ЕРІКТІ АУЫЗҒА…

Қайран бабаларымыздың қайсыбір мәтелі бүгін қалайда… нелеу болып қалып жатыр, әлгі… нелеу. Мысалы, олардың: «Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» дегендері бүгінде олай емес. Бірақ бұл мәтелді алғаш айтқан бабамызды кінәлауға әсте болмайды, себебі: оның заманында бастауыш, жетіжылдық, орта мектеп, техникум, училище, институт, университет, аспирантура атымен жоқ-ты. Яғни: ғылым кандидаты, доцент, доктор, академик… деген атақтар да Кеңес өкіметі орнағаннан кейін пайда болды ғой. Сонымен, «көп сөйлеп созбайын» да, мынау 16 сөзді оқуларыңызға ұсынайын: «…Қазір ақын да, жазушы да халықтың жоғын жоқтап жатқан жоқ, олар барынша мақтауын асырып, «ауруын» жасырып жүрген жандар».
Қалай? Түсінікті ме?..
Соттың үкіміндей бұл 16 сөзді осы гәзеттің өткен аптадағы (19-25 тамыз) санында жарияланған «Сөз қадірі кеткен заман» атты мақаладан үзіп алдым. Тақырыбы көзімді де, көңілімді де бірден баурады. Оның үстіне авторы – Тілеубек Дөрбетхан мырза саясаттанушы екен! Өзімнің де саясаттан хабар-ошарым бар болған соң, кәнеки, бас салып оқи жөнелейін бағана! Бәрекел-ді!.. Дұрыс-ақ!.. Тілекең судыратып жазғанды мен суылдатып оқып шықтым. Демімді алып, ептеп ойланып едім, бір тұсында біртүрлі бірдеңе бар сияқтанды. Шағын мақаланы көзіммен шарлап отырып, бабаларымыз: «іздеген жетер мұратқа» дегендей, әлгі бірдеңені тауып алдым. Ол – мынау 16 сөз.
Бүгінде бізде неше жүз ақын-жазушы барын білмесем де (оны осы мақалаға оң батасын берген гәзет редакциясының басшылары білетін шығар), солардың бәрін Т.Дөрбетхан мырзаның ардан бұрын мақтауды ойлайтын обалсыздар ретінде «списать» етіп, қолын қойып, мөрін баса салғанын көрдім. Өйдә-ә-ә!..
Оу, үлкен-кіші қаламдастарым! Сонымен сөйтіп, осымен «саудамыз бітті», ә?! «…барынша мақтауын (кімнің? – Ғаббас) асырып, «ауруын» жасырып жүрген жандармыз», күні ертең жаназамызды шығаратын молданы іздеп тауып, алдын ала келісім жасасуға кірісеміз бе, қайтеміз?! Саясатшы Т.Дөрбетхан мырзамен дауласпайық. Бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары – біз – «Ерікті ауызға есек арба да сияды» заманда екенбіз ғой!
Алайда, менің бір «жұбанышым» бар. Гәзеттің «Бүгінгінің сауалы» айдарымен, «Мақтаудан бұрын арды ойла» деген тартымды ортақ тақырыппен жариялаған төрт мақала-пікірді түгелдей оқып шығып, тағы да ептеп ойланып едім… жазған төрт саясатшы да: «Ендігісін айтпаймын, ішің білсін әлуәйға» басқан екен. Ең болмаса біреуі: Пәленбай Түгленбаев арынан бұрын мақтауды ойлап, Түгленбай Пәленбаевты былай деп босқа мақтады, деп бір мысал келтірсеші! «Оқтары» терекке де, бұтаққа да тимей, дөй далаға кетіпті. Демек, біздің ақын-жазушыларымыз «апырым-ай» десіп абыржитын дерек болмай шықты. Иә, мен соған «жұбандым» және: «Егер редакция маған осылардай мақала-пікір жазуға тапсырыс берсе, шіркін-ай, әлемнің атақты әдебиетші-сыншыларының, ақын-жазушыларының, ғалымдары мен саясатшыларының жазып кеткендерінен дәйек сөзді вагондап жинап алып, гәзеттің 24 бетін жалғыз өзім толтырып отырар едім!» деп «армандадым».
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.