АҚҚУДЫҢ ҚАНАТЫНА ӘН ҚОНДЫРҒАН
21.08.2016
1503
1

20160506014635«Әннің де естісі бар, есері бар». Ұлы Абай айтқандай, «есер әндер» есті алып тұрған заманда «есті әнді» сағынып жүргеніміз жасырын емес. Сондайда қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы, сыршыл композитор, шыншыл қаламгер Ілия Жақановтың әндеріне жүгінеміз. Қай заманда да, қай кезеңде де Ілия ағамыздың орны ерекше. Өзім құрмет тұтатын, мен ғана емес, түркі жұрты құрметтейтін Ілия ағамызды  80 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Алаштың алақанындағы ағамызға Алла амандық берсін. Шығармашылығы ұлтымыздың рухани ырысы болған ағамызға шалқар шабыт тілеймін.

 

ӘбдіқадырӘбдіқадыр БӨРІБЕКҰЛЫ

 

Түндері кие тұтып әппақ айды,

Күн нұры айналаны баққа орайды.

Киелі сазға тұнған Сарысуда,

Тудыңыз әнге бөлеп Ақтоғайды.

 

Белгілі бұл сөзімде шындық бары,

Жөн шығар әр адамның сырды ұққаны.

Қастерлі Таразымды қадір тұтам,

Тамған деп Жақановтың кіндік қаны.

 

Қазақтың әр өлкесі – жыр анасы,

Жайықтың әнге бесік мына басы.

Аққудың қанатына ән қондырған,

Өзіңсің қазағымның Ілағасы.

 

Әнменен ой қостыңыз ойымызға,

Сіздің ән шырқалады тойымызда.

Ыбырай, Естай, Ақан, Біржан, Мәди,

Бәрінің рухы бар бойыңызда.

 

Солардан қалған жолды жалғадыңыз,

Қырандай күн астында самғадыңыз.

Сыры мен мұңы астасқан әсем әнді,

Өзге емес, бізге аға арнадыңыз.

 

Келеміз айтуменен сол бір әнді,

Байлығым деп білемін мол мұраңды.

Айдынды көлге айналсын біздің көңіл,

Ал, аға аққу қылып қондыр әнді.

 

Нағыз ән – жақсылықтың жарнамасы,

Тірелер теңізге кеп арна басы.

Өсті ғой «Даниярдың әнін» айтып,

Қазақ пен Қырғызыңның әр баласы.

 

Жүректен ән боп шықса жан самалы,

Тыңдаған адам біткен тамсанады.

«Еділ мен Жайықты» айтып қазақ-қырғыз,

«Әселім әнім» деуден шаршамады.

 

Құрметім сізге деген жыр боп ұшты,

Осылай өтемекпін бір борышты.

«Ақ қайың әні» деген поэма арнап,

Мен түгіл, Мұқағали сыр бөлісті.

 

Еділдей есіп аққан ерен аға,

Жайықтай жәймен аққан терең аға.

Батысты шығысыңмен әнмен жалға,

Біздерді тербей берсін серенада.

 

«Тумайды екі Кенен ексең неге?»

Кенен шыққан биікке жетсем деп ең.

Алла берген дарынның арқасында,

Ән қалқытып отырсыз сексенде де.

 

Күмән жоқ бір Алланың кеңдігіне,

Сенемін қазағымның елдігіне.

Ұлт болып тойлап жатқан жайымыз бар,

Сіз шыққанда сексеннің сеңгіріне.

 

Мына той – әсерлі ән мен жырдың тойы,

Таусылмайтын телегей сырдың тойы.

Бірдің тойы күн сайын өте берер,

Жылда келе бермейді мыңның тойы.

 

Ал, аға, ғұмыр жасың жүзге келсін,

Қуансын қала менен түздегі ел шын.

Сізде болса, елде бар деп білемін,

Жақсылықтың барлығын Сізге берсін.

 

Көңілге шуақ берсе күздегі нұр,

Осылай сыр бөліссін біздегі жыр.

Бір Алла қабыл етсе тілегімді,

Тілеймін елге бірлік, Сізге ғұмыр.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.08.2020 | 16:48

Керемет туынды👍 Қазағымның осындай ақын жазушылары көбейе берсін

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір