АЗЫҚТЫҢ ҚАМБАСЫ
Негізі, «кітап оқудың орнына интернет желілеріне үңіледі…» деп қарастыру дұрыс емес деп ойлаймын. Кітап оқу мен интернет желілерінен өзіне керегін іздеу екі бөлек дүние. Егер мақсат өзіне керек дүниені табу болса – интернет желілерін пайдалану өте тиімді әрі қажет. Технологиялық дамудың қазіргі жастарға берген үлкен мүмкіндігі.
Едіге АЛПЫСБАЙ,
экономист, кәсіпкер
Сондықтан сұрақты екі бөлек қарастыру керек: 1. Жастардың кітап оқудан алыстауы 2. Әлеуметтік желілерге шамадан тыс байлану, уақыттың көбін сонда жұмсау. Әуелі кітаптан бастайық. Менің ойымша, білім жүйесінің ең басты міндеті – баланы кітапқа үйір қылу болуы тиіс. Егер бала кітапқұмар болса, қажетті білімнің бәрін үйрене алады. Оның ішінде – көркем әдебиетке (қазақ әдебиетіне) баланы әуес қылудың ең дұрыс жолы – оған ана тілін дұрыстап сіңіру. Себебі, кітап оқудың екі түрлі берері бар. Біріншісі – ақпарат, екіншісі ләззат. Яғни егер ғылыми, пәндік, танымдық кітаптар оқығанда алатын біліміміз, көркем әдебиет оқығандағы оның сюжеттік желісі, ненің қалай өрбитіні – бұл ақпарат. Ал шебер жазушының туындысын оқып отырып тілінің шұрайлылығы мен сөз саптауынан жүректің елжіреп, бойды діріл билеп, кейде үрейге, кейде қобалжуға, кейде уайымға, кейде қуанышқа, кейде қанағатқа бөлену – бұл көркемдік, эстетикалық, рухани ләззат деп есептеймін. Енді қараңыз: технологияның дамуының арқасында ақпарат алудың формалары көбейді. Бұрын көп нәрсені тек кітаптан алуға болар еді. Ал қазір, оны интернеттен, теледидардан, әлеуметтік желілерден де ала беруге болады. Тіпті, көркем әдебиеттің өзінің «ақпараттық» бөлігін алудың түрлі формалары бар. Мысал ретінде айта кетейін, бірде ұлыма тапсырма бердім: «Алпамыс батырды оқып, сосын мазмұнын айтып бер», – деп. Келесі күні келіп: «Әке, мазмұнын айтуға дайынмын»,– деді. Сөйтсем, кітабын оқымай, мультфильмін көріп алыпты, пысықтық танытып. Демек, көркем әдебиеттің сюжеттік желісін де кітап оқымай-ақ білуге болады қазір: кинолар, сериалдар, мультфильмдер, бейнероликтер, деректі фильмдер, т.б. Бірақ кітап оқудың «ләззатын» ештеңе алмастыра алмайды. Сіз айтып отырған көркемдік эстетика осы болса керек. Ал жастарды бұдан мақұрым қылмау үшін, жаңағы айтқанымдай, ана тілін жастайынан сіңіру керек. Сонда ол адам ана тілінде жазылған шығармаларды аңсап тұратын болады. Сюжеті үшін емес, басқасы үшін емес – тілі үшін, самал желдей есіп отыратын көркемдігі үшін. Жалпы, сөздің құдіреті керемет қой. Бір сөйлемдегі сөздердің орнын қалай орналастырғаныңа байланысты – адамға әсері де әр түрлі болады. Кейбір жазуды оқи бастағаннан-ақ денеңді ерекше толқу билеп алатыны болады. Ол – жазушының шеберлігі. Өз басым, ақпарат алу үшін көп оқитын адаммын. Әр түрлі тілде оқимын. Алайда, арасында ана тіліндегі көркем әдебиетті қолыма алғанда – ауылға демалысқа барып қайтқандай әсер аламын. Мысалы, жақында ғана көптен ойда жүрген Әбіш Кекілбаевтың әңгімелерін жүктеп алып оқи бастадым. Бөлек дүниеге енгендей боласың. Шағын ғана әңгімелер. Сюжеттік иірімдер жоқтың қасы. Бірақ оқи бергің келеді, оқи бергің келеді. Сөздің құдіреті, тілдің байлығы, жазушының шеберлігі! Екінші бір үлкен мәселе – осындай әсер беретін туындылардың жазылуы мен оның «маркетингі». Кеңес Одағы кезінде жазушы тек жазатын еді де, оны басу, тарату, жарнамалау, т.б. «маркетингтік» қызметтерді үкімет атқаратын. Жүйе солай болатын. Ал нарықтық жүйенің талабына сәйкес – бұл функцияны баспалар істеуі тиіс. Әлемдік тәжірибе солай. Тиісті инвестициясын салып, жазушының қаламақысын төлеп, кітапты басу құқығын сатып алып, оны жарнамалап, таратып, содан тиесілі пайдасын табуы тиіс. Бізде қазір осы тұсы осалдау сияқты. Жазушылар «ешкім оқымайды» деп налыса, оқырмандар «оқитын нәрсе жоқ» деп кейиді. Демек, арадағы шынжыр үзіліп қалған. Нарықтық заманның талабы сол – өнімің қанша құнды болғанымен, оны дұрыс ұсына білмесең, жеткізе білмесең, сата алмайсың. Бәсекеге қабілетті түрде сапалы басылған, тартымды дизайнмен, тиісті жарнамасымен барлық сөрелерде тұруы керек кітаптар. Тек сөрелерде емес, электронды форматта да ұсынылуы керек тиісті электронды дүкендерде. Сонымен, көркемдік эстетикадан алыстауымыздың себебі – біріншіден, оқырман болатындай жастар тәрбиелеуді ұмытыңқырап қалғанымыз, екіншіден – сұранысты қанағаттандырарлықтай өнімдерді нарыққа ұсыну жүйесі жолға қойылмауында деп ойлаймын. Ал жастардың кітап оқудан алшақтап, уақыттың көбін еш пайдасыз, шамадан тыс әлеуметтік желілерге жабысып қалуының салдары – рухсыздыққа, қиялсыздыққа апарары сөзсіз. Мәселе тек кітап оқымауда емес. Мәселе – өмірдің мәнін, уақыттың қадірін дұрыс түсінбеуде болса керек. Түсіну үшін – ойлану керек. Ойлану үшін – азық керек. Азықтың қамбасы – кітап.