НАЗЫМДАР
02.09.2016
1721
0

279-7992_IMG(Нұржан Наушабайұлының ізімен)

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ

 

 

 

БІРІНШІ НАЗЫМ

Ақылбек, сен де біраз келдің жасқа,

Қызықпен талай күнің өтті босқа.

Жақынға дос екен деп сырыңды ашпа,

Кез болды кейде басың тиген тасқа.

 

Адамға  аңқылдама сырын білмей,

Мақтама сырттай жатты түрін көрмей.

Жол қанша таза болсын, сүріншек  ат

Кетпейді орта жолда сүріндірмей.

 

Жағынба бай-манапқа малды екен деп,

Қызықпа салтанатқа сәнді екен деп.

Ойға алған мақсатына жеткенде де,

Мастанба тағы жолым болды екен деп.

 

Сый көрсең, соның бәрін қарыз деп біл,

Сый берсең, мойындағы парыз деп біл.

Түбінде қалжыңының зіл жатпасын,

Құрдасқа айтқан кезде әзіл өткір.

 

Ішіп-жеп, киім кидің, жарды сүйдің,

Сол кезде көңіліне не ой түйдің?!

Жүректің дүрсілдерін естідің бе,

Көндің бе  айтқанына баста мидың?!

 

Жүргенде әлтек-тәлтек шалыс бастың,

Пәледен ат-тоныңды алып қаштың.

Есіл күн әбігермен өтіп кетті,

Қасында дымбілмес  пен сөзұқпастың.

 

Жиналып бас қосқанда бала-шаға,

Сөз  айтпа отырғандай оңашада.

Өнеге көрсететін жасқа келдің,

Жақсыға қыңыр қылық жараса ма?!

 

Қотыр  ат күлмес болар соқыр атқа,

Өлеңің толып тұрсын ғибратқа.

Жаралған топырақтан пендесің ғой,

Түбінде ораласың топыраққа.

 

ЕКІНШІ НАЗЫМ

Ақылбек, ренжисің неге жұртқа,

Асаса ет пен майды толған ұртқа.

Ішкен мәз, жегендер тоқ заман болды,

Қалайша шығармақсың сырды сыртқа?!

 

Қалғанда жас дәуреннің оты қайтып,

Қажет пе кеңес беру, ақыл айтып?

Бір-бірін алдап жүрген елді көрсең,

Жүре бер екі көзді бақырайтып.

 

Ақылбек, бала емессің ес білмеген,

Керіспе, есің болса, ешкімменен.

Жамандап жатса біреу жақсы адамды,

Ондайда кейіп таныт естімеген.

 

Жасама ақшам бар деп текке шығын,

Қиналма бостан-босқа өтсе күнің.

Бір күні бір кәдеңе жарап қалар,

Мақтай бер мақтаншақты, жетсе тілің.

 

Санамай уақытты бос өткен құр,

Қол ұшын берер болсаң, есеппен қыл!

Шағатын сар масадай езіп таста,

Шаншудай қадалса да өсек құрғыр.

 

Бармастан байыбына ештеңенің,

Қалмасын сыртқа шықпай іште өлеңің.

Әй, бірақ соның бәрі, Ақылбек-ау,

Қолыңнан келмей ме деп сескенемін.

 

ҮШІНШІ НАЗЫМ

Ақылбек, неге отырсың ұйқы көрмей,

Қаламың бір күн жүрсе, бір күн жүрмей.

Тумай ма жүректен жыр таң ағармай,

Тумай ма жүректен жыр күн түнермей.

 

Болған соң қатарында сөзге басым,

Дос түгіл, мойындады өзге қасың.

Жыр жаздың қуанғанда тулап жүрек,

Жыр жаздың келген кезде көзге жасың.

 

Көп болса түнің егер ұйқы қашқан,

Ел-жұрттың шығар, бәлкім, сиқы қашқан.

Есерсоқ жаман иттей малды үркітер,

Біреудің айқайына қиқу қосқан.

 

Ғажап қой алаңы жоқ ұйқы деген,

Тағдырдан түнде басқа сый тілемен.

Кей  кезде шырт ұйқыдан оятады,

Жай ойнап, далада күн күркіреген.

 

Анадай түн ұйқысын төрт бөлетін,

Сәбиді жұбататын келді  ретім.

Жамылмай жамандықтың қысқа  тонын,

Ақиқат толып жатыр мен білетін.

 

Салынбай аярлыққа түлкілердей,

Күн өтті ойнап-күлмей, күлкіге ермей.

Қар жауып қабағымнан, кірпік мұз боп,

Отырмын тағы, міне, ұйқы көрмей…

 

ТӨРТІНШІ НАЗЫМ

Ақылбек, асып кетпе көп шамадан,

Тұлпар жоқ сүрінбеген, ақсамаған.

Біреулер мінезіңді ұнатпайды,

Біреуге  қылығымен жақса да адам.

 

Танысты кейде текке ренжітіп,

Тұз суын өкініштің келем жұтып.

Көңілге  түскен сәл-пәл кірбің болса,

Кетіре алмайды екен өлең де түк.

 

Жазсаң да жақсы жырды төкпелетіп,

Тұрмайды төбең күнде көкке жетіп.

Табысар күнді аңсаймын сағынышпен,

Құрдасты алған болсам өкпелетіп.

 

Жолдастан жаныма ерткен жолым болмай,

Суықта қыста киер тоным болмай,

Жүрсем де жаяу-жалпы, аты барға

Құдайым өтсе болды жалындырмай.

 

Көп көрген кезім болды  жан ашуын,

Жүре  алдым аласартпай ар асуын.

Денім сау болса болды, бал  татиды

Қатықсыз үйімде ішкен қара суым.

 

Күніне жүрсең-дағы мың шақырым,

Үлгілі  ғибратты тыңда ақырын.

Тасаттық беріп жатса ауылдастар,

Бір бала ала барған қолшатырын.

 

Қуаныш ұялаған жанарына,

Ырзамын сол баланың қадамына.

Жауынның көптен жерге тамбай қойған,

Өйткені, сенім болған жауарына.

 

Көл-көсір болса-дағы қанша пейілім,

Қалың ел сусап келген қанса деймін.

Отырған тілек тілеп мұсылманда

Сенімі сол баланың болса деймін!

 

Ыстықта адам біткен тұншығардай,

Мияулап, жиналғанның тынышын алмай. 

Меккеде отырыпты жалғыз мысық,

Алдында тұрған асқа тұмсық малмай.

 

Әрине, ауызашар сауап болған,

Ашуға әлі де үш-төрт сағат қалған.

Отырған сабыр қылып, тәбет тежеп,

Мысықтың асқа көзі қарап, талған.

 

Халықтың пейіліне бөленетін,

Қасиет екшелетін, еленетін.

Көргендер айтып жүрер таңдай қағып,

Ораза айының бұл  кереметін.

 

Көл-көсір болса-дағы қанша пейілім,

Қалың ел сусап келген қанса деймін.

Отырған ниет қылып  мұсылманда

Сабыры сол мысықтың болса деймін!

 

БЕСІНШІ НАЗЫМ

Ақылбек, жек көрмейсің мақтағанды,

Қалайды жүйрік ат та баптағанды.

Сөзіне көп кісінің құлақ қойсаң,

Қайталап айтып жүр ғой жаттағанды.

 

Жаттанды тілегі де, батасы да,

Жапсырған өрнек-сынды матасына.

Айтылған шын жүректен лебіз болса,

Болады мән бермеуге қатасына.

 

Кемеңгер, көргенді деп мақтап сені,

Тұрса да көп алдында жақтап сені.

Есіктен шыға сала сырт айналып,

Кетеді жүндей сабап, боқтап сені.

 

Көрсете  қоймасаң да шалыс қылық,

Ғайбаттап, дос-жаранмен шағыстырып,

Жақыннан бүлінесің, жолдас болсаң,

Сөзге де ілінесің алыс жүріп.

 

Қиналсаң дұшпаныңмен ұрысқанда,

Қамықсаң достарыңмен суысқанда,

Жаныңды қоятын да жер таппайсың,

Көңілің қалған кезде туыстан да.

 

Айтып ем айтарымды бетке дейсің,

Шыдамым жетпей қалды көпке дейсің.

Көргенде Құдай сүймес қылықтарын,

Ұлтыңа құлай сүйген өкпелейсің.

 

Алайда, өз қолыңды кесе алмайсың,

Жұбатып өзіңді-өзің, неше алдайсың.

Бөлініп ойың онға, санаң санға,

Түйінін  күрмеу жіптің шеше алмайсың.

 

Тұсыңды сенің осал біліп келген,

Шошисың кісілерден күліп келген.

Қашқанда аңшы оғынан үміт-елік,

Атады қақ жүректен күдік-мерген.

 

Таусылмай жатқан кезде дос легі,

Түйіні көңілімнің шешіледі.

Сыпырта көп мақтаудан кебеді ішім,

Өйткені, ол өсірмейді, өшіреді.

 

Мақтаудың бетті шарпып соңғы демі,

Үрлеген шардай ішке толды желі.

Мен-дағы қопақардай боп қалайын,

Сәл ғана мақтап қойсаң болды мені.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір