ҚАТАҢ СӨГІС…
09.09.2016
1397
0

421063_403918311__________________________________-255x330Жатыпатар

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК

 

ҚАТАҢ СӨГІС…
СЕРІ МЕН ПЕРІ ЖӘНЕ ТҰҢҒЫШ КІТАП

Жетпісінші жылдардың басында әскер қатарынан оралған Нағашыбек Қапалбек­ұлы Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданады. Жас тілшінің қуанышында шек жоқ. Сол күні-ақ қызметіне белсене кірісіп кетеді. Бөлім меңгерушісі кеспек қара кісі екен. Сәдуақас Бигелдиев қабағын қайшылатып қарап отырады да:

– Бала, мынаны дайындап көрші, – деп жаңа ашылған конвертті тіркеуден өткен хатты ұсына береді. Әрине, газеттің білдей қызметкеріне бөлім бастығының бала деп керілуі онша ұнай қоймайды. Ә дегеннен керісе кетуге Нағашыбектің жүрегі дауаламайды. Бөлім меңгерушісінің бәлдене бергені – біреудің жазған сықақ өлеңі екен.

Ашуланса бурадай,

Іс бітірмес шуламай.

Жәмила апай ұрысса,

Жүнін жұлған тырнадай, –

деп басталатын сықақ тәп-тәуір дүние сияқты. Дегенмен, әдеби қызметкер қолына түскен өлеңді түзеп, өңдеуден өткізуі қажет. Нағашыбек қаламын тістелеп отырып, ә дегенде кейіпкердің атын өзгертпек болады. Шынында да, сықаққа Жәмила деген есім соншалықты жарасып тұрған жоқ. Тілші әрі ойланып, бері ойланып оны Қадиша деп түзейді. Ал «Не деуге болады?» деген тақырыбын «Өсекші Қадиша» деп өзгерте салады. Сықақ өлең аудандық газетке осылайша бұрқ етіп шығып кетеді. Екі-үш күннен соң, Нағашыбекті газеттің редакторы Әбілқазы Тоғызбаев кабинетіне шұғыл түрде шақырады. Қолында баяғы Қапалбекұлы өңдеген сықақ өлең.

– Мынауың не деген масқара! Автордың ойын бұрмалауға қандай хақың бар? – дейді редактор ашуға басып.

– Қарағым, сен қайдан шыққан клас­си­к­сің, – дейді редактордың жанында отырған  бөлім бастығы қабағын керіп.

– Бүкіл елдің  алдында мені масқара етті, мазақ етті, – деді үстелдің бір шетінде ілмиіп отырған бейтаныс көзілдірікті кісі. Бұл сабаз әлгі сықақ өлеңінің авторы болып шықты. Оның жылармандай болуы тегін болмады. Туған шешесінің есімі Қадиша екен. Құдай басқа салмасын, бүкіл ел шулап, әлгі сықақшыны коллективтік талқыға салып, қарт анасы жылап, еңіреп әлек салады.

Бұл сықақ өлеңнің газет бетіне жарияланып кетуі Нағашыбек Қапалбекұлына әрине, оңайға  түспейді. Алғашқы дайын­даған дүниесі үшін жиналысқа түсіп, қатаң сөгіс алып, жұмыстан қуылып кете жаздап, адам салып жүріп, әупіріммен әрең қалса керек.

 

Келіншегімнен сұрап ал

Нағашыбек Есенқұл Жақып­бековты бір тойға шақырыпты. Есенқұл: «Нәке, мені келіншегімнен  сұрап ал, тойға  Сейдахмет аға шақырып жатыр  дегейсің, сонда  тез жібереді», – депті. Уәде – Құдайдың ісі, Нағашыбек Есенқұл  айтқандай, ақын  інісін сұрап алып, ертеңінде сағат 11-де үйде болатынына кепілдік  жасап, жолға шығады.

Есенқұл кешке той бастайды, түнімен тойда отырып, ертеңінде Нағашыбек оны Тараннан шығарып салады. Шығарып салып тұрып:

– Мынаны келіншегіңе апарып бер, тойдан тобықтай деген, – деп тойбастары бар, қызметі бар Есенқұлдың  қалтасына томпитып біраз ақша салып беріп, Ұзынағаштың автобусына отырғызып жібереді. Кешке үйіне келсе, телефон жарылып кетердей ді­ріл­деп-қалтырап зар илеп тұр. Нәкең  тұтқаны асығыс көтереді:

– Аға, Есенқұл қайда? – дейді Есенқұлдың келіншегі жыларман болып.

– Әкем-ау, бағана оны сағат 10-да авто­бусқа салып жіберген едім.

– Әлі келген жоқ, сіз алып кетіп едіңіз, қайда енді? – дейді Есенқұлдың келіншегі жыламсырап. Аспанға ұшты ма, Есенқұл буға айналғандай жым-жылас.

– Аға, ол бір пәлеге ұшырамаса екен, өліп қалған шығар, – деп Есенқұлдың келіншегі қайта телефон соққанда, Нағашыбектің жа­ны бір уыс болып, машинамен зар қағып іздеуге шығады. Таранға барады, милицияға хабарлайды, аурухананы аралайды. Еш хабар, сыбыс шықпайды.

Үш күн бойы Нағашыбек ат үстінде жү­реді, бүкіл ауданды аяғынан тік тұрғызады. Есенқұл барады-ау, болады-ау деген дос-жаран, туған-туысқандардың  үйді-үйін тү­гендеп, түгел аралап шығады. Көрдім-білдім деген жан болсашы!..

Нағашыбектің қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып, ауруханаға түседі. Төртінші күні Есенқұл келіпті деген хабарды естіп, медбике салып жатқан инені жұлып алып, ақын інісінің үйіне тұңғышы туғандай қуанып ентелеп жетіпті. Есенқұл жас ботадай тәлтіректеп тұр:

– Нәке, сен мінгізген автобустан келесі аялдамадан түсіп, «Волгаға» міндім, одан жор­ғаға міндім. Ақши өтіп, Сарытау құм асып, Ілені жағалап, Балқаш көліне шейін серуендеп қайттым, – дейді Есенқұл. Сонда Нағашыбек:

– Пай-пай, ақындардың серілігі мен перілігін қойсаңшы! Қайта Сахараны басып, Африканы аралап, Тынық мұхитта жүзіп қайтпағаның жақсы болған екен, – депті күйіп-пісіп.

 

7 күн 700 сом

Нағашыбектің – Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінің редакторы, Есенқұлдың – әдеби қызметкер кезі. Бірде Есенқұл келіп редактордан рұқсат сұрайды:

– Нәке, Алматыда «Жалын» баспасынан тұңғыш кітабым шығып жатыр. Соны және қаламақысын алайын деп отырмын, бір күнге мұрсат берсеңіз, – дейді.

– Жарайды, бара ғой, кітабыңның біреуін әкеп беріп, көрімдігін ал, – дейді Нағашыбек.

Есенқұл Алматыға сол кеткеннен мол кетіп, бір апта жоғалады. Бір күні кешқұрым апақ-сапақта Нағашыбектің үйіне келіп тұр дейді.

– Ау, Есенқұл,  жұмыс қайда, бұл не жүріс? – дейді Нағашыбек інісіне.

– Нәке, сіз менің Алатау секілді биік тұлғалы ағам емессіз бе? Мен арқамды сол тауға сүйеп жүрмін. Сіздей таудай ағам тұрғанда жұмыс бірдеңе болар-ау… Бәле басқада болып тұр. Иә, Алатаудай ағамсыз, мойнымдағы жағамсыз, жалғыз ғана панамсыз, сізге шынымды да, сырымды да, мұңымды да айтайын деп келдім. Алматыға бардым, кітабым мен 700 сом гонорарды алдым. Ақшаң болса апарарың да көбейеді екен, несін айтасыз, жуып, ақыры түбін түсіре қуып, сол 700 сомды түгел бітіріп, келіп тұрмын. Ал әйелім болса күйеуім ақша әкеледі деп мені күтіп отыр. «Бөрік кигеннің намысы бір» демекші, ер жігітсіз, нар ағамсыз. Көрімдікке 100 сом бере тұрыңыз. Қалған гонорарымды кейін беретін болды деп ол пұлды келініңізге апарайын, – депті сонда Есенқұл.

ҚҰРДАСТАР ӘЗІЛІ

Бірде Нағашыбек Таран ауылындағы тойға барады. Сонда әпкесі, ауыл әкімі Нұрғайшадан хал-жай сұрасады. Нағашы­бекпен баяғыда бірге оқыған  кластастарын сұрай бастайды.

– Айқымбайдың қалы қалай?

– Сол екінші әйелімен фермер болып жатыр.

– Молдахан ше?

– Ол шешек те құтырып, Алматыда тоқал алыпты деп естідік.

–  Серік қайда?

– Ол да екіншісі әйелге  үйленген. Қазіргі алғаны тәуір.

– Асылбаев Серік не істеп жүр?

– Ол да әйелін қоя беріп, басқа әйелге үйленген.

– Қап-ай! – деп Нағашыбек өкінген болады. Сонда Нұрғайша:

– Саған не болды, сонша? – дейді.

– Қап, маған ұят болған екен! Менің осы ауылдағы бүкіл кластастарым шетінен екі-екіден әйел алғанда мен байғұс момындығыма басып, әлі сол біріншіммен жүр емеспін бе! – депті.

ПІКІР ҚОСУ