АТАЖҰРТҚА БАЙЛАНУ
Жазушы, драматург Ахметжан Ақсопыұлы Аширов – қазақ халқы мен ұйғыр халқының шынайы достығын көрсете білген көркем туындыларды өмірге әкелген ерекше дарын иесі, талантты драматургтардың бірі.
Қ.Қожамияров атындағы Республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрында драматургтың «Жалғыз Жалбыз» (Ялғуз Ялпуз) спектаклі жүріп жатыр.
Әлхисса, әңгіме былай… Бұл шығарма өзінің өміршеңдік құнын жоймайтын маңызды тақырыпты көтерген еңбек. Адамзат баласына ортақ туған топырақ — Жер-Ана туралы сыр толғайды. Атажұртқа тағдырын байлаған, кіндік қаны тамған ескі қонысына мықтап шегеленген Қасқарау қарттың басынан кешірген шындығы сөз болады. Сонымен бірге, мәңгілік тема саналатын махаббат жыры шығарма өзегіне терең сіңіріліп, басынан аяғына дейін тартылып отырады. Мейірім мен жауыздық, жұмсақтық пен дөрекілік кейіпкерлердің мінезімен қайнасып бірге өрбиді. Қасқарау мен Сейіттің арасындағы достық екі кісінің арасындағы достық қана емес, екі ұлттың, екі халықтың арасындағы достық ретінде тұлғаланып бой көтереді. Осы аталған мәселелер қойылым барысында актерлердің шеберлігі арқылы сомдалып ашыла түседі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Ялқұнжан Шамиев қиялы мен автордың ой әлемінде тығыз сәйкестік бар екеніне көз жеткізесің. Суретші, дизайн, киім үлгісі, дыбысталу, ұлттық ән-әуені жақтары да жан-жақты ойластырылған.
Оқиға Бартоғай су қоймасын салу жобасының айналасында басталады. Төменгі жақтағы аудан, ауылдарды сумен қамдау үшін, ондағы егіс алқаптарына диқаншылық, мал шаруашылығы жұмыстарына су жеткізу үшін таудың жоғары жағындағы қысаңнан көлемі ірі, алып су қоймасын салу керек. Сонан соң тоғандар тартып, елді мекендерді суландырып астықтың өнімін арттырып, жердің шөлін қандыру кезекті күн тәртібіндегі маңызды мәселе ретінде қолға алынады. Ол үшін тауды қопарып, тасты жару керек. Қысаңды толтыра цементпен құйып судың деңгейін көтеруге тура келеді. Ал ол аңғарда ежелден, ата-бабасынан бері қоныстанып келе жатқан ауыл, бір қауым халық тұрады. Жердің иесі Қасқарау ақсақал бастаған қазақтар. Ол жерге төменгі ұйғыр ауылы Шарыннан Сейіт отбасымен көшіп келіп қоңсы болып қосылған. Олардың да тұрып жатқанына біраз заман болып қалған екен… Сол үшін де дәм-тұзы жарасып, тумаса да туғандай болып кеткен жайы бар. Өздері көрші, өздері тамыр-таныс болып, ас-табағы ауысып, бір үйдің адамдарындай бірлігі бар жақындарға айналған еді. Міне, өстіп ұйып отырғанда жоғарының бұйрығымен су астында қалуға айналған шағын ауылдың шырқы бұзылып, ұяларынан айрылу қаупі туындайды. Қысқасы, ауылды күштеп көшіреді. Жұрттың бәрін жан-жаққа қуғандай болып жүгін арттырып, арқанын тарттырып айдайды. Бұйрық қатты, жан тәтті болған соң ел ауып қоныс аударады да, тек қана қасарысқан қайсар қарт Қасқарау ғана тапжылмайды. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда» боламыз деген досы Сейіттің шаңырағы ғана көшіп кетпей қасында қалады. Мінеки, жұртынан жылжымаған екі отбасы арасындағы оқиғалар шығарманы ширата түседі.
Елді көшіруге жауапты болған Мурадил әлденеше келіп, күш көрсетеді, қоқан-лоқы жасайды. Жоғарының бұйрығын айтып қорқытады, үркітеді, дегеніне көндіргісі келеді. Осылайша Қасқарау ақсақал мен Мурадил арасында жанжал туындап, кісі өлімі бола жаздайды. Бәрі жабылып қол-аяғын байлап-матап тастаған Мурадилден ендігәрі келмеуге аузынан уәде алып, ауылдан қуады. Қасарысқан Қасқарау ақсақал қайткен күнде де қозғалмауға бел буады. Досын қимаған Сейіт те тырп етпей жатып алады.
Жоғарыдағы шым-шытырық оқиғалармен қатар, Баратақын мен Бостангүлдің өмірі суыртпақталып таратыла береді. Баратақын Бостангүлді еркінен тыс баса-көктеп алып қашқан. Күшпен көндіріп әйел еткен. Себебі, өзі содыр, өзі жуан жұдырық басбұзар Баратақын Бостангүлге ғашық. Ал Бостангүлдің оқыған, өзі мәдениетті жігіттің сұлтаны Жәмшит деген сүйген адамы болған. Сөз байласып, үйленуге анттасқан. Олар, әне-міне, бас құрауға жақындап қалғанда көлденең көк атты Баратақын қызды қапияда «тұтқындап», тұяқ серпуге шамасын келтірмей, басын байлап көкпардай тақымға басады. Екі ғашық еңіреп екі жаққа кетеді. Әне сол Бостангүл бейбақ Қасқарау атаның көршісі Сейіттің келіні. Сөйтіп жүргенде Су қоймасының жұмысы басталып, көшкен елдің жұртына, құрылыстың басына прораб Жәмшит келмесі бар ма?! Жәмшит пен Бостангүл кездесіп қалады, өткен-кеткен айтылады… бала махаббат баян етіліп, шырын қиялдар жүрек түкпірінен шым-шымдап көтеріле береді. Оны Қасқарау қарт сезеді, көреді… оқиғаға Сейіт араласады. Бұдан өзге Баратақын мен Надырдың (Бостангүлдің бауыры) ескі кегі бар, оны мүгедек еткен сол. Надырда құрылыс жұмысына бола Бартоғайдан бой көрсетеді. Оқиғалар шиеленісе түседі. Бартоғайдан көшу мәселесі, Жәмшит пен Бостангүлдің қайта тұтанған махаббаты, Бостангүл бағып алған кішкене қыз Баһаргүлдің тағдыры бір-бірімен шым байланып шығарманың бұлты қоюлана береді… Сәби Баһаргүлді Бостангүл неге бағып алған? Себебі, Надырдың атқан оғынан «жан жеріне» оқ дарыған Баратақын әке болу қабілетінен айрылған мүгедек адам. Сондықтан олар бала асырап алған. Сонда да ғашық болып қолы жеткен әйелінен айрылғысы келмеген Баратақын Бостангүлді мылтықпен қорқытып мықтап өзіне байлап алған. Қызғаныштан өлердей шерменде болып түкке жарамаса да Бостангүлге азаттық беру ойында жоқ. Күні қараң болып, күңіренген Бостангүл болса алғашында жол табылса жортып кетуді ойласа да, кәрі ата-ененің жағдайын ойлап, жарымжан болып арбаға таңылған Баратақынды жұртқа тастап кетуге ары жібермейді. Аяушылық сезімі рахымсыздыққа қадам бастырмайды. Бостангүл аты әйел, Баратақынның «қатыны» болса да, сол баяғы қыз күйінде Сейіт шалдың әулетінде жүре береді. Күндер өтіп жатады… бір жолғы құрылыс жұмысы кезіндегі тасты жарып, тауды құлату сәтінде Баратақын қопарылған үйінді астында қалады. Тағдыр тәлкегіне тап болған Баратақын өзі қандай оспадар, дөрекі, бұзық болғаны үшін де ақыр соңында ғайыптан жазаға ұшырап, ойламаған жерден өлім құшады. Осылайша шығармада ойыннан шығарылады.
Дәл осы тұста Қасқарау ақсақал іске араласып, Бостангүлге бостандық беру мәселесін мықтап қолға алады. Келіннен айрылғысы келмеген Сейітті көндіріп, сүйген жігіті Жәмшитке қосылуына кеңес береді. Бұл өзі айтарға оңай болғанымен оңайшылықпен орындалмайды. Алғашында ақырындап ақылға салған ақсақал, иілмеген Сейіттің қателерін көзін шұқып тұрып көрсетіп, баласы Баратақынның неге бұлай болғанына әкенің де жауапкершілігі бар екенін дәлелдейді. «Мың жерден балаң болса да Баратақын жасаған жамандықты енді сен жасама! Бостангүлдің бағын байлама!» – деп бірден тоқ етер жерін айтып тоқтатады. Екі жастың біріне келіп, төрінен көрі жақын қалғанда қыршын жастың тағдырына балта шаппа дегенге келтіріп, мойындатады. Осы тұста Қасқарау мен Сейіттің қатты кететін тұстары бар, оны Қасқарау рөліндегі артист Фархатжан Даутов тамаша алып шығады. Махамбетті тағы да өзге қазақтың айтулы тұлғаларын сомдаған талантты әртіс бұл рөлінде мүлт кетірмейді.
Бұл айтқандарым оқиғаның маңызды деген бөліктері. Мақала болған соң жіпке тізгендей баяндап шығу қажетсіз деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, жалаң қыз, жігіт арасындағы махаббатты бейнелеуді көздемейді. «Көрші ақысы тәңір ақысы» деген аталы сөзді ұстанған қазақ-ұйғыр қатынастары арқау етіліп негізгі шынжырды осы мәселе жалғайды. Төсекте басы, төскейде малы қосылған екі халықтың бірі мал бағып, құс салған жауынгер қазақтың ұрпағы болса, енді бірі жер емшегін емген диқанның заузаты. Диқанға қара топырақ, сылдырлаған су керек. Шаруаға тусыған дала, жазиралы жайлау, мыңғырған мал, тұмса табиғат керек… Әуел баста жаратылған қалпындағы табиғи даланың сол күйі сақталғанын армандаған Қасқарау қарт жоғарының жоспарына көнгісі келмейді. Экологияның бұзылуын, мыңдаған жылдардан бергі келе жатқан күйінен өзгертуді қаламайды. Ұшқан құс, жүгірген аңның ауып кетуінен қорқады. Ата-бабасының тері мен қаны сіңген алтын мекенінің көлкіген су астында қалуын жақтырмайды. Жақтырмау ғана емес, үзілді-кесілді тіс тырнағына дейін қарсы. Сондықтан да Мурадилді үйінен қуып шығарды. Не мықтыларды жолатпай, буырқанып бет қаратпай тұр. Тірі тұрсам су қоймасын салдырмаймын дейді. Қасқараудың бұл қиқарлығын күтіп отырған жоғарғы жақ жоқ. Техникалар келіп гүрілдеп, дүрілдеп жерді астаң-кестең етіп қопарып жатыр. Тасты жарып құм-қиыршықты бұршақтай жаудырып жеті балл жер сілкінгендей тау шайқалып үйді дірілдетеді.
Байқасаңыз, жаңа дәуірдің, тосын заманның тегеуріні жақындап келеді. Көнсең де, көнбесең де тарих тегершігі дөңгелеген доңғалағын тоқтатар емес. Дауысы жақындап, құлақ түбіңде жаңғырады, ескі тамыңды шайқалтып құлатардай тақап келеді… Адамның дегені бойынша алып адымдар таптап-жаншып төбеңнен басып бара жатыр.
Оқиғаның соңы Сейіт пен Нұрниса (артист М.Дараев, артист Р.Саттарова) ақылға келіп, Бостангүлге бостандық береді. Баһаргүлді жетелеген Жәмшит пен Бостангүл жаңа өмірге, болашаққа жол алады. Баратақынның босағасына байланып еріксіз қосақталған Бостангүл араға он жыл салып сүйген жарына қосылады. Жәмшит те сабырмен күткен аяулысына қыздай жолығайын деп барады. Жастар үшін жан азаттығы таң болып атып, күндері шықты. Қарттар үшін ауылы күйреп, қонысы тозуда… Бірі ұйғыр, бірі қазақ қос көрші ендігі жерде көше ме? Жоқ әлде, көшпей, су астында қала ма? Ол жағы белгісіз… Мынандай екпініне тірі пенде шыдай алмайтын қатал тіршіліктің өтінде қаншаға отырар дейсің! Қимай-қимай екі көзінен қанды жасы сорғалап ескі-құсқысын артып ауылдан ұзап табанын жалтыратар. Қаусаған қариялар қанша бұлқынса да биік таудан жөңкіле құлаған тасқынға қалай қарсы тұрмақ?! Не ығысып асып-сасып қырға қашады, не қасарысқан күйде толқынға қарық болып тау толқындардың астында суға тоғытылады. Заманның дауылы, дәуірдің соққан желі өз дегенін істейді. Бір нәрсе анық, ол: сыртқы дүние қалай құбылса да, Қасқараудың қабағы қатулы, еркі мықты, ирадасы тас түйін. Неге болса да илікпей тоң-теріс қалпымен қарсы қарап отыр. Бұл бекім — адам өлсе де, мүлде өлмейтін рух болар?! Тәнің жеңілсе де, жаның жеңілмейтін жігер шығар?! Менше Қасқарау көшпейді!.. Ол өзінің байламы жолында Сейіттің отбасын да, өз кемпірін де құрбан етуден тайынбайды. Дәстүрді берік ұстанған. Сондай бір күннің туатынынан қамықпайды да! Түк болмағандай табиғатқа жаны ашып, Бостангүлдің ертеңінен алаңдап әр нәрсені өзді өз орнына қойып жүр. Өзі туған жері Бартоғайға мықтап байланған. Кіндігі кесілмеген сәбидей жабысып қалған жәйі бар. Қасиетті бабалар мекенін ешнәрсеге де айырбастағысы жоқ. Ол сондай асқақ рух, мұқалмас сенімімен су жұтып жан тапсырар. Бартоғай оның көз жасы, таулар оның қабырына айналып мәңгіге солай қалатын шығар! Себебі, Қасқарау атажұртқа байланған адам. Міне, осындай күрделі образ жасаған Ахметжан Ақсопыұлы Аширов мына нәрсені де ұмытпаған, ол болса, өмірде де, өлімде де бірге болатын, Қасқараудың қасынан табылатын, табан аудармай тұра білетін Сейіттің образы. Демек, Қасқарау қазақ қайда болса, Сейіт ұйғыр сонда деген сөз! Мінеки, достықтың түбі осындай теңіздей терең, таудан биік, көлден көлемді… Тамыры тереңге бойлап қара жерден нәр алған. Бұл шығарма осындай үлкен жүкті көтеріп тұр.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын,
«Илһам» сыйлығының,
түркі дүниесі халықаралық бірнеше
сыйлықтың иегері.