«ТАҢ АТҚАННАН КҮН БАТҚАНША»
Уақыт – қайтымы жоқ өмір сүру формасы. Біздің қандай көзқараспен қарап тұрғанымыз тұрмақ, тақтағы ханға да, топтағы биге де бұрылып қарамайды, алға қарай бір бағытта теңселе басып кете барады. «Таң атқаннан күн батқанша» деген өлшеммен бір күнің, аптаң, айың, жылың өте шығады. Уақыттан тыс құбылыс та, оқиға да болмайды. Көретініміз, еститініміз бірыңғай хабар екені рас. Ол ақпаратымыздың өзі мың сайтанды, жүз пәлекетті, ауы тесік шалбар секілді аңқайған, бас-аяғы бүтінделмеген, иқы-жиқы бір нәрсе. Осындай бір кезге тап болған екенбіз деп жер мен көктің арасынан шығып кетпейміз ғой, енді. Шығып кетпеген соң апу-күпу құбылысқа сабыр етесің, арты жақсы болар деп үміттенесің. Жамандық жастардың иманын жеп қоймаса екен деп тілейсің. Жақсылықтың алтын таңы атарына үміттенесің.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
жазушы
Жақында «Уақыт» деген кино көріп едім. Керемет ұнады. Америкалықтар түсірген. Уақытты әлемдік валюта ретінде қолданады да, арнайы капсулаға жинайды. Оқиғалары шиеленісті. Қысқартып айтқанда, кедейлер тұратын аймақтағы адамдар бір күндік уақыт үшін тырбанып жұмыс істейді де, байлар тұратын аймақтағылар 100-120 жылдық уақытын босқа, мән-мағынасыз өткізіп жатады. Киноның көрерменге айтары – уақыт қас-қағым сәтте зырылдап өте шығады, өтері өтіп кеткен соң, өкінгеніңмен бір тиын пайда жоқ, істер жақсылығыңды дер уақытында жаса деген мораль.
Өмірдің мәніне қалай үңілеміз? Барлық тұста дағдарып қалдық деп жылап әңгіме айтатын болдық қой. Мұның да бір жақсылығы болатын шығар. ХІV ғасырда Еуропаның миллиондаған тұрғындарын жалмаған оба ауруы, келесі ұрпақтың көзінің ашық, санасының ояу болуына көп септігін тигізген. Эпидемиядан кейін еуропалықтар тамақтарын дұрыстап ішуді үйренген, өмір сүрудіңқолайлы жағын іздестіріп, соның көзін тапқан. Сондықтан дағдарыс – жаңа бір деңгейге көтерілуге, жаңаша жол іздеуге түрткі болады.
«Егер бүтін бидайды ұнтақтамасаң, нанды қайдан жер едің» дейтін Румидің сөзі бар. Ұлттың ішкі балансы сақталса, әр адамның имандылығы берік болса, өмір мәнді болады.
ПІКІРЛЕР1