БІЛГЕНГЕ – АНЫҚ, БІЛМЕГЕНГЕ – ТАНЫҚ
«Ораза намаз тоқтықта» деген сөзді дүниеге әкелген халық терең білім жинау үшін де біршама қаражат керек екенін жақсы түсінеді. Білім алу үшін қаржы қажет, жанбағу үшін кәсіп игеру керек. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір мамандықтың түрі көп, алайда, жұмыссыздық та аз емес. Алған біліміне сай қоғамнан өз орнын таба алмаған, яки игерген кәсібіне сай нәпақа табар жұмысы жоқ адам көп. Білімдінің статусы мен маманның орны көмескі болып тұр. Кей жұмыс беруші маманға зәру, ал енді бір маман иелері жұмыс таппай дал. Бүгінгі қоғамның осы келбеті оның тұрғындарын «Білімнің жақсысы ой-өрісіңді дамытқаны ма, әлде өмір сүруге қажет кәсіп үйреткені ме», – деген сауалмен бетпе-бет келтіріп қойғандай… Бүгін біз осы тақырыпта бірқатар мамандармен ой бөлістік.
– Балаға білім берудің мәні қазір қалай, бұл мәселеге бір жақты келіп жүрген жоқпыз ба? Аса дамыған ел Жапония шығыстық мінезбен әлемді таңырқатқаны белгілі. Біз олардың ерекшелігіне бойладық па?
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– 1991 жылдан бері білім саласында өте көп реформа жасалды. Реформаның көптігінен мұғалімдер де, білім алушылар да шаршағаны сонша, қай бағытта келе жатқанын аңғармай қалған сияқты. Меніңше, мемлекет қаржысы мемлекеттің идеологиясына қызмет ету керек. Яғни бюджет есебінен білім алған бала қазақ тілін жақсы меңгеріп, осы елдің тарихы мен мәдениетінен мол хабар алуы тиіс. Ол үшін білім беру саласы осы жағына жіті мән бергені абзал.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті директорының орынбасары, PhD:
– Қазіргі кезде білім туралы айтса оқулықтың мазмұны мен мұғалімнің мәртебесіне байланысты мәселелерге көп көңіл бөлінетін болды. Сіз қойған сұраққа жауап беру оңай емес, дегенмен, қазіргі заманның қойып отырған талаптарына сай баланың алған білімі өмірлік дағдылар мен қажеттіліктерін өтейтіндей, түрлі жағдаяттарда шешім қабылдап, өзіне жауапкершілік алып, шығармашылық жолмен жүруге, нақты іс-әрекет жасауға мүмкіндік беретін, ұлттық мәдениетті сақтау қабілетін жетілдіретін, ең бастысы, өзіне сенімді, саналы, бақытты болуға және еліне адал еңбек ететін азамат болуына ықпал еткені маңызды. Білімнің санынан гөрі сапасының маңызды екенін бәрімізге белгілі. Бала ең алдымен білімнің маңыздылығын, қажеттілігін түсінуі және түйсінуі қажет, ал бұл түсінік қоғам және отбасы арқылы қалыптасады. Сонымен бірге, оқушының өзінің білімге деген қызығушылығымен қоса, оның білімге, іскерлік дағдыларға іштей сұраныстарын туғызу арқылы оқыту мұғалімнің педагогикалық шеберлігін көрсетеді. Егер оқушылар білім алуға оң көзқараспен қараса, түрлі әрекеттерді жақсы көріп, сүйсініп істесе, онда олардың оқудағы табыстары да жоғары болады. Біз өзіміздің білім беру саласын басқа елдермен салыстыра қарайтын болсақ, ылғи артта қалғандай әсерде боламыз. Сондықтан басқа елдердің тәжірибесін үйреніп, оқып-білумен қатар, өзіміздің ұлттық педагогикалық дәстүрлерге негіз болатын дара жолымызды жасау бағытында зерттеулер жүргізіп, пікір алмасып, ой бөлісуіміз керек.
Ы.Алтынсарин «Өмірдің негізгі мәні — еңбек, ол адамның адамгершілік қасиетін мәртебелендіреді, өмірдің шын қадірін тек еңбексүйгіш адам ғана түсіне алады. Мәнсіз еңбек, мағынасыз бейнетқорлық адамның жігерін мұқалтады, өз еңбегінің қызығын, рақат-ләззатын көре білу – кісіліктің басты белгісі» деген.Сондықтан мектеп ең алдымен еңбексүйгіштікке және сыйластыққа үйретуі керек деп ойлаймын.
– Жас түлектер мамандық таңдауда ең алдымен не нәрсеге иек артады. Қазақ халқы өкілдерінің оқып, мамандық игере бастағанына көп болса жүз жылдан асты. Дүниедегі нәзік те тың салаға қадам жасау қиындығынан бөлек, одан хабардар болудың өзі қазір күн тәртібінен түсіп қалғандай. Түбімізді ойласақ, қауіпсіздігімізге қажетті мамандықты меңгеру мен тұтас игеру жағы қалай?
Нұрболат АЙЕКЕШОВ:
– Әлеуметтану мамандығында оқитын студенттердің 90 пайыздан астамы осы мамандыққа кездейсоқ келгендер. Тест тапсыру жүйесі жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан дұрыс болғанымен, мамандық таңдау жағынан тиімсіз болып тұр. Өйткені, талапкер грантқа түсу үшін өзі қалаған мамандықтан басқа, таңдаған пәніне сәйкес үш факультетке құжат тапсырады. Ондағы мақсат – біреуіне болмаса біреуіне грантқа түсу. Бұл тек әлеуметтану мамандығына ғана қатысты емес, көп факультетте белең алып кеткен мәселе. Қабілеті жететін, өзі таңдаған мамандығын қалайда игерем деген мықты ұстаным болуы үшін талапкерлерге қоғам тарапынан күшті мотивация керек. Қазір бізде ондай мотивация жоққа тән. Студенттер оқу орнын бітіріп шыққан соң мамандығына қызықпаса жұмыс та таба алмайды.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА:
– Мамандық таңдау – өте маңызды және ыждағаттылықты талап ететін шешім. Бұған қазіргі кезде баладан бұрын ата-ана көп уайымдайды, кейде өздерінің орындалмаған арман-тілектері балалары арқылы жүзеге асқанын қалап жататын адамдар да бар. Бүгінгі күні елімізде мамандық алу және қосымша мамандықты игеру бағытында көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл туралы мәліметті құзырлы органдардан және телевидение мен БАҚ құралдары арқылы аз болса да естіп-біліп отырмыз. Танымал мамандықтардың біразы оның жалақысы-мен тығыз байланысты. Мамандықтар туралы толық ақпарат пен еңбек нарығындағы жағдай туралы толық мәлімет беретін жалпыға қолжетімді мамандықтардың электронды қорын әзірлеу қажет. Сонымен қатар, алдағы 10-15 жылда еңбек нарығында қажет және танымал болатын жаңа мамандықтардың атласы дайындалса жақсы болар еді. Оған қоса, жаңа мамандықтар, өнеркәсіптер, өндіріс орындары туралы фильмдер топтамасы түсіріліп, «Білім және мәдениет», т.б. арналардан көрсетілсе, құба-құп болар еді. 2008 жылдан бері білім жүйесіне енгізілген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылардың арасында жүзеге асырылып жатқан бірнеше әлеуметтік жобаларды атап өтейік: мысалы, «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Ата-ана жұмысындағы 1 күн», «Екі апта ауылда». Осы жобалар арқылы оқушылар ата-аналарының жұмыс орнымен, еңбегімен, жұмыстың ерекшеліктерімен танысады. Сонымен қатар, жұмыстағы уақыты, не істегені туралы есеп жазып, фото, видео таныстырылымдар жасап, оқу жылы басталғанда өз сыныптастарының алдында тәжірибелерімен бөліседі. Бұл олардың еңбекті бағалап, отбасына табыстың қалай келетінін түсінуге және болашақта мамандық таңдауларына да әсер ететінін атап өтейік.
– Қазақ ұлтының кәсіп игеру беделі жайында қаншалықты сөз қозғай аламыз?
Нұрболат АЙЕКЕШОВ:
– Бұдан біраз уақыт бұрын арнаулы орта білім мекемелерінің шәкірттері арасында мамандық таңдау мәселесіне байланысты сұрау жүргіздік. Білім алушылар мамандық таңдауда қатты қиналады екен. Олар мамандықтан бұрын қай факультетке грантқа түсуге болатыны жайлы көп айтады. Қоғамға қай саланың маманы, қандай кәсіптің иесі керек екенін анық білмейді. Салдарынан жиі адасады. Бұл жайт қазіргі орта мектептерге «Мамандық таңдау»пәнінің аса қажет екенін айқын көрсетіп тұр.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА:
– Оқушылармен жұмыс істеу барысында оларға болашақ мамандығы туралы ақпарат беру, мамандықты таңдауға көмектесу жұмыстары барлық мектептерде жүргізіледі. Біздің мектептерімізде осы бағытта істеліп жатқан шаралардың ішінен «Ақылды бейсенбі» жобасын атап өтуге болады. Осы шара барысында оқушыларымыз ғалымдармен, іскер адамдармен, жазушы, журналист, әртіс, музыкант, технология, ІТ саласының мамандары, т.с.с. өмірде жетістікке жеткен, танымал, ойымен бөлісіп, кеңес бере алатын адамдармен кездеседі. Бұл кездесулер көбінесе сұрақ-жауап түрінде жүргізіледі. Қазіргі кезде беріліп жатқан мүмкіндіктер арқылы біздің мектебіміздің оқушылары Қазақстандағы және әлемдегі университеттерге элективті курстар оқып, болашақтағы мамандықтары туралы, университет өмірі туралы да алдын ала біліп жатады. Мамандық таңдауға мектепте жүргізіліп жатқан түрлі қосымша сабақтар мен үйірмелер де өз әсерін тигізеді. Мысалы, Зияткерлік мектептерде «Қыш өнері» үйірмесі жұмыс жасайды. Оқушылар сабақтан кейін осы үйірмеге қатысып, түрлі өнер туындыларын және күнделікті қолдануға болатын заттар жасап, өнердің осы түрінің ерекшеліктерімен танысады.
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.
Маман пікірі
ХХ ҒАСЫРДЫҢ АУЫЛЫНДА ҚАЛМАЙЫҚ
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
EDTECH Халықаралық білім
орталығының бас директоры
Жалпы, ХХ ғасырдың соңынан бастап әлемдік білім кеңістігінде өте ауқымды өзгерістер басталды. Жаһандану, ақпараттық революция, нано, био технологиялардың қарқынды дамуы адамзаттың әлемдік көзқарасын түбегейлі өзгертіп жіберді. Сондықтан да Қазақстанның білім жүйесіндегі «дағдарыс» бүкіл әлемді жайлағаны тек біздің елде қатты сезіледі. Бір ғана мысал айтайын, әлем ғалымдары, сіздің жиған біліміңіздің ХХ ғасырда 10-15 жылға дейін жарайтынын айтса, ХХІ ғасырдың басында 2,5 жылдың ішінде ескіретінін ескерткен. Ал 2015 жылы ол көрсеткіш 1,5 айға, 2020 жылы 72 сағатқа жетеді екен. Мәселен, таңертең алған ұялы телефоныңыздың маркасы кеш болмай ескіріп қалады. Осындай жылдамдықпен дамыған заманда адамның білімі де соған бейім болуы тиіс. Ал біздің оқу бағдарламамыз бен әдіс-тәсіліміз, көптеген мамандардың ой-өрісі әлі де ХХ ғасырдың ауылында деуге болады. Бейнелеп айтқанда, бес жасынан компьютердің құлағында ойнайтын бастауыш сыныптың баласына жасы 50-ге келген азаматтарды оқытқан оқу бағдарламасымен білім беріп жүрміз. Бұл баланың жүрегін шайылтып, білімге деген құштарлығын сөндірмей ме? Біз жүргізген сауалнамада республика оқушыларының 78 пайызы «мектепте алған біліміміз өмірде керек емес» деп жауап берген. Бұл көңілге күдік ұялатар үлкен кілтипан… Еріксіз орта білім беру саласындағы бағдарламаның да, методиканың да, технологияның да тозығы жетті ме деген ойға қаласыз. Жуырда қазақ газеттерінің бірінде әлемдік деңгейдегі оқытушы, жапон текті Америка физигі Митио Какудың болашақтағы білім жүйесі туралы болжам жасаған өте қызықты материалы жарияланыпты. Оның «Болашақ физикасы» кітабын оқыған көзі ашық, көкірегі ояу адам ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының келешекте қай бағытқа ойысатынын біле алады. «The New York Tіmes» газетінің бағалауы бойынша Нью-Йорктің ең үздік адамы ретінде танылған Митио Каку жақын болашақта білім интернет-технология мен гаджеттерге сүйенетін болады дейді.
Жапонияға барған сапарымда олардың мектептері соңғы үлгідегі техникамен жабдықталмағанын көрдім. Біздегі ауыл мектебі секілді өте қарапайым, ғимараттарында еурожөндеу деген атымен жоқ, тіпті парталары да көнерген. Бірақ білім беру жүйесі тастай. Біздің «Мектептеріңізде тіпті телевизор жоқ қой», – деген таңданысымызға: «Біз баланың жанын дамытуға күш саламыз», – деп жауап берді. Технологиясы жақсы дамыған, өркениеті асып-тасып тұрған Жапониядағы оқушыларға берілетін дәрістің ең негізгі пәндері – дене шынықтыру, өнер мен өзін-өзі тану. Біздегідей қаптаған математика мен жаратылыстану пәндеріне емес, жеке тұлғаның дамуына аса мән береді екен.
Балаға білім беретін мұғалім емес пе?.. Ендеше, мұғалім өзгермей, білімнің сапасы жаңармайды. Ол үшін үкіметтің мұғалімдерге деген кәсіби көзқарасы түбегейлі өзгергені жөн. Ол үшін не істеген абзал?..
Біріншіден, педагогикалық мамандықтарға қабылдау жүйесі қайта қарастырылуы керек. Министрлік бұл бағытта алғашқы қадам жасады. Бірақ ол әлі де жеткіліксіз. Екіншіден, педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу жүйесі түбегейлі жаңартылуы қажет. Яғни оның стандарттары мен оқу бағдарламаларынан бастап дуальдық жүйесі мен оқулықтары жаңартылуы тиіс. Үшіншіден, сайланатын Ректорлар мен қабылданатын педагогтық-профессорлық құрамға қойылатын қатаң жаңа талаптар қалыптасуы керек. Төртіншіден, педагогикалық ЖОО тәуелсіз білім саласындағы кәсіби қоғамдық ұйымдар мен БАҚ алдында ресми түрде жыл сайын есеп беріп отыру маңызды. Бесіншіден, ондай қатаң сүзгіден өткен мамандардың айлық жалақысы евро-
стандартқа сай болуы тиіс. Алтыншыдан, диплом алған жас педагог мамандарды арнайы сертификациядан өткізу облыстық білім басқармалары мен сол өңірдегі тәуелсіз кәсіби қоғамдық ұйымдармен бірлескен комиссия құзыретіне тапсырылуы керек. Сертификаттан өткен жас педагог мамандар да міндетті түрде жұмыспен қамтылып, оның айлығы бірден евро стандартқа сай болуы тиіс.
Міне, ең болмағанда осы жұмыстар жүйелі түрде толық іске асар болса, білім мазмұны да жаңарып, білім сапасы да артып, мектеп ұстаздарының абыройы да асқақтайтынына кепілдік беруге болады. Бұл өз кезегінде адами ресурстардың дұрыс бағытта дамуы мен ел экономикасы әрі әлеуетінің көтерілуіне ықпал ететіні хақ.
Тақырыпқа орай
БАҚЫТ – ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУДА ТҰРҒАН ЖОҚ
Сәлима САТЫЛҒАНҚЫЗЫ,
Қазақстан психологтар қауымдастығының мүшесі,
психотерапевт, психология пәнінің аға оқытушысы
Мамандық таңдаудағы салғырттықтың әсерінен елімізде жұмыссыздар саны көбейіп, оның салдары қоғамдағы көп проблемаларды туындатып отыр.
Дәл қазіргі уақытта мектеп бітіруші талапкерлер мамандықтар мен оқу орнын таңдау үстінде. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, дұрыс таңдалған мамандық адамның өмір жолына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыда орта мектептерге барып, психологиялық тренингтер өткізіп, сауалнама алған болатынмын. Сауалнама барысында «Мен кім боламын?» деген сұраққа респонденттердің 12-15% ғана нақты мамандықты атады. Ал қалған 85% «әлі білмеймін» деп жауап берді.
Неліктен? Оның себебі бізде баланың бойындағы қарым-қабілетін, бейімділігін жастайынан анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру әлі жолға қойылмаған. Әрине, әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, мұның да өз себебі бар деп ойлаймын… Негізі, мамандықты көпшіліктің айтуы бойынша емес, арнайы психолог маманмен кеңесіп таңдаған абзал.
Жалпы, қазіргі заманның жастары болашақ кәсібін қалай таңдайды? Соны сараптап көрсек. Жастар мамандық таңдауда төмендегідей критерийлерге сүйенеді екен. Бір қызығы, өзінің бейімділігіне қарай мамандық таңдау ең соңғы орында.
Ата анасының ықпалынан аса алмай, солардың нұсқауымен таңдау;
Мамандықтың беделіне қарай таңдау;
«Мамандық таңдау – күн көріс қамы» деген қағиданы ұстана отырып таңдау;
Алға қойған өзге мақсаттарына жету үшін «көпір» ретінде таңдау. Яғни «диплом алу» деген оймен ғана;
Бейімділікке қарай таңдау;
Өмірде мамандық өте көп. Таңдау жасау да оңай емес. Өз қоршаған ортаңа, айналаңдағы адамдарға пайдаңнан бұрын, зияныңды тигізбеуге тырысу. Адам бойындағы рухани құндылықтардың ең негізгісі болып табылатын адамгершілік қасиетті сақтап қалудың өзі үлкен өнер. «Ең қиын мамандық – тұлғалық дәрежедегі Мен мәртебесін сақтап, болмысын бағалау» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.
Кейде өзі қалап тұрса да, ата-анасының көңілін жықпай, солардың таңдаған мамандығын жөн санайтындар да баршылық. Әрине, ата-ананың да пікірімен санасу керек-ақ, алайда, олар мамандықты өз тұрғысынан таңдайтынын ескерген жөн. Сол үшін де өз қалауыңды жасырмай, ашық оймен айтқан дұрыс.
Біз баламыз міндетті түрде жоғары білімді маман болуы керек деп жанталасамыз. Барымызды сатып, университетте оқытуға тырысамыз. Баланың пікірін ескермейміз. Салдарынан қолында дипломы бар біліксіз мамандар көбейеді. Одан балаға да, қоғамға да пайда жоқ екенін ескермейміз. Ата-ана баланың жоғарғы білімді маман атануы міндет емес екенін түсінуі қажет. Қарапайым көлік жүргізушісі не болмаса аспаз, үй күтуші, ағаш ұстасы, бағбан болса да өз мамандығынан ләззат ала білсе және сол мамандықты толыққанды игере алса, соның өзі ғанибет емес пе? Ең бастысы, білікті маман болу керек екенін ұғынатын кез жетті.