АУЫС-ТҮЙІС
Өткен аптаның соңында ел үкіметінде бірқатар ауыс-түйіс болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі қызметіне Бақытжан Сағынтаев тағайындалды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары міндеті Асқар Мәминге, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі қызметтері Асқар Мырзахметовке жүктелді. осыған дейін Қорғаныс министрлігін басқарып келген Иманғали Тасмағамбетов Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің тізгіні енді бұрынғы Қорғаныс министрінің орынбасары, Қазақстан қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың қолына өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоя отырып, жаңа құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жетекшілік етуді Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа тапсырды. Бұған дейін Қазақстанның Әділет министрі қызметін атқарып келген Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы қызметіне ауысты. Мемлекет басшысының жарлығымен Әділет министрі болып осыған дейін ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарғанМарат Бекетаев тағайындалды. Талғат Донақовқа ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметі жүктелді. Ал бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып келген Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.