ӨЛТІРЕТІН ДЕ, ӨСІРЕТІН ДЕ – СӨЗ
09.09.2016
2061
0

aza__baeva-k__lzhamalГүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА,
актриса

 

Тіл – тіліп түсер нар кескен. Сөз – өткір жебе тау тескен.

Сөз – осы бір үш әріптен тұра­тын дүниенің құдіретіне ешкім та­ла­са алмас.

Өлтіретін де, өсіретін де – Сөз. Қазақтың сөзге деген құрметі тым ерек­ше болған. Бүгінде осы дәс­түр ұмытылыңқырап бара жат­қан­дай көрінеді. Бір ауыз сөздің орнын бір жапырақ қағаз басқан заман келді. Әрине, ғылым-бі­лім­ге ден қойған мына заманда бұл өзгерістер орынды да шығар. Дей тұрғанмен, осылай кете берсек, ке­лер ұрпақ қазақылықтан бір­тін­деп ада бола ма деген күдік те бар.

Біздің халықтың мәдениеті, әдебиеті ұрпақтан-ұрпаққа осы сөз арқылы жеткен. Баяғы заманда бір ауыз сөздің кесірінен ел мен ел кетіскен, ер мен ер шекіскен. Жер дауын, жесір дауын билер мен шешендер бір ауыз сөзбен бі­ті­мге келтірген. «Аңдамай сөй­ле­ген, ауырмай өледі» дейді хал­қы­мыз. Абайламай айтылған сөз­дің аяғы насырға шауып кетуі мүм­кін. Сөйлей білу, қай жерде қан­дай сөз айту әр адамның мә­де­ниеті мен ақыл-парасатына бай­­ланысты. Әр сөзіңді екшеп, ой еле­гінен өткізіп сөйлеген дұрыс. Әсі­ресе, аузына ел қараған дуалы ауыз азаматтар сөзді дұрыс қол­данып, дұрыс пікір қалыптас­тыруға күш салса, құба-құп. Тауып айтылған сөз адамға қанат бітіреді. Ақылға қозғау салады. Се­зіміне әсер етеді. Жеңіске жет­кі­зеді.

Актерлердің басты құралы – сөз. Сахнадан айтылған әрбір сөз­­де астар бар. Егер айтып тұрған сө­зін өзі түсінбесе, ол актер көрер­мен жүрегіне жол таба алмасы хақ. Сол секілді ел тізгінін ұстаған аза­­маттар құрғақ, жылтыр сөзден гөрі құнары, маңызы бар сөз сөй­леп, сол жолда шын жүрегімен әре­­кет жасаса біздің елдің өркен­деп, көркейе  түсетініне сенім­ді­мін. Бабаларымыз «Білгенге маржан, білмеске арзан – қайран сөз» деп бекер айтпаған. Сөздің киесін, сөздің құдіретін түсінетін адам ғана басқаларға сыйлы, ардақты болады.

Сондықтан бабадан қалған «Сөз» деген асыл мұраны көзі­міз­дің қарашығындай сақтап, құр­меттеп, ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізу­ге кез келген қазақ міндетті деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір