гәзеттерінде жарияланды.

Әнуар ақиық ақынды әрқашан сыйлайтын, құрдастықпен қисық сөйлеп, қиқарлық жасағанында қалжыңын қару ете арқасынан қағып, тілін табатын. Ал Мәскеуге аттан­дыр­ғаны мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973  жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғанда­рын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды құрметтейтінін айтып: «…Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хат­шыға: – Жазушылар одағы алдында ұятты­мын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды да­йындап болған соң келемін, – деп кетіпті… Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», – деп жауап жазыпты. Кейінде ақынымыздың «Зов ду­ши» деген атпен  (орысшалағандар – Ю.Ал­ек­сандрова мен М.Курганцев) Алма­тының «Жазушы» баспасынан 1982 жы­лы шыққан, үш дастаны мен 55 өлеңі ен­гізілген жина­ғы­на алғысөзін Әнуар: «…твор­чество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии  шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом… Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардың Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл – және бір дәлел. Әнуар бол­маса, бұл жинақ шық­пас та еді (сөз ың­ғайы­на қарай айта отыруға болар бір жәйт: кейінде Ленинград баспасынан жарық көр­ген «Поэты Казахстана» жинағын Мұхтар  Мағауинге құрас­тыртып, жолын ашқан да Әнуар екен. Ол жинаққа қайран қазекемнің өзі шетке тепкен «зарзаман» мен «тарзаман­дағы» ақын­дары­мыз­дың оншақтысының өлеңдері енгізілген).

Әнуардың хатындағы Александр Пет­рович­тің  әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін бертінде араб поэзиясын зерттеуші-аудармашы ақын Өтеген Күмісбаевтың «Мәс­кеуге сыймаған Мұқағали» деп жазған  ес­те­лігінен  білдім. Өтеген Мұқағалидың Мәскеумен қош айтысқан өлеңінен мына бір жолдарды келтіріпті:

…Үйреніп қалған ұямдай,

Мәскеуді барам қия алмай.

Миллиондардың ішінде

Бір басым менің сия алмай.

Еңсемді бір сәт жия  алмай.

Не бетімді айттым, Алматым,

Не деймін саған, ұялмай?!

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, мені аман-сау

Алматыммен жолықтыр!

Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: «ауылыма кетіп барамын» де­гені осы көңіл-күйінің жалғасы екен-ау!..

Жазушы інім Роллан Сейсенбаев осы гәзеттегі мақаласында («Тамыры терең талант», 09. 09. 2016 ж.): «Ұмытпасам, 1977 жы­лы мен Мұқағалидың «Жан азасын», тағы­ да бірнеше өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударып, атақты орыс ақыны Михаил Курганцевке бердім…» депті. Курганцев «Керемет!» деп таңданыпты. Роллан ол арқылы Мәскеуде итальяндық екі ақын­мен таныс­қа­нын әсерлі әңгімелеген (Мұқа­ға­лидың Данте Алигеридің «Тозағын» қазақ тіліне жақсы аударғанын ол екеуіне Курганцев айтқан екен). Сонымен, Курганцев итальян ақындарды Әнуарға айтып, Қазақ­станға шақыру керек дейді. Алайда, ол ойы орын­далмаған. Соған Роллан енді ғана күйініп, Қазақстан Жазушылар одағы­на тым ауыр айып тағыпты. «Немкеттілік, сел­қостық, жауыздық, жершілдік, қызға­ныш, надан­дық» деген сөздерден «ботқа» жасап, қатты долданып, Жазушылар одағы мен бүгін­де марқұм Әнуар Әлімжановты бір оқ­пен атыпты. Бұл «ерлігін» Роллан інім «орда бұзар отыз жасында» неге істемеді екен?!

Енді Ролланның Шәкәрім бабамыздың аруағын құрметтеп жүргеніне орай айтарыма кезек берейін. Шәкәрім Құдайбердіұлы «халық жауы» деген жаладан ақталысымен «Жазушы» баспамыз марқұмның Таңда­малысын 1 том етіп дереу шығарды. 1988  жылы. Ол оқиға шәкәрімтанудың негізін қалаған көрнекті әдебиетші-ғалым Қайым Мұхамедхановқа өте ауыр тиді. Өйткені, баспа­ның  редакциялық  алқасы, құрастыру­шысы, редакторы бар бәрі «ғажап түсіністік» көрсетіп, ақын шығармаларының түпнұсқа­сындағы діни сөздерді түгел дерлік өшіріп, Шәкеңді «жаңаша» сөйлетіп, құдайдан «бездіріпті». Ол сорақылықты Қайым аға осы әдеби апталықта шыққан «Құдай» дегеннен құдай сақтасын» деген жанайқай мақаласында (17. 03. 1989 ж.) талдап тұрып әшкереледі. Одан кейінгі жылдары гәзет-журналдарда Қакеңнің, Мұхтар Мағауин­нің, Өтеген Күмісбаевтың, басқа да әде­биет­ші-сыншылардың оншақты мақаласы жарияланды. Оларда келтірілген ондаған мысалды тізбелемей,  түпнұсқадағы «Аққа құдай жақ» деген мәтелдің «Аққа адам жақ» болып «түзетілгенін», тарихи Мамай батыр­дың Матайға айналдырылғанын айтсам, Шәкеңнің көзі тіріде 1915 жылы шыққан «Қазақ айнасы» жинағының (баспа соны «өңдеген» ғой) құр сүлдері қалғаны осыдан-ақ түсінікті болар.

2006 жылы «Шаһкәрім. Жол табалық ақыл­мен» атты кітап шықты (Көркемдік кеңестің төрағасы жазушы Роллан Сейсенбаев. Халықаралық Абай клубы, Жидебай). Әде­мі безендірілген кітапты қуана қолға алдым. 1988 жылғы жинақ жайындағы сындар ескеріліп, түпнұсқа негізінде дұрыс шықты-ау дедім. Жоқ, олай болмады. 8 жыл бұрынғы жарымжан жинақ сол күйі қайта­ланған! Мен де ашынып, гәзеттерге аздап өзгертіл­ген мәтінмен мақалалар  шығардым (2006-2007 жылдарда). Олар:

«Шәкәрім «атеист» күйінде қала берсін бе? Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орта­лы­ғының назарына» («Қазақ әдебиеті»);

«Ақын атамыз Шәкәрімнің аруағына хат» («Жас Алаш»);

«Марқұмның маңдайына «атеист» болу жазылған екен. Сенатор жазушы Әбіш Кекілбайға хат» («Ана тілі»).

Сонымен, 2008 жылы Шаһкәрім Құдай­бердіұлы шығармаларының үштомдығы қолыма тисін: «Қажыма, ойым, қажыма», «Өкінішті ғұмыр», «Үзілмеген үміт» деп аталған. Тағы да қуанайын. Енді, әрине, анау «түзетулерден» құтылдық-ау дедім. Жоқ. Тағы да олай болмады. «Баяғы жартас – бір жартас». Амал не, Роллан інім қазақ гәзеттерін оқымайтын болған екен деген ой­ға тірелдім. Бір мақаламда 2006 жылғы «Жол табалық ақылмен» атты жинақты алға тарта, өзінің аты-жөнін, лауазымын атап сын жолдап едім, ләм-мимсіз кетті. Демек, жиыны оннан асқан мақаламыз не суға, не буға айналып тынды.

Шәкәрім аруағына осылайша қиянат жасалғанын мәлімдей: Мәдениет және бұқаралық ақпарат министрлігіне, Жазушылар одағының басқармасына хат жазып, ақынның «Қазақ айнасы» жинағын қайта­дан шығаруды өтіндім. Ешқайсысы селт етпеді. Әл-Фараби бабамыз айтып кеткен немкеттіліктің көкесін көрдім.

Былтыр «Шәкәрім Құдайбердіұлы шы­ғар­маларының бір томы 2014 жылы Түркия­да түрік тіліне аударылып шықты» дегенді естідім. Оның біздегі жарымжан жинақтар­дан аударылғаны  даусыз, яғни өзіміз «же­­тіс­тік» те, Абай мен Шәкәрім аруағын әс­пет­тейтін түрік ағайындарды «жетіс­тір­дік»!

Роллан мақаласының соңғы бөлімінде Қайрат Рысқұлбековтің – қыршын кеткен қайран боздағымыздың тарихи ерлігін еске алыпты. Бәрекелді!.. Бірақ жаңсақтыққа ұрыныпты, сірә, жете білмеген шығар. «Ел­бең-елбең жүгірген» деп басталған жырды Қай­рат жазбаған. Ол ақтық жырдың тууы өзгеше.

«…Бұл жырды Тоқтархан Шәріпжанов қазақтың белгілі журналисі Марат Тоқаш­баевтың және менің: «Елдің еңсесін жігерлі жырмен көтерейікші!» деген тілегімізбен жазып еді. Желтоқсан ызғары суылдап соғып тұрған. Бәрімізге де жан керек. «Тың­да­лады-ау» деген құлақты қабырғалардан, ғимараттардан қашқақтап, оңаша бас қосып, тау жақта, біздің үйге жиналдық. Тоқтархан аға жырды бастап, сақылдап айтып отырды, мен қағазға түсіріп отырдым. Машинкаға басып, қайта оқып, өң­деп-өзгертіңкіредік. Ол кезде (1987 жылы) Орталық Комитеттің гәзет-журнал баспа­сының хабарландыру бөлімінде қызмет істейтінмін. «Ауалық пошта» деген бар болатын, сонымен өлеңді қазақ гәзеттеріне атып жібердім. Жалын-жігерге толы жыр осылайша лезде көпке тарады. «Қайрат Рысқұлбековтікі» болып. Анығында, Тоқтархан Шәріпжановтың туындысы. Ақын ағаның көне жырлардан есетін  ек­пінді игерген стилін танитын жұрт бұл өлеңнің Тоқтархан Шәріпжановтың жүрегін жарып шыққандығына шүбәсіз сенеді. Осылайша шындықты айтып, асыл ағаның өз өлеңін өзіне қайтарайын дедім. «Қош бол, таңдарым!» деп ат қоюымызға ағаның да мәңгілік сапарға ұзауы, арманда үзілген жүрегінің көрмеген таңдарымен осы өлеңі арқылы қоштасуына ұқсауы себеп болды» (журналшы Гүлжаһан Боржұм­бае­ваның жазбасынан).

Жырдың  түпнұсқасы былайша:

«ҚОШ  БОЛ,  ТАҢДАРЫМ!

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек атқа семірген,

Арғымақ мінген жаратып,

Ақсауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей гөр!

 

Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусыз шықтық алаңға.               

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды табанда.

Сөйлесем дауысым жетпейтін

Кез болдық мынау заманға.

Жалғанда мынау, жалғанда

Жеткен жан бар ма арманға,

Жаныңда жүрген жолдасың

Басыңа пәле салғанда.

Қыршынынан қиылып,

Қатарым жусап қалғанда,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Артымда қалған ата-анам

Арулап қолдан көмсеші-ай!

 

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Атам десең, атыңдар!

 

Сусылдап келіп шешінген,

Еркелеп жатып көсілген

Жар қызығын көре алмай,

Аймалай алмай төсінен,

Арманда кеткен мен – бейбақ…

 

Айтылған сөзім жетер деп,

Алаңға лек боп жиылдық.

Қырып салды әп-сәтте,

Қыршынымыздан қиылдық.

Тең құрбым жоқ қасымда,

Пәлені басқа салған соң

Кешегі өткен бабалар

Әруағына сиындық.

Жасыма, бауырым, жасыма!

 

Қайғының бұлты торлады

Ақ Жайық – Алтай арасын,

Сел басқандай сенделтіп

Жұртымның көне даласын.

Амалым жоқ, көтердім

Басыма салған жаласын.

Екі жүзің қырылып,

Екі мыңың сотталып,

Көк өрім кілең көгенкөз,

Жоқтаусыз кетіп барасың.

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген, қош бол, таңдарым!

Көре де алмай өтермін.

Мойныма түскен салмақты

Көтердім, жұртым, көтердім.

Еркек тоқты – құрбандық,

Бас-аяғы сол болсын

Басыңа төнген қатердің.

 

Жиырма бір жасында

Кежімдеп мінген қазанат,

Мерт болған-ды башқұртта

Асып бір туған Салауат.

Мен де кеттім дүниеден,

Кетіретін болған соң,

Жаланы жауып жазалап.

Қош, аман бол артымда,

Ағайын-туған, азамат!

Артымда қалған ата-анам,

Ел-жұртым, саған аманат!»

Міне, ерлік жырының шын сыры осы. Аллаға қажеті – тек ақиқат. Гүлжаһан ақи­қат­тан аттап кетпеді, Алланың сүйген құ­лына, Мұхаммедтің үмбетіне тән іс етті.

Тоқтархан Шәріпжанов оқырман қауымға әзіл-сықақ әңгімелерімен, фельетондарымен таныс журналшы еді. Сонымен қатар, ақын, әсіресе, айтысқа құмар ақын болды. Республикалық айтыстарға сан қатысып,  жүлде алып жүрді. Өмірінің соң­ғы жылдарында айтыстың төрешілер алқасына мүше, төраға да болғаны бар.

«…Екі жүзің қырылып,

Екі мыңың сотталып,

Көк өрім кілең көгенкөз,

Жоқтаусыз кетіп барасың.

Мен не етермін, не етермін,

Мен келмеске кетермін.

Көрмеген, қош бол, таңдарым!..»

деген отқа ораулы шумақ Қайрат інісінен айрылған ақын  ағаның  жүрегін  қансы­ратып жарып шыққан нала емес пе?!

Аруақтан аттамайтын дәстүріміз бар. Арманда кеткен батыр Қайраттың, оны жоқтап өткен Тоқтарханның аты-жөндері «Деш­ті қыпшақ жырлары» атты жинақтың қайта басылымынан орын алар деп ойлаймын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір