ШАЛҒЫНДАҒЫ  ТАҢ ШЫҒЫНДА ҚАЛДЫМ МЕН
09.09.2016
1514
1

kazybek-1Поэзия туралы толғану қиын. «Өлең деген қайдан келеді?» деген сауалға бір ғылым атасы жауап бере алмайтын шығар. Тағдыр дегеннің өзі де өлең болуы мүмкін, шамасы. Кейде жазған өлеңің өмірде орындалып жатады. Сөз құдіреті деген сол шығар. Көңілдің көлінен қаз ұшып, жаныңның жайлауынан ел көшіп кеткенде, жалғыздықтың қақпанындағы жаныңды жегідей жеп, тыныштық аңсап жатқан мезеттерде келетін киелі сөз – өлең болса керек. Мұқағали ақын айтқандай, қайшылықта туатын өлең – шынайы өлең. Тумысынан таза сақталған табиғаттың төл перзенті – өлең.

Жақсы жыр оқығанда жан са­райың ашылып, әр шумақпен санаң гүлдеп кететіні бар. Бірақ тозақтың қыл көпірінен өткізген­дей әсерде қалдыратын ұлы жырлар да бар. Суреттеу шеберлігі соншалықты мықты таланттар Данте, Бодлер  секілді ұлы ақын­дар­ды мысалға келтіруге болады осы тұста. Рилькенің нәзік лирикасы ше? Бүркіп тұрған ақ жаңбыр се­кілді. Әлдебір әсем әуенді естіп, таңғажайып бір күй кешкендей боласың.

Дәл қазір алдымда қазақ поэ­зия­сының белді өкілінің бірі, бел­гілі ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықа­ра­лық Сергей Есенин атындағы сый­лық – «Алтын күз» орденінің иегері Қазыбек Исаның «Тәтті шөл» деген кітабы жатыр.  Ойлы да, нәзік лиризмнің озық үлгі­сіндегі өлеңдерін он қайтара оқып шығып, інілік пікірімді білдіруді жөн санадым.

«Қара жолмен кешке сүңгіп кетсем де,

Шалғындағы таң шығында қалдым мен» –деп, үзідігіп кете беретін жырлар еріксіз баурайды екен. Ақын мен табиғаттың арасындағы тартылыс күшін сезінесің өң-бойыңмен. Өл­ең деген де сондай алаперен тартылыстан туып, өңменіңнен тепкілеп жаздыратын бір тылсым емес пе?!

Ауылдың тіршілігін көз алдыңа әкеліп, сонау бала күндерді ой еле­гіңнен өткізетін жырлар қазақтың көне аңыздарымен жалғасады. «Баба Түкті шашты Әзіз», «Үкаша әулие басындағы құдық немесе ер ке­зегі  үшке дейін» деген жыр­лар­дың сарыны өзге. Қаратаудың күн­гей бетінде, Өгіз тау шатқалы ма­ңында орна­ласқан Үкаша ата мазары мен құдығы туралы көзіқа­рақты жұрт біледі. Сол құдықтың басында әулиеге тәу еткелі келген ақынның ішкі сырын ақтаруы, ислам дініне деген риясыз махабба­тын өлеңмен жеткізуі жан тебірентерлік.

«Бойды шарпып жатқан кезде зор жалын,

Бос кетер ме ойлаған бұл болжамым.

Солқ еткенде салмақ тартып қыларқан,

Солқ етті ғой қуаныштан сол жағым…», – деп, құдықтың киелі суын ұрт­тағалы келген ақын жанының зары сезіледі өлеңнен.

Атақты Анна Ахматова айтқан­дайын «өлең қайғы мен зардан өсіп шы­ғады» екен. Рас, адам жанының күйзелісінен туатын жырлардың өміршеңдігіне көзіміз жетеді. Бұған шүбәсі бар адам «мыңмен жалғыз алысқан» һәкім Абайдың әлеміне бойласын. Кеңсірікті  удай ашытатын өлеңдер ұлы қайғыдан туады дегенге толық келісемін өз басым.

«Абыройым – арағы бар шыныдай,

Аяқ асты болғаны ма, – ада боп…

Қап-қара түн,

Қайда кеткен сынық ай?

Жұлдыздар жоқ,

Тұла бойда жанады от…

 

 Батқанмын ба батпағы мол күнәға,

Басым қатып, құрыстырды, құрғыр-ай.

Жалынамын,

Еш нәрсені сұрама,

Не болғанын біледі тек бір Құдай…

 

 Тұншықтырып бара жатыр түн о да,

Түріп шығар түрім бар ма түнегін?

Түнің түгіл,

Түсімдегі күнәға

Өңімде де қысылатын ұл едім…», –

деп, санаңды сарсаңға түсіріп, бір түйір көздің жасындай мөп-мөлдір өлең арқылы адам жанының қиналған кезеңін суреттеп беретін осы бір өлең жолдарында ерекше мұң, өзгеше қайғы бар. Ақын – өмір бойы өзін іздеп өтеді. Жоқ қа­рап өтеді. Әлдебір өкініштің тырнағы жүректі тырналап, құса болып ақ қағазға төгіліп түскенде, осындай жауһар жырлар пайда болады.

Қазыбек Иса ағамыз үлкен бір толқынның белді өкілі. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Ға­лым Жайлыбай секілді қазақ поэзиясының марқасқаларымен қатар шауып келе жатқан ақынның қай кезеңде де айтары көп болған, қазір де оқырман оның өлеңдерін іздеп оқиды. Тіпті, ұлт мүддесі үшін «тар кезеңдерде» қасық қа­­нын, маңдай терін аямаған ақын өзінің ұлтшылдығымен елдің сүйіспеншілігіне бөленген.

Ұлтшылдардың көсемі, қазақ­тың үлкен ақыны Мұхтар Шаханов­тың ақындық хақындағы керемет ұстанымы бар. «Кімде-кім өз ұлтының мүддесі үшін күреспесе, ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес келмесе, мың жерден жақсы жазушы болсын, мен үшін оның құны көк тиын» дейді ол. Осы ұстаным тура ұстаным, әділ ұстаным деп білемін. Сайып келсек, аталмыш ұс­танымды қабылдауға болады. Бірақ нағыз ақынның жүрегі әр­дайым «Халқым!» деп соғып тұру керек емес пе? Мен Қазыбек ағаны сондай ұлтшылдың бірі ретінде танимын. Өлең жазу бір, ұлтшыл болу бір басқа. Тіпті, өзінің поэзия­сында да шындықтың сөзін сөй­ле­тін арда ақын былай дейді бір өлеңінде:

«Теңдік алып ақырған аталардың,

Жаңғырыққан үнінен от алармын.

Уызданған ұландар ұрандаса,

Рухыңды жаныштап жата алар кім?..

 

 Садағаң деп… Алаңға барған әркім,

Сақтағаны атадан қалған антын…

Ақиқаттың дауысын айқайлаған,

Жүрегіңнен жоғалтып алма, Халқым!..».

Міне, біз жоғарыда айтқан нағыз ақынның жанайқайы осы.

Кітаптың неліктен «Тәтті шөл» деп аталатыны туралы өз пайымымызды айта кетейік. Кітаптың соңғы бөлімі «Тәтті шөл» деп аталады. Аталмыш бөлімде ақынның махаббат лирикасы, сезім перне­лерін шертетін нәзік өлеңдері топтастырылған.

Сондағы бізді айрықша толған­дырған өлеңдерге назар ауда­райық.

«Қарсылығың әсер етпей сенің де,

Қарамады-ау аппақ адал көңілге.

Қайшы тиіп…

Қақ бөлген соң суретті,

Қайшылықтар басталған ғой өмірде», – деп толғайды шайырдың жүрегі. Өткен бір сүрлеу соқпақта елес болып қалған ескі силуэт көз ал­ды­мызға келеді. Қайшымен ортасынан қақ бөлінген сурет және айы­рылысқан қос адамның тағ­дыры өте сәтті ассоциация тудыра­ды. «Тағдыр қайшылығы дегеніміз не?» деген сауалға мысал арқылы жауап беріп тұр автор.

«Тәтті шөл» өлеңі ақынның өз ішіндегі ұмытылмас бір аңсар! Менің дәл солай екеніне шүбәм жоқ. Кітаптың атауына шығарған өлеңі ақынның басты өлеңі болып есептеледі. Неге осы өлеңді таң­да­ды, ол ақынның өз танымы. Бірақ сол бір аңсардан, сол тап-таза ің­кәр­ліктен туған өлең жаныңа жаз­дың шуағын төгеді. Баурайды.

«Шарпылсаң да сен де іңкәрлік отына,

Жыртып таста…

Жырымды бұл оқы да.

Тартамыз-ау асау жүрек тізгінін,

Тартылғанша «ақылдылар» сотына.

 

Балдай қызға ғашық  болу қандай-ды,

Жан ұғынса…

Жаста айырма қалмайды.

Бақытыңа бермес бірақ бар қайғы –

Бір тәтті шөл құрғатады таңдайды.

Құр тамсанып…

Құмарың еш қанбайды,

Шер қосуға болса-дағы шекермен…

Шөл басуға болмайды ғой…

Болмайды!..».

Осы бір тәтті шөл әр жұмыр бас­ты пенденің таңдайын құрғат­қан шөл емес пе еді? Осы бір тәтті шөл әрбір жүрекке сезім ұялатқан емес пе еді? Бұл бәрімізге де жақын, ыстық сезілетін аңсар. Бұл бір қарағанда махаббат лирикасы ғана болып көрінеді. Анығында, бұл махаббат қана емес, іңкәрліктің, пәктіктің, тазалықтың жыры. Демек, ақын өз бойында, бар адами болмысын екшеп тұратын таза­лық­ты сақтап қалды. Күнделікті күйбең тірлікке бой алдырып жү­ріп, ішкі тазалықты сақтап қалу қиынның қиыны. Өкінішке орай, біз ақын-жазушылардың кітапта­рын оқып, ондағы көркем сюжетке таңырқап қана жүреміз. Ал өмірде олардың да пенде екенін ойламаймыз. Бойындағы бар асыл қасиет­тер­ді сақтап қалу ең бірінші борыш адам баласына. Өлең деген не? Жазылады…

Қазыбек Иса ағамыз маман­дығы бойынша суретші екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ақын­ның суретші екеніне тоқталғаным да бекер емес. Жалпы, сурет пен поэзия егіз. Қылқаламмен салған сурет және сөзбен салған сурет, екеуі де құдіретті. Әлем әдебиетінің тарихын зерделесек, суретшілікке құмартқан ақындар аз емес. Мысалы, орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің суретші болғаны тарихтан белгілі, сондай-ақ, атақ­ты ақын Владимир Маяковский… Маяковский өз күнделігінде былай деп жазады: «Какой-то бородач стал во мне обнаруживать способности художника. Учит даром». Демек, сурет салумен профессионалды болмаса да, әуесқой түрде шұғылданған. Сондай-ақ, кезінде Хрущевтің «жұдырығын» көрген Андрей Вознесенскийдің сәулетші болғанын білеміз. Нобель сыйлы­ғы­ның иегері Иосиф Бродскийдің салған суреттері бүгінде әлем әдебиетінің мұрасы болып қалды. Қазақ ақындары да осы бір асыл өнерден кенде емес. Айтайын дегенім, суретшілікке оқыған адам­ның сөзбен, жырмен сурет салуы өзгеше өрнекті болады. Сөздік және кескіндік көзқарастар ұштасқан кезде ерекше образдар туындайды. Осы сөзімізге мысал ретінде ақынның «Қарша қыз» деген өлеңін талдап көрейік. Талдап көрейік дегенім артық шығар. Жеке-жеке шумақтарды оқы­саңыздар, көз алдарыңызға ға­жайып бір картиналар елестейді.

«Қайта-қайта соңыма қарайладым,

Қарақат көз жинаған қалай бәрін?..

Жанарыңда жанғанда жақұт тамшы,

Қардың әсем ұшқыны деп ойладым…»,–

деп келетін шумақты оқып отырып Левитанның, Шишкиннің атақты суреттерін көргендей болдым өз басым.

Ал «Хат жазғанда кетпей ме қанат қағып, Ақ шағала секілді ақ парағым…» деген жолдарды оқы­ғанда Михаил Бычковтың «Шаға­ла­лары» ой елегінен қылаң береді.

…Бүгінде қаланың қарабайыр тірлігіне әбден етіміз өлген біздер ауылды аңсаймыз. Сам жамы­рағанда әкеміз жайлаудан келіп, қабағынан жай шатырлап, бұзаутісі ысқырып, алақанымен жылқының жауырынындағы терді сылып алып жағамызға сүртуші еді. Сол кезде анамыздың жылы жүзінен мейір нұры төгіліп тұратын. Сол бір асыл кездер сағынтады емес пе бәрімізді. Ақынның кітабын оқып отырып «Апам туралы ән» деген өлеңіне тап болдым. Расында да, құлағыңа сол бір балаң шақтан кісінеген, маңыраған дауыстар еміс-еміс жеткендей болады. Арқа тұсың шымыр етеді.

«Сыр берсе де саулығы,

Бар тірлікке бар зауық.

Ағараңдап жаулығы,

Апам отыр нан жауып.

 

 …Апам жапқан таба нан,

Ұқсап кетті Айға әлгі.

Шоғы көкке тараған,

Жұлдыздарға айналды».

Бұл өлеңнен тек қазаққа тән, көшпендіге тән лепес еседі. Ән де­меске біздің де лажымыз жоқ, құйылып түскен шумақтар алысқа, сонау мұнарт жапқан көкжиекке қарай қиялымызды жетелеп, отқа сары қи тастап, сырмақта аунаған шақтарға ойымызды аунатады кеп.

Иә, қазақ әдебиетінен өз орнын ойып тұрып алатын осындай өлең­дерді оқығанда ерекше бір сезім билейді бойыңды. Себебі, біз қан­шама ақын көп дегенмен, шынайы өлең әрқашан да аз. Сондай шынайы өлеңді, шерлі өлеңді жазып жүрген Қазыбек Исаның жаңа жырларын асыға күтеді оқырман.

«Жаһұт жырдың жасын көріп жасыдым,
Жапырақта тұнып қалған  таң шығын…».

Қазыбек Исаның жырлары – жаһұт жырдың көз жасы! Оның поэзиясы да бір мөлдір әлем. Сол әлемге бойлай білейік. Ақынға одан асқан бақыттың керегі қай­сы?!

 Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ,
ақын,«Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының иегері.

 

ПІКІРЛЕР1
Бақыт 23.10.2016 | 02:28

Дара дарын туралы әдемі жазылған мақала екен! Қазыбек Иса өз деңгейінде бағаланбай келеді әлі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір