Мүсілім ҚҰМАРБЕКҰЛЫ
12.08.2016
2388
0

IMG_1942Белгілі жазушы, журналист Мүсілім Құмарбекұлы  77 жасында өмірден озды.

Мүсілім Құмарбекұлы 1939 жылы 10 қаңтарда Ұлан ауданы, Шымқора ауылында дүниеге келген. 1964 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Сол жылы облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне жұмысқа кіріп,  бас редактордың орынбасарына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өтіп, құрметпен зейнетке шыққан. Одан кейін «Ақ Ертіс» әдеби-мәдени журналында редактордың орынбасары болып жұмыс істеді.

Журналистика мен көркем әдебиетті қатар алып жүрген қаламгердің ең алғашқы жинағы 1967 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Шұғыла» топтамасында  жарық көрді. 1975 жылы КСРО Жазушылар одағының, 1991 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі бола жүріп, еңбек адамдарының өмірінен «Алтайдың ардагері», «Алтайым – алтын бесігім» сынды деректі шығармалармен қатар, «Қыз күлкісі», «Асау Ертіс», «Шынар», «Жастық жағалауы», «Жар жағасындағы үй» атты туындыларымен қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов туралы деректі роман жазды. «Жер иесі», «Жігіттер», «Ақжирен», «Текті тағы», «Құрдастар», тағы басқа хикаяттардың авторы. Даңқты батыр Қасым Қайсенов туралы украин жазушысы Г.Алексеенконың «Партизандар айқасқа аттанды» деген деректі кітабын тәржімалаған.

Қазақстанның Құрметті журналисі, қарт қаламгер өмірінің соңына дейін әдебиет саласында аянбай еңбек етті. Ол өзінің шығармашылық ғұмырының соңына «Ақмоншақ» атты хикаятпен нүкте қойды. Сиясы кеппеген осы шығармасын редакцияға әкеліп,  туындының  газеттік нұсқасын оқырманға беріп үлгерген еді. Ақырғы демі біткенше қаламын тастамаған ардақты ағаның бұл ерлігі артындағы әріптес інілеріне үлгі болары даусыз.

Орны толмас осы қайғылы қазаға байланысты марқұмның туыс-туғандарына, жақындарына қайғырып көңіл айтады. Бақұл бол,  Мүсаға!

«Шығыс-Ақпарат» ЖШС және облыстық
«Дидар» газетінің ұжымдары.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір