ҰСТАЗДЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Біз, 1990 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде оқыдық. Еліміз енді ғана тәуелсіздік алған тұста өткен тарихымызға деген қоғамдық сұраныс пен қызығушылық артқан еді. Осы жылдары Алаш қозғалысы, 1920-30-шы жылдардағы ашаршылық, саяси қуғын-сүргін сияқты қазақ тарихының күрделі кезеңдері туралы мәселелер ашық айтыла бастаған болатын. Тарих факультетінде оқып жүріп, біз бірнеше тарихшының түрлі басылымдарда жазған мақалаларын іздеп жүріп, оқитынбыз. Олар – академик Кеңес Нұрпейісов, профессор Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков ағаларымыз еді…
Мәмбет Құлжабайұлы еліміздегі білім жүйесінде елу жылға жуық уақыт абыройлы қызмет жасап, жұмысында ұстаздық және ғалымдық міндеттерді үйлесімді атқара жүріп, тарихшы мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып келе жатқан тарихшы-ғалым. Одан дәріс тыңдап, тәлім-тәрбие алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде көптеп кездеседі.
М.Қ.Қойгелдиев 1991 және 1998 жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінің жанынан құрылған Комиссиялардың мүшесі ретінде Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің 1920-30 жылдардағы бай қожалықтарын тәркілеуге және қазақ қожалықтарын отырықшыландыруға байланысты қаулыларын қайта қарау, сондай-ақ, саяси репрессия құрбандарын ақтауға байланысты маңызды құжаттық материалдарды даярлауға белсенді түрде атсалысты. Осы комиссия құрамында жұмыс істеу барысында Мәмбет Құлжабайұлы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының басым көпшілігінің ақталып, туған халқымен қайта қауышуына өз үлесін қосты. Сонымен қатар, кеңестік тоталитарлық жүйенің 1920-30 жылдары қазақ халқына қарсы жүргізген әлеуметтік-саяси реформаларының ауыр зардаптарын, 1931-33 жылдары орын алған алапат ашаршылықтың мәселелерін, осы кезде қазақ халқының 49 пайызының қырылғанын, ашаршылықтың мұндай үлкен көлемде Кеңес одағының басқа республикаларында болмағанын әркез өзге әріптестерімен бірге ашық айтып келеді. Бұл ғалымның туған халқының өткен тарихында орын алған ауыр кезеңдерінің күрделі мәселелерін ғылыми тұрғыдан терең талдап, қоғамға жеткізу ісіне немқұрайды қарай алмайтын ұстанымдағы азамат екенін көрсетеді.
М.Қ.Қойгелдиев орта білім жүйесіне арнап жаңа буын оқулықтар жазу ісіне белсенді түрде атсалысып келеді. Ол жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы авторларының бірі (2014, 3-басылымы), 2015 жылы баспадан шыққан 11 сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» (3-басылымы) оқулығы авторлар тобының жетекшісі. Мектеп оқулықтарын жазуда еліміздің бүгінгі күнгі қоғамдық сұраныстарына сай оны мазмұндық тұрғыдан жаңартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Оның ішінде Қазақстанның Ресей империясының отары болған кезеңіндегі күрделі тарихи процестер, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, Алаш қозғалысының, Кеңестік жаңаотаршылдық кезеңіндегі саяси репрессиялар, ұлт зиялыларының қызметі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі сияқты, т.б. мәселелердің тарихын жаңа ғылыми-методологиялық тұрғыдан жазуда ұстаз-ғалым ретінде өзінің ғылыми көзқарасы мен ұстанымын көрсете отырып баяндайды. «Мемлекеттілігін қалыптастыру және нығайту жолында тұрған елдің тарихшысы күрескер болуы тиіс» – бұл зерттеуші М.Қойгелдиевтің кредосы. Осы ұстанымын ол жариялаған еңбектері, ұстаздық қызметі, түрлі аудиторияларда оқыған дәрістері арқылы дәлелдеп келеді.
М.Қойгелдиевтің баяндауында біздің ұлттық бірегейлігіміз патшалық және кеңестік кезеңдерде ауыр да мақсатты шабуылдарға ұшыраған, ұлттық ұю процесі мемлекеттілік қамқорлық жоқ жағдайда жүрді, ұлттың бастаушы күштері перманентті репрессия құрбаны болды. Оның салдарын біз ұлт ретінде отандық тарихтан жауап бере алатындай деңгейде және талғамда жазылғанда ғана өз міндетін атқара алады.
Ағартушылықтың қоғамдық ойдағы ағым және іс-әрекет ретінде қазақ ағартушылығын бөлек дами алуы мүмкін емес-тін. Өйткені, олардың көздеген мақсаты ортақ, қазақ елін ортағасырлық мешеулік пен отарлық тәуелділіктен құтқару, «халықты ұлт деңгейіне көтеру» және «өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру» (М.Шоқай) болды. Яғни ағартушылық пен ұлтшылдық өзгеру жолына түскен ел үшін ұйытқы элемент міндетін атқармақ.
Зерттеуші өз еңбектерінде қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығының қайғылы тағдырына, олардың көздеген мақсатына жете алмай, бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытта тарих сахнасынан ығыстырылғанына тоқталады. Кеңестік биліктің қазақ ұлт-азаттық қозғалысын гуманизмге мүлдем жат әдіс-құралдар арқылы жойғанын нақты фактілік негізде талдайды.
М.Қойгелдиевтің ғылым саласындағы белсенді қызметі мемлекеттік тәуелсіздік жылдарына тұспа-тұс келді. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихы, әсіресе, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту үшін жүргізген күресі ғалымның негізгі зерттеу объектісіне айналды, осы бағытта өз мектебін қалыптастырды. «Алаш қозғалысы» (1995, 1 кітап), «Ұлттық саяси элита» (2004), «Жетісудағы Ресей билігі» (2004), «Сталинизм и репрессии в Казахстане в 1920-1940 г.г.» (2009) атты монографиялық еңбектері, бұлардан ертерек жарық көрген «Қадырғали Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (авторлық бірлікте, 1992) және «Тарих тағлымы не дейді?» (авторлық бірлікте, 1993) атты кітаптары ғалымның отандық тарихнамаға қосқан үлесі болып табылады. «Алаш қозғалысы» атты ғылыми монографиясының бірінші кітабы өңделіп, толықтырылып 2008 жылы қайта жарық көрді.Кітабында ол «Егер біз қазақ зиялыларының қызметін алдын-ала дайындалған белгілі бір идеологиялық схемаға салмай нақты деректерге сүйене отырып, объективті негізде халық өмірімен, оның сол тұстағы негізгі табиғи мүдделерімен байланыста қарар болсақ, онда құпия полиция орындары айтқандай, «сеператистік» әрекетті де, большевиктік идеологтар негіздеуге тырысқан «буржуазиялық ұлтшылдықты» да көрмейміз, қайта империяның темір құрсауындағы елін бостандық, теңдік және туысқандық жолына алып шығу үшін өздерінің азаматтық күш-қуатын, адамдық бар қасиетін арнаған ерліктің үлгісін көреміз» деп ерекше ерік-жігермен баяндап, қазақ зиялыларының қызметіне лайықты бағасын береді.Бұл – ғалымның ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан Алаш қозғалысының тарихын, ұлт зиялыларының ұстанымы мен қызметін қаншалықты тереңнен түсінетіндігін және олардың мұрасын қоғамға ерекше ықыласпен таныстырудағы ниетінің адалдығын көрсетеді.
М.Қойгелдиев отандық тарихнамаға «Алаш қозғалысы», «Алаш идеясы» сияқты ұғымдарды ғылыми айналымға қосты, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы сияқты ұғымдарға арнайы ғылыми түсінік беріп, осы ұғымдардың жиынтығы Алаш қозғалысы деген түсінік қалыптастыратындығын негіздеді.
Оның түсінігінде, Алаш идеясы ұлт өмірінен тамыр алатын құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Оның өзегі – мемлекеттілік. Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық (Ә.Бөкейханов). Ал бүгінгі Қазақ Республикасы – Алаш идеясының өмірлік ақиқатқа айналуының мүмкіндігі.
М.Қойгелдиев осы еңбегінде қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығы тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан түсіндіруді ұсынды. Қазақ ағартушылығының, мәселен, Ресей арқылы келгені рас, дегенмен, оның мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан өз ерекшелігі, тағдыры болды, сондай-ақ оны еуропалық немесе орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық мерездерге, діни фанатизмге қарсы бағытталумен бірге ол ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді.
Кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеп, ал оның девизі ретінде Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті… Балаңа орыстың ғылымын үйрет!» деген сөзін алды. Ондағы мақсаты – қазақ мәдениетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болды. Ал тарихи шындық – қазақ ағартушылығының қоғам мойындаған девизі М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) деп тастаған ұраны болғандығын көрсетеді. Қалыпты және бейбіт даму жағдайындағы елдерге ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталады.
М.Қ.Қойгелдиев 2004-2011 жылдары елімізде іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының Қоғамдық Кеңесінің мүшесі болды. Бағдарламаның «Тарих және этнография» секциясының төрағасы ретінде «История Казахстана в русских источниках», «История Казахстана в западных источниках», «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» және «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» атты көптомдық сериялық басылымдарды даярлау ісіне жетекшілік жасады. Оның ұсынысы және жетекшілігімен 5 кітаптан тұратын «Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы» (2004-2008) және 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» (2007-2008) қазақ және орыс тілдерінде жарияланды. Аталған көптомдықтарда бұрындары ғылыми айналымға тартылмаған тарихи деректер алғаш рет топтастырылды. Оның беттерінде Алаш қозғалысының тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытып, түсінуге мүмкіндік беретін архивтік құжаттар, «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты кезінде оқуға тыйым салынған ұлттық мерзімдік басылымдардың материалдары орын алды. Оның жетекшілігімен 2008 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінің қорларында сақталған Қазақстандағы саяси репрессия тарихына тың мәліметтер беретін құжаттық материалдар жинағы «Красный террор: Политическая история Казахстана» деген атпен жарық көрді. М.Қойгелдиев отан тарихы үшін маңызды құжаттарды «Қарқаралы петициясы» (1905) қазақ тіліне, ал Алаш бағдарламасын (1917) орыс тіліне аударып жариялады. Ә.Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде жарық көрген публицистикалық және көркем аударма шығармаларын жинақ түрінде даярлап, ол 1994 жылы «Қазақстан» баспасы арқылы жарық көрді. Бұл – Ә.Бөкейхановтың шығармалар жинағының елімізде алғаш жарық көруі еді.
Мәмбет Құлжабайұлының ұсынысы және басшылығымен, сондай-ақ, кіріспе мақаласымен 2011 жылы М.Жұмабаевтың «Алқа» ұйымы үшін даярлаған бағдарламасы жарық көрді. Шығарманың жанрлық ерекшелігі ескеріліп, манифест атауы берілді. М.Қойгелдиев шығармаға жазылған кіріспе мақалада: «Табалдырық» мәдени өмір саласындағы идеологиялық зорлыққа берілген интеллектуалдық жауап қана емес, сонымен бірге, сол бір аумалы-төкпелі заманда ұлттық өнердің, әдебиеттің бағыт-бағдарын анықтап берген бағдарламалық құжат та еді. «Табалдырықтың» осы екі қырын бірдей бағалау аса маңызды. Өйткені, ол жаңадан отарлауға қарсы ұстанымды білдірумен шектелмейді, сонымен бірге, көркем ойдағы жаңа ұстаным мазмұндық тұрғыдан қандай болуға тиіс деген сауалға да жауап береді» атап деп көрсетеді.
М.Қ.Қойгелдиев Тәуелсіз Қазақстан қоғамның тарихи танымның өзгеруіне, сондай-ақ, елімізде мемлекетшілдік және патриоттық сана қалыптастыру ісіне белсенді атсалысып жүрген ғалым. Ол деректі фильмдердің сценарий авторы, ғылыми кеңесшісі және түсінік беруші ғалым ретінде «Әлихан және Мұстафа» (1998. «Хабар»), «Алашорда» (2007, режиссері Х.Омаров), «Бірінші» (2007, режиссері Қ.Олжай), «Мұстафа Шоқай ізімен» (2011, режиссері Қ.Бегманов), «Кенесары хан» (2011, режиссері М.Конуров), «Асықпаған ақиқат» (2011, режиссері Б.Әбіш) және басқа көптеген деректі фильмдерді даярлауға белсене қатысты. Сонымен қатар, «Аманат» сияқты көркем фильмдердің де түсірілуіне кеңесшілік жасаған.Мұндай деректі және көркем фильмдерді түсіруде тарихи мәселелерді тереңнен түсінетін тарихшы-ғалым ретінде өзінің ғылыми және азаматтық ұстанымын ашық білдіріп келеді.
Мәмбет Құлжабайұлының жасаған тұжырымдары қазақ ағартушылығының аясын кеңейтеді.Алқазақ ұлтшылдығы мәселесі жөніндегі қорытындылары бұл құбылысты ақтап, кеңестік идеология таңған «құбыжық» ретінде емес, оған жаңа мазмұн, жаңа сипат береді. Ғалымның мұндай батыл ұстанымы ұлттық мемлекет ретінде дамудың азат жолына түскен қоғамның ойы үшін аса маңызды және егемен елімізде еркін сананың қалыптасуына, ұлттық рухтың жаңғыруына игі ықпал етері сөзсіз.
Шәмек ТІЛЕУБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті.