ӨМІРНАМА
80 жылдан аса тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағының тыныс-тіршілігімен жақсы таныс әлеумет оның тасы өрге домалаған кезеңін мақтаныш тұтса, төмен құлдилаған тұсында «жарқабақтан ары қарай итеруге» ұмтылмай, керісінше тілекші болуға жарағаны көңілге медет.
Оразбек СӘРСЕНБАЙ
Елімізде 12 шығармашылық Одақ бар екен. Таяуда бір сарапшы ғаламторда елдегі шығармашылық ұйымдардың жұмысын талдап-таразылай келе, «одақтардың ішінде өз жұмысын ырғақты жүргізіп келе жатқан бірден-бір ұйым – Жазушылар одағы!» деп баға беріпті. Расында, Одақ қоғамдық ұйымның Жарғысына сай қалыпты жұмысын атқарып келеді.
Үстіміздегі жылдың 27 мамырында әдеттегі Жыл қорытындысы өткізіліп, оған 300-ге жуық қаламгер қатысты. Әр жанр бойынша баяндамаларға кезек беріліп, бүгінгі әдеби үдеріске шолу жасалып, баға берілді. Дұрыс ахуалда өткізілген жиыннан бір күн бұрын «Жас Алаш» газетінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың назарын аудару үшін 15 қаламгердің хаты жарияланды. Ел ішінде сол «он бестің өнбес дауы» аталып кеткен «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген хаттың бастан-аяқ «жаптым жала, жақтым күйе» екенін бұл күнде екінің бірі біледі. Ойындағысын опырылған дуалдарға жазып кете беретін осы бір кезеңдерде кімнің аузына қақпақ болғандайсың?! Қазақстан Жазушылар одағы төңірегіндегі түрлі алып-қашпа әңгімелерге тойтарыс беріп, тайталасып, жаға жыртысып жатқаннан гөрі «Көз көрген: өткен күннен бір белгі» атты арнайы айдар ашуды ұйғардық.
Бұл айдарды ұлтымыздың аса көрнекті қаламгері, Жазушылар одағының кешегі және бүгінгі дәуірін өз көзімен көрген, қандай жағдайда да Одақтың «ыстығына күйіп, суығына тоңып», жалбақбайлармен қосыла шаппаған, тектілік танытып төрелік сөзге тоқтаған, «Ақсақал» дейтін аяулы атқа кір қондырмай кеткен Оразбек Сәрсенбаевтың өзінің көзі тірі кезінде жарық көрген «Өмірнама» («Қайнар» баспасы, 2014 жыл) атты кітабындағы күнделіктерінен бастағанды жөн көрдік.
20 қараша, 2006 жыл
Өткен дүйсенбі күні қызмет кабинетімде отырған маған Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин звондады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
– Ореке, біздегі өзгерістер туралы естіп жатқан шығарсыз? – дейді.
– Жоқ. Не болып қалды? – деп мен сылтау айта бастадым. – Немерелерімді бағып, үйде отыр едім… Газеттерді қарауға мұршам келмей, міне, енді оқуға кірдім…
– Онда «Әдебиет айдынына» назар аударыңызшы. Онда менің «Жауапсыз қалған хаттар» деген материалым шықты. Сонда барлық мән-жайымыз түсіндірілген. Мына Мереке Құлкенов «Қазақ газеттері» серіктестігіне бастық болғалы бері бұрындары Жазушылар одағы құрылтайшы ретінде қатысатын «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Просторды» бізден біржола әкетіп жатыр. Одақтың құрылтайшылығын көрсетпей, біржола өшіріп тастаған. Кадрлық ауыстыруларын естіген шығарсыз, әрине?
– Естідім. Менің Мағауин досымның орнына Темірханды әкеліп отырғызды емес пе?
– «Қазақ әдебиетіне» орынбасарлыққа Бейбіт Қойшыбаевты әкеліп жайғастырды. Енді «Просторға» өздерінің адамын іздестіріп жатқан көрінеді. Одақтың бұрынғы газет-журналдарын түгелдей Баспалар үйіне көшіріп, жазушылардан іргесін бөліп әкетуге кірісіп кетті. Сөйтіп, біздің Одағымыз баспасөз орындарынан түгелдей айрылып қалып отыр. Бұған біраз жазушылар наразылық білдіруде. Мысалы, Қалихан ағамыз бастаған екі-үш жазушы наразы пікірлерін жазып әкеліпті…
– Соңғы жылдарда жікшілдік, топшылдық айтыс-тартыстар сирекси бастаған секілді еді. Бәрі де енді баяғы таз қалыпқа түсті десеңші…
– Солай болатын түрі бар. Енді осындай қиянатшылдыққа өздеріңізге ұқсаған аға жазушылар: «Бұл қалай?» деп мәселе көтергені дұрыс емес пе, Ореке? – деп сұрақ қояды Нұрлан ініміз.
Дұрысы дұрыс-ау! Бірақ бірлі-жарым адамдардың наразылығына «аналар» бой беруші ме еді?
Жазушылар одағының қазіргі хатшыларының бірі саналатын Жақауға мынадай ақыл айттым.
– Пленум шақырып, бар мәселені көпшілік талқысына салыңдар. Сонда Жазушылар одағына шабуылдап жатқандар не сылтау айтар екен. Сонда тыңдап көріңдер, – дедім.
– Олар талқылауға қатыса қоймас. Қатысса, жазушылар талап жейді ғой, – деді Жақау. – Мына жақтағылармен ашық айтысқа түсетін ана жақта кім бар? Мықтылардың бәрі мына жақта. Бұлар тегіс Нұрланды қолдайды. Тағы бір қызығы… Шығармашылық қызметкерлерінің Конгресін құру жөніндегі жоба жасалыпты. Жазушылар одағы мен өзге шығармашылық одақтарды осы Конгресс құрамына кіргізбекші екен… Сөйтіп, «аналар» Жазушылар одағын біржола тақырға отырғызып, қазіргі қаланың қақ ортасындағы ғимаратты алуды ойластырғаны шығар.
– Бұл пәлен жылдан бергі әлдекімдердің арманы емес пе?
Осылай, келер көктемде өтетін жазушы ағайындардың кезекті құрылтайы алдындағы қызу «күрестің» басталып кеткен сыңайы бар. Мұны менімен сөйлесіп, пікір бөліскен үш-төрт «жазғыш» замандастарым да растады.
Бұл баяғыдан бері, сонау Есенберлин, Әлімжанов, Сүлейменов заманындағы жікшілдік, жүзшілдік дау-дамайдың бірде саябырсып, бірде үдей түсетін жаңғырығы, жалғасына ұқсайды. Өкінішке орай, ескі қоламтаны қайта қопарып, қозасын тұтатып, түтіндетіп жүретіндердің ішінде қазір жасы сексеннен асқан қарияларымыз да жүр. Соның бірі – ежелден-ақ Жазушылар одағындағы бар билікті өз қолына алып, беделді орындарға рулас немесе айтқаныңнан шықпай, айтағына көнетін інілерін отырғызуды көксейтін көнекөз көрнекті қаламгеріміз екенін осындағы зиялылардың бәрі біледі. Бұл дүние қамын күйттеуден гөрі ақирет жолына түсетін жастан әлдеқашан асып кеткен осы «көнекөзіміздің» психологиясын түсініп білу қиын-ақ. Жазушылар одағы төңірегіндегі кішкене ғана билік оған неге керек болды екен? Өз басының атақ, марапаты жетіп жатыр. Дәулеті ұшан-теңіз мол деседі. Әлде, жақтастарын жарылқамақ па екен? Жарылқамақ болса, Жазушылар одағынсыз да, оның беделі де, өкіметке өтімділігі де жетіп жатыр. Көпке жаман атты болып, қартайған шағында жүйкесіне салмақ түсірудің не қажеті бар? Әлде, осы әрекетінің бәрін «әділет жолындағы күресім» деп ойлай ма екен осы жарықтық?
Бірақ жазушылар арасында оңай «жеңістің» болмайтыны белгілі. Бүгін жеңсең, ертең жеңілесің. Бәрі уақытша, өткінші. Демек, бос әурешілік қана. Ең жақсысы – қазақ айтқандай: «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған – тозар», қой бағып, көтен мойын жеген – озар». Түптің түбінде, ойыннан түсетін пайда жоқ. Біздің баққан қойымыз – жазған кітабымыз емес пе?
14 сәуір, 2007 жыл
Жазушылар одағында кеңейтілген Секретариат мәжілісі өтіп, он үшінші құрылтайға дайындық мәселесі сөз болды. Баяғы ескі әңгімелердің қайта қоздаған сыңайы бар.
Біз жазушылар қатарына қосылғалы бері, әрбір құрылтай алдында одақтағы билік үшін талас басталады. Бұрынғы Мұстафин, Мүсірепов, Шәріпов, Әлімжанов, Сүлейменов, Найманбаев заманында да осылай болған. Сонда дау-дамай көтеріп, топ жинап, жікке бөлінушілерді бастаушы, басқарушылардың да құрамы өзгерген жоқ – бәрі бір аймақтан шыққан ағайыншыл, рулас қаламгерлер. Іштерінде қабілетті, қарымдылары да аз емес. Бірақ бірер бұзықтың азғыруына еріп, еліріп жүргендері бар. Бұл жолғы мақсаттары – Жазушылар одағы басқармасының қазіргі төрағасы Н.Оразалинді тақтан тайдырып, нарық заманы туғанда әлдекімдердің көзқұртына айналған әдебиетшілердің Орталық үйін, шығармашылық ғимаратты, өзге де аз-кем дүниені жамбастарына басып, иеленіп қалмақшы көрінеді. Ол үшін, реті келсе, төрағалыққа өз балаларының бірін, әйтпегенде топқа қосылып жүрген «бөтен түсті» ниеттесін отырғызбақшы екен. Бірақ бұл науқандарынан түк шықпайтындарын шіркіндер білмесе керек. Түк шықпайтын жалғыз себебі бар: жазушылардың көпшілігі қазіргі басшылықты қолдайды. Бұл пікірді әзірше өзгерту мүмкін емес. Ең таңқаларлығы: біз білгелі, соңғы 40-50 жылдың ішінде жазушылардың жалпақ қауымы өздерінің бірінші басшысын бүйтіп қолдап көрген емес. Бұрынғы бұйда ұстағандардың бәріне де қырын қарағандар аз болмаушы еді. Бозбала жасымыздан қаламгерлердің ортасында жүргендіктен, кімнің кімді қалай бағалағанын естіп, тыңдап өстік емес пе? Ғ.Мұстафинді, мәселен, «оқымаған надан, айналасындағы төрт-бес адамның ақылымен жүретін қара домбай» десе, Ғ.Мүсіреповті «қу түлкі, қасына кілең жағымпаздарды жинап алатын алакөңіл, ала қол, ешқашан адалын айтпайтын кісі» деп күстәналар еді. Шәріпов «қорқақ, үрейшіл, жалтақ» атанса, Әлімжановты «жазушы емес, ортақол журналист, публицист», Сүлейменов «Қонаев, Черненко туралы деректі фильм түсірген жағымпаз, қазаққа жаны ашымайтын космополит», Найманбаев «Жазушылар одағының мүлкін саудаға салған жемқор» деген жаман атаққа ілінген. Тек әйтеуір баяғы заманда Жазушылар ұйымын басқаруға әлденеше рет қайтып оралған С.Мұқанов көкеміздің басшылығын мақтағандарды некен-саяқ естуші едік. «Солақай большевик болғанмен, көңілі таза, көпшіл, демократ адам еді» десетін. Капитализм тұсындағы төрағамыз Н.Оразалинді де қазір сыртынан сынаушылар кездеседі. Әйткенмен, «нағыз дипломат», «лидер», «іскер» деп бас шұлғушылар басымдау түсіп тұр. Демек, әлдекімдер қанша даурыққанмен, келесі құрылтайда бұл жігітті құлата алмайтыны хақ. Егер билік тарапынан қысым жасалмаса, өзгеше шешім қабылданбас.
Бүгінгі кеңейтілген секретариат мәжілісі де төрағаның тұғырының берік екенін көрсетті.
Мен арнайы сөз сөйлегенім жоқ. Орнымда отырып:
– Пәлен жылдан соң өткелі отырған Құрылтайға әдеттегі дау-дамайларымызды шығармай-ақ, көптен көріспей, сағынысып кездескен қаламдастарымызбен әңгіме-дүкен құрып, мереке, думан ретінде өткізсек те болмас па? – деп реплика тастап едім.
Менің осы пікірімді қостаушы жолдастар да табыла кетті.
– Ореке, осы ойыңызды Құрылтай мінбесінен айтсаңыз қайтеді? – деп басшылық жағынан ұсыныс түсті.
– Оның реті бола қоймас. Мен Одақ жайындағы пікірімді өткен жолы жеткіздім емес пе? Енді жасымыз жетпіске келгенде қайта-қайта белсенділік көрсете бергеніміз келіспес. Бәлкім, газетке сұхбат ретінде бірдеңе деудің реті бар шығар, – дедім.
19 сәуір, 2012 жыл
Жұмыста отырсам, біреу маған қоңырау шалып:
– Аға, біз сізді ертеден бері іздеп жүр едік, – дейді.
– Иә, неге іздедің? Өзің қайдансың? – деп сұрамаймын ба?
– Аға, мен осындағы телеарналардан звондап отырмын. Өткен аптада сіздердің «Мәдениет» арнасындағы аударма жайындағы, «Эмиль Золяның» өзіңіз қазақшалаған «Шабыт» романы жайындағы талқылау сұхбаттарыңызды көріп едім…
– Иә, қалай екен?
– Жақсы екен…
– Рақмет! Енді маған не айтпақсың?
– Осы аптада 31-арнада берілген жазушылардың басқосуын көрдіңіз бе?
– Жоқ.
– Сол басқосу интернет арқылы да берілді ғой…
– Шырағым, мен интернет дегеннің не екенін білмейтін қазақпын. Сонда олар өзі не айтыпты?
– Қабдеш Жұмаділов ағамыз бастаған біршама қаламгерлер Жазушылар одағының қазіргі төрағасы Оразалинді сынап, бұл орында он алты жыл отырғаны жеткілікті емес пе дегендей мәселе көтеріпті. Енді осы әңгімені әрі қарай жалғастыру үшін сізді де студияға шақырмақ едік.
– Е, солай ма? Сонда мені осы әңгімеге қатысады деп сілтеп жіберген кім?
Тілші ойланыңқырап барып:
– Енді онда тұрған не бар? Шынында да бір орында он алты жыл отыру… қалай болады? Ал сіздердің тізімдеріңізді берген Қабдеш ағамыз еді, – деді.
– Онысы жөн екен. Тағы кімдермен хабарластың?
– Темірхан мен Софы ағамыз отказ жасады.
– Мен де бұл әңгімелеріне қатыса алмаймын.
– Неге, аға?
– Мен Алматыға келіп, Жазушылар одағын төңіректеп жүргелі бері талай бірінші басшылардың қарауында жүрдік. Әуелі Ғабиден Мұстафин ағамыз басқарып еді, оны: «оқымаған сауатсыз, белгілі топтың жетегінде кетті», – деп кінәлады. Ғабит Мүсірепов ағамыз басқарып еді, оны: «таланттыларды танығысы келмейтін, айналасына өңкей жағымпаздарды жинап алған менменшіл адам», – деп кінәлады. Әди Шәріпов ағамыз басқарып еді, оны: «жазушы емес, сондықтан қорқақ, принципсіз, жалтақ», – деп кінәлады. Олжас Сүлейменов басқарып еді, оны: «айналасына өңкей жөһидтерді жинап алған космополит», – деп кінәлады. Әнуар Әлімжанов басқарып еді, оны: «жазушы емес, журналист, шетелден шақырылған делегациялардың чемоданын көтеріп жүрген һамбал (жүкші)», – деп кінәлады. Жұбан Молдағалиев басқарып еді, оны: «Қонаевты мақтап, поэма жазған карьерист әрі жүзшіл», – деп кінәлады. Қалдарбек Найманбаев басқарып еді, оны: «Жазушылар одағын коммерциялық мекемеге айналдырған қуаяқ», – деп кінәлады. Енді, міне, Нұрлан Оразалиннің соңына шырақ алып түскендеріне де талай жыл болыпты…
– Аға, неге бүйтіп жазушылардың басы піспейді?
– Қазақта: «Қожа, молда күндес келеді» дейтін мақал бар емес пе? Бәлкім, осының да әсері бар шығар. Екіншіден, әрқилы пікірталасының орын алуы заңдылық. Үшіншіден, қай кезде де, тіпті сонау Советтік қыспақ заманында да азын-аулақ еркіндік, асаулық, демократия нышандары тек жазушылар арасында ғана сақталып қалған. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ.
– Аға, осы пікірлеріңізді теле-экранға шығып айтпайсыз ба? – деп зар жылады менің бұл сөзімді естіген журналист інім.
– Онда мені қазіргі Жазушылар одағы басшылығы айналасында үдеп бара жатқан дау-дамайға қатысқан адам боламын. Жасымнан мұндай-мұндайлардан аулақ жүруші едім, енді қартайған шағымда даукестер қатарына қосылу ниетім жоқ. Басқалар да осы төңіректе ағаңды әрқилы әңгімелерге тартқысы келетінін байқаймын, бәріне айтар жауабым осы тақілеттес. Бірақ сен маған ренжіме, інім. Дұрыс па?
– Дұрыс қой, бірақ…
– «Бірақтарды» қажеті болса, кейінірек айта жатармыз.
25 маусым, 2012 жыл
Жазушылар одағы басқармасының бұл жолы өткен пленумы едәуір уақытқа созылды. Қаламгер әріптестер біраз гуілдесті, әр нәрсенің басын шалып, шер тарқатысты. Бір-бірлерін бірлікке, баянды тірлікке, мүдделестікке шақырғандар да болды. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов жедел сөз сұрап мінбеге шығып, қазіргі төраға Н.Оразалинді әжептәуір сынап тастады.
Орысша өлең жазатын Сағынгерей Бәйменов деген жігіттің «Дат» газетінде басылған өрескел, жалақор мақаласы талқыланып, Жазушылар одағы секретариатының мұндай «бұзақыны» мүшеліктен шығару жөніндегі ұсынысы дауысқа түскенде, әлдебіреулер айқайға, дау-дамайға айналдырмақ болып еді, ол әрекеттерінен ештеңе өнбеді. Көпшілік әлгі байғұсты «піштіріп жіберуге» оп-оңай келісімін берді. Осы тұста жиынды өзі жүргізіп отырған Нұрлан мұндай бейбастық пен жалақорлыққа баға беріп, тыйым салып отыратын тұрақты Тәртіптік кеңес құру жөнінде ұсынысын айта бастап еді, гуіл-шуылдың ортасында оның бұл бастамасының қабылданып кетуі мүмкін екенін байқаған мен орнымнан көтеріліп:
– Мұндай ұсынысты қайтып алғаның дұрыс болатын шығар. Шығармашылық одаққа ешқандай тәртіптік, этикалық кеңестің қажеті жоқ. Біз парламент емеспіз, еркін қоғамдық ұйымбыз. Осындай бірдеңені құрып алсақ, күні ертең ұшы-қиыры жоқ дау-дамайға қаламыз, – дедім.
Нұрлан бұл сөзден соң бірден райынан қайтып:
– Дұрыс. Солай-ақ болсын. Бұл ұсынысты дауысқа салмаймыз, – деді.
Мінбеге көтерілген сөйлеушілер ішінде Еркінбай Әкімқұлов:
– Өткен жолғы жиында Оразбек молда Сәрсенбаев аталы, жүйелі сөз айтты, – деп бастағанда мен қасымда отырған екі-үш жазарманға қарап:
– Сендер бұл ағаларыңды менсініңкіремейтін сыңай танытқандарыңмен, енді бұдан былай мен Ерекеңді ешбір сынай алмаймын, – деп күлдім.
Бұлар да бастарын изесіп, күлісіп алды.
– Сіз, Ораға, бұл кісімен баяғыда «Лениншіл жаста» бірге қызмет істегенсіңдер ғой, ә?
– Әрине. Ерекең негізінен жөндем кісі.
Мұндайда сырын білмейтін біреулерге жазушылар ортасында отырып, сөз сөйлеудің өзі қиын болатыны бар. Мысалы, дәл бүгін жасы ұлғайған, денсаулығы әбден тозған бір ақсақал ортаға шығып, сахнаға көтеріле алмаған соң, екі жас жігіттің сүйемелдеуімен орындыққа әрең отырды да:
– Мені көпшілігің танымайсың, білмейсің. Мен өмірімде бірінші рет жазушылардың жиынына қатысып отырмын, – деп бастады да, осы уақытқа шейін қайда қандай қызмет істегенін, қандай атақ, медальдар алғанын тізбелеп кетті. Онымен де қоймай: – Мен анау КазГУ-де қырық нешеме жыл ұстаз болып, нешеме журналистерді оқытып шығардым, соның ішінде сендердің мына төрағаларың да бар. Журналистика саласында нешеме кітаптар жаздым. Мен өзі осындай тегін адам емеспін…
Ақсақалдың сөзі тым ұзап бара жатқан соң біреулер отырып:
– Ау, сонда не айтпақсыз? – деп арт жақтан айқай салған-ды.
Қарияның құлағы мүкістеу ме, қайдам, әрі қарай сөзбұйдалай берді.
– Мен қазақтың талай зиялы азаматтарын тәрбиелеп шығардым. Олардың біразы қазірде көрнекті қызметтерде жүр. Өздерің білесіңдер, менің анау балам анау Америкада елшілік жұмыста…
– Балаңызды білеміз. Ол қазақшадан қоқ етпейді…
– Сыртқы істер министрі болып тұрғанда, қазақ тілінің дипломатияға енгізілуіне қарсы шыққан сол емес пе?
– Әбден-ақ жақсы тәрбиелеген екенсіз!
Жазушылардың осындай «терісқақпайларын» естігенде, менің бұл ақсақалға тіпті жаным ашып кетті. Бірақ шалың сасатын емес.
– Мен анау «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып жүрген кезімде мынау Пәленшеев… – деп әрі қарай тарта берді.
– Ау, болды ғой! Қойсаңызшы! – деп алдыңғы қатарда отырған бір сатирик ақынымыз тіпті жекіріп, ұрыса бастағанда, төрдегі төрағамыз:
– Мен де осы ағамнан дәріс алып едім… Сөзін бөлгім келмейді. Бірақ көке регламент сақтауымыз керек қой! – деп өтініш жасаған соң, бұрынғы Сыртқы Істер министрдің қартайған әкесі әрең тоқтауға мәжбүр болды.
Сонда дейміз-ау, не жазушы емес, не ақын емес, таяққа сүйеніп бүктетіліп жүрген осы кісі жазушылардың жиынына неге келген? Өзін мадақтап сөз сөйлегендегі мақсаты қайсы? Не айтпақ болды екен?
Соңғы жылдарда біздің Одақтың үйінде әлгі қария тақілеттес біреулер жазушылар жиынына жиі қатысып, жиі сөз сұрайтын болып жүр. Өздерін жазушы санайды (филология кандидаттарының бірі секілді). Көбінесе көркем әдебиетке қатысы жоқ саясаттарды соғады. Сондай «көкелердің» бірі тағы қол көтеріп, сөз сұрай бастап еді, төрдегі төраға қабағын шытып:
– Апырмай, қоя тұрыңызшы… Өткен жолы да айттыңыз ғой… Сол пікіріңізді тағы қайталайсыз ғой! – деп азар да безер болды.
– Жоқ, қосарым бар… Нұрлан, сөз бер маған!
– Жастар сөйлесінші. Жастарға кезек берейік.
Менің ауылдағы Ахат көкем өзі ұнатпаған адамдарды сыртынан «старшой» деп атаушы еді.
Біздің бүгінгі жиынымызда да сондай «старшойлар» мен «младшойлардың» көбейе бастағаны байқалады. Әлгі «старшой» ақсақалдан кейін мінбеге көтерілген бір «младшой» қарындасымыз (жасы алпысқа таяп қалған филология кандидаты, әлде докторы ма?) өзінің бар өмірін әдебиеттің өркендеуіне арнағанын, бірақ бұдан опа таппағанын айтып, жарты сағат бойы «жылап» тұрып алсын.
– Бұл неге жылайды? Кімнен қорлық көрген? – деп күңкілдейді маған таяу отырған тағы бір филология докторы.
Осы кезде мінбедегі шешен тез жылауын тоқтатып, өзіне баяғыда қол ұшын берген әлдебір бастықтарды мадақтауға кірісті.
– Мұнысы жөн енді, – деп маған таяу отырған филология докторы қопаңдап қойды. Бірақ анау әуенін тағы өзгертіп, тағы жылай бастады.
Жиналыс аяқталуға айналғанда, тағы бір «младшой» (әлде «старшой ма?») орнынан қарғып тұрып:
– Ау, бұл неғылған сұмдық? Төрт сағат бойы естігеніміз мадақтау, дәріптеу… Тек төрағаны мақтау болды. Сын қайда, сын?! – деп айқай салды.
Бірақ бұның сөзіне құлақ асқан ешкім көрінбеді.
Әрине, ұзаққа созылған жиында мағыналы пікірлер айтқандар да болды. Солардың ішінде Қ.Ысқақ, Ә.Асқаров, Ә.Бөпежанова, А.Алтай, Е.Әкімқұлов, А.Бақтыгереева, т.б. бар.
Жазушылар жиынын Н.Оразалин әдеттегіше шеберлікпен жүргізіп отырды.
Бірақ бәрібір күні ертең күншілдер мен айғайшылардың осындағы «аузы қисық» газеттердің бірінде жазушылардың осы жиынын тағы да сынап, сықақтап, әсіресе Оразалинге тістерін қайрайтыны белгілі. Бір ғажабы – солардың ешқайсысы көпшілік алдында ашық «айқасқа» шығып, дәлелді пікірлерін талқыға салып жатпайды. Өйткені, бұлар көпшіліктен қорқады. Жазушылардан қорқады.
Әйткенмен, мұндайлар некен-саяқ. Әрі осылардың артында айтақтаушылар да жоқ емес. Адами тіршіліктің логикасы қашаннан осындай – бұл жерден түк жаңалық іздеп таппайсыз.
25 қыркүйек, 2012 жыл
Бүгін Опера және балет театрының ғимаратында Қазақстан жазушыларының кезекті Құрылтайы өтті. Жоғарғы жақтың бұл жолы қаламгерлер кеңесіне едәуір мән бергені байқалды. Президенттің құттықтау хаты оқылып, төрдегі құрметті биікке Мемлекеттік хатшы М.Құл-Мұхаммед бастаған «дәулер» барып жайғасты. Біз де сол тізімге ілініп, қатарласып отыра қалдық. Мен болсам, әркімнің отыратын орындығы күні бұрын жазылып көрсетілген тұсқа отырмай, екінші тізбектің ең шетіне барып қонжидым (бұл телеэкраннан қашқан тәсілім еді). Көп ұзамай, төменге түсіп, көпшіліктің ортасына қарай жылыстап кеттім.
Құрылтай тартысты, уылған-шуылған жағдайда өтті. Жиын басталмай жатып, сотты болуына байланысты Жазушылар одағы мүшелігінен қуылған оралдық А.Бектұрғанов сахнаға ешкімнің шақыруын күтпестен екпіндеп жүгіріп шығып, үлкен шу көтерді.
Ал жарыссөз кезінде мінбеде тұрғандардың сөзін бөліп:
– Болды! Тоқтат!
– Сөйлеме! Керегің жоқ!
Жарайды, естідік… үйіңе қайта бер! – деп айғайға басқан даукестердің шағын тобы бірінші қатарда отырса, солардың ішінде ақын Темірхан Медетбек айрықша белсенділік көрсетті.
Қ.Жұмаділов, М.Шаханов, И.Оразбаев, т.б. сөйлеп үлгерді. Ал жасы 85-ке келген Т.Кәкішев көкеміздің тіптен аузын аштырмай қойды. Мен де мінбеге шығып сөйлеуге мәжбүр болдым.
Біздің бәріміздің сөзіміз жазылған болуы керек. «Қазақ әдебиеті» газеті беттерінде жарияланатын шығар… Қазір есіме түсіп отырғаны мына жағдайлар. Мінберге көтеріліп:
– Әлеумет, менің бұл жолы сөйлеуім қиындау болып тұр, – деп бастай бергенім сол еді, – өйткені, бүгін екі жаққа бөлініп айтысушылар ішінде менің сыйлайтын, жоғары бағалайтын адамдарым баршылық…
Алдыңғы қатарда отырған Темірхан тағы қиқулап қоя берді. Даусының қарлығып, өңешін өңмеңдеп соза түскеніне қарап, осы шіркін бүгін екі жүз грамды ішіне тастап алған ба екен деп ойладым…
Менің де сол жерде жас күнімде бойымда бар ескі жыным қозып кетіп:
– Ей, Темірхан, сен неге айқайлайсың? Сен неғып бүйтіп бүлініп отырсың?! Неге сен мында бері шығып, айтарыңды ашық айтпайсың? – дедім даусымды көтеріңкіреп.
– Ой, маған сөз бермейді ғой! – деп бұл буынып отырды.
– Ей, Темірхан! Ішкі діні осал, әлсіз, нашар адамдардың ғана әдетте осылай байбалам салып, дәрменсіздік көрсететінін білмеуші ме едің?!
– Жоқ, олай емес!
– Дәл солай. Әлеумет, айтар пікірімізді ашық сөйлеп, сабырмен, ақылмен, сезімге ұрынбай талқылауға, таразыға салуға әбден болады. Сынды да сабырмен қабылдауға болады. Мәселен, жаңа осында мінбеге шығып пікір айтқан Қабдеш пен Мұхтардың сөздерінің де жаны бар. Ал қырық екі жазушыға бір мезетте Алаш сыйлығының берілуі ақылға сыймайды. Мұны материалдық көмек тарату дейді. Сондақ-ақ, Жазушылар одағы төрағасының үстіне тағы бір құрметті төраға дегенді әкеліп жапсыру қалай ақталсақ та, көңілге қонбайды. Енді қазіргі төрағамыздың атқарған жұмыс жайына келсек, мен өткен жолғы жиында «қанағаттанарлық» деп бағалағанмын. Қазір де сол пікірдемін. Тағы да айтамын: айқаймен, байбаламмен біз ешбір мәселемізді шеше алмаймыз, – деп сөзімді аяқтадым.
Үзіліс кезінде кездескендер:
– Жақсы айттыңыз!
– Аталы сөз осы болды! – деп мадақтап жатыр.
Арзан мадаққа оншалық сене бермейтін жазған басым Жадыра Дәрібаева қарындасымның:
– Қазіргі қалған абыз ақсақалымыз өзіңіз екенсіз, – деген сөзіне кәдімгідей-ақ… сүйсінген сыңай таныттым білем.
Ұйымдастыру пленумын Қалихан Ысқақ басқарды. Оңды басқарып шықты. Жүз пайыз жақтаған дауыспен Нұрлан қайтара төраға болып сайланды. Соңғы сөзінде ол:
– Ертеден бері осы біз неге айғайластық?.. ақыры жүз пайыз дауыс беретіндеріңіз бар… – деп миығынан күліп қойды.
Ұмытып бара жатыр екенмін – мен әлгі сөзімнің тұсында:
– Осында Жазушылар одағынан бөлініп шығамын деушілер де бар екен, бөлініңіздер. Бірақ он-он бес адам бөлініп шыққанда не істейсіздер? Кімдердің мүддесін қорғайсыздар? Сендерге кімдер барып қосылады? Баяғыда да осындай әңгімелер болған… – дегенмін.
Арғы жолғы Құрылтайдан соң базбіреулер «бөлінеміз» деп (Пен-Клуб мүшелері) дүрліге бастағанда, «онда Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігінен шығарыласыңдар» деген жауапты естіп, бәрі жым-жырт бола қалғаны есімізде. Осы жолы да сөйтетін шығар деп ойладым.
Бұл жолғы Құрылтай кезінде өзге де штрихтар болды. Мәселен, түс әлетінде жарық сөніп қалып, делегаттар екі сағаттай уақыт «сейілдеп» кетті. Біреулер:
– Жарықты әдейі өшіріп тастады. Провокация ғой… – деп сәуегейлік соғып жатты.
Бұлары бекер болып шықты – осы күні бүкіл қала бойынша шамдар сөніп, елді әбігерге түсіргенге ұқсайды. Тіпті көшеде, метрода түп-түгел электр желілері істен шығып қалғанын кейініректе естідік.
Тағы бір штрих. Түскі ас кезінде вип бөлмеде жиналған жиырма шақты «жетекші» жазушылар әр нәрсені әңгімелеп отырған тұста әлдекім:
– Осы Әкім Тарази қайда жүр? Көре алмадық қой? – деп сұрап еді.
Астанадан келген біреуі:
– Ой, Әбекеңнің қазір қолы бос емес. Ол ағаң қазір мешітке барады, намаз оқиды… – деп хабарлаған.
Мұны естіген Таразидің замандастары бір-біріне таңырқай қарағансып, мысқылдауға айналып еді.
Мен осы арада төтеден сөзге араласып:
– Өлетінін білетін әрбір мұсылман солай істейді, намаз оқиды… Өлетінін білмейтіндерге, әрине, дауа жоқ! – дедім.
Бұдан соң Таразидің мұсылмандық жолға түсу тақырыбы қайтып қозғалған жоқ.