МАҚТАУДАН БҰРЫН АРДЫ ОЙЛА
21.08.2016
2105
0

маска - копияАсыра мақтау, өтірік айту, жағымпаздық. Қазақ қоғамының қазіргі қалыбынан осы үш мінезді анық байқауға болады. Кешегі ертегілерде ғана айтылып келген  халық қиялын ұшқырлайтын пайдалы өтірік, Тазша баланың «қырық өтірігі», әділдік орнату үшін Алдардың аузына салынатын астарлы өтірік бүгінгі күні өңі мүлде өзгерген құрғақ уәде,  алдау-арбау, су жұқпас суайттыққа айналды.

Кешегі жер-жерден некен-саяқ кездесетін Судыр Ахмет бейнесі осы күні ел ішінде қаптап жүр. «Өтірік өрге баспайды» дейтін баяғы түсінік қазір керісінше мағынаға ие. Бүгінгі қазақ өтірік айту арқылы  басшысын мадақтап, мақтаған сайын тасы өрге домалап, мақсатына бір қадам жақындай түсетін болған. Халқы бақыттың дәмін мол тататын жарқын болашақпен алдарқанып, ыңырси сыңсыған мағынасыз әндермен қалғып жүрген қоғамның ертеңі қалай боларын ойлап, дал боласың кейде.

 

Сәбидей тындырған ісіне қошемет пен қолпаш күтіп тұратын бүгінгі жұрт Абай айтқандай, «демесін емес, десін» деп жанталасып жүрген мақтансүйгіш шетінен. «Десін деп азаптанып жүріп, демесінді ұмытып кететіндері» тағы бар.

Орынсыз мақтаймын деп ұрындырып, артық мақтаймын деп адастырып алған жақындарымыз жетерлік. Мақтау сөздің қадірі қашқаны сондай, қазір біреу мақталса не туысқандық, не жағымпаздыққа балап қоя салатын күйге жеттік. Жауапкершілік, айтылған сөздің салмағы мен ықпалы ешкімді де алаңдатпайтын бұл халге қалай түскеніміз өзімізге де беймәлім. Ал мем­лекеттік телеарналар мен басылымдарға қарағанда бізде бәрі тамаша. Халықтың қамсыз өмір кешуіне мүмкіндік шаш-етектен. Алайда, ақын тілімен айтқанда, осындай «керемет шақта тусақ та» жұрт көңілінде алаң көп, түңіліс басым. Аяқсыз қалатын жобалар мен баянсыз бағдарламалар, жалған уәде мен көлгір сөз халықты мезі етіп жіберген. Қазақ қоғамындағы орынсыз мақтау, жалған сөз, бос уәде айықпас індетке айналып бара ма деген қауіппен осы төңіректе туындаған мәселені мамандармен бөліскен жайымыз бар.


Т. ДорбетханТілеубек ДӨРБЕТХАН,
саясаттанушы

СӨЗ ҚАДІРІ КЕТКЕН ЗАМАН

Қоғамдық жүйеcі  бір орталыққа бағынған, авторитарлы немесе диктаторлық басқару  жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен болады. Себебі, ондай қоғамда:  жемқорлық; кландық, туысқандық, тамыр-таныстық қатынастар; билік органдарындағы мемлекеттік қызметкерлердің жеке бас мүдделерінің жоғары тұруы; жалған есептік мәліметтер; оппозиция қызметіне жартылай немесе толықтай шектеу қою; билік құрылымдарының орталықтандырылған бір басшылыққа бағыну сипатына ие болуы; билікті күштеу органдары арқылы басқару; сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі, еркін сайлау жүйесінің шектелуі; қоғам мен мемлекеттің  бөлектенуі, т.б. орын алады.

Билік құрылымдарының бір басшылыққа орталықтандырылуы – адамдарды жағымпаздық пен жағынуға, кез келген шараны ел үшін жасалған еңбектей әсірелеп баяндауға, көзінше мақтауға, мадақтауға бейімдейді.

Мақтау  –  ар мен ұжданы, адамгершілік пен моральдың сипаты жоғары,  келелі істің иесіне айтылар шынайы сөз. Өкінішке орай, мақтау өз құндылығын жоғалтқан, сананы тұрмыс билеген бүгінгі сәтте «орнын тапқан» жағымпаздың құралына айналды. Сол  себепті де, мақтау сөзінің қадірі кетіп, оңды-солды қолданар сөзге айналды.  «Сөз қадірі кеткен заман» деген осындайда айтылса керек.

Ал жалған уәделер мен орындалмайтын жоспарларға келер болсақ, біріншіден, қоғамда еркін сөз, пікір алуандығы болмаған жағдайда, халық өзінің жанайқайын билікке жеткізе  алмаған сәтте белсенділік жоғалады, белсенділік жоғалды деген сөз – халық тарапынан бақылау жоғалды деген сөз. Екіншіден, саяси сауатсыздық орын алады. Оппозицияның өз пікірін, ұсынысын билікке жеткізе алмауы, құқық қорғау органдарының халықтың қауіпсіздігі мен құқығын қорғаудың орнына басып-жаншып, қорқытып, үркітуі елдің жігерін, болашаққа деген сенімін жоғалтады. Елдің еңсесін басатын осындай келеңсіз факторлар.

Жалған ақпараттар мен мәліметтер билік үшін тиімді, себебі, ондай мәліметтер шынайы мәселелерді шешуді қажет етпейді. Ақпарат құралдары биліктің қолында болған қоғамда шындыққа орын жоқ. Мұндай ахуалдың қалыптасуы қоғамның саяси жүйесінде алмасу болмаған кезде атқарушы органдарда жалған есептік мәліметтер беру орын алады. Бұл, әсіресе, авторитарлы  қоғамда қалыптасатын құбылыс. Билік қызметкерлері қоғам үшін, халқының өсіп-өркендеуіне емес, өз жеке мүдделеріне жұмыс істейді. Ондай қоғамда билік халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту мақсатында емес, жалған атақ-даңққа, қоғамның жасанды  өркендеуі мен дамуына мән береді. Ондай қоғам сыртын әдемілеп жасап қойған ескі үй тәрізді. Сырт қарағанда,  зәулім ғимараттар, бизнес орталықтары мен сауда орталықтары елдің даму жағдайынан сыр берсе, шынайы әлеуметтік жағдай керісінше, құлдырап кетуі мүмкін. Билік халыққа «еркіндік» берген тәрізді, «не істесең де, немен айналысам десең де өз еркің» дегендей. Нақтырақ айтқанда, халық өз бетінше күн көруде. Билік өз бетінше өркениетке қарап зәулім ғимараттар салумен, әр түрлі форумдар өткізумен әлек, халық әрбір ашылған шағын коридорлардың арасынан өз күнін көріп жатыр. Яғни қоғам мен биліктің бір-бірінен бөлек өмір сүру процесі осылай жүріп жатыр. Халықтың білім деңгейі, денсаулық жағдайы, тұрмысы күн санап қиындап келеді. Сол себепті де, халықтың жанына бататын мәселелерді шешеміз дейтін бос уәдешіл саяси ойынның өкілдері халық үшін сүтке таласқан мысық тәрізді. Қазір ақын да, жазушы да халықтың жоғын жоқтап жатқан жоқ, олар барынша мақтауын асырып, «ауруын» жасырып жүрген жандар.

Осындайда «Ақыны халқының жайын айтпаса, батыры байын жақтаса, ол елдің патшасынан не қайыр» дегің келеді. Өзі ғана баюды ойлаған, сол үшін өзіне қажетті органдарды тиімді пайдалана білген жемқорлық жайлаған қоғамда халық үшін ештеңе жасалмайды. Ол елдің халқы елсіз, жерсіз қалса да бас ауыртар басшы болмайды. Авторитарлы қоғам халықты ел болашағы мен ертеңі үшін алаңдайтын мәселелерден аулақ ұстау үшін даңғаза шоу, мерекелер, мадақтаулар мен мақтауларға толы қитұрқы саяси әрекеттерді өзінің басты стратегиялық құралы ретінде пайдаланады. Өзі үшін күн көріп, болашағы үшін тіршілік етіп жатқан халыққа саясаттың еш қызығы жоқ. Билікті баюдың басты баспалдағы ретінде түсінетіндер үшін «уәде» дауыс жинау тәсілі ғана. Халық бұл құбылыстың мәнін түсінді, біледі де, сондықтан да олар үшін бұл уәделердің еш маңызы жоқ. Мақтау мен жауапсыздық орын алған қоғамда уәделер орындалуы мүмкін емес.

Заманында бабаларымыздың «құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер» дегені халықтың осындай жай-күйіне қарап айтылса керек!


04ef82b77d4ee357fe0690864eee56c67c06115eАйдос САРЫМ,
саясаттанушы

ЕТЕК ЖАЙҒАН МАДАҚ

Менің ойымша, мақтаудан құтылудың бір ға­на жолы бар. Ол –  шындық пен сын. Біз әуелі шын­дықты дұрыс қабылдау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Яғни шындық айт­қанымыз үшін қудалауға түспеуге тиіс­піз. Ақиқатын айтқан адамды дұш­пан санамай, сын айтқандардың пікірін ескеруге тырыссақ қана түзелуге бет бұрамыз. Ал шындық жоқ жерде мақтауымыз мадақ­қа, оның ақыры мазаққа айналады. Шын мен сын болмаған жерде жалған мақтау мен мадақ етек жаяды. Қарапайым адамдар арасындағы қарым-қатынастан бастап, БАҚ-та, билікте, барлық ортада өтіріктен алшақ болуға тырыссақ, шын­дықты айтудан жасқанбасақ, бәрі басқаша болар еді.

Мақтаудың өзі қазақ менталитетінде кең дамыған нәрсе. Алайда, қоғамымызда бұған қарсы иммунитет те болды. Ол – қоғамдық пікір. Бұрынғы қазақ біреуді мақ­та­мас бұрын ертең ел-жұрт не дейді, ұятқа қалып жүрмейін деп әуелі арды ойлайтын еді. Бізге бүгін осы ұлттық дәс­түрімізді жаңғырту қажет секілді. Сөз қадірін түсінген, сөзге тоқ­тай білген бабалар тектілігі бізге қазір ауадай қажет.

Өтірік айту мен сөз жауапкершілігін сезінбеу, біздегі демокра­тияның, қоғамдық сынның жоқтығынан. Демократия дегеніміз – ең әуелі жауапкершілік қой. Егер сен жоғары жақта отырып жалған ақпарат таратсаң, шындық ашылғаннан кейін отставкаға кетуің керек. Ал бізде ондай жоқ. Соңғы кезде өтіріктің өрісі кеңеюінің бірден-бір себебі – осы жауапкершілікті сезінбеудің салдары деп ойлаймын.

Өкінішке қарай жалған айтудан ұялу былай тұрсын, оны өнер деп түсінетін деңгейге жеттік. Өтірікке етіміз үйреніп кеткені біздің өміріміздің шын­дығы. Туған-туыс, көрші-қолаңмен кездесе қалғанда: «Хабар» былай деп өтірік айтты, «КазПравда» бүйдеп өтірік жазды», – деп жатады. Яғни қазір ха­лықты алдау қиын. Түрлі ортада көпшіліктің қоғамдағы, БАҚ-тағы біраз ақ­параттардың өтірік екенін тізіп айтып отырғандарына куә боламыз. Осылайша өті­рікке көз жұма қарау, шындықты жасыру бізге үлкен зиянын тигізе бастады. Тіпті, өт­кендегі Ақтөбе мен Алматыдағы қайғылы оқиғалардың бәрі осы шындықты жасыру мен өтірік көлгірсудің салдарынан туындап отыр. Талай азаматтардың әділетсіздікке мойынсұнбай, өз-өзіне қолжұмсауға дейін барып жатқаны да өтіріктің көптігі мен әділдіктің  жоқтығының салдары. Қолында билігі бар шенеуніктерде іс әбден насырға шауып, біраз адамдар ең сұрапыл қадамдарға барғанда ғана мәселеге үңіле бастайтын немқұрайлылық  бар. Мұның барлығы дерлік өмірдің шындығынан ажырап кеткендігіміздің көрінісі.

Қоғамдағы әділдікке  деген сұраныстың өсуі, айналып келгенде, әділетті іздеуге итермелейді. Біраз қандастарымыздың дініміз бен ділімізге жат түрлі секталардың жетегінде кетуінің ар жағында осы мәселе тұр. Егер қоғам мен биліктің арасына көпір орнатқымыз келетін болса, шын мәнінде әділетті қоғам құрғымыз келсе, билік азаматтарымен санасып, талап-тіліктеріне құлақ асатын әділетті қоғам құрғымыз келсе, ең әуелі БАҚ-тағы әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Өзі өмір сүрген ортада шындық пен әділет бар екенін түсінген адам қиянатқа бармайды, ертеңі үшін де алаңдамайды. Әдебиетте айтылып жүрген «сын түзелмей, мін түзелмейді» дейтін пікір саясатқа да тікелей қатысты.


Сейдахмет Рысқожаұлы ҚұттықадамСейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ,
саясаттанушы

ШЕНЕУНІКТІҢ ӨТІРІК АЙТАТЫНЫН БАЛА ДА БІЛІП АЛДЫ

Мақтаудың әр түрі бар. Со­ның ішінде мемлекеттік жүйеде, билікте жүрген адам­­дарды мақтау біздің айық­пас дертімізге айналды. Орынсыз мақтаулар көбейіп кетті. Біз бос мақтаудан арылуымыз керек. Әсіресе, «біз қазір көш­тің алдында келе жатырмыз, керемет дамып кеттік» дей­тін мақтау мен масаттанулар тіптен орынсыз. Билік ба­сын­дағыларды мақтап-мақтап, өз пайдасын асырып ке­тетіндер көбейді. Анығында, шындық болмаған жерде еш­қашан шаруа алға баспайды. Ал артық мақтау өте қауіп­ті нәрсе.

«Қазақта үш дерт бар. Бірінші – өтірік, екінші – жем­қор­лық, үшінші – ақымақтық» деп жазғаным бар еді. Шы­нында да өтірік біздің дертімізге айналды. Шенеу­нік­тер беті шімірікпестен  жалған сөйлейтін, оның жауап­кер­шілігі үшін алаңдамайтын жағдайға жеттік. Қазақ ұғы­мындағы «ер жігіттің екі сөйлегені өлгені» дейтін түсі­нік әдіре қалды. Сөзінде тұрмауды ар санайтын қазақ­тың осы күні өтірікке еті үйренсе, жемқорлық та біз­дің айықпас індетімізге айналды. Қазір сатылмайтын нәр­се қалмады. Ақыр аяғы арын сататын қандастары­мыз қап­тап жүр. Осы үш нәрседен арылмасақ, біздің ел болуы­мыз мүмкін емес. Билік басындағы азаматтар халық алдына шығып өтірік айта беретініне таңғалмай­тын дәре­жеге жеттік. Оның сөзінің өтірік екенін үлкендер тұрмақ, ба­лалар да білетін болып алды. Бүгінгі біздің қоғамның кейпі осы. Өтірікке құрылған.

Бүгінгі қазақ телеарналарында, шынын айтқанда, көз тоқ­­татып көретін ешнәрсе қалмады. Я саясаттан, я мә­де­ниеттен, я ғылымнан жақсы мәлімет беретін бір дұрыс бағ­дарлама жоқ. Азаннан кешке дейін берілетін ән мен би, қаптаған шоу, одан қалса шетелдік сериалдар халықты әбден мезі етті. Әрине, өнердің насихатына қарсылығым жоқ, бірақ біріншіден, қазақ өнері осындай ма еді? Екін­шіден, ең алдымен халықтың сұранысын орындау қажет қой. Кеңес кезеңінде БАҚ-та  айтылған сөздің растығына ешкім күмән келтірмейтін. Халық қатты сенетін. Қазір жал­ған ақпараттың көптігінен БАҚ-тың еш ықпалы қал­маған. Халықты қайтсе де күлдіргісі кеп тұратын сай­қы­мазақтар көбейіп кетті. Яғни телеарнаның мәні мен маңызы өзгеріп, тіпті халыққа зиянды нәрсеге айналып бара жатыр.


ЕркінбайҰлан ЕРКІНБАЙ,
филология ғылымының кандидаты

ТӘКАППАРЛЫҚТЫҢ ТӘБЕТІ АСҚЫНЫП ТҰР

Қазіргі дәуірдің диагнозын бірқатар ғалымдар тәкаппарлық ғасыры деп атап жүр. Бекер емес шығар… Менмендік, пенденің ішкі эгосы күшіне мінгенде, өз иесін де жұтып жібереді. Бүгінде тәкаппарлықтың түрлері сан алуан. Оны көшедегі жай қарым-қатынастан, үлкен қоғамдық шаралар мен ресми іс-шараларға дейінгі аралықта молынан кездестіруге болады. Демек, қоғамның өзі бүтіндей осы эгоның жемтігіне айналып кеткендей әсер қалдырады. Мұндайда әрбіріміз өзімізді сақтап қалуға әрекет етуіміз керек шығар… Жасыратыны жоқ, тәкаппарлықтың тақымында бірінші кететін көркем сөз «жарататын» тұлғалар. Жұмыс бабымен әдебиет, мәдениет, руханият саласындағы әріптестерімізбен жиі сұхбаттас боламыз. Сөздің бісмілләсі менен басталады. Адам өзін үлкенді-кішілі құбылыс сезінгенде, басқа бір жаратылысқа айналып шыға келеді екен. Мен мен. Қадыр ағамыз айтыпты ғой, мен деген сөзді екі рет айтсаң менмен болады деп. Қазір екі рет емес, менмендік өнер мен әдебиеттің стратегиялық нысанына айналып отыр.

Мұның зардабын өзін мақтатқанды сүйетіндер де, біреуді жөнсіз мақтайтындар да тартады. Ең ауыры бұның залалы қоғамға тиеді. «Мақтангершілік жайлаған елді жаулап алу да, басқару да оңай»  деген Макиавелли. Қоғамда жылпостық мінез әдетке айналады. Абайдың өсек, өтірік, мақтаншақ; еріншек, бекер, мал шашпақты бір қатарға қоюының өзі тегін болмаса керек. Мақтангершіліктен сараңдық, тұрақсыздық, екіжүзділік туады. Бұдан құтылудың бір жолы – оның салдарын терең білу ме деп ойлаймын. Мұны Ахмед Иүгінеки бабамыз: «Жалған сөз – жарға жығар құрдым сынды, Ойланып, таза ұста қауызыңды» деп нақты айтқан.

Махмуд Кердерінің он төртінші ғасырда жазған «Нәһжул-Фәрадис» («Жұмақтардың даңғыл жолы») атты шығармасында  Суфиян Саури (Алланың оған мейірімі болсын)  сахабалардың біріне: «Егер біреу саған: «Сен неткен жаман адамсың», – деп айтса, оның сөзіне сенің ашуың келетін болса, сен расында да жаман адам болғаның, егер ашуың келместен қайта оған: «Дұрыс айттың, мен өте жаман адаммын», – деп айтсаң, әрі өзің де «Әлемде менен өткен жаман адам жоқ шығар» деп ойласаң, содан кейін ғана жақсы адам боласың», – деді де: «Егер біреу барша халықтың мақтағанын жақсы көріп, сол халықтың жиіркенгенін жек көрсе, сол мұнапық (екіжүзді)», – деп айтты деген жолдар бар. Біз көпшілікті, жастарды, студенттерді жинап қойып, өзімізді аямай мақтатамыз. Бұл жайт дәстүрге айналып кеткен. Бейнебір мақтаудан марафон өтіп жатқандай әсерде қаласың. Әрине, еңбектің еленгені жақсы. Бірақ орынсыз көпірту әдетке айналып барады ғой. Осындайда Толстойдың «Сенің жасаған еңбегіңе сай мақтаса айыбы жоқ. Егер мені мақтасын деп еңбектенсең, нағыз қасірет сол» дегені еріксіз еске түседі. Әуезовтің Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтқан «Қаламынан тамған бал халқына ем болудан айнымады» деген бір ауыз пікірі қандай?!  Неткен риясыз баға? Рабле, Чехов, Гюго, Теккерей, Гоголь, Майлин, Маркес сынды т.б. қаламгерлер даңғойлықты, мақтангершілікті өлердей жек көрді, шығармаларында майын тамызып осы жиіркенішті қасиетті келемеждеді. Өздері де өмірде бос мақтаннан бойларын аулақ салып жүрді. Ал қазір олардың есімдерді адамзат тарихында алтын әріппен жазулы ғой.

Қазіргі қоғамда болып жатқан мақтангершілікті ізін суытпай карикатура түрінде ме, әлде газет беттерінде ме саралап беріп тұру керек сияқты. Бұл ненің не екенін ажырата алмай жүргендерге де сабақ болар еді.


ТҮЙІН: Екіден енді асқан қызым ойдан құрап өтірік айтуды шығарыпты. Тұқымда жоқ әдет балаға қайдан жұқты деген алаңмен сұрастыра келсем, сәбилердің санадағы қиялы мен шындық өмірдің арасын айыра алмай өтірік айтып қоятыны заңдылық көрінеді. Бұндай өтпелі кезеңді әр сәби бастан кешіреді дейді білетіндер.  Өтірікке тұнып тұрған қазақ қоғамының бүгінгі дәуірі де лайым өтпелі кезеңдей өтіп кетсе екен…

Әзірлеген Айнара АШАН.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір