Жетіскен МӘКЕНАЛЫ
Тағы бір аяулы әріптесімізден айырылдық. 62 жасқа қараған шағында белгілі ақын, журналист Жетіскен Мәкеналы дүниеден өтті.
Жетіскен Мәкеналы 1952 жылы 7 маусымда Қазалы топырағында дүниеге келген. 1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық еңбек жолын 1983 жылы 5 мамырда Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінің бөлім меңгеруші қызметінен бастаған. Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық тіл басқармасының бас маманы, аудан әкімі аппараты ішкі саясат секторының бас маманы, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің аға ғылыми қызметкері, Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің директоры, аудандық «Қазалы» газеті МКК директоры-бас директоры міндетін атқарушы, Бас редакторының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
Қазақстан Журналистер одағының, КСРО Журналистер одағының мүшесі.
Ж.Мәкеналы ұзақ жылдар бойы өлке тарихын зерттеумен айналысқан. «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Асандар көтерілісі», Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметі, жастарға рухани тәрбиесі туралы «Мен – Ғанимын», «Ғани тағылымы» атты кітаптары мен ХХІ ғасырға аманат» атты жыр жинағы жарық көрген.
Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, Қызылорда облыстық партия комитетінің «Құрмет» грамотасымен, Қазалы ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», «Қызылорда облысына 70 жыл» және «Қызылорда қаласына 190 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Аяулы әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырмандары мен оны білетіндердің жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.
ПІКІРЛЕР1