ШАНШАР БАЛЫҚТЫҢ ӨЛІМІ
Саид Фаик Абасыйанык (1906–54) – ХХ ғасырдағы түрік әдебиетінің белді өкілі. Прозамен қатар поэзияға да көп көңіл бөлген. Әсіресе, түрік әңгіме жанрында орны ерекше – үлкен бетбұрыс кезеңін бастаған тұлға-қаламгер саналады. Шығармаларын қоғамның келеңсіздіктеріне емес, адамның қоғамдағы мәселелеріне арнап, адам болмысын түсінуге тырысқан. Ешқандай ағым, мектепке ермеген, еліктемеген. Журналистика саласында да еңбек еткен, аудармамен де айналысқан. Әңгімелерінде құстар мен балықтардың ерекшеліктерін арқау етіп, адам табиғатын ашуды көздеген. «Саид Фаик Абасыйанык – бір сәттік құбылыстан ғұмырлық тұжырым табудың шебері» дейді зерттеушілер.
Саид Фаик АБАСЫЙАНЫК
Бәрінің көздері әдемі-ақ. Тірі кездерінде бәрінің қабыршақтары әйелдің көйлегіне, құлағына, алқымына тағуға лайық. Алмас, жақұт, ақық, зүмрүт дегендерің не тәйірі!
Әйелдер той-томалаққа тірі балықтың жон арқасының жалт-жұлт еткен түсімен баратын болса ғой шіркін: балықшылар – миллионға көміліп, балықтардың даңқы аспандар еді. Бірақ өкініштісі, балық жонының жалтырауықтары иесімен бірге солып қалады, солғанда да бүріскен қоңыз құсап мыжырайып кетеді.
Мен өлімін баян етпек болып отырған балықтың ондай көздің жауын алар жалтырақ қабыршағы жоқ. Қабыршағы да жоқ о сорлының. Жұқа ғана, білінер-білінбес көкшіл шалған түсі қошқыл тартып тұрады. Балық біткеннің сүйкімсізі. Жұқа ақ нейлон сияқты аузы үлкен, тістен жұрдай. Судан шыққан бойда аузы үңірейіп ашылады. Сол ашылғаны ашылған – қайта жабылмайды.
Түсі қошқылданып тұратынын айттым. Тұрқы жап-жалпақ – оны да айттым ба? Екі бүйірінің дәл орта тұсында бармақ басындай қарауытқан дағы барын ше?
Ұрым балықшылары хрисопсарос – Христос балығы деп атайтын бұл балық баяғы өткен заманда қорқынышты теңіз құбыжығы болған деседі. Иса дүниеге келмей тұрғанда Жерорта теңізін үрейде ұстаған көрінеді. Бірде-бір адам осы балықтан қорқып финикиялық теңізге жолай алмаған. Талайлардың кемесі төңкеріліп, талқаны шыққан. Жерорта теңізінің пендеден, айуаннан, дауыл мен жасыннан, нөсер мен бәлекет, тауқыметтен қорқып көрмеген жүрек жұтқан қарақшылары шаншар балықтың атын естігенде қалтырап қоя берген деседі.
Иса бір күні теңіз жағалап келе жатып, қайықтарын зәре-құттары қалмай тастап қашқан балықшыларды көреді. «Не болды?» – деп сұрайды олардан. Балықшылар шулап қоя береді: «Құдай бетін аулақ қылсын! Құдай сақтасын мына бәлекеттен! Қайығымызды қиратты, досымыздан айырылдық. Ең сорақысы – балық аулай алмаймыз, аштан қырылатын болдық».
Жүздеген шаншар балық шоршыған теңіз айдынына Иса жалаң аяқ, жалаң бас қалпында бет алады. Саусақтары салалы қолын салып жіберіп ең үлкенін судан суырып алады. Екі бүйірінен қысып ұстаған күйі еңкейіп құлағына сыбырлайды.
Сол күннен бастап шаншар балық теңіздің түрі қорқынышты, бірақ мінезі көнбіс, ең бір мүсәпіріне айналады. Бұл балықтың тұла бойында шеге, балға, қашау, қысқаш, ара, егеу секілді құрал-саймандарға ұқсас шошайған, тікірейген қылтық сүйектері бар. Біздегі атауы осыған орай шыққан болса керек. Жаңағы «құрал-саймандарын» айнала кестелі жұқа нейлон құсаған жарғақ көмкереді. Құйрығына қарай бұл үлбіреген жарғақ аздап қалыңдап, реңі қою тартып, балық құйрығына айналады.
Қармаққа ілінсе болды өмірінен – суынан түңіліп сала береді. Қандай үрейдің құшағына берілетінін кім білсін? Ол үшін енді өмірдің мәні қалмайды. Қармақтан құтылса да пайда жоқ. Су бетіне қалқып шығады жап-жалпақ боп. Дөп-дөңгелек көздері мұң шаға қарайды адамға. Қайық түбіне түскен соң оның біразға дейін үні өшпейді. Иә, иә, үні! Осы, сосын қарлығаш балық жаны шыққанша қайық түбінде жатып ап ышқынғандай, ыңырсығандай болады. Жұқа жарғақ аузының ашылғаны – шаншар балықтың түңілгенінің белгісі.
Бір күні балықшы асханасының алдындағы жары қызыл, жары ақ гүл ашқан қарағанның бұтағына ілінген шаншар балыққа көзім түсті. Басында түсі теңізден жаңа шыққандай қошқыл болатын. Өн бойында еш қыбыр жоқ. Жансыз тас па дерсің. Тек «саймандарын» айнала көмкерген жұп-жұқа, жібектен де үлбір жарғағы ғана дамылсыз діріл қағады. Өмірімде тап мұндай ойын көрмеппін. Иә, нағыз ойын болатын. Көзге көрінбес іш лебінің ойыны. Тұла бойы сыртында еш діріл жоқ. Тек әлгі жарғақ үлбірей дірілдеп еріксіз көз тартады. Бір қарағанда адамды қызықтырып, көңілді елітетін бұл діріл, шынында өлім биі еді. Құдды шаншар балықтың жаны лүп-лүп етіп ана жұп-жұқа жарғағынан шығып жатқандай, бір мысқал да қалмағанша дірілдей беретіндей.
Жаздың кей күндері үп еткен самал жоқта теңіз беті өзгеше түске бөленіп құлпыратыны болушы еді ғой. Мына діріл де тап сондай еліткіш еді. Адамның көңілін тербеп, жаныңды жайлылық жайлайды. Алайда, балықтың өлім аузында екенін ойласаң, бұл дірілдің ішкі мәні мұңға жетелері анық. Бірақ адам ондай ішкі мәнін бәрібір ескергісі келмейді. Бәлкім, бұл елден ерек тәтті бір өлім шығар. Бәлкім, балық өзін әлі суда, тұңғиықта жүргендей сезінетін болар. Қарын тоқ, уайым жоқ. Ымырт түскен кез. Теңіз түбінің құмы еркелете қытықтайтындай. Төменде аналықтың уылдырығы, үстінде аталық тұқымы ақырын ғана шайқалып тербеледі. Тұла бойы балбырай балқып бара жатқандай… Кенет күтпеген әсерлі нәрсе болды. Балық бірден құбылып ақырын-ақырын бозарып, өңі қашып, қуқыл тарта бастады. Маған солай көрініп тұр ма, жоқ әлде расымен бозарып бара ма деп ойлап, жіті көз жіберемін дегенше болмады, қателеспегенімді түсіндім.
Безекті жарғақтың ойыны күшейіп, ал балық бара-бара, сәт санап көз алдымда ағара бастады. Шаншар балықтың құтын алып, жүрегін жайлаған үрейді іштей сездім. Бұл жан біткенге мәлім өлім үрейі еді.
Бәрін әбден түсінген. Теңіз түбінің тіршілік әлемінің біткенін. Ағыс бойымен ығудың да, тұңғиыққа сүңгудің де, жап-жасыл мүк шоғын бүркенудің де, ертеңгілік жоғарыдан тереңге тамылжи құйылған салқын сәуледен селк ете оянудың да, көкшулан тартып құбылған күн көзінде құйрық ойнатудың да, су бетін көпіршітіп шоршып ойнаудың да, жыбырлаған мүк үстіне жатудың да, ай жарығында шомылудың да… бәрінің көзден бұлбұл ұшқанын, бәрі-бәрінің біткенін.
Шаншар балықтың жаны шығып болмайды, өлімі ұзаққа созылады. Балық судың газ түріндегі біз ауа деп атайтын түріне құдды бой үйреткісі келетіндей. Тағы сәл шыдаса, үйреніп кететіндей көрінетіні бар маған.
Осы екі сағатқа созылатын жан-тәсілім сәтін төрт сағатқа, төрт сағатты сегіз сағатқа, сегіз сағатты жиырма төрт сағатқа жеткізсек бар ғой, шаншар балықты өз арамызда бірдеңе істеп жүрген үстінен көретін сияқтымыз.
Оны ауаға – өз суымызға үйреткен күн бөркімізді аспанға атамыз. Бізде осындай түрі жаман ұсқынсыз, қорқынышты, ал мінезі өкпешіл, қойдай жуас, жасық, жаны нәзік, көңілшек, айналаға аялай әрі үрке қарайтын бір жан бар деп мақтанып, оны ренжіту үшін қолдан келгенді істейміз. Тосырқағанменен, басында шыдайды. Оны шайырға, тұнжыраған, түсініксіз біреуге айналдырамыз. Бір күн сезімін, ертеңіне мейірімін, үшінші күн ынжықтығын, момындығын жамандап, оны жанынан бездіреміз. Бойында бар бүкіл жақсы қасиетін біртіндеп тастайды. Ыза толы мысқылмен бел ортасындағы Исадан қалған бармақ іздерін саймандарымен қырнап кетіреді. Көне дәуірдегі құбыжық қалпына түседі.
Біздің суымызға бой үйретіп көрсін осыдан. Құбыжыққа айналдыру үшін ештеңеден аянбаймыз.
Аударған
Әміржан РЫСБАЕВ.