АПАЛЫ-СІҢЛІЛІ НАҚЫПБЕКОВАЛАР
Осыдан біраз жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде қасиетті Арқадағы бір қалада тұратыны мәлім болған Нақыпбеков дейтін ақсақал жайлы өкініш пен үміт, қызық пен қуаныш, мұң-наласы аралас көлемді мақала жарияланды. Ол кісінің дерегін білген бойда арнайы іссапармен іздеп барған газет қызметкері отағасымен ашық әңгіме-дүкен құрып, бұған дейін жұртқа беймәлім жай-күйлерді айқындапты, көп адамның көкейіндегі күмән-күдікті сейілтердей саралау жасапты. Біраз мәселенің беті ашылғандай бопты.
Қош, мұны неге айтып отырмыз? Жер бетінде Нақыпбековтей қаймана қазақ аз ба еді? Тілші неге іздеп барды? Жауап біреу: ол адамның аты-жөні Нақыпбеков және бір кезде (қырық жылдай бұрын) қазақ өнерінің үш жұлдызы атанған аса дарынды музыканттар – апалы-сіңлілі Нақыпбековалардың туған әкесі болғаны үшін. Шыны керек, оған дейін Нақыпбековалардың аналары жайлы тиіп-қашып айтылатын да, әкелері жөнінде ешкім ештеңе демейтін.
Әйтсе де, талантты қыздардың фамилиялары Нақыпбекова емес пе? Қазақтың атын аспандатып, даңқын әлемге жаятын. Ендеше, ондай фамилия иелері туған халқын жерге қаратпаулары ләзім. Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: Эльвира, Элеонора, Әлфия. Ұлтжанды ма екен өздері?! Әйтеуір орындау шеберліктері кереметтің кереметі. Үшеуі үш аспапта (трио боп) ойнайды. (Эльвира – скрипка, Элеонора – фортепьяно, Әлфия – виолончель).
Ал енді қазір қазақ сахнасынан көрінбейтініне ұзақ жылдар өтіп, бүгінде ешкім онша көп еске ала бермейтін, тіпті, санадан өшіп, біржола ұмытылды десе де болатын Нақыпбековалар жайлы неліктен сөз қозғап отырмыз? Жоғарыда айтылғандай, бірінші себеп – әкелері болса, екінші себеп – олардың жас өрім кездерінде туған жер топырағында өніп-өсіп, фамилиясы Нақыпбековалар болғандықтарынан да қазақтың сол кездердегі жақсы-жайсаңдарының мейірім-шапағатына бөленіп, ештеңеден кемтарлық көрместен түлеп ұшулары. Сол кездегі белгілі өнер қайраткерлері оларды аялады, ардақтады, көл-көсір материалдық көмек жасады, қиындықтардан қорғаштады, себебі, үміт артты. Және қандай үміт?! Амал не, Нақыпбековалар үмітті ақтай алмады, «битке өкпелеп, тонын отқа салғанның» керімен, шетел асып кетті. Алдақашан…
Оларды сарыауыз балапан кездерінен қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қас-қабақтарына қарап, мәпелеп тәрбиелеген кімдер? Кімдер болсын, қазақтан шыққан зиялылар (демедік пе?). Нақпа-нақ, қаз-қалпында айтқанда былай:
– 1964 жылы мен Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы ғылыми-методикалық, музыкалы-эстетикалық кабинеттің меңгерушісі боп істеп жүрдім, – деп еске алады белгілі музыкатанушы, қазіргі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы секілді көптеген қайраткерлер ұстаз санайтын ғұлама-ғалым, профессор Пернебек Момынов. – Оқу министрі Кенжеәлі Айманов, орынбасары Шиаб Сағындықов болатын. Екеуі де ұлтжанды, кеңпейіл, қайырымды, зиялы жандар еді. Бірде Күләш Байсейітова атындағы ерекше дарынды балалар оқитын онбір жылдық музыка мектебінің директоры Досымжан Тезекбаев маған келіп, бір жайды ақылдасты: «Бізге биыл Қарағандының жетіжылдық музыка мектебінен апалы-сіңлілі үш қыз келді. Үшеуі үш мамандықта, үш түрлі класта оқиды. Әкесі қазақ, шешесі татар көрінеді. Қыздардың айтуынша, семьяда келісім болмай, шешелері үш қызын алып, Алматыға көшіп келіпті. Қазір филармонияда еден жуатын жұмыс істейді екен. Анасы менен үш қызды интернатқа алып, киім-кешекпен қамтамасыз етуді, үшеуінің тамағын беріп, үйлерінде уақытша пайдалану үшін пианино сұрайды. Қыздардың үшеуі де елден-ерек дарынды. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Оларға көмектесу керек. Әйтпесе қазақ атымызға сын болады. Сол себепті, министрліктің келісімін сұрап, Шиаб Сағындықовтың атына өтініш-хат әкелдім. Осыған жәрдем ет.
– Ұзамай жауабын айтамыз, – деп шығарып салдым.
Ертеңіне министр К.Айманов пен орынбасары Ш.Сағындықовқа кіріп, жағдайды түсіндірдім. Олар қаржы бөлімі, мектептер басқармасының бастықтарын шақырып (мен де бармын), мәселені жедел шешті. Әкеден көмек жоқ, жалақысы жартымсыз жай жұмысшы боп істейтін әйелдің жартылай жетім қыздары министрлік қамқорлығына алынып, тегін киім-кешек, үйлеріне интернат бағасымен тамақ, уақытша пианино берілетін болды. Осыларды оларға хабарлап, қыздардың оқуын қадағалау маған және мектеп басшыларына тапсырылды.
Әрине, бәріміз қуандық. Министрден бастап, орынбасары, мектеп директоры Досымжан Тезекбаев бір-бірін құттықтап жатты. Мектепті үздік бітірген үш қыздың үшеуі де Мәскеу консерваториясына қиналмай түсті. Студенттік жылдарда оларға Министрлер Советінің арнаулы қаулысына сай, жетерліктей мөлшерде стипендия беріліп тұрды. Апалы-сіңлілі дарынды қыздардың оқуы Мәскеу консерваториясының тарихында да кездеспеген оқиға болған екен. Классикалық шығармаларды орындайтын трио түрлі конкурстарға қатысып, биіктен көрініп жүреді.
Осындай қамқорлыққа олар қалай жауап берді, риза болып, алғыс білдірді ме? Аналары да, өздері де рахмет айтуын айтты, оқуларын бітірген соң, Қазақстанға келді. Өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Қазақтың қыздары деп төбеге көтерді. Трио ретінде сахнаға шығып, теледидардан көрініп, шетелдік гастрольдерге шығып жүрді. Алда оларды зор болашақ күтіп тұрды. Әттең, бірақ…
Бір жолы үшеуі Англияға гастрольдік сапармен барғанда, ең кішісі Әлфия қиқарлық танытып, сонда қалып қойды. Сол шақтағы тәртіп бойынша, бұл тек қазақ елі емес, күллі одақтың атына жағылған қара күйемен тең еді. Аяқ астынан көтерілген айқай-шу, дау-дамай өрттей қаулады. Әлфияға ие бола алмай, қолдан шығарып алған біраз адам ескерту алып, жазаға тартылды. Эльвира мен Элеонораға былайғы жерде шетелге шығу қиындады. Олардан теріс айналғандар да табылмай қалған жоқ.
Әрине, бұл жақсы емес-ті. Үміт желге ұшқандай болды. Алайда, Нақыпбековаларсыз да қазақ өнерінің таңы атып, тауығы шақыратыны да белгілі еді. Сол тұстарда қазақтың көптеген дарынды ұл-қыздары жауқазындай жайнап, өсіп-жетілу үстінде болатын. Гүлжәмила Қадірбекова, Әлібек Дінішев, Гауһар Мырзабекова, Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова, марқұм Амангелді Сембиндер ұлт мақтанышына айналды, олар қазір де туған халқын, қазақ өнерін әлемге әйгілеуде.
Арада біршама уақыт өткенде өкіну орнына, ебін тауып Әлфияның соңынан Эльвира мен Элеонора да табандарын жалтыратты. Сөйтіп, қазақ зиялылары алақанда аялап, кемтарлық көрсетпей оқытып-тәрбиелеген үш қыз жатжұрттыққа айналды. Өкініш пе? Бір қарағанда солай. Студент боп жүргенде одақ атынан Николо Паганини атындағы – оның туған қаласы Генуяда өткен – скрипкашылар жарысына қатысып, бесінші орынды иеленген Эльвираны өзге жаққа қию қайдан оңай болсын. Аталмыш конкурстың ережесі бойынша, 1-5 орынды иемденгендер ұлы орындаушы, композитор Паганинидің мұрағатта сақталған скрипкасымен жеке концерт беруге міндетті екен. Соған орай, Паганинидің скрипкасымен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы «Биді» орындаған Эльвира зор табыспен оралған-ды.
Апалы-сіңлілі Нақыпбековаларды күні бүгінге дейін елжірей еске алып, «қарындастарым» деп сөйлейтін, оларға көп шапағаты тигендердің бірі, белгілі музыкатанушы-ғалым Пернебек Момынов осылай дейді. Алдақашан қыр асып кеткендеріне реніш байқатпайды. Ішінде не жатқанын кім білсін, сырттай шаң жуытпауға құмбыл.
Алдақашан Отанын тастап кеткен Нақыпбековаларды жоқтап, онша жаны жүдеп отырған да біз жоқ. Шүкір, халық орнында, қазақ орнында, кейбір өзгелердің қаңсығын таңсық көретіндер бар болғанмен, дарын иелері кемшін емес. Сырбай Мәуленовтің: «Өмірдің өзенінде жылдар ағып, келешек келе берер жыл жаңарып, жақыннан кейде оны байқамасақ, алыстан өсе берер тұлғаланып» дейтініндей, алыс-жақыннан жарқырай бой көрсетіп, тұлғалана өсіп жатқан өрендерге көз тояды, көңіл марқаяды.
Сондай-ақ, бүгінде туған елінде біреу біліп, біреу білмейтін, бар-жоғы белгісіз жағдайға жеткен Нақыпбековаларды біржақты кінәлаудан да аулақпыз. Өскен жердің ауасы жақпады ма, орта тарлық етті ме, кім білсін. Туған топырақта көзайым болып жүріп те жетер биікке жетуге болмас па еді деген ниет қой біздікі.
Жалпы, мұндай нәрсе қашан да болған, бола беруі де бек ықтимал. Әріге бармай-ақ, орыс халқының қаншама айтулы тұлғалары әр түрлі себеппен шет жұрттарда ғұмыр кешіп, құсамен көз жұмғанын кім білмейді. Жазушы И.С.Тургенев, композитор С.Рахманинов, биші А.Павлова, әнші Ф.Шаляпин, т.б. дегендей. Кеңестік дәуірде елден безгендер қаншама. Ерлі-зайыпты Растропович пен Вишневская, балет бишісі Рудольф Нуриевтер де шет елдерге кеткен кезінде. Кәдімгі қазақ топырағында өнген мәскеулік А.Зацепин де солай. Бір ғажабы, олар Отандарынан кеткенмен, туған жерді сарғая сағынып, аңсаумен өтті. Біразы қайтып оралды, біразы екі араны жол қылып, бірде онда, бірде мұнда шауып жүр. Нақыпбековалар ше? Елді сағынар ма екен, кері оралу ойлары бар ма?
Дәл бүгінгі таңда бұған онша мән бермесе де болады дер едік. Өйткені, жатжұрттық боп, елден кеткен Нақыпбековалар жалғыз-жарым емес. Халық байлығын қалтаға басып, шетелдерді сағалап жүрген байшыкештер мен қандықол қылмыскер-лерді айтпағанда, су ішкен құдығына түкіріп, күл болмасаң, бүл бол деп кесірленіп кеткен өзге өнер иелері аз ба? Одан да, солар кері қайта ма, жоқ па деп неге ойланбасқа?! Қайтсын-қайтпасын, біз үшін наны пәтір. Оларға қарап қалған түк те жоқ. «Жан рахатын» жат жұрттардан тапқан екен, алдарынан жарылқасын. Тек сол ақылдылар бүкіл ғұмыры Францияда өткен И.С.Тургеневтің: «Россия обойдется без меня, а я без России не обойдусь» дегенінен хабардар ма екен? Мәселе сонда.
Осылардың бәрін сараптай келгенде, кейде апалы-сіңлілі Нақыпбековаларға бүйрек бұрып, іш жылитын да кездер жоқ емес (әсіресе, соңғы жылдарда). Неге дейсіз бе? Бұрын болмаса да, соңғы уақыттарда өздері өсіп-өніп, үлкен өнерге жол ашқан Қарағанды, Алматы, Астанаға ат басын бұрып, кездесулер, қайырымдылық концерттер өткізіп тұруға әдділері жете бастағаны үшін болса да. Рим, Париж, Милан, Лондондағы айтулы өнер мекемелерінде қазақ музыкасын насихаттап, қазақ дейтін халық барын андата жүргендері үшін де. Белгілі бір уақыттарда Лондонда қазақ мәдени кештерін ұйымдастыратыны туралы да айтылып, жазылып жүр. Оларды біржақты кінәлаудан аулақпыз деуіміздің бір себебі сол дер едік.
Олар естелік жазады екен. Солардан аз-кем үзінді.
Эльвира (үлкені): «Мәскеу консерваториясына түсердегі азабым есімнен кетпейді. Әлемге аян Леонид Коган, Давид Ойстрах секілді алыптарға скрипкадан емтихан тапсыру маған, Алматыдан келген қазақ қызына оңай болған жоқ. Менің ұстаздан жолым болған. Қарағандыда – Роман Мазанов, Алматыда – Вениамин Хесс, Мәскеуде – Игорь Безродный. Кеңестік скрипка мектебінде тәрбие алып, соның арқасында орындаушы әрі ұстаз атандым. Сіңлілерімнен ерекшелігім де сол – ұстазбын. Олар орындаушы ғана.
Элеонора (ортаншысы): «Қазақстанда дарынды жастар көп. Оларды қолдау керек. Қазір қазақ елінде түрлі форум, симпиозиум, музыка фестивалі, жарыс, конкурстар жиі өтеді. Қазақтың дарынды өнер иелеріне шет елдерде қызығу, ынта басым. Қазақ жастарының биік деңгейден көрінулеріне мүмкіндіктер мол. Біздің әлемдік деңгейге жеткеніміз – қазақстандық және мәскеулік ұстаздарымыздың арқасы. Апалы-сіңлілі үшеуміз бір-бірімізді нәзік түсініп жұмыс істейміз. Лондонда алғаш сахнаға шыққанда көрермендер қазақтың үш қызына үлкен құрмет көрсетіп, зор қошеметпен қарсы алғанына тебірендік. Рахманинов, Чайковский, Шуман, Равель, Бах, Шостаковичтің шығармаларын орындағанымызда зал тік тұрып, қол шапалақтады. Біз қазақ екенімізді ұмытпаймыз».
Әлфия (кенжесі): «Қазір бүкіл әлемде өнер, мәдениет, музыкаға жол ашық. Халықтар арасында мәдени қарым-қатынас зор қарқынмен дамуда. Орындайтын шығармаларды үшеуміз бірігіп саралаймыз, триоға лайық туындыларды таңдаймыз».
Пернебек Момынов: «Эльвираға қатысты жоғарыдағы әңгімеде Николо Паганинидің атын атап қалдым ғой. Ол кім? Қалың қауым біле ме? Бір-екі ауыз айта кетейін. Жастайынан музыкаға құмар боп өскен Николо Паганини мандолина, скрипкада ойнауды әкесінен үйреніп, бірнеше ұстаздан сабақ алған, өз бетінше ізденген. Он бір жасында Италияда концерт беріп, одан Еуропаның ірі қалаларында көрсеткен өнерімен әлемдік үздік орындаушы аталады. Сахнадағы жүріс-тұрыс, артистік қимыл-қозғалысы хақында замандастары «демондық құдірет иесі» деп баға берген. Скрипкада ойнау шеберлігінің бұрын-соңды тарихта болмаған құбылыс екенін барша жұрт мойындаған. Композиторлығы өз алдына. Гитарада орындау үшін жазған 200-дей, скрипкаға арнап 24 каприз, екі концерт, скрипка мен симфониялық оркестрге жазған шығармаларының күрделілігі сондай, өзі қайтыс болған соң, оларды орындауға ешкімнің тісі батпай, техникалық қиындықтарды жеңуге үлкен шеберлік қажет болған. Паганини әлемге белгілі скрипкашы, композитор. Атақ-даңқы ғасырлар бойы өшпейтін ұлы тұлға. Жер шарының түкпір-түкпірінде Паганини мектебінің түлектері тәрбиеленуде. Орыстан шыққан ұлы скрипкашы Давид Ойстрах: «Егер мен скрипкада күн сайын сегіз сағат жаттықпасам, оны бірінші өзім сезінемін, екінші, үшінші күні тыңдаушылар сезеді», – дейді. Мұнда терең мән бар. Жатпай-тұрмай еңбек етпесең, жалғыз дарынмен алысқа бармайсың деген сөз ол».
Апалы-сіңлілі Нақыпбековалалар жайлы сөзді осымен тәмамдаймыз. Қимастықпен басталып, (қазақ деп білгендіктен) қимастықпен аяқтағалы отырған әңгіме төркіні түсінікті шығар деп ойлаймыз. Елге қайтып орала ма, жоқ па, бір құдай білер. «Ел іші – алтын бесік». Егерәкиде, бәтшағарлар қартайып-қаудыраған шақта болса да, туған топырақтың киесі тартып, кері оралып жатса, ешкім кеуделерінен итере қоймасына сенім жоқ емес.
Зәкір АСАБАЕВ.